Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
6819 0 пікір 16 Қаңтар, 2017 сағат 15:27

ШЫН СӨЗГЕ ТОҚТАДЫҚ-АУ, ДЕЙМІН

Қытайдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Оразхан Рахманбекұлы Ахмет ана жолы ұлттық порталдардың біріне берген сұхбатында қазіргі және бұрынғы жазушыларымызға өз бағасын бере келе Рақымжан Отарбаев ағамыздың мәлімдемелеріне де өзінің қарсы уәжін білдірген еді. Әрине, Оразхан ағаның әр сөзі дәлелді де дәйекті болғандықтан нысанаға дөп тиіп жатқанын бұл жерде қайталап жатудың өзі артық шығар.

Әсіресе, Орекеңнің  «Егер орнатқан таразымыз шын таразы болса, сөз жоқ, ұлттық мүдде жолында басын бәйгеге тіккен хан Кене орыс отаршылдарының қанды шоқпары Құнанбайды басып түсері мұндағы сөз. Шын мәнінде, Құнанбай – бір Абай емес, мың Абайдың әкесі болса да, қазақ халқы алдында қылмыскер» - деп ерекше атап көрсеткені ешкім күтпеген жаңалық болды.

Құнанбай туралы бұрын бірлі-жарым кітап жазылып, (Б.Сапаралы «Құнанбай қажы») өткен жылы арнайы фильм көрсетіліп, қоғам ол кісіден айтулы әрі бірегей тұлға жасап жатқан кезде мұндай пікір аспаннан жасын түскендей көрінген болар еді. Сол себептен де біраз жұрт ер тоқымын бауырына алып, жатып кеп тулайтын шығар деп өз басым күткенмін. Бірақ, әлі күнге дейін тым-тырыс. Тіпті, қыңқ еткен тірі жанды көрмедім. Мұны орыстар айтпақшы, «молчание - знак согласия» деп түсінуге болатын шығар.

Ағамыздың айтып отырған келелі сөздері, жазушы ретіндегі өзіндік қисынды пайымы көңілге қонымды болса, онымен келіспей қайда барасың. Шын сөзге тоқтай білудің өзі ақылдылықтың белгісі болса керек. Мен Оразхан ағаны танымаймын. Бұрын-соңды шығармаларымен де таныс-біліс емеспін. Бірақ, оқырман ретінде айтайын, осы сұхбатының өзі-ақ ол кісінің ұлы жазушы екенін айғақтап тұр. «Теңіздің дәмі тамшысынан-ақ білінеді» дейді ғой, адамның ішкі әлемінің қаншалықты терең тұңғиық екенін бір ауыз сөзінен де аңғаруға болатын сияқты.

Мен студент кезімнен және бүгінге дейін орыс жазушыларының журналистерге берген сұхбаттарын мүмкіндік болса, жібермей оқуға тырысамын. Оразхан ағамның сұхбатын оқығаннан кейін мен ол кісіні орыстың Валентин Распутин қатарлы шоқтығы биік қаламгерлердің  деңгейіндегі үлкен жазушы деп таныдым. Ойы мен пайымы сол деңгейлес деп өзімше бағалап отырған жайым бар. Бұл менің жеке пікірім, біреу келісер, біреу келіспес.

Мұнымен не айтқым келді? Біз біртұтас қазақ әдебеиетінің ажырамас бір бөлшегі шетелдегі қазақ әдебиетін, соның ішінде, қытайдағы қазақ жазушыларын әлі білмейміз. Бүгінгі күні жалғыз Қажығұмар Шабданұлының бір ғана «Қылмыс» атты алты томдығын малданып қана отырған жайымыз бар. Шындығын айтқанда, кейде білсек те «әй, осыларда не бар ғой дейсің» дегендей сыңай танытып, менсінбей мұрын шүйіре қарайтын жаман әдетіміз тағы бар. Мықты екендігін аңғара қалсақ тағы да іштарлық танытқандай үнсіз қала беретін иттігімізді де жасырып қайтеміз.

Сондай-ақ, қытайдағы қазақ әдебиетінің інжу-маржандарымен толықтай танысуымызға елеулі бір кедергі – олардың шығармаларының төте жазумен таралғандығы болса керек. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы «Шетелдегі қазақ әдебиеті» сериясымен азын-аулақ кітаптар шығарып жатқанымен, ол мүлде жеткіліксіз. Айта берсек, мұндай маңызды шаруамен бірер қоғамдық бірлестіктің ғана айналысып, мәдениет министрлігі мен жазушылар одағы көз жұмып отыруы елдігімізге сын, сүйекке таңба.

Бұл жерде мен сөз етіп отырған жазушы  Оразхан Рахманбекұлы Ахмет 1955-58 жылдары Шынжаң институтының тіл-әдебиет факультетін бітірген соң «ұлтшыл» деген айып тағылып, Қытайдағы әйгілі жазалаушы орын саналатын Тарымға айдалған көрінеді. Кейін туған жеріне оралып, жергілікті билік өкілдерінің ұдайы бақылауы астында болған.

