Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4480 0 пікір 27 Қыркүйек, 2010 сағат 06:24

Өркен Кенжебек. Ұлтшыл-патриоттар: олар кімдер?

Мемлекетқұрушы ұлттың мәртебесін көтеруді, қазақ тілінің қадірін арттыруды жақтаушыларға осы атау жүре жабысты. Әйтпесе, «бізді осылай атамасаңдар...» деп үзілді-кесілді шарт қойып, шатақ шығарған ешкімі жоқ.

Мемлекетқұрушы ұлттың мәртебесін көтеруді, қазақ тілінің қадірін арттыруды жақтаушыларға осы атау жүре жабысты. Әйтпесе, «бізді осылай атамасаңдар...» деп үзілді-кесілді шарт қойып, шатақ шығарған ешкімі жоқ.

Білуімізше, «ұлтшыл-патриоттар» деген термин құлпыңды бұзған ұрысынан да, ұлтшылынан да қауіп көрген М. Горбачевтің дәуірінде «айналымға түсіпті». Тәйірі, бұл «ұлтшыл» деген түсінікті қоғамға залалсыз қалыпта көрсету, әлде жұртты шатастыру үшін үшін жасалса керек. Бір анығы, алғашында осы сөзді қолдану мемлекетшіл-ұлтшылдардан қаны тамып тұрған әсіреұлтшылдарды айыру әдісі болған. Кейіннен, ұғымның «мәні» кеңейді... Бізде де тіл, дін, діл деген үштағанның мәселесін көтерген үркердей топтың мойнына осыны матай салды. Бұдан ары михрабын Елордаға бұрған ел ағалары мен журналистер «ұлтшыл-патриотты» жөнді-жөнсіз сөзіне тықпыштап, салмағын түсіріп алды. Шоқпытын сүйреткен шал «ру-тайпалық жүйемен басқару» деп саңдырақтаса да, қоғам оны ұлтшылдар атынан деп қорытатын жағдайға жетті. Қалай десек те, біріншіден бұл тіркестегі «патриот» құйыршығының «правосы» бітетін кез келді. Ұлтшыл атану ұят емес. Ұлтжандыңыз да жарамайды. Ұлтшыл... Болды. Арыдан айтқанда, «ұлтшыл-патриот» деген атаудың кілтипаны көзге ұрып тұр емес пе? Мысалы, бұны «ұлттық патриотизм» деп ұғу керек пе, әлде ұлтшылдық һәм патриотизм деп қарастыру керек пе? «Vox Populi» журналы «ұлтшыл-патриотизм» дегеніміз, «майлы май» дегенді еске салады екен» деп, сәтті теңеу жасады. Айтпақшы, Павел Морозов деген саяси белсендіміз де бұл түсініктерді екі бөліп қарастырмаса, болмайды деген пікірде. «Қай ұлттың өкілі болғанына қарамастан, отаншыл болуың - міндет, - дейді Морозов. - Ал, «ұлтшыл» мен «патриотты» қосып айтатындар, ұлтшыл екенін айтудан ұялатындар». Міне, Морозов таққан мін! Тағы бір түйткіл болса, ол ұлтшылдар сапында ұртын толтырып, ұпай жинап жүргенді, жалпы «күрішін күрмегінен» қалай айырамыз болса керек. Псевдоұлтшылдың пәранжасын кім шешеді? Мәселенің үлкені осы ма дегенде, бір ағамыз «Билікте болсаң, бір сәрі.. Оппозицияда болсаң да жарасы жеңіл. Ал, ұлтшыл болдым дегенше, билік те, оппозиция да сені керек қылмайды» деп, қышыған жерімізді қасығандай болып еді. Рас сөз. Қазақтың мүддесін айта бастасаң, алапес құшақтап алғандай бұлқына қашады билігі де, басқасы да... Сондықтан, сырттай болсын, ұлтшыл деп М.Шаханов, Б.Әбдіғалиев, А.Сарым, Е.Қарин, Д.Көшім, Х. Қожа-Ахмет, Ж. Қуанышәлин, Д.Нұрахметтерді атайтын болсақ (менімен келіспеуіңіз де мүмкін), олардың соңғы жылдардағы жұмыстары қос тараптың да қолайына жақпай келді. Жақпаса да, қазақтың көкейіндігісін жазбай танып, мінберден айта білді. Шүкір дейік, «мысалы...» деп шетін шығаратын мысалдардың көбейгені де әлгі азаматтардың арқасы. Әрине, қалың қазақтың қолдауымен... Айталық, жер, тіл, доктрина айналасындағы дау-дамайда биліктің ұлшылдармен пәтуаға келгені жеңіс болмаса да, жетістік. Осылай деп көңілді демдегенімізбен, орыстілді басылымдар ұлтшылдарды ортақ іске қатысушы емес, құр бақылаушы я сыншы рөлінде отыр, қоғамды біріктіру орнына, «космополит», «шалақазақ» деп жікке бөліп тастады деп жаратпай жазады. Шынымен, сол шамада қалғанымыз ба? Әлде, бұл күшейе түскен жаңғыруға деген қарсылық па? Қазбалай берсеңіз, сұрақ қопарыла береді. Десе де, бүгін «ұлшыл-патриот кім?» деген сауалға сарапшыларымызды сөйлетіп едік. Оқып көріңіз 

Айдос САРЫМ, А.Сәрсенбайұлы қорының төрағасы:

