Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 7531 3 пікір 28 Наурыз, 2017 сағат 14:20

П.К.Услар. Қазақ даласындағы төрт ай

Сіздерге ұсынылып отырған шығарма барон Петр Карлович Услардың  "Отечественные записки" басылымының 1848 жылғы № 10 санында "Четыре месяца в Киргизской степи" деген еңбегі.  19 ғасырда қазақ даласына саяхаттап келген орыс баронының еңбегін оқи отырып әртүрлі сезімді бастан кешесің. Бір жағынан 19 ғасырдың ортасындағы қазақ өміріне саяхат кешкендей боласың, екінші жағынан орыс баронының қазақтарды кемсітіп, бұратана жабайы халық деп шовинистік тұрғыдан қорлап жазғандарына, жаңсақ әрі қате пікірлеріне қаның қайнайды. Әрине, барон Услардың  білімді, әдеби тілді жақсы меңгерген, көркем сөздерді жақсы пайдаланатын адам екені байқалады. Бірақ, өз тарихымызды там-тұмдап енді түгендеп жатқан жағдайымызда біздерге мұрағаттардан табылған  тарихымызға қатысы бар әрбір деректі  парақ, әрбір жазба қымбат. Біз үшін олардың тарихилығы мен шынайылығы қымбат болғандықтан қазақшалап отырмын.

 

Сағат Жүсіп

 

Ескерту:  Автордың  Кенесарыны қолдаушыларды  «хищники, мятежники» дегені сөздері «содырлар» деп аударылды.

.

УСЛАР  ПЕТР КАРЛОВИЧ (1816–1875), ресейлік тілтанушы, Кавказ халықтарының тілі мен мәдениетін зерттеген. 1816 жылы Тверь губерниясында барон фон Услардың отбасында дүниеге келген. Атасы майор Карл фон Услар 1765 жылы Германиядан келіп орыстың армиясына қызметке түскен немістің бароны, әкесі капитан Карл Карлович Услар 1812 жылғы соғысқа қатысқан.

 

Петр Карлович Услар орыс армиясының генералы, Ресей Бас штабының академиясын бітірген, лингвистикалық арнайы білімі болмаған. 1858 жылы Кавказдың тарихын жазу жүктелген, осы қызметі кавказдық тілдерді зерттеуге әкелген.  1868 жылдан бастап Ресей ғылым академиясының корреспондент мүшесі.

 

П. К. Услар  1816-1875

 

184.. жылдың мамыр айының аяғында Тобыл губерниясы мен Қырғыз-Қайсақ даласының шекарасында орналасқан Петропавлға келдім. Қажеті болмай қалған қамал биік қыратты тік жарға орналасқан болса,  қала   ешқандай ойпат жері жоқ жазық далаға орналасқан. Қамалдан қалаға  көз салсаң оның тіп-тік көшелері мен тік бұрышты қиылыстарын көріп дойбы тақтасынан айнымайтынын байқауға болады. Үйлері түгелдей ағаштан соғылған, арасында бір-екі тастан салынған жеке меншік үйлер, бірнеше қазыналық ғимараттар бар. Петропавл қаласы Тобыл губерниясының уездік қалаларының ішіндегі Төменнен кейінгі ең сұлу қала болғанына қарамастан, оның маған әсіресе ұнайтын жері – көшелерінің  тарлығы және олардың көшедегі құрылыстарға сайма-сай келетіндігі. Көшелерінің кеңдігі Нева даңғылындай, бойындағы лашықтардың биіктігі бір жарым сажын болатын қала көрінісінен жаман нәрсе бар ма екен. Тәп-тәуір соғылған деп саналатын біздің қалашықтарымыздың бәріне ортақ кемшілік осы.

