Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4812 0 пікір 27 Қыркүйек, 2010 сағат 07:01

Фарида апа дүниеден өтті...

Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Аса көрнекті талант иесі Фарида Шәріпова 74 жасқа қараған шағында дүние салды.

Фарида Шәріпова 1936 жылғы 16 желтоқсанда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келді. Қытай киностудиясы түсірген "Хасен-Жәмила" көркем фильмінде басты рөлді орындап, өнерімен танылған ол 1955 жылы атамекені Қазақстанға оралды.

Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Аса көрнекті талант иесі Фарида Шәріпова 74 жасқа қараған шағында дүние салды.

Фарида Шәріпова 1936 жылғы 16 желтоқсанда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келді. Қытай киностудиясы түсірген "Хасен-Жәмила" көркем фильмінде басты рөлді орындап, өнерімен танылған ол 1955 жылы атамекені Қазақстанға оралды.

1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемле­кеттік консерва­ториясын бітіріп, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына қабылданды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы театрда үздіксіз өнер көрсетті. Сах­нада қазақ және әлем классиктерінің драмалық туын­ды­ларында, осы заманғы қойылымдарда басты рөлдерді шебер­лікпен орындап, ұлттық театр өнерінің жаңа сапалық биікке көтерілуіне үлкен үлес қосты. М.Әуезовтің "Айман-Шол­па­нында" Шолпан, "Абайын­­­да" Ажар, "Қара қыпшақ Қо­бы­лан­дысында" Қарлыға, "Еңлік-Кебегінде" Еңлік, "Карагөзінде" Қарагөз, Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян сұлуында" Баян, Ә.Нұрпейі­­­совтің "Қан мен терінде" Ақбала, Т.Ахта­новтың "Боранында" Жаңыл, Ш.Айт­матовтың "Жәми­ласында" Жәмила, "Ана - Жер-ана­­сында" Толғанай, Қ.Мұха­меджанов пен Ш.Айтматов­тың "Көктөбедегі кездесуінде" Гүлжан мен Айша, Қ.Мұ­ха­меджановтың "Біз періште емеспізінде" Асыл, О.Бөкеев­тің "Құлыным мені­ңінде" Анар, Д.Иса­бековтің "Әпкесінде" Қамажай, С.Бал­ға­баевтың "Ға­шықсыз ғасырында" Фарида, Софоклдың "Эдип патшасында" Иокаста, Еврипидтің "Медеясында" Ме­д­ея, Шекспирдің "Асау­ға тұсауында" Катарина, "Ричард ІІІ" трагедиясында Анна леди, Пуш­киннің "Шағын траге­­дияларында" донна Анна, Чеховтың "Сүйікті менің аға­тайы­мын­да" Елена Андреевнаның қайталанбас образдарын сомдады.

Фарида Шәріпова кино саласында да жемісті еңбек етті. Ол әйгілі режиссерлер Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Әзір­байжан Мәмбетов, Леонид Агранович түсірген көптеген танымал фильм­­дерде ойнады. Дубляж саласына да көп еңбек сіңірді.

Фарида Шәріпова өнерлі жастарды тәрбиелеу ісіне жете көңіл бөлді. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында көрнекті актер Ы.Ноғайбаев екеуінің шығармашылық шеберханасында шыңдалған жастар бүгінде еліміздің театрларында жемісті еңбек етіп жүр.

Фарида Шәріпова мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі құрметті атақтарын, Қаз КСР Мемлекеттік сый­лығы мен КСРО Мемлекеттік сыйлығын, "Парасат" орденін иеленді.

Аса дарынды актриса, көрнекті өнер қайраткері Фарида Шәріпованың жар­қын бейнесі халықтың жадында әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі.

 

* * *

 

 

САХНАНЫҢ СӨНБЕЙТІН ШЫРАҒЫНДАЙ

Біздің шағын ауылға келген кинофильм "Хасен-Жәмиладағы" бас кейіпкер әдемі еді, әлі күнге көз алдымда. Мені таңдандырған, бі­ріншіден, жап-жас сұлу актри­саның қазақ қызы екендігі. Екін­шіден, басқа елде жүріп туа біткен тамаша өнерін Қытай секілді ұлы мемлекеттің талғамшыл мәдени ор­тасына мойындатып, кинофильм­нің бас кейіпкері рөлін жүздеген сайыста жеңіп алғаны.