Өз басым «ұлтшыл-патриоттар» деген терминді ұнатпаймын. Бұл - нағыз тавтологияның өзі. Одан да қойыртпақтатпай, «қазақ ұлтшылы» деген терминді батылырақ қолданып, оны кеңестік заманнан қалған жасанды теңеулерден арылтқан абзал. Ал «қазақ ұлтшылы» деп өз басым мемлекет пен ұлтты өз мүддесінен жоғары қойып, сол үшін күнделікті үлкенді-кішілі жұмысын адал атқарып жүрген кез келген азаматты айтар едім. Кім болса да. Қазақ ұлтшылы айқай мен ұраннан гөрі нақты іске, жалпақ сөзден гөрі бір адым болса да алдыға ұмтылатын жаңашыл тұлға. Ұлт мұраты, ұлт намысы үшін өзінің жеке амбициясы мен жанын кернеген ашу-ызасын ысырып тастап, ортақ мүддеге қызмет ететін азамат дер едім.

Жанболат МАМАЙ,  «Ұлт патриоттары» қозғалысының жауапты хатшысы:

Бұл ұғымның қазақстандық қоғамда қолданылу тарихына үңілсек, 2000 - жылдардың бас кезінде пайда бола бастады. Ұлттық, патриоттық, тілдік мүддені қорғайтын тұлғаларға қатысты айтылатын ұғым екені белгілі. Меніңше, «ұлтшыл - патриоттар» ұғымын қолдану дұрыс емес сияқты. Себебі, тек қана ұлтшылдар ғана патриот емес, демократтар да, социалистер де, коммунистер де, жастар да, зейнеткерлер де патриот болуы керек емес пе? Сондықтан мұны тек қана ұлтшылдарға ғана тән ету - түбегейлі қате. Екінші жағынан, ұлт - патриоттарының қоғамдағы саяси салмағы мен белсенділігінің артуына байланысты бұл ұғымның да қадір - қасиеті артады деп сенемін. Бұрынғыдай тек кемсіту үшін қолданылмай, елдің ірі әрі мықты тобы ретінде қарастырылатын болады. Әрі қазіргі таңда демократтар мен «әбіләзовшыларға» (бұл да жаңа ұғымның бірі ретінде қалыптасар) қарағанда, елде нақты қолдауы бар қуатты күш екені айқын.

Ерлан ҚАРИН, «Нұр Отан» ХДП-ының хатшысы:

«Ұлтшыл-патриоттар» деген атаудың өзі дәл емес. Қазақтың мүддесі үшін шырылдап жүрген, осыған күшін сарқып, ойын жұмсап, сөзін шығындап жүрген ұлтшыл азаматтардың тірлігіне бұл тура анықтама бола алмайды. «Ұлтшыл-патриоттар» - алдымен орыстілді ақпарат құралдарында пайда болып, немесе ақпараттық кеңістікте жасанды жасалған термин. Жағымсыздау, кекесіндеу сипатта айтылады. Естеріңізде болса, бұндай атаулар 90-шы жылдары Ресейде, кеңірек қолданылған еді. «Конгресс русских соотечественников» секілді ұлтшыл ұйымдарды жалпылама көрсету мақсатында һәм оларды даурықпа, шу шығарғыш топтар ретінде беру үшін қолданды. Қазақстанда да дәл осындай мағынамен қолданысқа түсіп кетті... Негізінен, 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында пайда бола бастаған қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер ары барса, әлеуметтік-рухани мәселелерді шешуге бағытталды емес пе? Белгілі бір саяси мүддені қумады.

-          Міне, осы жағынан біздің Ресеймен айырмашылығымыз бар. Әзірге бұқараның кең қолдауына ие, жалпыреспубликалық масштабтағы, саналы түрде саяси міндеттерін орындауды көздейтін ұйым жоқ бізде. Ол керек еді... Сондықтан, ұлттық партияның рөлін қазір қазақ журналистикасы атқарып жүр. Неге? Жылдан-жылға, оқтын-оқтың қазаққа қатысты немесе қазақтың төңірегіндегі дін, діл, тіл, демография мәселелерін билікке де, оппозицияға ызыңдап болсын, жеткізіп жүр.

Амал жоқ, қоғамдық деңгейде ұйымдар болмаған соң, журналистерден бөлек бізде белгілі бір тұлғалардың төңірегіне ұйысқан топтар ғана бар.  Бірақ, олар саяси партия я қозғалыстың рөлін атқара алмай келеді. Себебі, тұлғалардың арасында жекелеген реніштері, қарама-қайшылықтары, амбициясы бар дегендей... Дегенмен де, ұлтшыл топтардың феномені негізінен жағымды ықпал етіп жатыр. Мұхтар Шахановтың жетекшілігімен «Тәуелсіздікті қорғау» қозғалысы доктрина, тіл төңірегінде жақсы нәтижелерге жетіп жүрді. Осындай топтар мәселенің өзектілігін көрсетуде мықты болғанымен, оның түбірін іздеу, оны жоюдың механизмін табуда ықпал ету тетіктері аздау. Жеке тұлғалық принципке құрылуы, мәселені жалпылама көрсету, шеру-акциялармен шектелу деген сияқты кемшіліктері болғанымен, ұлттық қозғалыс үшін берері көп. Бірақ, осы ұлттық ұйымдардың тек тұлғалар төңірегінде айналып қалмауы үшін, қазіргі жастардың арасынан оған интеллектуальдық тірек болуы керек.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3618