 

Петропавл мен Семипалатинск – Орта Азия мен Батыс Сібірді саудамен байланыстыратын басты нүктелер болып саналады.  Бірақ бұл сауда қатынасы әзірше бишаралық жағдайда, мұндай жағдайдан шығу үшін Қазақ даласы әбден тынышталуы тиіс, бірақ аңсап жүрген мұндай заманның туатын уақыты әлі жақын емес.   Ресейдің қарамағындағы екі орданың екеуінде де қалыпты тәртіп орнату жолында үкімет көптеген жұмыстар атқарғанына қарамастан аталған аймақтарда  тыныштық орнамай отыр. Петропавлдан шығатын керуендер Тұран немесе Мавераннегр деп аталатын аймақтағы хандықтарға – Хиуаға, Бұхараға, Қоқан мен Ташкентке барады.  Бұларға қосымша, Семипалатинскіден шығатын керуендер жақын уақыттан бері Аспан астындағы империяның батыс шекарасына жақын орналасқан Шүгішек қаласына және Қытай Түркістанындағы  қалаларға, Үлкен және Кіші Құлжаға қатынайды. Осылай десек те, бұл жасалып жатқан сауда айналымдары анда-санда бір рет қайталанатын тәжрибеден аспайтындықтан, оларды ауыз толтырып сауда қатынастары деуге тұрмайды. Әлі күнге дейін Сібірдің Тұран мен Қытайға көрші екендігін білдіретін еш белгі жоқ, бірнеше шапан мен әйелдерге арналған қымбат жағалы тон әкелінетінін білеміз. Олардың қандай материалдан тігілгенін бір ғана адам – Иакинф әкей ғана біледі.  Сонымен бірге, Аспан асты империясының тұрғындарын әдепсіз түрде бейнелеген бірнеше картина әкелініпті.

 

Қарым-қатынастары соншама аз болғанына қарамастан Петропавл қаласының келбеті шекаралық қаладан айнымайды. Түрік мағынасындағы сөздерді көшелердің әр бұрышынан естисің, олардың дауысы парсы тілін бұзып сөйлейтін бұхарлықтардың ғана емес, тіпті біздің орыс тілімізді де басып кетеді.  Киген киімдерінің ала шұбарлығы бірден көзге түседі.  Мен түсінбейтін бір нәрсе бар, осы бір үстеріне жалтыраған шапандары мен ала шалмаларын киіп алып көшелерде  асықпай маңғазданып қыдырып жүрген қымбатты қонақтардың бізге неге келгендері түсініксіз. Біздің жерге арнайы көздеп келген шаруалары жоқ сияқты, жоқ екені анық, әйтпесе ортаазиялық аймақпен жасалып жатқан сауда қатынасының цифрлары  соншама аз болмас еді. Әйтсе де бір байқағаным, осы бір  онша ауқатты емес азиялықтардың алыс жерлерге сапар жасауға деген құмарлығы; бұл жағынан олар ағылшындарға ұқсайды, тек айырмашылығы – ағылшындар қайда барса да бір жұмысымен барады, ал азиялықтарға келсек, олар ешқандай мақсатсыз сапарлап жүре береді. Күн көріс үшін, аштан өлмес үшін бұл діндарлар аштан өліп бара жатса да жұмыс істемейді. Олар әртүрлі желеуді тауып керуенбасыға жалданады немесе керуеннің, әскери отрядтың маңында жүріп, әйтеуір аштан өлмеудің ретін табады. Сондықтан да азиялық жаулап алушыға немесе қарақшыға қасына үлкен шайканы жинап алу тіптен қиын емес. Бірнеше ай бойы түйенің қомында отыру немесе аттың үстінде қамшы үйіріп ештеңені ойламай, ертеңгі күнім қандай болады деп бас ауыртпай жүре береді. Ертеңгі күнінің кешегі күндей боларына әбден сенген. Әрине мұндай сапарлардың қауіптері де аз емес, кейбіреулерді, жүректілерін де ойлантуы мүмкін, бірақ «жазымыштан озмыш жоқ» деген қағидаға берік сенгендер, үйіңде  отырып та өлуің мүмкін деп өздерін жұбатады. Сонымен бірге орыс қалаларының Хиуа, Ташкент немесе Бұхарадан келгендер үшін жақсы жақтары да бар. Мұнда келген ерлер ханның қоластында жүрген кездерінде денесіне  дүре тиіп содан алған жараларын емдейді, ислам діні жүктейтін көптеген міндеттерден аз уақытқа болса да құтылады. Петропавлда ромға сұраныс баршылық, діндарлар оны ішетіні соншалық, олардың бұл ерлігіне Бурцовтың өзі таңқалған болар еді.