Елге оралған жас Фарида өз Ота­нының сахнасында қаншама рөл­дерді алтыннан соғылған ес­керт­кіштей сомдады. Өнерін туған халқы бағалады. Талантты ағамыз Ыдырыс Ноғайбаевтың шаңырағын құлатпай, босағасын босаңсытпай, күні кешеге дейін қазақ әйелінің ұлы тұлғасына титтей де дақ тү­сірмеді. Қайран Фарида да Сәбира, Бикен, Шолпан, Әмина сынды асыл апаларымыздың соңынан мәңгілік сапарға жол тартты...

Көркемдігі еліктің лағындай,

Сахнаның сөнбейтін шырағындай.

Күні кеше жүр еді ортамызда,

Келбетінен, көзінен нұр арылмай.

Жыр оқыса, жан еді сөзі балдай,

Жұрт қарайтын қызығып, көзін алмай.

Қош, қош, қимасым, қазақтың ұлы қызы,

Жатқан жерің жұмақтың төрі болғай!

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.

 

* * *

ӨНЕР АЙДЫНЫНДАҒЫ ҚОС АҚҚУДАЙ ЕДІК

Асыл дос, ардақты құрбы Фари­даның өмірден өтіп жүре бергенін Таразда, бүкіл қазаққа мәшһүр Баукеңнің 100 жылдық тойында жүріп, конференция болып жатқан залда отырып естідім. Естіген мезетте-ақ көңілім бұзылып, отыра алмай сыртқа шығып кетіп, не бол­ғанымды, мына сұмдыққа сенер-сенбесімді білмей есеңгіреп қал­дым. Ауырып жүргенін білуші едім. Бі­рақ дәл осы күндерде бақи сапа­рына асығыс аттанып кетеді деп ойламаппын.

Фарида екеуміз консервато­рия­ның актерлік бөлімінде Асекеңдей (Асқар Тоқпанов) ұстаздан тәлім алып, бірге бітірдік. Қаншама спек­такль мен көркем фильмде бірге түсіп, бірге өстік, атақ-абыройға да бірге бөлендік. Өнерде, әсіресе, сах­налық шығармашылықта әріпте­сің дарынды болса, өзіңнің де кемелдене түсетініңе көзім толық жет­ті. Нағыз талант Фарида ешқа­шан намысты қолдан берген емес. Салдыр-салақтық, жұмысқа кешігу, партнерді менсінбеу, тыңдамау, дандайсу сияқты қылықтар оған мүлдем жат болатын.

"Арал хикаясы" атты фильмде Ыдырыс, Фарида үшеуміз бірге түстік. Ол күндері Аралдың абы­ройы асып-тасып, дүрілдеп тұрған шағы. Біздің де көңіліміз шат еді, өнерге құштар едік. Фарида мен Ыдырыстың да махаббат дастан­да­рының сол күндерден басталғанына мен куәмін. Вокзал. Алматыға қай­тар шақ. Пойыз екі-үш сағат кеші­гіп келді. Сол сағаттар екеуінің ке­ле­шек тағдырларын да шешіп тын­ды. Олар Алматыға отбасы болып оралды. Содан кейін жұптары жазылмай, өмірде де, өнерде де бірге ғұмыр кешті.

Енді, мінеки, жалған дүние дегенін істеді. Қазақ театры өзінің аса дарынды, кемеңгер актриса­­сынан айырылды. Өз қатарынан озып туған, озық тұрған, теңдесі жоқ дерлік үлкен жүректі өнер иесі қайырылмас мәңгілік сапарына аттанды. Сонау Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Шолпан Жандар­бекова апайлардан қалған текті тұяқ, солардың көзіндей еді. Өзі де солардың қатарында. Сол ұлылар­дың мектебінен үлгі алып өскен биік шынар осы ерке әрі ер мінезді Фаридамыз болатын. Өзі де, жаны да сұлу еді. Менің жеке өз басым үшін де бұл орны толмас қапыл қаза. Бір қабырғам қаусап түсіп қалғандай, қара орманым үңірейіп бос қалғандай сезім кешудемін. Қапелімде не айтайын? Айтылар сөз алда болар, талай естеліктер жа­зы­лар. Өнерде еркіндеп бірге жүр­ген, айдында еркелеп бірге жүзген, өмір бойы риясыз, кәусар таза ті­лектестіктен, адал достықтан айны­маған қос аққу сияқты сезінуші едік өзімізді. Иә, Факең жайында осылай толғауға менің қақым бар деп білемін. Ізгі жаның жәннаттан жай тапсын. Өнерді сүйген халқың сені ұмытпас. Қош, аққу Фарида...

Асанәлі ӘШІМОВ, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

 

* * *

ОЛ САХНАҒА ШЫҚҚАНДА ДҮНИЕ ӨЗГЕРІП КЕТЕТІН ЕДІ-АУ

Фарида қазақ халқының маң­дайына біткен жарық жұлдызы еді. Сонау студент кезінде-ақ арамыз­дан дараланып, "Хасен-Жәмила" деген фильмде басты рөлді сомдап, қазақтың атын әлемге танытты. Бә­ріміз Асқар Тоқпановтың класында бірге оқыдық. Бірге бітіріп, Әуезов театрына да бірге келдік. Ол нағыз майталман, нағыз өнер актрисасы еді. Дипломдық жұмысының өзі шоқтығы биік боп тұрғанын бі­леміз. Шолпан Жандарбекова, Сә­би­ра Майқанова сынды саңлақтар­дың қатарына студент қалпында ке­ліп, солардың биігіне тез көте­ріліп алды. Фариданың қай рөлін алып қарасаңыз да деңгейі жоғары болатын.

"Қан мен тер" спектаклінде мен Сүйеу, ол Ақбала болды. "Аңсаған менің әнімсің" спектаклінде бірге ойнадық. Осы спектакльдегі Жә­мила рөлінен кейін газеттердің бәрі оны жазып, сыншылар да, көрер­мендер де таң қалып, тәнті болға­нын білемін. "Ана - Жер-анада" Толғанайды ойнаған Фарида да жер-ананың құшағына кетті-ау, жасағанның ісіне амалың жоқ екен. Театр өнерінің шыңына көтерілген тұлғаның орны ойсырап қалатын болды. Кинода да тамаша қолтаңба қалдырған асылымызды жоғалттық. Ол сахнаға шыққанда дүние өзгеріп кететін еді-ау.

Жүрегіміз сыздап тұр ғой, сыз­­дап тұр. Топырағың торқа болсын, тете құрдасым!

Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

* * *

 

МАҒАН ЖОҚТАУ АЙТА МА ДЕСЕМ...

Мен бүгін өзімнің әріптесім, әрі досым, айтулы актриса Фа­ридам­нан айырылып қалып, қайғырып отырмын, қапаланып отырмын. Фа­рида екеуміз қазақ өнерінің қарашаңырағы Әуезов театрында 50 жылға жуық бірге қызмет жа­са­дық, бірге жүріп-тұрдық, қимас дос болдық. Бізді жұрт апалы-сіңлілі деп айтатын. Өйткені, екеуіміздің де фамилиямыз Шәріпова еді ғой. Бірақ, бірге тумасақ та, туғаннан артық сыйласып өттік.

Өмірден ұлы актриса, таланты актриса өткенде адамның ойында оның ойнаған рөлдері тізбектеліп өтері хақ. Осы реттен келгенде Фарида ойнаған 100-ге тарта рөлдің ішінде шоқтығы биігі, ең көрнектісі Ә.Нұрпейісовтің "Қан мен терін­дегі" Ақбала мен Шыңғыс Айтма­тов­тың "Ана - Жер-анадағы" Тол­ғанайына ел сүйсінді. Оның кино­дағы түскен рөлдері өз алдына бір төбе ғой. Ал ол кісінің адамгер­ші­лігіне келсек, өте ақылды, пара­сат­ты адам еді. Ең бастысы, аяулы жар, абзал ана бола білді. Құдай қосқан қосағы, сүйген жары Ыдырыс Но­ғайбаев екеуі театрда қосарласып ой­нап, қол ұстасып бірге жүретін. Ол кісі ерте кетіп, Фарида қалған өмірін Ыдырысқа арнады. Кейінгі жылдары Ыдырыс туралы да, өзі жайлы да артындағы ұрпаққа ке­ре­мет кітап шығарып кетті. Қашанда кейінгі өнерге келген жастарға кө­мектесіп жүрді. Оларға өз өнерімен, өз өмірімен, өз еңбегімен үлгі бола білді. Ол нағыз ана болатын. Бала­сы Шыңғыс дегенде ішкен асын жерге қоятын. Шыңғыс та тәрбиелі бала болып өсті, қазір талантты суретші. Мен ойлаймын, егер бір адам кемшіліксіз өмір сүріп өтсе, ол - Фарида шығар деп.

Жалған өмір-ай десеңші... Ме­нің Фаридадан бес жас үлкендігім бар еді. Ойлайтынмын, Фарида ар­тым­да қалып, маған жоқтау ай­та­тын шығар деп, сөйтін жүргенде, көрдіңіз бе, мені артына тастап кете барды... Жатқан жерің торқа, жаның жәннатта болсын, Фари­даш. Артыңда қалған Шыңғысыңа ұзақ өмір берсін...

Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ШӘРІПОВА, халық әртісі, "Отан" орденінің иегері.

 

* * *

"ФАРИДАНЫ АЙТСАҢШЫ!.."

Фариданың творчестволық өмірі М.Әуезов атындағы театрда ойнаған рөлдерімен өлшенеді. Тікелей менің шығармаларымда Фарида Мәжит Бегалин түсірген "Тұлпардың ізі" деген фильмде алғаш рет көрінген еді. Сол фильмнің 30 жылдығын "Арман" кинотеатрында атап өткенде досым Камал Смайыловтың айтқаны бар: "Мынау ғажап фильм ғой, мұның ғажаптығы алты ұлы актердің басын бір экранға сыйғызып тұрғандығы ғой. Кәукен Кенжетаев! Хадиша Бөкеева! Фарида Шәріпова! Асанәлі Әшімов! Мәжит Бегалин! және қарақалпақ актері Қуатбай Әбдірайымов! Әсіресе, Фариданы айтсаңшы..."

"Айтсаңшы" деген сөзден шығады. Фарида кезінде өзінің биік дә­ре­желі бағасын, дегенмен, толық алды деп айта алмаймын. Ұлы таланттың ен­дігі жолы қазақ деген халқының жүрегінен, санасынан тұрақты орын алатыны анық.

Әкім ТАРАЗИ.

 

* * *

ҰЛЫЛЫҚТЫҢ ӨМІРШЕҢ СӘУЛЕСІ

Фарида Шәріпова қайтыс бол­ды дегенді есту маған ауыр болды. Театрдағы өмірбаяным осы кісімен тікелей байланысты еді. Сонау 1978 жылы "Әпке" деген пьесамда әп­кем болып еді. "Қамажай" Қазақ­стан­ның халық әртісі Бәйтен Ома­ров­тың қоюында осы қазақ өнері­н­ің, қазақ театр өнерінің қараша­ңырағы акаде­миялық Әуезов атындағы театр сахна­сына жолдама алған "Әпке" пьесасы күні бүгінге шейін сахнадан түспей ке­ле жатса, менің әпкемнің, яғни Факең­нің ғажайып өнері мен шеберлігіне тығыз байланысты еді. Фарида жал­ғыз Әуезов театрының ғана шаңырағын биіктетіп қойған жоқ, жалпы қазақ өне­рінің еңсесін кө­теруге, өткен ғасырдағы барлық қол жеткен табыстарына осы ұлы ак­трисаның қосқан үлесі аса зор. Қай шығарма болмасын, әлде ол клас­­­сика ма, қазақ драматур­гия­сындағы елеулі шығармалар ма немесе әлі ешкімге белгісіз жас драматургтің шығармасы ма, өзіне ұнаған рөлді Фарида жанын салып ойнайтын.

Егер өткен ғасырда қазақ театр өнері әлемге танылды дейтін бол­сақ, Фарида сияқты ұлы актер­лер­дің айрықша еңбегінің, айрықша таланты­ның арқасында болып еді. Ол қазақ театр өнерінің аспанында жарқ ете қалған жарық жұлдыз болса, өмірінің соңына дейін оның сол сәулесі еш­қайсымыздың жүре­гі­мізде, санамызда ешқашан бәсең­сі­ген емес. Сол жарық күйінде мәңгі есімізде қалады.

Қош, менің әпкем, аяулы Фа­ри­да. Сіз біздің, жал­пы қазақ көрер­менінің мәңгі жадындасыз.

Дулат ИСАБЕК, жазушы-драматург.

 

* * *

ҚОШ БОЛ, ҚАЗАҚ САХНА ӨНЕРІНІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫ

Қазақ театр өнерінің тұтас бір кезеңі Ф.Шәріпованың есімімен байланысып жатыр. Көрермендерді сан мәрте толқытып сахнада Еңлік болып еңіреген, Шолпан болып шаттанған, Қаракөз болып қайғырған, Толғанай болып күңіренген актрисаның бейнелеуінде қаншама сұлу қыздар, парасатты аналар, сылқым келіншектер өмір сүрді.

Бір-біріне мүлде ұқсамайтын алуан түрлі рөлдерді шебер орындауымен өзінің актерлік өнер ауқымының мол мүмкіндігін танытқан актриса қазақ актерлік өнерінің тасын өрге домалатты. Нағыз сахна санаткерлеріне тән шымыр шеберлігімен қазақ театр тарихында мәңгі қалды.

Саналы ғұмырын театрға, қазақ актерлік өнерін дамытуға арнаған ақжарқын, кішіпейіл, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты бола білген Қазақ елінің қайталанбас дара жұлдызы Фарида Шәріпованың жарқын бейнесі халқының жүрегінде әрдайым сақталады.

Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры.

 

* **

ЖАРҚЫЛДАУШЫ ЕДІ ЖАСЫНДАЙ

Биылғы жыл қазақ сахна өнері үш­ін, ұлттық мәдениетіміздің жан­аш­ыр­лары үшін өте-мөте ауыр кезең бол­ды-ау! Аңдаусызда Әзірбай­жа­ны­нан (Мәмбетов) айырылып қалып есін жиып келе жатқан өнер әлемі ен­ді, міне, тағы да аяулы да ардақты елік­­тің лағындай ерек туған ерке қы­зы Фаридасынан көз жазып қалып отыр.

Қайран Факе! Фаридасы хал­қы­ның! Еліктің лағындай дедім-ау мен бір сө­зімде. Тап рас. Сахнаға жарқ ет­іп шыға келгенде, табиғи талан­ты­мен барынша жарқыл атар әлеуетті Фариданың отты сезімі мен ойнақы әрекеттері жаны­мыз­ды жадыратып, қанымызды қыздырып, кеудесінде жаны бар кісінің ішкі әлемін рахатқа бөлеуші еді-ау. Көсілуші еді, келіс­тіре кестелеуші еді. Бейнелер бояу-на­қышын кемерінен асырып та жі­бер­мей, қалпынан кем де түсірмей, шығар­машылық тұрғыдағы рухани таразының екі басын тең ұстай білер өрен жүйрігіміз ең, қадірлі Фарида-Әпке! Ұлт­­тық сахнамыздың сәні мен салта­натын, оның мәдени мазмұ­нын, түрлік пішінін, халқымыздың қанында бар иман мен ибаның нәзік талғам-талап­тарын әркез ескере қимылдап, еңсере шабыт толғаған бірден-бір сахна дүлдүлі екеу болса, бірі - Сіз, әгәрәкім, жалғыз болса, ол да Өзіңіз едіңіз, қадірменді Факе! Қазақ сахна өнеріне ұлттық реңк берумен бірге, оған еуропалық мәде­ниеттің лебін енгізген әйгілі Хадиша­ның (Бөкеева) ізбасар сіңлісі Фарида­ның өзіндік те өзгеше сүрлеуі кәсіби театр мектебіміздің ауқымын іргелендіре түсері бек шындық. Не дерсіз, сұм ажал салған мына сұмдыққа! Фарида өнерінің жарқын сәулесі - Мәңгілік. Ол ылғи да ру­­хани жан дүниемізді жылыта бермек. Қабіріңіз кең, алдыңыз жарық болғай, қазақ сахна өнерінің шоқтай жанған нағыз шын Жұлдызы.

Әшірбек СЫҒАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор.

 

* * *

БЕКЗАДАЛЫҚ БОЛМЫСЫНДА БОЛАТЫН

ФАРИДА, бізше ФА-КА.

Ыдырыстың қойған аты.

Мағынасы факел, алау дегенге келеді.

Фариданың болмысын, биік өнерін тап басатын теңеу.

Ол қарашаңырақ М.Әуезов атындағы ака­демиялық драма театрына алғаш келгенде жиыр­ма­ға толмаған еді. Фаридамен театрға қатар кел­дік. Содан бері, міне, сол асыл Факең ақтық демін алған күні кешеге дейін өнерде қырық жылдай бірге болыппыз. Тағдыр, бұйрық шығар, Фарида менің осы театрдағы тырнақалды шығармам - Т.Ахтановтың "Боран" романы бойынша қой­ыл­ған спектаклімде бас кейіпкерлердің бірі Жаңыл бейнесін орындады. Фариданың басы бос кезі. Әдемі, талантты. Жігіт біткен Фаридаға ғашық. Ол болса Ыдырысты таңдады. Ыдырыс жігіттің сұлтаны, мінез десең мінез, түр десең түр бар, талант десең талант. Мінезі ауыр, нағыз ер мінезді азамат. Бір есептен, "Борандағы" бас кейіпкер Қос­панға ұқсайды. Мінез жағынан Фарида Жа­ңылға келеді. Жаңыл рөліне Шолпан апа да бе­кі­тілді. Ол кез, 60-жылдар театрда Хадиша Бө­ке­ева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римовалардың дүркіреп тұрған кезі.

Өнердің жолы нәзік те күрделі. Уақыт озады, буын алмасады. Кейде, әсіресе, театрда буын ал­масу процесі қиындау өтетін жағдайлар да кез­деседі. "Боранның" премьерасында Жаңыл рөліне Фариданы шығардым. Сәтті ойнады. Бірақ, премь­ерадан соң менің жағдайым "қиындады". Онда 22 жастамын. Мәмбетов театрдың бас режиссері. Көркемдік кеңестің жиынында Шол­пан апа маған қатты шүйлікті. "Бұл кім өзі?" деп жассынғаны бар жарықтықтың. "Маған не, пре­тензияң бар?" - деді. Мен айттым: "Сіз қаланың әйелі, ақсүйекті ойнайсыз, бұл спектакльге, Жаңылдай кейіпкерге ол келмейді", дедім. Фарида осы кейіпкерінің жандүниесін терең аша білді.

Қазақ сахнасында героикалық, романтикалық бейнелер көп жасалды. Актер мен көрермен арасы алшақтау болды. Ал актриса Шәріпованың келуі­­мен сахнаға адами, қарапайым кейіпкерлер келді. Ол өз табиғатында өте кішіпейіл, артық-ауыс мінезі, сөзі жоқ адам. Болмысында керемет бір ұс­тамдылық, бекзадалық бар еді. Онысы сахнада бірден көзге ұрмай, бірте-бірте ашылатын. Фарида театрға алғашқы келген кезінен бастап-ақ екінші құрамда тұрып, шығармашылығымен алғашқы қатарға шықты. "Сарғайған жетер мұратқа" дегендей, Фарида кейінгі биік шыңдарына табан­дылықпен, талмай іздену, толассыз, тынымсыз еңбекпен, жан еңбегімен шыққан тұлға.

М.Әуезов театрының соңғы жылдардағы жұмысы - Т.Нұрмағамбетовтің "Ескі үйдегі екі кездесу" пьесасы бойынша қойған спектаклімде Фарида эпизодтық рөл - Ана бейнесін орындады. Үш-ақ ауыз сөз айтады. Сонда сахна сыртындағы толқуын, жауапкершілігін көрсеңіз. Сахнаға тап бір жаңа шығатын адам сияқты.

Фариданың мінезі туралы көп айтуға болады. Ол ешкімге кеудемсоқтық жасаған емес. Бір ауыз пікірінің өзінде үлкен салмақ жатар еді. Бірақ, өзім оның біреуге қатты айтқан кезін, сөзін ес­тімеппін. Талай көркемдік кеңестерде, спек­такль­­дерді қа­былдауларда пікірлеріне ден қойсаңыз - шығар­маны, режиссерлік трактовканы, актерлік ойын өрнектерін сыншыдай, театртанушыдай жіліктейді.

Актриса Шәріпованың тағы бір ерекше қасиеті - ол сахнада ғажайып партнер, серіктес. Жүйрік аттар бірге шапқанда бірден суырылып шықпай, біртіндеп алға түсіп, ең соңында өзі жеке-дара ке­ле­тіндері болады ғой. Фариданың сахна ойыны да осындай. Ол өмір-бақи өз терін өзі алып жүрді, өз көзіне құйылған ащы терді өзі сүртіп өткен актриса.

