Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 4613 0 пікір 23 Қаңтар, 2017 сағат 10:54

ИЛЬЯ – БӘРІБІР ЧЕМПИОН...

2016 жыл да тарих қойнауына кетті. Еліміз үшін өткен жылдың жетістіктері аз болған жоқ. Сонымен бірге, көңілге кірбің түсірер өкінішті жағдайлар да орын алды. Соның бірі – допинг дауы. Оның нәтижесімен Илья Ильин бастаған чемпиондарымызды Олимпиада жеңімпазы деген атақтары мен медальдарынан айырды. Әйтсе де осы бір шаралар көптің көкейінде күдік қалдырды.

Миллиондаған отандастарымыз бұған сенбеді және олар үшін Илья бәрібір чемпион болып қала береді. Десе де әлеуметтік желіде Ильяны айыптап, оның атына ауыр-ауыр сөздер айтқан бірлі-жарым адамдар кездесіп қалып жатты. Оларға қарсы жүздеген адам жаны шырқырап, Ильяны жақтаған ойларын жеткізуге тырысты. Ондай пікір-талас аймағында толыққанды пікір айта алмайсын, ойыңды қысқа ғана жеткізуге мәжбүрсің. Сол себепті де  мақала жолдап отырған жайым бар. Ендеше, әріден бастайын.

Давид Ригерт. Ресейдің даңқты ауыр атлеті. Монреаль (1971 ж) олимпиадасының чемпионы. Мұнан бөлек 6 рет әлем, 9 рет Еуропа, 5 рет КСРО чемпионы болған. Ол осы жарыстарда 64 рет КСРО, 63 рет әлем рекордын жаңартты. Атақты зілтемірші 2005 жылы Катар астанасы Доха қаласында ауыр атлетикадан өткен әлем біріншілігіне Ресей құрамасын бас жаттықтырушы ретінде бастап барды. Спорттық өмірінде талай мықтыларды көрген Давид Ригерттей жанды таңқалдыру қиын. Әйтсе де, Дохадағы жарыста жасындай жарқылдаған 17 жастағы Илья Ильинді көргенде таңданысын жасыра алмады. Оның аузынан «Самородок! Настоящий боец! Настоящий талант! Супер!» деген сөздер еріксіз шығып кеткен еді. Иә, таланттылар таланттыны, мықтылар мықтыны, ұлылар ұлыны бірден таниды және мойындайды. Давид Ригерт сол жерде Ильяның нағыз саф алтын талант, рухы мықты қайтпас жауынгер, бір дәуірде өмірге бір рет келетін өте дарынды спортшы екенін жазбай таныды.

Талас жоқ, Илья өте дарынды спортшы. Оның зілтемірді көтеруге беттегендегі өзін-өзі ұстауы қандай десеңізші! Мықты деген талай зілтеміршілер штанганы ұстар кезде немесе ұстағаннан кейін ернін жыбырлатып, көзін жұмып дегендей ішкі толғанысын басу үшін түрлі әрекеттер жасап жатады. Ал Ильяда оның бірі де жоқ, еш қобалжымастан сенімді түрде келеді де бірден көтеріп кетеді. Оның Пекин Олимпиадасындағы шынтағын ауыртып алған сәті ше. Барлығымыздың да «енді бәрі бітті-ау!» деп өкініштен өзегіміз өртене жаздады. Сонда Илья «ештеңе етпейді, бәрі дұрыс болады» деп жаттықтырушыларын да, миллиондаған жанкүйерлерін де сабырға шақырды және көп ұзамай жеңіс сыйлады. Оның сондай-ақ 2011 жылғы Париждегі, 2012 жылғы Лондондағы, 2014 жылғы Алматыдағы, 2015 жылғы Грозныйдағы жеңістері қандай! Ал енді осындай ұлы спортшыны допинг қабылдап, жеңіске жетті дегеніне өз басым еш сенбеймін. Әлгі сынама құрамынан табылды деген препараттарын Ильиннен кейінгі орын алған зілтеміршілерге келілеп жегізсең де, оған шомылдырып қойсаң да біздің жігітімізден асып кете алмайтыны анық. Өйткені, Илья тума талант, Қазақстанның спорт тарихындағы өте ерекше құбылыс. Ол барлық жеңістеріне өзінің мықтылығының, еңбекқорлығының, дарындылығының ғана арқасында жетті.

