Дүйсенбі, 30 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 130865. Жазылғандар — 116187. Қайтыс болғандар — 1990
Билік 4412 0 пікір 18 Маусым, 2015 сағат 11:24

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕТІМДІК

Назарбаев орталығындаҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және «Бала жанұяда өмір сүруі тиіс» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу: жағдайды сапалық жағынан өзгерту және проблеманы шешудің қазіргі заманғы тәсілдері» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, халықаралық сарапшылар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балаларды қорғау комитеті, «Нұр Отан» партиясының, мемлекеттік емес ұйымдар мен білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты. 

Іс-шара барысында сарапшылар Қазақстандағы әлеуметтік жетімдіктің түрлі аспектілерін, заңнама тұрғысынан кәсіби мамандар даярлауды және отбасыларды психологиялық қолдау жайын талқылады.

Сарапшылардың ортақ пікірінше, Қазақстанда тәуекел тобының отбасын, олардың балаларын, қамқоршылардың отбасын, сондай-ақ интернаттық мекемелеріндегі балаларды да қамтитын инновациялық әлеуметтік инфрақұрылымды енгізу процесін жеделдету керек.  Перзентханаларда сәбилерден бас тартуға қатысты профилактиканы енгізіп, тәуекел тобындағы отбасылармен жұмыс істейтін, сонымен қатар, асырап алушылармен психологиялық жұмыстар жүргізетін әлеуметтік қызметтерді қалыптастыруға қажетті жергілікті деңгейдегі икемді желілерді ұйымдастыру мәселесі өзекті болып отыр.

Қазақстанда қазірдің өзінде балалар үйінің балалардың құқықтарын қорғаудың балама жүйесіне көшу, яғни баланы асырап алу, қамқорлығына алу, патронаттық ата-ана болудың алғышарттары бар. «Бала отбасында өмір сүруге тиіс» қоғамдық қозғалысы «Наставники» жобасы аясында еліміздің барлық өңірінде мектеп ашып жатыр. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры тарапынан даосы бағытта маңызды әлеуметтік және қоғамдық жобаларға белсенді түрде қолдау жасалып келеді.

«Азаматтық бастамаларды белсенді түрде дамытатын, әрі үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейтін қоғамдық ұйым ретінде, біздің міндетіміз – бұл жұмыстарды сапалырақ әрі тиімдірек арнаға бұру. Осылайша, дәстүрлі Әлеуметтік идеялар мен жобалар деп аталатын шараның аясында Қор 2015 жылы Қазақстанда жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін тәлімгерлік пен меймандық отбасы институтын дамыту үшін грант бөлді», – деді Әділбек Мұсабаев, ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Қорының Атқарушы директорының орынбасары.

Бүгінгі таңда әлеуметтік жетімдіктің өсіп келе жатқаны ерекше алаңдататын жағдай. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқын қорғау комитетінің деректері бойынша Қазақстанда ата-анасының қамқорынсыз қалған 32 мың жетім бала бар. Олардың 80%-ын ата-анасы және туған-туысқандары түрлі себептермен тәрбиелей алмай отыр. Бұл жағдайда балаларға қорған болу міндеті қоғам мен мемлекетке жүктеледі.

«Бала отбасында өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозғалысының үйлестіру кеңесінің басшысы Шолпан Байболова ең алдымен алдын алу мәселесіне көңіл бөлу қажет деп есептейді. «Бүгінде балалар үйлерінде ата-аналары бар немесе түрлі себептермен бала асырауға мүмкіндігі жоқ, я болмаса өз балаларын баққысы келмейтін ата-аналардың балалары тәрбиеленіп жатыр. Бұл балалар бұндай мекемелерде ұзақ мерзімге тұрақтап қалады. Олардың заңды ата-аналарының болуына немесе жасының үлкендігіне байланысты өзге ата-аналардың қамқорлығына бере алмаймыз»,– дейді Шолпан Байболова. Сарапшының пікірінше, балалардан бас тартуды болдырмау, отбасындағы дағдарыс жағдайы және оған уақытылы көмек көрсету жұмыстары басты орында болуы тиіс.

Дөңгелек үстелге білікті маман ретінде шақырылған Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасының Отбасы, әйелдер және балалар мәселелері жөніндегі комитетінің сараптамалық кеңесінің тең төрайымы, психология ғылымдарының докторы Галина Семья әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және жетім балаларды отбасылық тәрбиелеу саласындағы білікті мамандардың жоқтығын айтты. «Бізде «қамқорлық органының маманы», «балалар үйінің тәрбиешісі» мамандықтары жоқ, яғни оларды бірде бір жоғары оқу орны дайындамайды», – деп атап өтті Галина Семья.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының Қоры - 2000 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен коммерциялық емес ұйым. Қор әлеуметтік, қайырымдылық, мәдени, білім беру және басқа да әлеуметтік және саяси жобаларды жүзеге асырады. 2007 жылдан бастап Қор директоры Дариға Назарбаева болып табылады.

0 пікір