Фариданың маңдайының жарқырағаны - Мәмбетовтей суреткерге кездескені. Мәмбетовтің бақыты - қазақ театрына сол кезде Фарида, Асанәлі, Сәбит, Әнуарлардың келуі.

Бүгін орны толмас ауыр қаза үстінде бүкіл жан-жүрегіммен күйзеле: "Қош, қадірлі әріптесім Фа-Ка!.. Топырағың торқа болсын", деймін.

Есмұхан ОБАЕВ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік  академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор.

 

* * *

ӨНЕР ТАРИХЫНА ОЛЖА САЛҒАН

М.Әуезов атындағы академия­лық қазақ драма театрының сахна шебері, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лау­реа­ты, "Парасат" орденінің иегері Фа­рида Шәріпованың 74 жасқа қара­­ған шағында қайтыс болуы Тараз қа­ласында өтіп жатқан ХVІІІ рес­пуб­ликалық театр фестиваліне қа­ты­сушылардың қабырғасын қайыс­тырды.

Ф.Шәріпова бәріміздің де ру­хани ұстазымыз еді. Ол қазақ ки­носы мен театры сахнасында қай­та­ланбас бейнелер жасады. Аты аң­ызға айналған актрисаның шынайы сомдаған кейіпкерлері ұлттық өне­ріміздің асыл қазынасына айналды. Жүзден жүйрік атанып, театр та­рихына топ жарып, олжа салған сахна саңлағының үлгісі жадымыз­дан өшпейді, өнердің биік асула­рына үнемі жол сілтеп тұрады.

Қазақстан театрларының ХVІІІ фести­валіне қатысушылар марқұм­ның отбасы мен туған-туысқан­дарына қайғыларына ортақ­та­сып көңіл айтады.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры; Қ.Қуа­нышбаев атындағы Қазақ музы­калық-драма театры; М.Горький атындағы Орыс драма театры; Мем­лекеттік Неміс драма театры; Мем­лекеттік республикалық Корей му­зыкалық-комедия театры; "Ақ­са­рай" мюзикл театры; К.Станислав­ский атындағы Қарағанды облыс­тық Орыс драма театры; М.Өтеміс­ұлы атындағы Атырау облыстық Қазақ драма театры; Семей қала­лық "Дариға-ай" жастар театры; С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қалалық музыкалық-драма театры; Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыс­тық Қазақ драма театры; Жамбыл облыстық Орыс драма театры; Жамбыл облыстық Қазақ драма театры; Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет басқармасы.

 

* **

ӨНЕРДЕ ӨЗ МІНДЕТІН АТҚАРЫП КЕТКЕН ҰЛЫ АКТРИСА

Фарида Өнер институтында бірге оқып, бірге жүріп, қара нанды бірге бөліп жеген қимас құрбым еді. Ол кезде бәріміз жаспыз. Бірақ, Фа­­рида өте байсалды, мінезі салмақты, дарынды, сабақты өте жақ­сы оқитын үлгілі студент бол­ды. Қашанда ой-санасымен өзінің жасынан үлкен көрінетін. 1959 жы­лы Әуезов театрына Асанәлі, Сә­бит, Райымбек, Раушан, Фарида бә­­ріміз бірге келдік. Фаридамен әрі құдайы көрші болғандықтан, қай жерге барсақ та бірге баратынбыз, театрдан қол ұстасып бірге қай­та­т­ын­быз. Жалпы, Фарида ешкімге сырын көп айта бермейтін жұмбақ адам еді. Кейінгі кезде қатты нау­қастанып жүргенін сезетінбіз. Бі­рақ, ауырғанын ешкімге білдіртпей, спектакльден қалмай ойнап жүрді.

Факең - өнерде бағы жанған, тір­шілігінде үлкен атақтарға ие болған ба­қытты жан. Ол - өнерде өз жұ­мы­сын, өз міндетін атқарып кеткен өте ойлы ұлы актриса.

Екеуміз түйдей құрдаспыз ғой. Осыдан бір апта бұрын көңілін сұрайын деп ауруханаға барсам, мені танымады. Қабырғам сөгіліп, ойым мың-санға бөлініп, үйге қалай жеткенімді білмеймін. Міне, енді сұм ажал оны арамыздан алып кетті. Бүгінде оның бұл өмірде жоқтығын әбден сезініп, қабырғам қатты қайысып отыр. Кеше ғана бірге жүрген Фарида бүгін жоқ. Оның мәңгілік дүниеге аттанғанын естігенде, театрдағы барлық жаса­ған еңбектерін түнімен ой елегінен өткізіп шықтым. Қандай ғажап актриса, қандай ғажап адам!