1980 жылы ғана толық ақталып, шығармашылықпен емін-еркін айналыса бастағанын ескерсек, осал жан болмағанын аңғарамыз. Маоның тұсында халық ішіндегі ең озық ойлы тұлғалар көбірек қысым көргенін ескерсек, жазушының деңгей-дәрежесін бажайлай беруге болатын шығар.

Кейін ұзақ жылдар бойы «Іле айдыны» журналында бас редактор, Іле қазақ облысы жазушылар қоғамының төрағасы қызметін атқарған. Алғашқы әңгімесі «Кішкене суретші» 1956 жылы «Шұғыла» журналында жарық көрген. Одан кейінгі шығармалары 1979 жылдан бастап қана жарияланды. «Өзгерген өңір», «Құмдағы іздер», «Көк белес» романдары, «Аманат» трилогиясы, «Көктемгі ойлар», «Сөнбейтін шырақ», «Ең соңғы көз жас», «Жасыл бақша», «Тұлпардың соңғы тұяғы» секілді әңгіме-хикаяттары жарық көріп, көптеген шығармалары қытай, моңғол, корей, ұйғыр, қырғыз тілдеріне аударылған екен. Сонымен қатар ішінара жапон, ағылшын, араб тілдеріне тәржімаланған туындылары да баршылық дейді.

Ағамыздың Қытайдағы түрлі ұлт диаспорасы жазушыларына берілетін мемлекеттік сыйлықты (қазіргі «Тұлпар» сыйлығы) үш мәрте – 1981, 1986, 2012 жылы иеленген бірден бір жазушы ретінде танылуының өзі неге тұрады.

Орекең журналист Әлімжан Әшімұлына берген тағы бір сұхбатында: «Біз Қазақстандағы қазақтар айта алмаған, жаза алмаған кейбір жайттарды айттық. Өйткені бұл кісілер шығыс әдебиетінің дәстүрін тастап қойып, Еуропаға кетіп қалған. Не бір шығармаларды ханзу тіліне аудардық. Оларға бұл шығармалар Еуропаның аузынан түсіп қалғандай әсер қалдырды. Өйткені ханзулар Еуропоның шығармаларын әлдеқашан оқып қойған.

Сондықтан шығыс әдебиеті мен ұлттық әдебиетіміздің тамырынан нәр алуымыз керек. Сол дәстүрді қалпына келтіріп, ұлттық әдебиетімізді байытуымыз қажет. Қазіргі шығармаларды оқып отырсаңыз қазақтың харектрі, қазақ образы жоқ десе де болады. Кейбір шығармаларды өзіміз де қабылдай алмай қалдық. Кешке дейін боямалап көрсететін Еуропаның сері жігіті мен сылқым бикештері секілді кез келген жерде бас салып сүйісе кететін қазақты бұрын көрдің бе?

Мәселен, М.Әуезов «Абай» романында көрінген қызды көрінген жерде бас салдырып сүйдірген жоқ қой. Абай мен Тоғжан екеуі бір түн отырып әңгімелескен кезде де Абайға Тоғжанды сүйдірмек тұрмақ, қолын ұстатқызған жоқ қой. Сондықтан прозамыз болсын, поэзиямыз болсын ұлттық дәстүрге, шығыс әдебиетіне бет бұрып, тамырына қан жүгіртуіміз керек. Шыңжаң қазақ әдебиетінде әлі қазақы мінез, ұлттық бояу, ұлттық характер бар.

Жақсы болсақ та өзіміз, жаман болсақ та өзіміз әдебиет айдынында шықсақ деп еңбектеніп жатырмыз. Сондықтан да қазақтың арманы не, ойы не, тілегі не деген секілді нәрселерді ойлап көру керек. Кеңес әдебиеті кезіндегі көп жазышуларда «қазақ» деген сөз жоқ, ұлттық мәселе жоқ, социалистік адам бар. Осы әдебиетті әліге дейін үлгі қылып отыр. Мен қай шығармамды жазсам да ұттық мүддені жаздым» - дейді.

Олай болса, дәл қазіргідей ұлттық мүдде сынға түсіп, күрделі проблемаға айналған тұста біз ең алдымен төл әдебиетіміздің төрт құбыласын түгендеуге күш салуымыз керек. Ол үшін ең алдымен ежелгі Шығыс Түркістан жерінде ғұмыр кешіп жатқан, Алтайдың арғы жағындағы қандастарымыздың әдеби туындыларын криллицаға көшіріп, ата жұртта кеңінен насихатталуын қолға алғанымыз абзал.

Бұл мәселені жай сөз жүзінде қолдап қана қоймай мемлекеттік мәдениет қорынан арнайы қаржы бөлініп, арнайы жұмыс топтарын ұйымдастырып қолға алғаны жөн болмақ.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір