Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 5352 0 пікір 2 Қаңтар, 2017 сағат 15:14

Джордж Шеффилд. КӨҢІЛСІЗ ОҚИҒА

-Ә, дәрігер ме едіңіз, - деді Август Пуквистл, өзі ұйықтап жатқанда келген еңгезердей кісіге төсегінде жатып зорлана күліп, - текке әуре болғансыз, маған жәрдеміңіз тимейді. Әйтсе де, осы тұрғаныңызды пайдаланып мына халге қалай жеткенімді сізге қысқаша айтып берейін. Мен суретшімін. Сызбалар мен кескіндемелер салу менің кәсібім...

-Бірақ...

-Менің өмірім сізді еш қызықтырмайды демексіз ғой, - деді Август сыздана күліп, - селік етпес, тасбауырдың сіз де бірі ме едіңіз. Соқтауылдай азаматтың қайтып тұрмастай төсекте бүк түсіп қалғаны сіздің ойыңызға да кірмейтін болды ғой. Өлім ұйқысынан оят деп, сырттан жанашырлық танытпақ болған біреудің көрсетуімен келгенсіз де, ал бұл үшін мен сізге сырқатым жайлы айтып берсем керек. Әмсе, қандай өмір сүргенімді естіп алмай, сырқаттың неден жабысқанын қалай білмексіз...

-Бірақ...

-Мені алақандарына сап мәпелеп өсірді, обалы кәнекей, ұзамай, бір тесері бар бала екенім байқала басталды. Жеті жасқа шыққанымда белгісіз бір жануардың суретін салып жүлдеге ие болдым. Турасын айтсам, менің сондағы бейнелемек болғаным Лондон төбесінен батып бара жатқан күннің суреті болатын. Қуанғаннан естері шыққан ата-анам өмірі көрмеген қағаз-қарындаштың не алуанын алдыма үйіп салды! Тіпті, өсіп, ширай түссін деп ұлы шеберлердің алдына да жіберді. Жиырма бір жасымда адам бейнесін салатын суретші ретінде жеке кәсібімді бастадым, сондай-ақ, өз бейнемнің он бір дана суретін салдым. Сірә, оларды ешкімнің де алғысы келмеген болар, қазір жұмыс бөлмеме кірсеңіз, өзім қайтып отыруға жазбаған, тұл болған орындығыма мұңлы көздерімен қадала қарап, қабырғада әлі ілулі тұр. Өйткені бұл төсектен қайтып тұру маңдайыма жазылмаған...

-Бірақ...

-Суреттерін салдыруға келген кісі болса жоқ, өз суретімді салудан да әбден қажыдым. Құрып кеткір сол он бірінші суретті салып біткенімде, менің төзімім де сонымен бірге біткен болар деп ойларсыз. Алайда, ең кіршіксіз сұлулықтың өзі де бара-бара адамды мезі етіп жібермей ме...

-Бірақ...

-Сіздің де сөзіңізден соның салқынын сезіп тұрғанымды айтайын! Тек аяқтауға мұрша беріңіз, содан соң, «бірағыңызды» қалағаныңызша айта беріңіз. Адам суретін салуды қойып, табиғат көрінісін салуға көштім. Ауланың артқы терезеден қарағандағы тоғыз суреті мен алдыңғы терезеден қарғандағы жеті суретін салдым. Ал делік, сол артқы терезеден қарағандағы тоғыз сурет пен алдыңғы терезеден қарағандағы жеті суретті сата алдым ба екен? Жоқ, әрине. Қалтамның түбі болса көріне бастады. Өзімді зорға деп жүріп көндіріп, өлген-тірілгеніме қарамай ақшаға сурет салмақ болдым. Сондағым газеттерге әжуә суреттер салу еді. Бірақ, торығу мен аштық меңдеген шарасыз адам өз ісін тергеп-тексергендей қай бір халі болушы еді...

-Бірақ...

-Сіздің не айтпағыңызды білемін. Шынымен үлкен жүректі суретші болсам, мына қорлықты көргенше, жарық дүниеге қолды бір-ақ сіліксем керек еді. Бірақ, бір үзім нан үшін ұлардай шулаған әйелім мен балаларымды қайда қоймақсыз, ал шындап келгенде, сол әйел-балаларым расымен бар болса сөйтпей тұрар ма еді?! Әлде, әйелім мен шиеттей балаларымның болмағаны үшін кінәлімін бе? Қалайда, әжуә суреттен күніне отыз-қырығын салып газеттерге жөнелтіп отырдым. Ұзамай жатып, ақшаға жанды жалдаудың анау айтқандай оңай шаруа емес екенін ұқтым. Мейлің, сен, мейлің сен бе, түскен соқыр жармақ кірісім болмады. Суреттерім айналып келіп өзімді табатын болды.

-Бірақ...

-Олар неге қайтып келді деп сұрайтын боларсыз. Соны өзім де білмеймін. Тіпті мысығыма да көрсетіп, сынап көрдім. Бірнеше рет оның «күлгенде, мысық бүйірін таянып ап күлетіндей екен!» дегенін ет құлағыммен естідім. Соған көзімді жеткізе түспек боп, суреттерді қаз-қатар тізіп шықтым да, бір басынан мысықты алып жүрдім. Байқұс күлкіден сазарып қалды... соның шалығы болар, қайтып оңала алмады.

-Бірақ...

-Күйім күн санап кете бастады. Енді жарнама қызметі үшін сурет салуыма тура келді. Киім-кешектің, фортепьянаның, шишалар мен қылымси күлген ұзын бойлы әйелдердің суретін салдым. Оларды ондап, жүздеп жіберіп отырдым. Ал соған алғаным: бірлі-жарлы құмыра мен киіз қиындылары ғана.  Содан әрі тірлік күйбеңінен біржола тоқтап қалдым. Жүрегімді қасірет қапты да, қайтып тұрмастай болдым. Қолдан келер қайран жоқ, дәрігер, еш өнеріңіз жетіп мені құтқара алмайсыз. Осы төсекте сар тап болып қалу менің пешенеме жазылған...

-Ал, менің пешенеме сізді тұрғызу жазылған, - осылай деп, бейтаныс адам Август Пуквистлді көтеріп ап, еппен ғана кілемнің үстіне жатқызды. – Себебі, мен мұнда төсекті алып кету үшін келдім. Жиһаз дүкенінемін, төсектің ақшасы төленбеген.

          

Ағылшын тілінен аударған Нағыз Қапшықбайұлы

Abai.kz

0 пікір