Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 4562 0 пікір 9 Маусым, 2015 сағат 12:20

ТЕЛЕХИКАЯЛАР ТАСҚЫНЫ БАСҚАН ЖЫЛДАР ЕДІ...

Кино десе...

-Бүгін шарықтау шегі. Бүгін бәрін ашып айтады - деді отағасы теледидарды қосып жатып. Біз де соған үлгеріп жетейік деп, біріміз жұмысты, екіншіміз сабақты тастай қашқанбыз. Інім осы телехикая үшін жол ережесін бұзғанын мақтанышпен айта кетті. Не керек, бәріміз көк жәшікке телміре қалдық. Мұндайда жарнаманы жарыса боқтап алу да күн тәртібінен түспейді. 
Алдымен та-та-та, та-та-та, салдыр-күлдір деген әуен он минуттай ойнап тұрды. Бұл шынымен-ақ оқиға әбден шарықтау шегіне жетті деген сөз. Жүздей адам бір-біріне ентелей қалған. Бәрінің түсі суық. Солардың бет-бейнесін бір-бірлеп түгел көрсетіп болған соң, көсемнің бірі «Менің столдың астына жабыстырып қойған сағызымды сен алдың ба?» деді ақырып. Тосын сұрақ шамына тиді ме, қарсы жақтың жүзі күреңітіп, тістене түсті. Режиссер де сұңғыла неме болса керек. Дәл осы сәтті шебер пайдаланып, жүздей адамды тағы бір рет жеке-жеке көрсетіп шықты. «Мен шайналған сағызды керек етпеймін» деді екінші көсем намыстан күйіп-жанып. Өзінің алданғанын, біреулердің ортаға от салғысы келіп, «Сағызыңды Капур алды» деп, айдап салып отырғанын енді түсінген алғашқы көсем тосылып-ақ қалды. Бәріміз «Енді не болар екен?» деп іштен тынып отырмыз. Тағатымыз таусылған. Амал қанша? Та-та-та, та-та-та, та-та-та, салдыр-күлдір деп тағы он минуттай аласапыран әуен ойнап тұрды да бәріміз отбасымызбен, көрші-қолаңымызбен, мемлекетімізбен бірге күллі тірлікті ысырып қойып, асыға күткен телехикаяның мың бір жүз алпыс жетінші бөлімі аяқталды.
Бұл шамамен тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылдығы, яғни, телеарна басшылары ұлттық идеологияны ысырып қойып, елімізге әр елден түрлі телехикаяларды жарыса тасып жатқан кез еді...

ҚАНАҒАТ ӘБІЛҚАЙЫР

(Жазба автордың фейсбуктегі парақшасынан алынды).

0 пікір