Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Көкмұнар 8357 0 пікір 11 Маусым, 2015 сағат 10:02

ҚАЖЫМҰҚАН ҒАБДОЛЛА. СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Айтыс-тартыс, қырғын-сүргін, ату-шабу... Кей­де адам бала­сы осынау лас өм­ір­ден, сасық сая­сат­тан шаршап, ме­зі болып кетеді...

Бір сәт жалғанның барлық жамандықтарын ұмытып, таза жүрек сәби болғың келеді...

Шыбық мініп, ауылдың көшесін шаңдатқың келеді...

Шілдір шілдеде салқын суға күмп бергің келеді...

"Балдырғанды" басыңа жастап оқығың келеді...

Бірақ...

...Әлгі әкіреңдеген әлемнен, әзәзіл қуған адамнан құтыла алмайсың...

“Әзәзіл” демекші, күнәдан пәк, сүттен ақ бала кезімізде осы сөзді мүлдем естімейтін едік...

Әзәзіл, жын, шайтан, ібіліс, пері, лағынет, дию... Құдай сақтасын, адамзат баласының осы бір нағыз дұшпандары осы күні төрімізге өтіп, төбемізді ойып жатқан секілді...

Осы нәкөстар кімдер? Біз бұлардың арбауына неге түсіп қала береміз? Бұл пәлелерден қалай құтылуға болады?..

Діни түсінік жынның адам мен періштелер секілді Алла Тағаланың жаратылыстарының бірі екендігін айтады. Алла Тағаланың жындарды адамдардан бұрын жаратқандығын «Хижир» сүресінің: «Біз адамды қара балшықтың өзгертіліп, кепкенінен жараттық. Ал, жынды (адамнан) алдын, қызуы қатты (түтінсіз) оттан жараттық» – деген 26-27 аяттары дәлелдейді.

Жын мен адам не үшін жаратылды?

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін жараттым. Олардан бір несібе тілемеймін әрі олардың Мені тамақтандыруларын да қаламаймын» дейді. («Зәрият» сүресі, 56-57 аяттар). Яғни, адамдар секілді жындар да құлшылық жасауға, халалға бұйырылған. Бірақ, жындардың арасында да Аллаға иман келтіріп құлшылық ететін мұсылмандары да, адасушылары, түрлі топтағылары да болады. Мұсылман жындар адамдармен байланысқа түспейді. Себебі, оған тыйым салынған. Адамдармен кәпір шайтандар байланыс жасайды, тіпті, ішіне кіріп кетуі мүмкін.

Жын оттан жаратылса, тозақ отына қалай жанады?

Әйткенмен, адам топырақтан жаратылғанымен, ол топырақ емес қой?! «Бір күні Алла Елшісі таңертең тұрып намаз оқыды, мен де онымен бірге тұрдым. Ол әндетіп оқып жатыр еді, кенет мүдіріп қалды. Кейін намазын аяқтаған соң: «Егер сен менің Ібілісті қалай ұстап алып, сілекейінің салқындығы қолыма білінгенге дейін тұншықтырғанымды көре алғаныңда ғой» деп айтты» – дейді Әбу Саид әл-Худри (Ахмад).

Ал, күйдіретін отты дененің суық сілекейі бола ма?

Алланың Елшісі тағы бір хадисіне: «Алланың дұшпаны – Ібіліс менің бетіме қою үшін көмірдің шоғын әкеліпті» (ән-Нас) деген еді. Демек, жындар да адам секілді оттан алыс тәнін қанағаттандыру, өсу үшін тамақтанады.

Жындар бірдей ме?

Хадисте жынның үш түрі бар: біріншісі – аспанда ұшып жүреді, екіншісі – жыландар мен иттерде өмір сүреді, үшіншісі – бір орынға негізделгенімен, жылдам жылжуға аса қабілетті. Олардың иман келтіргендерін «жын» деп атаса, имансыздары «шайтан» деп аталады және бұлар Ібілістің әскерінің қатарында болады. Ібіліс - Адам атаға сәжде жасаудан бас тартқан жындардың атасы. Шайтан - алас­та­тылған, шек­тен шыққан, жын топтарының өте тәкәппары әрі зияндысы.

Жын қандай бейнеде көріне алады?

Жындар адамдарға түрлі бейнелерде: ешкі, жылан, жолбарыс, сарышаян, ат, түйе, қой, құс, адам т.б қалпында көріне алады. Сахих хадисте үш түстің (түс көру) бірінің “шайтани түс” екендігі айтылған.

Жынның күші мен қабілеті қандай?

Жындар әдеттен тыс қуатты жылдамдық қабылетіне ие. Мысалы, «Нәмл» сүресінің 39-аятында Ифрит атты күшті жын Сүлеймен Пайғамбарға: «Мен Йемендегі Билқис патшайымның тағын Иерусалимге сен орныңнан тұрғаныңнан бұрын алып келемін. Бұл іске күшім жетеді әрі сеніп тапсыруға лайықтымын» деген болатын...

Жынның мақсаты не?

Жынның негізгі мақсаты - барлық Адам ұрпақтарын арбап-алдап, қалайда тозақ отына түсіру. Бұл жайында Алла Тағала: «Ақиқатында, шайтан сендерге жау, сон­дық­тан, оны жау тұтыңдар. Ол өз тобын (оған еруші­лерді) Саъирға (Тозақтың бір аты) кіргізілетіндер қа­тар­ында болуға шақырады» («Фатыр» сүресі, 6-аят) - дейді.

Жын мен шайтан адамдарды, ең алдымен, имансыз­дыққа, Аллаға серік қосуға, Аллаға және Оның Елшісіне сенбеуге шақырады. Адамды күнәлі істерге, тыйым салынғанды жасатуға барын салады; мұсылмандардың арасында дұшпандық пен жек көрушілік орнатуға тырысып бағады. Шайтан адамның барлық ісіне қатысады. Әр адамның жанында бір жын болады. Пайғамбар бір хадисінде: «Сендердің қайсыбіреулеріңде болсын жындардан болған қосақталған серіктерің болады. Менің де сондай серігім бар. Бірақ, Алла Тағала маған оған қарсы жәрдем берді де, ол жын мұсылман болды. Енді, ол тек жақсылыққа бұйырады» дейді.

Жын адамның дұшпаны болғанымен, Аллаға жақындау, Жаратқанның бұйырғандарын орындау, Құран мен сүннеттегі дұғаларды оқып жүру – жындардан қорғанудың жолдары екендігін ұмытпау керек.

Жындар өле ме?

Сөзсіз, жындар өледі. Себебі, Алла Тағала Өзінен басқа барлық жаратылыстың өлім дәмін тататындығын баян етті...

*** *** ***

(Бала Қажымұқан)

...Иә, кейде бір сәт жалғанның барлық жаман­дық­тарынан - әзәзіл, жын, шайтан, ібіліс, пері, лағынет, дию – таза ажырап, тым алысқа кетіп; бітпейтін айтыс-тартыс, таусылмайтын қырғын-сүргін, арты жоқ ату-шабудан құтылып, ақпейіл, мөлдір ойлы сәби болғың келеді...

Сосын, шыбық мініп, ауылдың көшесін шаңдатып келіп, салқын суға күмп бергің келеді...

...Жындардың өлетіні қандай жақсы...

Abai.kz

0 пікір