 

Жағдайдың солай болуына байланысты бұл қалашықта бірнеше күн аялдауыма тура келді, оған еш өкінішім жоқ, мені қызықтырған нәрселер көп болып уақытым еш байқалмай тез өтіп кетті. Сырттан келген бірнеше көпестермен жақын танысып кешқұрым жатқан жерімде бір топ қауым адам жиналатын болдық. Бұл жақтың әдет-ғұрпын білмегендіктен бір-бірімізге алғашқы икемсіз мақтау сөздер айтып, тамағымыздан бір-екі стакан пуншты өткізіп алған соң қонақтармен арамыздағы мұз қабыршақ тез жібіп, әңгімеміз жарасып кетті. Петропавлда саясат әрбір әңгіменің басты өзегі, бірақ мұндағылар европалықтар жайлы еш хабары жоқ, тіпті білгісі де жоқ. Ешкім танымайтын ел басшысының бірінші министрінің атының кім екенін білмесе, Гизо дегеннің де кім екенінен хабары жоқ,  шілде айында орын алған күркіреген оқиғаның дауысы петропавлдық саясаткерлердің құлағына әлі жетпепті. Сол себептен де бізде жұрттың барлығы айтып жүрген әңгімелерді қайталап тыңдамайсыз, елең еткізер жаңалық пен пайдалы іс жайлы да сирек естисің. Бұл жердің саяси әлемі басқаша. Бұл жақта аты жұртқа таныс емес елдерді естисің, оларды бұл жердің табиғаты басқа әлемнен үлкен сусыз шөлдермен бөліп тастаған, олар өз өмірлерінің тағдырын өздері шешіп келеді, бүкіл әлемді  қанатының астында ұстап отырған европалықтарға бағынбайды. Жердің ортасында өмір сүріп жатқан елдердің саяси тұрмысы қаншалықты қиял ғажайыптарға толы десеңші!  Іскендір Руми мен Шыңғысхан, Саманидтер мен Тимуридтер – міне, осы атауларды тұрандық ғалымдар мақтанышпен жиі қайталайды. Бұл өлкені жаулап алған өзбектердің заманынан біздің уақытымызға дейінгі таусылмайтын қанға толы тарихын айтсаңшы! Сол қантөгістер бұрынғы кезден де жаман қаһарлы болып жалғасуда. Құдіретті болған алпауыт мемлекеттің тез құрылып, тез құлауы жиі кездеседі, олардың құлағанынан кейінгі қанды  тасқыны әр құлаған сайын қаһарлана түсуде! Сол апаттарды басынан кешкендерді тыңдай отырып азиялықтардың шынайы мінезін танисың, олардың арасында адал Ягоны, ержүрек Фальстафты аттаған сайын кездестіресің. Дана Шекспир Макбеттің бейнесін жасау арқылы бізге  тез өсіп тез сөнетін азиялық жаулап алушы патшалардың мінезін көрсетіп түсіндірді. Бұл патшаларды сол кездегі жағдай мен орта бір қылмысты жасатып, екінші қылмысқа итермелеп отырады. Олардың тез жеңіске жетуі мен тез өлуі де бірін бірі жақсы түсіндіреді.

 

Петропавлға жол-жөнекей барған едім, қызмет бабымен Қырғыз-Қайсақ даласына бару ниетім  болатын, сондықтан да мені қызықтыратын мәселелер сол өлкеде болғандықтан, бар аңсарым сол жақта екені белгілі. Бұл өлкеде бұған дейін ешқашан болмағанмын. Білгендерім жайлы оқушыларыммен бөлісіп қояйын,  бұл дала жайлы хабары бар оқушыларыма айтарым, менің мақалаларымда айта қоярлықтай жалпылама деректерден басқа ештеңе жоқ. Бірақ менің оқушыларымның көпшілігі «Қырғыз-Қайсақ даласы» деген кезде көз алдарына география оқулықтарындағы аппақ теңіз сиқты болып көрінетін бос жатқан орасан зор кеңістікті елестетеді. Осы оқушыларыма шамалы шыдамдық жасап келесі беттерді оқыңыздар демекпін.

 

 

II.

Қазақтың барлық тарихы толып жатқан байлауы жоқ аңыз бен әфсаналардан тұрады: ешқандай жылнама қалмаған, тіпті тарихи эпостық музыкалық шығармалар да жоқ. Иа, далада әрбір тарихи қорған мен мазардың, тіпті шатқалдар мен қойнаудың өз аттары мен тиісті аңыздары бар. Олар ауыздан ауызға жеткізіліп азиялықтардың сөзге шебер қарақтылығының арқасында аз уақыттың өзінде еш мағынасы жоқ далбасаға айналады. Бұл аңыздар өздерінің Ходаковскийін күтіп отырса керек, әй қайдам, ол күткендері орындала қоймас. Тек қана ертегілерді жақсы көретіндіктен қазақтар ата-бабаларына соншалықты бейжай қарайды, арғы аталарының аттарын дұрыс атай алатындары көп емес. Бұл кемшілік бүгінгі елінің тағдырына ерекше ықпалы бар фамилияның иелеріне де қатысты. (Бұл жерде автор қазақ жайлы не ештеңе білмейді немесе қазақты кемсіту үшін әдейі осылай жазып отыр. Ауд. С.Ж.)  Әрине, алдымызда басқа да толып жатқан басқа да істер болғандықтан қазақтардың бұған дейінгі бірнеше ғасырда не істегені жайлы қазбаламай-ақ қоялық. Адамды шаршататын бұл зерттеулер өзімізді таныстыратын бірнеше таныс атауларды тануға әкелері анық, бірақ олардың бізге еш қажеті жоқ.  Осыдан 250 жылдай бұрын қазақтар Сібір аймағында Минусинск округінің  Кузнецк аймағында, Енисей өзенінің жоғарғы жағында өмір сүрген деген деректі шынайы деп қабылдауға болар. Олар сол жақтан біртіндеп батысқа жылжып Ертістен өтіп содан кейін Оралға дейінгі жерді жайлай бастаған. Өткен ғасырдың ортасында ғана қазақтардың қалмақтармен, қарақалпақтармен жанталасқан соғысы біткен болатын. Қалмақтар мен қарақалпақтар көшіп жүрген келімсектерге өз жерін ерікті түрде бергісі келмеді. Айта кетуге тиіспіз, олар өздерін қазақтармыз деп атайды, шын мәнінде оларға бұл атауды орыстар берген, орыстар оларды жабайы қырғыздар немесе буруттармен  араластырып жіберген. Жарайды, не болғаны жайлы осы да жетер, қазақтардың өздерінің шығу тегі жайлы не айтып жүргені жайлы әңгімелейін.

 

Олардың айтуларынша, бұл өлке алты рет өз тұрғындарын ауыстырған, әртүрлі жағдайларға байланысты сонша рет ел тұрғындары  қырылып, сонша рет еш адам қалмай қырылған деп ойлайды. Дала бірнеше ғасырлар бойы жан тұрмайтын шөл далаға айналып бұл жерде ешқашан адам тұрмағандай болып,  адамдардың қураған сүйектері ғана қалған дейді. Қазақтар өздерін бұл өлкеге келген жетінші келімсектерміз, өздеріне дейін қырылып қалғандардың жазмыштық тағдырын біз де кешеміз деп санайды. Бұл идеяның өте тамаша, шерлі ақын жырына сай келетін жағы бар, бірақ оны өздері Шығыста кең тараған  Мұхаммедтік идеясына, қазақтың мінезіне сай келтіріп өзгертіп алған болса керек. Діндарлардың айтуынша, олардың жері өте ежелгі, бірақ адамзат баласы бұл жерге жақында келіп адам баласының  Адам Ата жайлағанға дейінгі алты тұқымын ауыстырған деп санайды. Бұл пікірдің растығы  Самұрық құсының  (Фирдоусидің «Шахнамасына») абыройына негізделген. Самұрық құсы адамдардың басқа жерлерден келіп қоныстанғанының куәсі болған. Жарайды, өзіміздің әңгімемізге көшелік.

 

Соңғы рет дала бос жатқан кезде, Сыр өзенінің ар жағынан қаптаған ноғайлықтардың ордасы далаға келіп өздеріне алыстағы Қырымнан, Кубаньнан жер іздеген.  Есіл өзенінің жоғарғы жағына жетіп түнеген кезінде халық билері үйірден бірнеше тәуір аттардың жоғалғанын байқайды. Араларынан аты шыққан үш ағайынды мықты  жігітті аттарды іздеуге орманға жібереді. Ол кезде Есілдің жағасы толған орман екен. Ағайынды үш жігіт орманда үш күн адасып  аттарды іздеп таба алмайды,  өздері түнеген жерге қайтып оралады. Ағайындылар жалғыз бастары айдалада қалып біраз мұңайып уайымдап, ақылдасып жар іздеуге бел байлайды.   Осы мақсатпен Есілдің солтүстігіне өтіп бір таныс емес халықтың үш сұлу қызын алып қайтадан Есілге оралады. Құдайдың ағайындыларға рақымы түсіп ерлі-зайыптыларға көп ұрпақ беріпті. Бірнеше ондаған жылдардан соң ағайындылардың қаптаған ұрпағына жер тар болып үш ағайынды жігіттің ұрпақтары үш жаққа тарапты. Үлкен ағаның балалары шығысқа, жеті су өзендері мен Жоғарғы Ертіске, кіші інінің ұрпағы батысқа Орал өңіріне бет алып, ортаңғы баланың ұрпағы сол жерде, Есіл маңында қалыпты. Осылай әрқайсысы бір бөлік – Жүздер құрылыпты: Ұлы жүз – аға жүздік, Орта жүз және Кіші жүз. Біз оларды Ұлы, Орта және Кіші орда деп дұрыс атамай жүрміз, себебі қазақ тілінде Орда  деген сөзбен халықты емес, ханның резиденциясын немесе орналасқан жерді  атайды. Үш жүздің ішінде Орта жүз ең халқының саны көп бөлігі, содан кейін Кіші жүз, сосын Ұлы жүз. Бірақ, бұл деректі нақты деуге болмайды, себебі қазақтардың Ұлы жүздің халқының санын ешкім білмейді, олар біздің үкіметке бағынбайды және көшіп қонатын жерлері алыс.

 

Енді Орта жүздің жаңа тарихынан бірнеше деректерді келтірейін. Орта жүз қазір Батыс Сібірдің генерал-губернаторы басқару аймағында орналасқан, Петропавлдан олардың көшіп-қонып жүрген аймағына сапар шегейін деп отырған өлке. Менің әңгімем түгелімен қазақтардың өздерінен естігендерімнің негізінде, сенімді кісілердің аузынан жазылып алынған және де бұл оқиғалардың болған уақыты өте алыс та емес.

 

Өткен ғасырдың бірінші жартысында Түркістан, яғни Сырдария өзенінің бойында орналасқан кішігірім хандықтар дәл қазіргі кездегідей, нешетүрлі қан төгілген соғыстардың театры болды, дәлірек айтар болсақ, сол кездегі басқарушы қожайындардың арасындағы өзара кескілесу аймағы болды.  Өздерінің отбасылық есеп-қисаптары бойынша, сондай кішігірім қожайындардың бірі Бөрі хан сол кездегі жас Сабалаққа (Абылай ханның  жас кезіндегі аты) деген ерекше өшпенділігі болады, оның Қанішер деген аты сол кездегі азиялықтардың ұлы адамдарға беретін ең жоғарғы теңеуі. Бөрі хан да осы жоғары атаққа ұмтылған болса керек, сондықтан да өзінің дәрпін асыру мақсатында қасқырға ұқсап адам қанын ішуге де барыпты. Жас Сабалақтың бақытына орай Ораз атты үлкен ағасы болды, кішкентай інісін аман сақтап қалу үшін Ораз Түркістаннан Қазақ даласына қашып барады. Қашқындардың басынан кешкен оқиғаларының егжей-тегжейі жайлы әңгімелер өте көп. Түркістан мен Орта жүз көшпенділерінің арасындағы ұланғайыр кең даланы алып жатқан, ештеңе өспейтін, сусыз, үлкен жерді қазақтар «Бетпақ дала» деп, біздер «Голодная степь» деп атаймыз.  Мұндай қатерлі аймақты басып өткен адамның жағдайын біле беріңіздер! Ол жерді Жаратушының лағнаты жайлаған, адамның өміріне көмек беретін ештеңе жоқ, анда-санда жылқы мен түйеге азын-аулақ қорек болатын тікенді өсімдіктер ғана кездеседі.  Жүруден титыққан жолаушы бір шелек әрі ащы, әрі тұзды  су табу үшін құдық қазуы тиіс. Оған қоса, бұл аралықтың ең аз деген жолы 350 шақырым екенін ескерсек, Ораз бен Сабалақ бұл аралықты трамплиерлер сияқты  Түркістаннан мініп қашқан кәрі жүдеу атқа екеуі мінгесіп өтуі керек еді. Тағдыр екеуіне қарасып осы бір қауіпті сапардан аман-есен еліне жетеді. Тағдырдың жарылқауы мұнымен ғана тынбай қашқындарды жолда кездескен қазақ ауылдары жақсы қарсы алады, себебі атақты қанішер деген ат ұзаққа тараған болатын. Бұл кездерде Орта жүз қазақтарының даланың шығыс жағындағы қалмақтармен соғысының қызып жатқан уақыты еді. Сабалақ бұл ұрыстарға қатысып оның  батырлығы  қазақ даласы мен Орта жүздің халқына  тез тарай бастады, көп ұзамай бүкіл Орта жүздің ханы болып сайланады. Орта жүздің хандары мен басқа көптеген сұлтандары өздерін Сабалаққа қарағанда тегін мықты санағандарына қарамастан Сабалақ «Абылай хан» деген атпен елді басқарды. Абылай хан басқарған кезең  қазақтың үш жүзінің тарихында ерекше қалды. Осыдан бір ғасыр бұрын болған басқару кезеңі оның атын даңққа бөледі. Енді қазақтар тұтқиылдан, атқан оқтай соққыларын жасаған кезде «Абылай» деп ұрандайды. Батырдың аты өздерін ерлікке жетелейтініне сенеді.

 

Абылай ханның, қазақ дәстүріне сәйкес бірнеше әйелі болған, олардан туған бірнеше ұлдарының барлығы сұлтан атағын иемденіп отбасылық басқаруында түгел Орта жүзді ұстап отырды. Абылай хан қартайған шағында тағы бір жас әйелді алады, оның бұл үйленуінің нәтижесі қазақ даласының мәселесінде үлкен маңызға ие болды. Бұл оқиға 1771 жылы қалмақтардың Волгадан Қытайға Қазақ даласының үстімен көшкен кезінде орын алды. Қазақтар көршілерінің барлығына  ерекше өшпенділікпен қарап оларды  ата жауындай көреді. Соның ішінде қалмақтарға да ерекше өш. Қалмақтардың Ресейден көшіп жатқаны жайлы хабар бүкіл даланы дүрліктірді. Қазаөтар қолдарына іліккен қару-жарақтарын асынып қалмақтардың жолын кесуге аттанады. Ал, қалмақтарда  қайтсек тезірек Қытайға жетеміз дегеннен басқа ой жоқ болатын.  Торғауыттардың   (Волгадан қашқан қалмақтарды осылай атаған) бастарына барлық пәле төңкерілді, көпшілігі шабылды, әйелдері мен балалары тұтқынға алынды, малы мен мүлкі талауға түсті.  Шабылу мен тұтқыннан аман қалғандардың өздері аштық пен аурудан қырылды. Қазір жан тұрмайтын Балхаш көлінің шөлді жағалауы адамның сүйектеріне толып жатты – мыңдаған қалмақтар шөлге шыдамай ішуге жарамсыз көлдің суын ішіп қырылып қалды. Қалмақтың сұлу қыздарын қазақ даласында ерекше құрметтейтін еді, қазақтар сәті түсіп тұрған кезді пайдаланып оларды әйелдікке алды. Олардың ішіндегі ең сұлуы Абылай ханның үлесіне тиіп сұлуды заңды түрде  некелеп әйелдікке алды. Бір жылдан соң қалмақ ханшайым Қасым атты ұл туып оның аты ұзақ уақыт дала тарихында қалды.

 

(Жалғасы бар)

 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610