Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 4755 1 пікір 20 Маусым, 2015 сағат 19:19

ҰЛТТЫҚ МЕНТАЛИТЕТСІЗ НАҒЫЗ КИНО ЖАСАЛМАЙДЫ

Кино мен театр өнері - ұлт болмысының, мәдениетінің айнасы. «Бүгінгі қазақ кинематографиясы қалай дамып келеді, Тәуелсіздік жылдарында түсіріліп жатқан кинолар халықтың рухани мүддесін қанағаттандыра алып жатыр ма?» деген сауалдар төңірегінде осы саланың «ыстығына күйіп, суығына тоңып» жүрген белгілі кино және театр режиссері, кинодраматург, Қазақстанның халық әртісі, «"Ш. Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері», профессор Талғат Досымғалиұлы Теменовті әңгімеге тартқан едік.

- Сіз ұзақ жылдар бойы театр ордасын, кино ұжымдарын, ЖОО-ын басқардыңыз, енді Астанадағы академиялық театрға келіп жұмыс атқарып жатқан жайыңыз бар. Бұл театрға тәжірибелі басшы, бабындағы режиссер ретінде қандай өзгерістер енгізіп жатырсыз?

- Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық театр елдің ордасы Астанада орналасқандықтан, жоғары сапалы болғаны жөн. Ол үшін театрдың кәсіби, творчестволық деңгейін көтеру керек. Бұл - театрдың репертуарын жаңарту керек деген сөз. Театрымыздың өзіндік тарихы бар болғаннан  кейін, қазіргі репертуарында біраз қойылымдар бар. Бірақ, солардың ішіндегі жақсы шығармаларды қалдырып, тазалау керек. Бұл  академиялық театр болған соң онда деңгейі төмен спектакльдер болмауы керек, бұған жаңадан тың қойылымдар сондай-ақ, өзіміздің, шетелдің  классикалық қойылымдары қажет. Бұлардың бәрі бізде қазір бар болғанымен, көркемдік деңгейді барынша көтеруге талпынуға тиіспіз. Бүгінгі таңдағы мәселенің бірі - театрымызда үлкен буын, орта буын талантты актерлер жеткілікті болғанымен, академиялық театр орталығына жаңа буын жас актерлер шоғырын алып келуді көздеп отырмыз.

Онан кейін актерлар тәжірибе алмасып, кәсіби деңгейлерін өсіре түсу үшін театрымыз ел іші және шетелдік мәдениет орталықтарымен жиі қарым-қатынаста болуы керек. Гастрольдік сапарларды жиі ұйымдастырып тұрудың пайдасы мол. Қ.Қуанышбаев атындағы  Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының 2015 жылдың  12-17 мамыр аралығында Алматы қаласында гастрольдік сапары өтті.

Бұл сапардың мақсаты - Алматы тұрғындарына Астананың мәдениетін паш ету және де екі театрдың бір-бірімен тәжірибе алмасуына септігін тигізу болатын. Шетелге баратын гастрольдік сапар жоспарларымыз да бар. Алдағы уақытта Ресейдің Кузбасс қаласына гастрольмен барамыз деген ойдамыз.  Алдағы қазан айында менің «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмамды Бурятия республикасының Улан-Удэ қаласында өтетін фестивальға қатыстыру жоспарда тұр. 

- Өзіңіз білесіз, биылғы жыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, сондай-ақ, Ұлы жеңістің 70 жылдығы. Осы үлкен шараларға орай сахналанған қандай жаңа спектакльдер бар?

- Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Думан Рамазанның пьесасы бойынша Болат Ұзақов «Абылайханның арманын» қойды. Ал мен Жеңістің 70 жылдығына қарай В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасын қойдым. Айта кету керек, аталған туынды орыс драматургі Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» шығармасы желісі бойынша сахналанды. Қазақ тіліне аударған танымал театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Әшірбек Сығай болатын.  Режиссерлық нұсқасын мен ұсындым.    

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында сахналанған «Тыраулап ұшқан тырналар» атты  лирикалық драма жеңістен кейінгі совет солдаттарының өмірінен сыр шертеді. Қойылымда бас кейіпкер Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасындағы кездейсоқ махаббат тақырыбын көтереді.  Осы аралықта адамзатқа ортақ қасиет - махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, өшпенділік пен сүйіспеншілік, сағыныш пен мейірімділіктің ұшқынын спектакль барысынан көрсетуге күш салдым. Сонымен қатар,  Ұлпан Серікболқызының режиссерлігімен Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов «Майдан әндері» атты моноспектакльдің премьерасын ұсынды. Бұл шығарманың авторы - белгілі жазушы Роллан Сейсенбаев.  

