Жұма, 29 Наурыз 2024
6003 0 пікір 17 Қаңтар, 2017 сағат 14:22

ҚАСЫМОВ ХҚКО-ДАҒЫ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАҒА НЕГЕ КӨҢІЛ АЙТПАЙДЫ?

Жақында қабылданған жаңа заң жұртты әбігерге түсіргені белгілі. Тіпті ХҚКО-да кезекте тұрған екі азамат соның кесірінен қайтыс болды. Ел ішін дүрліктірген заңға қатысты Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов кеше ғана пікір білдірді. Білдіргенде де, депутат мырза бар айтарын «өлетін адам төсегінде жатып та өледі ғой» дегенге сайдырды. Артынша асылық айтқаны үшін кешірім сұрап, «айтпағым басқа еді» деп ақталды.


Әу бастан халық наразылығын тудырған заң жобасының кесірінен екі қазақстандық қаза болды. Қапыда емес, кезекте тұрып. Азаматтар – қолапайлау заңның талаптарын орындау барысында қаза тапты. Ал құзырлы органдағылар «ләм-мим» демеді. Тек ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қана марқұмның туыстарына көңіл айтты. Ал Заң жобасының инициаторы Қалмұханбет Қасымов үнсіз. «Есік ашпасаңдар, басқа жолын табамыз» деген генерал Қасымов тапсырманы орындауда олқылық жібергенін мойындай ма? Әй, қайдам. "Есік ашпасаңдар, басқа жолын табамыз" деп дікеңдейтін Қасымов мырза Қазақстан Республикасының заңына құрмет көрсетіп, "міндеттелген тіркеуге тұрамын" деп жүріп қайтыс болған екі азаматтың отбасына тым құрыса "көңіл айтса" болмас па? "Есігімді министр күштеп ашатын болды" деп енді қанша қазақтың жүрегіне ауыр жүк артылады? Әрине, мемлекеттің заңына бағынған адам ХҚКО-ға барып көз жұмып жатса, оған тікелей Қасымовты кінәлауға болмас. Бірақ, министрдің жанама кінәсі бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. 

Қазір қазақ тіркелетін жер емес, басына қалқан боларлық пана таппай жүр. Әркімнің есігін бір сығалап, қаңғырып жүрген халыққа өзіне тиесілі он сотық жерін бермей жатып, министрлердің әкіреңдейтіндей жөні жоқ. 

Қазір қоғам осыны толық түсініп қалды. Сондықтан да, аталған заң жобасын кері қайтару мәселесі де әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Осыған қатысты Сенат пен Мәжілістің депутаттары «Abai.kz» порталына пікір білдірді. Ұсыныстарын айтты.

Жабал Ерғали. Сенат депутаты:

- Мынау қоғамды алаңдатып отырған қайта тіркеу мәселесі қазір өте актуалды талқыланып жатыр. Шындығында біз өзі жаңа дүниелерге үрке қарайтын көзқарастан әлі арыла алмай келе жатырмыз. Қайта тіркеудің мәселесі бұл біріншіден мемлекеттің мүддесі үшін керек болса, екіншіден еліміздің ішінде жүріп жатқан ішкі миграцияны бақылап, реттеуге жол ашады. Ал мұны халық дұрыс түсінуі қажет. Ал енді кейбір халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтардың қайтыс болып жатқаны, әрине, өкінішті жағдай. Олардың отбасына, ағайын-туысына көңіл айтамыз. Жаңағы ХҚКО-да осыншама халықтың жиналып қалуына жол бермеу мәселесін жергілікті басшылар мен ХҚКО қызметкерлері алдын-ала қарастыруы керек еді. Жағдайлар жасалуы керек еді ғой.

Енді мәселенің екінші жағы - соңғы кезде елімізге заңсыз жолмен келіп, тіркеуден өтпестен жұмыс істеп жүрген шетелдік еңбек мигранттарына бақылауды дұрыс жүргізе алмай келе жатырмыз. Бұны бұқаралық ақпарат құралдары да жазды. Жаңа қабылданған заң осы бір олқылықты жоюға бағытталғанын ескергеніміз абзал. Бұл тағы мемлекеттің қауіпсіздігі үшін де, оның азаматтарының қауіпсіздігі үшін де маңызды. Түрлі жат пиғылды адамдардың келіп заңсыз әрекеттер жүргізуіне тосқауыл қоятын заң болып табылады. Бұл заңды кері қайтарып алу мәселесін де халық айтып жатыр. Заң қабылданған соң, оны орындау міндет.  Біз өңірлерде болған кезде осы мәселе жөнінде халықтан түрлі ұсыныстар түсті.  Соған сәйкес, бұл заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарастыруға болады. Әрине қажет болса.

Біз халықтың пікірін қолдап, заңға өзгерту енгізуге әзірміз.  Тағы бір мәселе жергілікті жерлерде бұл заңды түсіндіру жұмыстарының жүргізілмегендігі. Сондықтан әуелі түсіндіру мәселесін қолға алу керек.

Ерлан Барлыбаев. Мәжіліс депутаты:

- Қайта тіркеу мәселесі қазір қоғамда резонанс тудырып отырғаны белгілі. Осыған орай Парламенттің Ақ жол партиясы аталған заң жобасына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар әзірледі. Біз әуелі нақты ұсыныстарды өз фракциямызда талқыладық.  Бұл заң жобасы экстремизм мен терроризмге қарсы қабылданған болатын. Уақытша тіркеу туралы заң жобасы жұмыс тобы кезінде де, Мәжілісте де қызу талқыдан өтті.  Дегенмен, ҚР ІІМ өз аргументтерін келтірген еді.  Мысалы, Еуропада азаматтар тұрғылықты жерін ауыстырғанда міндетті түрде тіркеуге отырады екен. Және бұл заң – Түркия, Франция, Бельгия, Германия секілді, тіпті Алматы мен Ақтөбеде орын алған шетін оқиғалардың қайталанбауына сеп болатынын алға тартқан-тын. Сондықтан Мәжіліс бұл заң жобасын мақұлдады.

Десе де біз заң қабылдар алдында құзырлы органдардан алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізуді талап еттік. Қайта тіркеуге қатысты талқы кезінде фракция жетекшісі Азат Перуашев бірнеше мәрте осы мәселелерді көтерген. Оның үстіне терроризм мен экстремизмге қарсы күресті күшейту – әлемдік тенденция болып табылады. Ал бұл заңды жүзеге асыру атқарушы билікке, ІІМ, Ақпарат және коммуникация министрлігіне тапсырылған. Көргендеріңіздей, олар бұл тапсырманы орындай алмады. Сондықтан біз аталған жобаға өзгертулер енгізуді ұсындық.

Біріншіден, онлайн тіркеуді іске қосу. «Е-gov» веб-порталы арқылы жүзеге асыру – ХҚКО-да кезек санын азайтады.

Екіншіден, уақытша тіркеуге қажетті құжаттар көлемін қысқарту.

Үшіншіден, мобильді топтар құру. Әуежайлар, бекеттер мен автобекеттер маңына мобильді тіркеу топтарын ашу тиімді.

Төртіншіден, заңның мақсаты – айыппұл салу емес, халықты тіркеу. Сондықтан миграциялық полиция қызметкерлері халықты қудалаудың орнына оларға тұрақты тіркеуге өтуге жәрдемдесу болуы керек.

Бесіншіден, тұрақты тіркеуден өту мерзімін бірнеше кезеңге бөліп, 3-4 ай көлемінде жүзеге асыру. Ал бұл кезеңде айыппұл салынбауы керек.

Алтыншы, Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі, ІІМ және жауапты органдар тіркеу жұмысын дұрыс жүргізбегені үшін жауапты болуы керек.

Міне, осындай талаптарды біз ақылдаса келе қабылдадық. Енді бұл талаптарды Азат Перуашев мырза Үкімет басшысына жолдады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553