Зады, ажалға кім араша тұра ал­ған. Қолдан келер қайран жоқ. Ме­дет етеріміз, артында жалғыз ұлы Шыңғыс бар, соның ғұмыры ұзақ болсын. Иманың жолдас, жаның жұ­мақта болсын, досым, аяулы құр­­­­бым. Қош, Фарида.

Нүкетай МЫШПАЕВА, халық әртісі.

 

* * *

ЖАДЫДАН ӨШПЕЙТІН ЖАРАТЫЛЫС

Қазаны естігенде қабақ шытпас пенде жоқ шығар. Өйткені ол ең берісі пәни дүниенің баянсыз еке­нін, ертең оның өзіңді де қара жер­ге жетелейтінін есіңе салады. Ал өмірден өткен жан сенің сый­ла­сың­­­­ның, қимасыңның бірі болса, тіп­ті өкінесің, өксисің. Фариданың қа­засы менің қамықтырып отыр. Өйткені біз тағдырлас, тағылымдас, армандас, сыйлас жандар едік. Ек­еу­міздің де жастығымыз қызыл сы­зық­тың ар жағында қилы-қилы құ­бы­лыстар, алуан түрі арпалыстар, ала­сұрған армандар арасында қалған.

1950 жылдары Үрімшіде Жоңға­риядағы шетін ұлттардың көкіре­гіне коммунистік "шырақ" жағатын партиялық мектеп ашып, оған табы төмен, бірақ талабы жоғары, ары таза адамдарды қабылдап жатты. Сондайлардың бірі болып 1952 жылы мен де бардым. Он аймақтан жиналған 5 мыңнан аса тобырды топырлатып, бір алаңға немесе ал­барға жинайды да ұлы ұстаздар қытайша лекция оқиды. Он шақты тәржімашы ілеспе аударма жасай­ды. Білгірлері аз, бұлдырлары көп. Сол білгірдің біреуі Фарида. Оқуға был­тыр келіп тәржімашы болып қа­­лып­ты. Ауыздан шыққанды қа­ғып алатын қағылез. Тілінде түйт­­кіл, сө­зінде сүрініс болмайды. Ақ­ша жү­зі албырап, жанары жалын ата­­ды. Тал бойынан тарыдай мін та­­был­майтын мүсінімен де назарды аударып әкетеді.

Мектептің көркемөнерпаздар үйірмесінде бірге жүрдік. Өлең айтады, билейді, скетчтер орын­дайды...

Келесі жылы Фариданы "Ха­сен-Жәмила" кинофильмінде ба­с­ты тұлғаны жасатуға Шанхайға алып кетті.

1955 жылы Алматыда кездестік. Екеуміз де алғашқылардың бірі бо­лып елге оралыппыз. Консерва­то­рияға қабылданыпты. Біз журна­лис­­тиканы жағалап кеттік. Ол тұстың жалпы тынысын, тіршілігін, қиындығын айтып жатудың өзі қиын. Оның үстіне қолтығында сә­биі бар, сүйеніші жоқ Фариданың қандай күй кешкенін біз білеміз. Сол азапты да, тозақты да, тіпті ма­зақ­ты да жеңіп шыққан жас актер­дің жеткен жерін бізден гөрі, азалы ағайын, сіздер жақсы білесіздер.

Үйден бір қыз көрдім көзі күлген,

Шаштарын бес күн тарап, он күн өрген...

Фариданың сол тұстағы сүйікті бір әні осы еді. Сызылтып, үзілтіп айтатын еді. Мандолинада сүйе­мел­деп үн қосатын едім. Сол сүмбіле шашты Фарида он күн емес, жүз күндер, мың күндер өрді ғой. Сол қос бұрыммен жүздеген арудың бейнесін, ұлтымыздың ұлы дана аналарының тұлғасын жасады ғой. Мен қазір жалғыз Фариданың қазасына ғана емес, ол жасап кеткен абзал аналар мен арулардың бәріне аза тұтып отырғандаймын.

 

Уақап ҚЫДЫРХАНҰЛЫ, жазушы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері

«Егемен Қазақстан» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3618