- Сіз  кино мен театрды қатар алып жүрген өнер иесісіз. Сондықтан, сөзді қазіргі қазақ киносына қарай бұрсақ.  Бүгінде қазақ киносы туралы сын көп айтылып жатады. Бұл туралы не айтасыз?

- Кино заңы мәдениет туралы  заңның бір тармағында. Бұл заң бар болғанымен толық емес, соны кемелдендіруіміз керек. Кино туралы заң киноға қызмет еткенде ғана ол заңдық қызметін атқарады. Түсірілген кино мемлекеттің, қоғамның қолдауымен ғана көсегесі көгереді. Біздің кино коммерциялық деңгейге жеткен америкалық кино емес. Ал әлемнің көптеген елдерінің киногерлері мемлекеттің қолдауымен өз мақсаттарына жетеді. Қазіргі режиссерлердің көбісі сериал түсіріп жүр. Көркем фильм түсіргендері некен-саяқ. Сондықтан да оларда тәжірибе жағы кем қалып жатады. Жалпы, режиссерлік деген ол ақындық сияқты «әкенің қанымен, ананың сүтімен» келетін нәрсе, тума талантты қажет етеді. Кинорежиссерліктің шарты - тәжірибесі мол, интеллектісі жоғары болу. Осы күні бір кітапті аяғына жеткізіп оқымағандардың кино түсіріп жатқанына қайран қаламын. Қазіргі сериалдарда өздерінше сатира қосқан болып, әжелерімізді мазақ қылады, аналарымызды күлкіге айналдырады. Біз аналарымызға күлетін болсақ, қандай халық болғанымыз? Режиссер ауылды немесе қаланы түсірсін, міндетті түрде кино кейіпкерінде ұлттық менталитет, бояу болу керек. Кейіпкерде ұлттық характер болуы қажет. Ұлттық характер болмай, ұлттық кино жасау мүмкін емес. Бүгінгі кейіпкерлердің көбісі дүбара. Ұлттық характер деген не? Кешегі түсірілген «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште» сынды атақты кинолардағы кейіпкерлерде сол ұлттық характер бар болған соң көрермен көңілінің төрінен орын алды емес пе?

Бюджеттен киносериалдарға бөлінген ақшаның көлемі қанағаттандырарлық болмағандықтан көркемдік деңгейі төмен кинолар шығады. Ал экранда бәрі шетелдің киносы. Өзіміздің киногерлер түсірген фильмдерді қарасаң шетінен немқұрайлы түсірілген, артында үлкен ой жоқ, адамгершілік позицияны табу мүлде қиын.

 - Сіздің жеке шығармашылығыңыз туралы айтар болсақ, сценарийін өзіңіз жазған «Судағы із» атты сериал түсіріп жатыр екенсіз. Тағы қандай жаңалықтарыңыз бар?

- «Судағы із» атты кином туралы айтар болсам, сценарийін өзім жазғанмын, 12 сериясы түсіріліп дайын тұр, соны аяқтауға 5 миллион теңге жетпей тоқтап қалды. Қазір «Қазақфильмнің» тапсырысымен «Кішкентай ханзада» деп аталатын киноны қолға алып түсіріп жатырмыз. Өзекті мазмұнына тоқталар болсақ, жетімдер үйінің алты жасар тәрбиеленушісінің қарттар үйіндегі атамен кездесуі. Бұл негізінен қоғамдағы проблеманы көтергенімен, гуманизмге толы, адамгершілігі мол, адамды сүюдің не екенін көрсететін кино болады деген ойдамыз.     

- Талғат Досымғалиұлы сіз тәжірибелі театр және кинорежиссер ретінде болашақта тарихи фильм түсіру ойыңызда бар ма?

- «Томирис», «Зарина патшайым туралы аңыз» деген екі дайын сценарийім тұр. Оған қомақты қаржы керек болып отыр. Болашақта бұл мақсатымызға жетеміз деген ойдамыз. Ал өзімнің әріптестерім режиссерлар жасы болсын, жасамысы болсын кино өнерінің ұлтымыз алдында арқалаған тарихи жүгі салмақты екенін түсінгені жөн. Өйткені, кино мен театр - жеткен мәдениетіңнің, өміріңнің айнасы. Біздің жасаған әрбір кадрымыз көрерменді ізгілікке, адамды сүюге үндейтін болса екен деймін.

- Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Бейсен Сұлтанұлы

 inform.kz 

1 пікір