Жұма, 19 Сәуір 2024
6074 9 пікір 28 Наурыз, 2017 сағат 17:49

Өмірінің 80 жылын театрға арнаған сахна саңлағы

№1 «Сахнагер» ұлттық театр премиясы 200-ден аса образды сомдаған Қазақстанның халық әртісі Айша Абдуллинаға тапсырылды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. Бұл «Театр өнерін дамытуға қосқан орасан зор еңбегі үшін» номинациясындағы ұлттық сыйлықты мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова тапсырды. Өткен жылы өмірінің 80 жылын театрға арнаған халық әртісі Айша Абдуллина 100-жылдық мерейтойын атап өткен болатын.

 

«Театр өнерін дамытуға қосқан орасан зор еңбегі үшін» номинациясын алған Айша Абдуллина көрермендер мен лауреаттарға көңіл жастығын тілеп, жас әртістерді еңбек етуге, өз ісін сүюге шақырды.

 

Қазақстанның біртуар әртісі, Қазақстан сахнасының «алғашқы Дездемонасы» Айша Абдуллина 100 жасында да өз көрермендерін қуантып келеді, керемет ән салып, көрермендерін әзіл-қалжыңдарымен сүйсінтті.

 

Айша Абдуллина түрлі жанрларда жүзден аса рөлдерді ойнап, жетістіктерге жетті. 26 жасында Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі атағы берілсе, 1958 жылы Қазақ ССР Халық әртісі атанды.

Мектеп бітіргеннен кейін, ағасы Пірмұхамед пианино мен скрипкаға баулиды. Ағасы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрға ертіп әкеледі де, емтиханды сәтті тапсыртып, театр жанындағы екі жылдық студияға оқуға түсіреді. Оның емтихан қабылдаушылар - Михаил Григорьевич Насонов, театр директоры Беков, Мұхтар Әуэзов, Елубай Өмізақов табиғи дарынын бірден байқап, оқуға қабылдайды. Осында Әмина Өмірзақова, Хадиша Бөкеева, ағайынды Абдуллиндермен бірге білім алады. 1935-47 жылдары аталған театрға актриса болып қабылданады. Бұл жерде «Еңлік-Кебекте» Еңлік, «Ақан сері-Ақтотыда» Мәрзия, Н. В. Гогольдің «Ревизорында» Марья Антоновнаның,  У.Шекспирдің «Отеллосында» Дездемона образдарын сомдады.  1947 жылы М.Әуезов театрынан Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы қазақ драма театрына ауысып. сахнада 200-ден аса сүбелі рольдер сомдады. К.Гальдони «Екі мырзаға бір қызметші» - Биатриче, О.Бальзак «Өгей шеше» - Гертруда, А.Островский «Жазықсыз айыптылар»- Гольчиха, Шекспир «Ромео-Джульетта» - Леди Капулетти, М.Әуезов «Қобыланды»- Құртқа секілді тарихи тұлғалармен қоса заманауи рольдерімен көрермен жадында сақталып қалған ерен актриса. Сахна саңлағы, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

 

Осы жылы Қазақстанда Халықаралық  театр  күні театр өнері саласындағы елеулі оқиға – «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығын тапсыру салтанатымен ерекшеленді.   Қазақстандық «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен 2017 жылы   Қазақстан  Театрлары  ассоциациясының бастамасымен тағайындалып отыр. Ұлттық сыйлық театр дәстүрін сақтау мен нығайтуға бағытталған.

Абай-ақпарат

9 пікір