Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3840 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 07:57

“Оралман” сөзін олқы көрмейік

Мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асатын болса, ел экономикасын нығайтуға, мемлекеттік тіліміздің демографиялық ахуалының, тілдік ортаның жақсаруына септігін тигізетіні сөзсіз. Әрине, елге ел қосылып, етекке жең қосылып жатса, бәріміз үшін – құт-береке. Сондықтан жұртшылық «Нұрлы көшке» үлкен үміт артып отыр. Алайда көші-қонға байланысты бұл Бағдарламаның мән-жайын жұртшылыққа түсіндіріп, жеткізіп отыру аса қажет. Өйткені шетелде атамекеніне, тарихи Отанына қайтуды аңсап жүрген қандастарымыз Бағдарламамен байланысты әлеуметтік, құқықтық, азаматтық мәселелер жөнінде кеңінен білгісі келеді. Үкімет тарапынан белгіленген квота бойынша еліміздің шекарасын аттаған этникалық отандастарымыз он бес жылдан бері оралман деп аталып келеді. Оралмандар арасында «бізді басқа жақтан келген деп, оралман атандырып бөлектеп тастады», «бізге оралман деп ат қойды» деп жаңсақ ойлап, тұрмыстық деңгейдегі түсінікпен жүрген бауырларымыз да баршылық. Оралман сөзінің мән-мағынасын бұлайша теріс түсініп, қорытынды жасау дұрыс емес. Шынында, оралман атауын саяси-әлеуметтік мәні бар, құқықтық термин деп ұққанымыз жөн. Оралман сөзінің мазмұны жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қандастарымыздың өз Отанына оралғанда материалдық, моральдық қамқорлық көрсетілуге тиіс айрықша әлеуметтік топ өкілдері дегенді аңғартады.

Мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасы жүзеге асатын болса, ел экономикасын нығайтуға, мемлекеттік тіліміздің демографиялық ахуалының, тілдік ортаның жақсаруына септігін тигізетіні сөзсіз. Әрине, елге ел қосылып, етекке жең қосылып жатса, бәріміз үшін – құт-береке. Сондықтан жұртшылық «Нұрлы көшке» үлкен үміт артып отыр. Алайда көші-қонға байланысты бұл Бағдарламаның мән-жайын жұртшылыққа түсіндіріп, жеткізіп отыру аса қажет. Өйткені шетелде атамекеніне, тарихи Отанына қайтуды аңсап жүрген қандастарымыз Бағдарламамен байланысты әлеуметтік, құқықтық, азаматтық мәселелер жөнінде кеңінен білгісі келеді. Үкімет тарапынан белгіленген квота бойынша еліміздің шекарасын аттаған этникалық отандастарымыз он бес жылдан бері оралман деп аталып келеді. Оралмандар арасында «бізді басқа жақтан келген деп, оралман атандырып бөлектеп тастады», «бізге оралман деп ат қойды» деп жаңсақ ойлап, тұрмыстық деңгейдегі түсінікпен жүрген бауырларымыз да баршылық. Оралман сөзінің мән-мағынасын бұлайша теріс түсініп, қорытынды жасау дұрыс емес. Шынында, оралман атауын саяси-әлеуметтік мәні бар, құқықтық термин деп ұққанымыз жөн. Оралман сөзінің мазмұны жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қандастарымыздың өз Отанына оралғанда материалдық, моральдық қамқорлық көрсетілуге тиіс айрықша әлеуметтік топ өкілдері дегенді аңғартады. Сондықтан жұрттың құлағы үйреніп, тілге сіңісті болған оралман атауын “маған ұнамайды” деген желеумен өзгерту керек деген ұсыныс-пікірлерді қолдаудың қисыны жоқ.
Оралман сөзін жұртшылық негізінен репатриант терминінің қазақша баламасы деп түсінеді. Аталмыш сөздің мағынасын бұлай ұғыну, бір жағынан дұрыс та болар, бірақ оралман атауының мазмұнында ұлтымыздың тарихына қатысты саяси мән бар. Әдетте репатриант деп “соғыс тұтқындарын; кезінде саяси, діни т. б. әртүрлі себептермен бөтен елге кетуге мәжбүр болған, кейіннен өз Отанына қайта оралған эмигранттарды, сондай-ақ босқындарды» атайды. Ал қазақ тілінде оралман деп қазақ халқының тарихында «жаппай қуғын-сүргінге (репрессияға) ұшыраған этникалық тазалаудан (геноцидтен) қашып, саяси сауға сұрап, жат елге жаппай қоныс аударған қандастарымыздың, олардың үрім-бұтағының тәуелсіздіктің таны атқаннан кейін өз Отанына қайта оралғандарын айтады және азаматтық алғанға дейін ғана оралман деп аталады. Азаматтық алғаннан кейін олар заң жүзінде оралман делінбейді. Байыптай білсек, бұл атауда қазақ ұлтының бір кездердегі тарихи тағдырымен байланысты осындай саяси мән бар: 1920-30 жылдар аралығында Орталықтың нұсқауымен әдейі, қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан халықтың үштен бірі қаза болды. 65 мың адам репрессияға ұшырап, 25 мың адам атылды. Халықтың біраз бөлігі саяси сауға сұрап, жат елге еріксіз қоныс аударды, халқымыздың демографиялық ахуалы күйзеліске ұшырады. Ендігі жерде Отанына оралғандарды төлтума сөзімізбен терминдік мағына беріп ерекше атау қажет болды. Оралман атауы осындай мәнділіктермен байланысты қажеттіктен туған. Қайсыбір ұлттардың тарихында басқыншылық, саяси, діни қудалау т.б. себептермен байланысты бөтен елді, өзге жерді паналап, жаппай қоныс аудару уақиғасы елдің тарихи тағдыры деп танылып, өз тіліндегі атаумен арнайы аталады. Мысалы, бір кездерде Меккеден Мединеге қоныс аударушыларды арабтар діни, саяси әрі тарихи мән беріп, өз тілінде мұқажырлар деп атаған.
Оралман атауы – қазақ ұлтының тарихындағы қайталамасы жоқ жайтты, тарихи-саяси уақиғамен байланысты мәнділікті арнайы тілдік таңбамен беруді қажетсінудің көрінісі. Осыған мән бергендіктен, кезінде Мемтерминком мүшелері бұл ұғымды репатриант деп алмай, оралман деп атауды ұйғарды. Орыстілді БАҚ-тың да осы сөзді репатриант демей, ұлттық сипатпен орыс тілінде де оралман деп қолданып жүргені орынды.
Оралман атауының кейбір қарсыластары аталмыш сөздің тілдік (грамматикалық) негізінің дұрыстығына шүбә келтіріп, мұндай сөзжасамдық үлгі жоқ; бұл сөз “оралмаймын” деген мағынаны білдіреді” дегендей уәж айтады. Алайда ешкім заттық мағынадағы оралман мен қимылдық мағынадағы оралман (оралмаймын) сөздерін шатастырып жатқан жоқ, бұлардың кез келген жазба контекстегі мағыналары ап-айқын аңғарылып тұрады. Ал ауызша сөзде олардың айтылу сазының әрбасқа екені байқалады: заттық мағынада қалыпты екпінмен оралман түрінде, ал қимылдық мағынада ерекше екпінмен оралман делініп дыбысталады. Сондай-ақ ономастика мамандары арасында -ман деген қосымша әуелде “кісі” деген мағынаны білдірген деген де пікір бар (Қараман, Сарман т.б.).
Ал оралман атауының кейбір “оппоненттері” тарапынан ұсынылған этникалық отандас деген термин тиісті ұғымды дәл бермейді. Мәселен, шетелдерден елімізге көшпей отырған қандастарымыз да этникалық отандас болып табылады, яғни ұлтымыздың кез келген өкілі этникалық отандас деп аталады. Сондай-ақ этникалық отандас деген тіркес грамматикалық қатынаста тұрған екі сөзден құралғандықтан жинақы, ықшам көрінбейді.
Этникалық отандастардың тарихи Отанына қайтуға бел байлап, шекара аттағандары ғана ерекше әлеуметтік мәртебе алып, оралман атауына ие болады. Олай болса, бір кезде жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, этникалық тазалаудан (геноцидтен) бас сауғалап жат жерге қоныс аударуға мәжбүр болған, Отанына қайта оралған бауырластарымызды құқықтық мәртебеге ие, әлеуметтік топ ретінде тану үшін өзгелерден ерекшелеп атау қажет болды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы қолдау мен қамқорлықтың көрсетілуін негіздеу мақсатымен және оларға берілетін жеңілдіктер мен құқықтарының толықтай жүзеге асырылуы үшін олар оралман деген арнайы терминмен аталды. Ал этникалық отандас атауы бұл ақиқат ұғымға сәйкес келмейді. Бір кезде жаппай қуғын-сүргінге ұшыраған қандастарымыздың тәуелсіздік алған, егемен елдікке қол жеткізген Отанына қайта оралғандарына өзіндік ат беріп, сол арқылы осы әлеуметтік топқа тән ерекше құқықтарды негіздеудің мәні зор. Сондықтан оралман деген атау қалың халық арасына бірден сіңісіп, қолданыс тауып кетті. Бұл атауға тек жекелеген адамдар қарсы екен деп, тілдік ұжымның санасында қалыптасқан концептінің тілдік жүйедегі аталымын күшпен өзгерту теріс әрекет деп бағаланады.
Оралман сөзінің дұрыстығына күмән келтірушілер көтерген дауды тоқтатып, жоғарыда айтылғандармен байланысты бұл атаудың саяси-қоғамдық, құқықтық-әлеуметтік, тарихи-ұлттық, тілдік-терминологиялық мәнділіктерге ие екенін ескеріп, аталмыш сөздің өз мәнінде қолданылуына жол беруді дұрыс деп санаймыз.

 

 

Нұргелді Уәлиұлы, филология ғылымының докторы
«Ана тілі» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541