Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Құлақтың әңгімесі 7111 0 пікір 9 Қаңтар, 2017 сағат 00:00

МЕШІТТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ЖЕЗӨКШЕЛЕР YЙІНЕ ПРОКУРОР «КРЫШЕВАТЬ» ЕТЕДІ

Атырау облысы Жылой ауданы Құлсары қаласындағы түйіні шешілмеген екінші үлкен даулы мәселе – Махамбет даңғылында, яғни орталық көше бойына, мешіт маңына орналасқан жезөкшелер үйі еді. Арты шулы бұл жаман үйдің жабылуы қиынның қиыны болып тұр. Тамыры мықты болмаса кез-келген арам шөпті жерден еріксіз суырып жұлып тастау ең оңай нәрсе емес пе? Ендеше, бұл жезөкшелер үйі қандай жойқын күшке ие?

Жаман үйдің аты – Айбек деп аталады. (Айбек – Жылой ауданы ІІ Бөлімінің құқық қорғау қызметкері). Екі қабатты кішігірім ғимарат! Астыңғы бірінші қабаты СТО, яғни көлік жөндеу шеберханасы, ал үстіңгі екінші қабаты – монша, сауна деп аталады.  Саунаның сайқал жинағандары мен моншаның аты шыққаны сонша, бар бәле осы екінші қабаттан өріс алып тұр ғой. Турасын айтсақ, ғимараттың дәл осы екінші қабаты – жезөкшелер үйі. Мықты сақтанған жезөкшелердің кеңсесі, яғни мекемесі десе де болады. «Тән базар» орталығы деуге де әбден негіз бар. Бұл жерге шоғырланған қыздар сонау оңтүстіктен Шымкент, Түркістан, Отырар, Тараз, т.с.с елді мекендерден арнайы келгендер. Бір жыл ішінде жаңарып, үш рет ауысты.

Бұл қыздар мұнайлы өлкенің ақшалы күнәһарларына тәнін сатып жанын бағып жүрген бейшаралар! Елден жырақ, қой дейтін қожасы жоқ, өздерінше азат қыздар тәртіп бойынша жаман үйдің қожайыны «сутенер-жеңгетайларына» бағынады. Олар қыздардың тәнінің тариф-бағамдарын қойып, тұтынушылар тауып беріп, үстінен пайыздарын көріп, оққағар-крыша болып, бәке-сәке, пара-марамен оны-мұнысын жауып беріп, барлық күнәлі харам істерін үйлестіріп отырады. Солайша, құда да құдағи да тыныш беймарал өмір кешіп жатқан жайлары бар.

Жезөкшелердің көбейіп, көптеген филиалдары ашылып,  еркінсіп бой көтере бастағаны сол, қолдарына қалам алып, «Бізді, яғни жезөкшелікті заңдастырыңдар, біздер үкіметке салық төлеп тұрамыз!» деп, бұтқа толып парламентке хат та жолдады. Халық ортасы, ел болғаннан соң, қандай да бір күнәлі істердің отауы, яғни белгілі бір ғимараты болмау керек! Біз ондайларға тай-тұяғымызбен бірауыздан түбегейлі қарсымыз! Себебі, біз әлімсақтан иманды қазақпыз, мұсылманбыз, біздің өз баба заңы, дада заңы, ата дәстүр мен салт-санамыз бар! Яғни, қандай да болмасын «күнә үйлер» біздің менталитетіміз бен ұстанымымызға 100 пайыз қарсы! Жезөкшелікке ҚР Конституция заңдарында да рұқсат жоқ! Бірақ, оларға қарсы қандай да бір шара мен жаза да жоқ. Сол осал тұсын өте жақсы меңгерген жеңгетайлары қол астындағы түнгі көбелектерге өздерін қорғайтын шамалы заңдарды да үйретіп қойған. Міне, қызық! Шемішке шаққанға әкімшіліқ жаза қолданып не 15 күнге  қамаққа алады, яғни заң бар деген сөз. Ал зина жасаған еркекке тіптен жаза жоқ, тәнін сатқан жезөкшеге қолданатын жазаның ең ауыры – есепке ғана тіркеп қояды.

2016-жылдың жаз айында мен осы мәселеде үлкен қарсылық әрекеттерін ұйымдастырдым. Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев мырзамен бетпе-бет отырып осы мәселені алдына қойғанмын. Жылой ауданы әкіміне жезөкшелер үйін түбегейлі жаптыру туралы шағым түсірдім. Жылой әкімі бұл шағымды Жылой ауданы ІІ Бөліміне жолдады. Нәтиже айтарлықтай болмады. Себебі, қарға қарғаның көзін шұқымады. Қалайша? Қарғаларға жезөкшелердің қандай қатысы бар? А, а, жезөкшелерді қарғалар қорғап отырады екен ғой. Қорғағаны үшін қарғаларға жезөкшелер есебінен мол қаржы құйылып тұрады екен. Айына 500-700 000 теңге ақша кім-кімнің де ішін тесе ме?

