Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жөн-ақ 4767 0 пікір 8 Маусым, 2015 сағат 12:48

БАЛАЛАР ТЕМІРЖОЛЫ АШЫЛДЫ. СҮЙРЕГЕНІ 2-АҚ ВАГОН

Балаларды қорғау күнінің қарсаңында Шымкент қаласында 1979 жылы Асанбай Асқаровтың ұйытқы болуымен салынған балалар теміржолы қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. 

Бұған дейінгі қаншама басшылардың тісі батпаған балалар теміржолының қалыпқа келтіру жұмыстарын "Тұрғын-Үй" ЖШС атқарған. Ұзын-ырғасы 26 күнде локомотивті қайта шойын жолға қондырған серіктестік басшысы Мұхтар Мұхамбетжан ағынан жарылып республикалық БАҚ-қа сұхбаттар беріпті. Жөн-ақ. 
Облыс басшысы Асқар Мырзахметов бастап, қала басшысы Дархан Сатыбалды қоштап, балалар теміржолының жөндеу жұмыстары аталмыш серіктестікке
тапсырылыпты. Сірә, басшылық та анау-мынауға сенім білдірмесі анық. Тәулігіне 16-18 сағаттан жұмыс жасадық деп "сүйінші" сұраған Мұхтар Мұхамбетжан да, серіктестік қызметкерлері де алдарына үлкен мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында табандылықпен еңбек еткендігі көрініп тұр. Мақтануға тұрарлық іс. 
Сонымен...
Сонымен, халықтың қуанышында шек жоқ. Ұл-қызын балалар теміржолына қарай сүйреген ата-аналарда
қисап болмады. Шамамен, 300-ге жақын ата-ана перронда жаға жыртысуға дейін барды. Өз балаларының қызық көргенін, жақсы әсер алғанын қалағаны соншалық, серіктестік басшысының жағасына жармасқандары да болды. Дегенмен, Мұхтардың идеологиямен айналысып жүргеніне ширек ғасырға жуықтағаны тағы бар. Мәселе айқай-шусыз шешімін тапты. 
Орталық стадионнан дендросаябақ арасында атой салатын теміржол локомотивінің жалпы жол жүру аумағы 8 шақырымды құрайды. Межеге жеткен бойда болашақ патриоттарға дендросаябақ аумағында серуендеуге, ішін аралап қызықтауға мүмкіндік жасалған. 8 шақырымдық жолды күніне 3 рет бағындыратын теміржол локомотивінің атағы дардай болғанымен, сүйрегені 2-ақ вагон. Сірә, бабаларымыздың "
айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады",- дегені құдды бір осы балалар теміржолы локомотивіне арналғандай-ақ. Е, мейлі...
Шойын жол ашылмай тұрып серіктестік қызметкерлері жолдың ахуалын байқау мақсатында бірнеше рет локомотивпен әрлі-берлі "ысқырып" өткен болатын. Шымкенттегі халықтың тығыз орналасқандығын өздеріңіз де жақсы білесіздер. 8 шақырымдық шойын жолдың маңайында қаншама азаматтар түтін түтетіп отырғандығы тағы бар. Олар "ысқырықты" естіген, жүйткіген пойызды көрген, сосын 1-маусым балаларды қорғау күні былайғыша айтқанда "бұлақтың басына" балаларын ерте елген... Бірақ, 2 вагонға ары кеткенде 70-80 бала ғана сияды. Ал, ойланыңыздар...
Билік тарапынан
бұл мәселеге әзірше ешқандай назар аударудың болмай тұрғаны да байқалады. Балаларымыздың, ұрпағымыздың жайын ойлап, қалалық әкімшілік теміржолды ашқан екен, ендеше: «Қайыр қылсаң бүтін қыл» дейміз біз.
Мүмкін, Мұхтар Мұхамбетжан әлі күнге вагонның жетіспеушілігін алға тартып, басшылыққа арнайы ат басын бұрмаған да шығар. Әйткенмен де, әкім-қаралар өз міндеттерін орындап, «орнын баса алмайтын» орынбасар-сымақтарын маңызды жұмыстарға «айтақтап» отырғандарына қарным ашады. Белгілі жағдай: балалар теміржолының ашылу салтантына келген қала әкімінің орынбасары: «Балалар теміржолының жағдайы – 5, тіпті -- 6 »,- деп айтқанына еш күмәнданбаймын. Өмір ғой...
Перрон маңында балаларының қуанышқа бөленгенін сағаттап күткен ата-аналарды аяғандықтан айтып отырмын, бұл жайларды. Әйтпесе, қала немесе облыс әкімі менің қайбір екі туып бір қалғаным дейсіздер?.. 
Алдағы уақыттарда, әгәрәки, мен айтқан сөздер басшылықтың құлағына жете қалса, мәселе оң шешімін табар деген ниеттемін… Оқығандарыңызға рахмет!

Талшын ЕСТЕМИРОВА,
Шымкент қаласының тұрғыны.

Abai.kz

0 пікір