Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 7372 0 пікір 8 Маусым, 2015 сағат 16:24

ҚМДБ: Қазақ күресінің бас жүлдегері қажылыққа тегін жолдаманы ұтып алды (фото)

Алматыда «Достық» спорт кешенінде Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне орай және «Дін мен дәстүр» жылы аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін мешіт жамағаттары арасында Қазақ күресінен II республикалық турнир өтті.

Ұлттық спорттың абыройын асқақтатқан дүбірлі доданы жанкүйерлермен бірге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, наиб мүфти Наурызбай Тағанұлы, қазақтың даңқты балуаны, күрестен тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров т.б. спорт шеберлері тамашалады.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жүлдесі үшін ұйымдастырылған додаға өңірден іріктеліп шыққан жасы 18-ден асқан, салмағы 74 келіден жоғары 75 балуан қатысты. Сонымен халықаралық дәрежедегі төрешілер шешімімен төмендегі спортшылар жүлделі орындарға ие болды.

 

І орын – Жайық ҚЫҢЫРБЕКОВ (Алматы облысы). Үлкен қажылыққа

тегін жолдама және 750 000 теңге қаржылай сыйлық.

ІІ орын – Алмаз БЕГІМБЕТОВ (Жамбыл облысы). Кіші қажылыққа тегін жолдама және 375 000 теңге қаржылай сыйлық.

ІІІ орын – Ақжол РАҚЫМЖАНОВ (Қостанай облысы). Теледидар және 200 000 теңге қаржылай сыйлық.

 

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

«МАҚСАТЫМЫЗ – САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН НАСИХАТТАУ»

«Қазақ күресі – ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай жеткен дәстүрлі өнеріміз. Тарихқа қарайтын болсақ, түрлі той мен алқалы ас бұл сайыссыз өткен емес. Күші басым түсіп, жеңіске жеткен палуандар халықтың құрметіне бөленетін. Күрестің осы түрі дәстүрімізбен қоса, дінімізбен де астасып жатыр. Сондықтан, бұл өнер пайғамбарымыздан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келе жатқан сүннет. Атқарылып жатқан бұл іс-шаралар дін мен дәстүрімізді дәріптей отырып, мешіттегі жамағаттың, жастардың басын қосу, біріктіру мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау».

 

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, әлем чемпионы:

«ИМАМДАРДЫҢ КҮРЕСТІ НАСИХАТТАУЫ – ҮЛКЕН ҮЛГІ»

«Қазақ күресі – күрестің атасы, қазақ күресі – ұлттың рухы. Осы спорт түрі Діни басқарма деңгейінде насихатталып жатқаны қуантады. Имамдарымыз тек уағыз айтып, мешітте намаз өткізумен шектелмей, халық арасында спортты өз амалдары арқылы насихаттауы өте дұрыс идея. Артымыздан қаншама жастарымыз өсіп келе жатыр. Солар спортқа әуестеніп, жамандықтан арылып, жақсылыққа үйір болса, біздің болашағымыз жарқын болады. Ержан қажы Малғажыұлының бұл бастамасына алғысымды айтамын».

 

Жайық ҚЫҢЫРБЕКОВ, І орын иегері:

«ҚАЖЫЛЫҚҚА БАРУДЫ АРМАНДАҒАН ЕДІМ...»

«Діни басқарма ұйымдастырған осындай республикалық жарысқа қатынысқаныма қуанып тұрмын. Жарысты ұйымдастырған ағаларыма алғысымды айтамын. Күрес – менің сүйікті спортым. Бұл кешегі балауан бабаларымнан, пайғамбарымыздан қалған үлкен өнер. Алдағы уақытта тағы да осы жарыс жалғасын табады деген сенімдемін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын. Әрқашан жеңіс төрінен көріне берейік

Мен қажылыққа баруды бұрынна армандадым. Сүйікті спортым күрес арқылы қажылыққа тегін жолдаманы жеңіп алуым мен үшін үлкен абырой, биік мәртебе. Мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Аллаға шексіз шүкір айтамын».

 

Әсет БЕКТҰР,

ҚМДБ Баспасөз бөлімінің бас маманы

суреттерді түсірген автор

Abai.kz

0 пікір