Тарқатып айтсақ, жезөкшелердің қорғаушысы ІІ Бөлімінде жұмыс жасайтын Айбек пе? Ғимаратын жалдайды, қорған болып және ақша алады ма? Әрине, жезөкшелер де біледі, қай жерге қоныстану керек екенін. Шағымым бойынша мені ІІ Бөлімі басшысы Иса Бекқалиев шақырды. Қасында Жеңіс деген орынбасары болды. Сосын, иә:

-         Сен мені дұрыс білмейсің ғой - деді. Маған оны біліп не керек, оның анатомиясы жалпы кімге керек? Кім ол сонша? Рет бойынша бүгін бар да ертең жоқ пешкі! Айтпағы, ойындағысы «Құлсарының бандит, рэкеттерінің өзі маған төлеп отырады, сен кімсің сонша, сен қайдан шықтың дегені болар. Мен «на словах вор законның сөзін сөйлеп, ешкілерді еметін лақ емеспін!»

-         Сен, жезөкшелер ІІ Бөліміне ай сайын ақша төлеп отырады депсің ғой. Қайсы, қане? Дәлелің бар ма? Кім ұсталды, кімді ұстадың? Егер ІІ Бөлімі қызметкерлері соларды қорғап ақша алып отырса маған көрсет, көрсете алмасаң мен сені «топить» етемін - деп, қысым көрсеткісі келіп, аяқ астынан періште бола қалды.

-         Мені еш уақытта топить ете алмайсың, мені қорқытпа - дедім.

-         Құлсарыда жезөкшелер үйі атымен жоқ, тап-таза, нанбасаң барып қара, не айтып жүрсің сен?  Кешке рейдке шығып жезөкшелердің үйінің жоқ екенін дәлелдеп Тұрарға көрсетші деп орынбасары Жеңіске тапсырма берді. 

-         Жарайды!

Кешке тоғыз шамасында ІІ Бөлімі орынбасары мемлекеттік «нива» автокөлігімен маған жезөкшелер үйі жоқ екенін сендіріп, көзіме айқын көрсетпек болды. Түгел ел білетін жаман үйді бұлар не үшін безектеп тұрып қорғайды? Бұл ертегіге кім сенеді? Бұлар жезөкшелер үйімен одан бетер тығыз қарым-қатынаста екенін, бұлармен қатты сыбайлас екенін одан бетер білдіріп қойды. Себебі, сол күні «жаман үй» жеңгетайларына: «Бүгін ешкімге жұмыс жасамайсыңдар, сандень, отбой, проверка, рейд, ситуация» дегені сияқты хабарлар жеткізіп қойған.

Мен қасыма бір намазхан бауырымды алып кешкі алтылар шамасында мөлтекауданға келдім. Кез-келген такси жүргізушілеріне жолықсаң болды, соткалары толған жезөкшелердің нөмірлері. Себебі, түн болса болды, еркектердің сұрайтыны, талабы, баратын жерлері, осы жезөкшелер! Яғни, «тән сауда» күні-түні дамыл қақпай қызмет етеді. Экономикаларын шыр айналдырып алған. Ең жеңілі бұларды құрықтайды деген заң орындарының өзі осы тәннен тиын жасап отырған жоқ па?

Басынан бағы тайған сорымыз бес елі ел болдық қой! Қара уылдырық, бекіреміз Ресей асты, қара алтын мұнайымыз Қытай, АҚШ, Ресей асты, құсымыз арабқа, қызымыз шетелге байға кетті, қыздарымыз кім көрінгеннің қойнында қалды. Айта берсе, жырлай берсе Асан-Қайғының зары көп. Ал біздің беті қалың, бойында ұлттық иммунитеті жоқ, кенеуі кеткен арсыз, намыссыз қоғам қызметкерлерінің тәннен басқа ақша жасайтын зауыттары қалмады. Қасымдағы бауырым екеуміз бір такси жүргізушісіне келіп: «Қыздар бар ма?» - деп, сұрақты төтесінен қойдық. Таксист не айтарын білмей сасып, мелшиіп қатып қалды. Себебі, қасымдағы бауырым екеумізде де сақалымыз бар еді, сипатымыз мұсылманшылық ұстанатынымызды айшықтап тұр еді. Біз: «Еш әзілі жоқ, бізге қыздар керек, пайдалануға емес, шаруаның реті солай болып тұр» - деп, шындығын айттық. Ең бірінші кездескен таксистің өзі телефонын шығарып, бізге 3-4 жезөкшенің телефон нөмірлерін берді. Ішіндегі біреуінің нөмірі біздер аңдыған «Айбек» жезөкшелер үйінің нақ сутенер-жеңгетайынікі болып шықты. Былай шыққасын қасымдағы бауырым диктофонын қосып қойып Ольга деген «жеңгетайға» орыс тілінде қоңырау шалды. Ольга: бір сағатқа алты мың жарым теңге, пәтер өзімізден, барлық жағдайда қызмет атқарамыз, неше еркек болса да келе беріңдер, қыздар дайын, жетеді» - деді. Сөз таспаға жазылды. Кешке ІІ Бөлімі орынбасарымен уәде етілген рейдке шықтым. Мөлтекауданға келдік. Бір мезетте ІІ Бөлімі орынбасарына таспаға жазылған жазбаны тыңдатып: «ал бұған не айтасың?» - дедім. Не айтсын, біртүрлі болып қалды. Ұялы телефонын сан ақтарып жезөкшелікке қарсы қарастырылған қандай да бір заңның жоқ екенін айтып қынжылғандай болды.

