Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Дат 7912 0 пікір 11 Маусым, 2015 сағат 16:51

ДІН МЕН ДІЛ ЖӘНЕ АЙДОСТЫҢ БІР АУЫЗ СӨЗІ

Астанамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өткені белгілі. Съезде әлбетте, еліміздің президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ сөз сөйледі. Сөзінде қазіргідей аумалы-төкпелі заман барысындағы «балақтан шауып, басқа озған» діни экстремизм мәселесіне кеңінен тоқталды. Сонымен бірге, өткен IV съезде өзінің бастамасымен құрылған Діни лидерлер кеңесінің маңыздылығын атап өтті. Көп-көп нәрселер аталып айтылды, негізінен.

-         Діни лидерлер кеңесінің әлемдік рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту, діндер мен мәдениеттердің арасындағы өзара түсіністік пен пен келісімге қол жеткізу ісінде маңызды роль атқаратынына сенімдімін. Әлем дамуының қазіргі барысы жаһандық конфессияаралық диалогтің осындай бірегей тетігіне деген сұраныстың өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр, - деді, Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ сөйлеген сөзінде, - әскери және ішкі қақтығыстар көбейді, мұндай қақтығыстарға қатысушы тараптар адамдардың діни ұстанымын өздеріне өте тиімді пайдалануда. Бізді осындай қақтығыстардың бірі, мұсылмандардың ең басты киесі, Ислам әлемінің бесігі – Мекке мен Мәдинеге жақын маңда – Йеменде тұтанғаны алаңдатпай тұра алмайды. Бірқатар экстремистік топтардың іс-қимылдары түрлі конфессияны ұстанушылардың арасында жаулық тудырып, Азия мен Африкадағы көп қоғамды жікке бөлуде. Украинаның Шығысында қалалар мен ауылдарды атқылау кезінде көптеген храмдардың бүлініп жатқандығы туралы хабарлар да алаңдатады...

Осылай деп бір қойған қазақ елінің президенті Ирак пен Сирияда мыңдаған жылдар бойына сақталып келген көптеген мәдени мұралардың әдейі қиратылуын да қынжылыспен айтып өтті. Қысқасынан қайырғанда, Қазақ елі ғана емес, сонымен бірге Әлемдік діндер лидерлері басқосуының негізін қалаушы Көшбасшы ретінде де Нұрекең біраз да біраз мәселелердің басын қайырды. Дұрыс шығар-ау, жалпы алғанда, дегенмен де «көңіл деген көк дөнен» шіркіннің тым-тым әрідегі... тым әрідегі түпкірінен көңілсіздеу-көңілсіздеу де кейбір ойлар көлбең-көлбең ете қалады. Осындайда. Көлбең-көлбең ете қалады да, дәл осы «Әлемдік діндер лидерлері» деген жап-жаңа сөз тіркестеріне қатысты анда-мұнда айтылып қалып жатқан кейбір де кейбір сөздер есімізге түсе кетеді – аяқ астынан. Мәселен, белгілі саясаттанушы әрі қоғам қайраткері Айдос САРЫМ мырзаның сөздері.

-         Әлемдегі дінаралық келісім дейсіздер ме? Ал өз еліміздің ішіндегі ДІЛАРАЛЫҚ келісімнің жоқтығын қалай түсіндіреміз, - дейді АЙДОС мырза, - өз ішімізді түгендеп, барлық күштер жиылып, ұлттық рух, ұстын, ұстаным, миссия, мұрат деген өзекті мәселелер бойынша барлығын бір жағына шығаратын кез келген жоқ па? Әлемдік діндерді татуластыра алмаспыз, ал бірақ орыс теледидары бүгінгідей дәулет құра берсе, түбі жеріміздің тұтастығынан айырылу қаупі бар екенін мойындалықшы... (http://abai.kz/post/view?id=3685)

Рас, үлкен саясаттың  үлкен өкілдерінің анда-санда үлкен бір қалада бас қосып, анау-мынау мәселелерді «тас-талқан» етіп талқылап тұрғаны дұрыс та шығар, әйтсе де, әлемдік дінаралық татулықты ту еткен қазақ билігі ел ішіндегі діларалық келісім мен мәмілені де мықтап ескеріп жүргені абзал шығар.

Марат МАДАЛИМОВ

Abai.kz

0 пікір