-         Біз өзіміз бірнәрсе қылармыз, маған сен, мен жақында Атырауға «Рыбоохран» саласына ауысқалы жатырмын. Осы жезөкшелікпен құс мәселесі менің назарымда болады - деп, мені сендіргендей болды.  Рейдтің қортындысы солай аяқталған.

Бұл хабар Иса Бекқалиевқа жеткен болуы керек, ІІ Бөлімі басшысы Иса өз орындығын ойлады ма, сол күні «жезөкшелерді құрықтаңдар!» деп бұйрық берген. Бұл әңгімені маған (есімін жасыруды қатты өтінген) полиция қызметкері айтқан болатын. Уәде – уәде, ант – ант! Сол күні екі полицей қызметкерлері қарапайым киіммен жезөкшелер үйіне келген. Жезөкшелер «сақтық хабарламалары» бойынша полицейлерге полицей екендерін білмесе де есік ашпаған. Бұлардың сырларын жатық білетін полицейлер «жеңгетайға» етене жақын бір адамға қоңырау шалған. Ол адам жеңгетайға «есікті күмәнсіз аша бер» деген. Ашып қалғанда екі полицей жегетайды қолынан қайырып ұстап іштен суырып алып шыққан. 5-6 қыз арғы жақ бөлмеге қашып үлгеріп есіктерін іштерінен құлыптап алған. Сауатты жеңгетай: «Бұл жерге баса көктеп кіруге қандай хақыларың бар, разрешение, ордер, санкция, маған дым бітіре алмайсыңдар, үш сағаттан артық ұстауға хақыларың жоқ, ертең көрерсіңдер, әліде өкінерсіңдер?» - дегені секілді автоматикаға салып қойған қорқытпа сөздерімен себе жөнелген. Ертесіне «разборкаға» Атырау қаласынан «Айбек» жезөкшелер үйінің иесі Айбектің Баубек деген прокурор ағасы келген. Келе екі оперге қоқан-лоқы көрсеткен. Екі опер бар болғаны басшысы берген бұйрықты орындағанын айтқан. Прокурор Баубек Иса Бекқалиевке барған. Сол кезде Иса: «Мен ондай бұйрық берген жоқпын, менің тіптен қатысым да жоқ, олар өздері болар барып жүрген» - деп лезде бұйрықты тапжылмастан орындаған қоластындағы өз қызметкерлерін сатып жіберген. Бұлар өте арсыз екен ғой. Екі полицей қайтсын енді, «бірнәрсе жасағың келеді-ау, бізді жоғарғы жақ, шенді бәлелер құртып тұр ғой» - деп, ойларын жасыра алмай бар шындықты жайып салды. Сонда, Құлсары жезөкшелер үйі Атыраудағы прокурорлардың қарамағында екен, бұлар соларға ай сайын қомақты қаржы құйып отырады екен. Айбек те, Баубек те жап-жас балалар. Шешелері намаз оқиды. Ал олардың бұл қылықтарына жол болсын!

Көңіл көншітетін ешнәрсе болмағандықтан біз басқа да жолдарын қарастыра бастадық. Дәлел ретінде «жеңгетайдың» сөздері мен жезөкшелердің кішігірім бейнероликтері де бар. Осы мәселеде ақ үйде рет бойынша кездесулер де өтті. Тамыры мықты «жезөкшелер үйі» бір жабылып, бір ашылып әлі де ойнақтап тұр. Енді ҚР Жоғарғы соты мен ҚР Бас прокурорына наразылық білдіруші 500 дей адамның атынан шағым жолданады. Егер олар тосқауыл қоя алмаса арты үлкен дүрбелеңге алып келеді. Мен әлі Құлсарыдағы қызтекелерді қоспай отырмын, ол екінші дүниежүзілік соғыстан да бетер!

Тұрар Шапқара

Abai.kz

0 пікір