Ал өткен жылғы допинг дауының күмәнді тұстары жетерлік болды. Оның тасасында бір жымысқы саясат жатқандай. Ильин және өзге де спортшылар сондай бір саясаттың құрбаны болған секілді. Бірақ, оған қарсы келер қайран жоқ. Анықтағыш болса сол 2008 немесе 2012 жылы жарыстан кейін бір апта ішінде анықтап, тас-талқанын шығарып, бәрін орын-орнына қояр еді ғой. Әлемдік аренада талай топ жарған зілтеміршілеріміздің бәрінің бастары бір мезгілде дауға ілігуі білікті мамандар мен бапкерлердің, спорт жұлдыздарының күдігі мен күмәнін тудырғаны шындық. Ол заңды да, себебі байрақты бәсекеде топ жарған спортшы үнемі қатаң бақылауда болады. Олардан күндіз-түні толассыз жұмыс істейтін зерттеу лабораториясы сынама алып отырады.  Жарыс өтетін жерге ұшып келгенде, жарыс басталар алдында және жарысты аяқтағаннан кейін. Себебі, олар спортшы сынамасын зерттеп, оны тексеруден өткізбей тұрып, жарыс жүлдегеріне медаль бергізбейді. Осыншама тексерулерден өткенде құлан таза болып шыққан сынамалар күтпеген жерден қалайша күмәнді болып шыға келді? Оның үстіне Олимпиада ойындарының қарсаңында. Баршаға күдік туғызған осы жайт. Сондықтан халықаралық ауыр атлетика федерациясының айыбы көпе-көрнеу жала болуы мүмкін. Осыған дейін сан мәрте тыңғылықты тексерулер өткеніне қарамастан, допингтің арада бірнеше жыл өткенде анықталуын түсіндіргендердің пікірінің өзі күдік тудырады. Кім біледі, кейін талай жылдар өткен соң сол қайталама сынақ дұрыс болмады деп шығуы да мүмкін-ау.

Допинг туралы алғаш әңгіме көтерілгенде соңғы сәтке дейін жағдай дұрысталар деп үміттендік. Допинг сараптамасы туралы ақпарат жалған болып шықты деген хабарларды оқығанда тіпті дәмеленіп қалған едік. Өкінішке орай, олай болмады.

 Илья 2005 жылы 17 жасында әлем чемпионы болып келген күні үйіне барып, сұхбат алған едім. Таңертең мақала облыстық «Сыр бойы» газетіне шықты.  Мақаланы келесі күні сол күйінде республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз «Халық» газеті басып шығарды. Келесі жылы тағы да  әлем чемпионы болғанда «Илья қайда болса, жеңіс сонда» деген тақырыппен мақала жариялап, облыс оқырмандарына сүйінші хабар жеткіздім. 2008 жылы Пекин Олимпиадасынан жеңіспен оралғанда Қызылорда әуежайынан қарсы алған журналистер тобында болдым. 2012 жылы Лондон Олимпиадасынан кейін де әуежайдан әріптестеріммен бірге қарсы алдым. Енді сондай сәт  Рио олимпиадасынан кейін болады деп жүрген едім. Әттең, олай болмай шықты.

Бірақ қандай жағдайда да Илья – миллиондардың жүрегін жаулаған чемпион болып қала берері сөзсіз. Иә, расында да ол чемпион. Олимпиада ойындарының жеңімпазы деген атағын алып қойғанымен оның төрт мәрте әлем чемионы болған атағын ешкім тартып алған емес. Ол екі дүркін Азия Ойындарының чемпионы, 2005, 2006, 2014, 2015 жылдардағы әлемнің ең үздік ауыр атлеті, әлемнің ересектер арасындағы 4 дүркін рекордшысы, қазіргі күнгі қолданыстағы 85 келіге, 94 келіге, 105 келіге дейінгі салмақ дәрежелеріндегі Әлем чемпионы болған әлемдегі жалғыз спортшы. Осындай спорттық жетістіктерге қол жеткізіп жүрген кезеңдерде өткен Олимпиада ойындарында одан озып басқа біреу шығады деу логикаға еш сыймайды.

И.Ильиннің жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде рекордтар орнатып, жеңімпаз болғанын, республика чемпионаттарын ұтқанын да ұмытпауымыз қажет. Сонау жасөспірім шағында сол жетістіктеріне де допингтің күшімен жетті деп санайма екен? Тағы да қайталап айтайық, Илья туа бітті дарын, қайталанбас тұлға. Кезінде Давид Ригерт жоғары бағасын бекерден-бекер айтқан жоқ.

И.Ильин Ауыр атлетикадан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. ҚР-ның «Құрмет», «Барыс», «Отан» ордендері иегері. 2012 жылғы республикалық «Жылдың халық сүйіктісі» қоғамдық сыйлығының иегері. Қызылорда облысының құрметті азаматы. Ильяның есімі Алматы қаласында өткізілетін 2017 жылғы XXXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиаданың Қызылорда өңірлік алау эстафетасына қатысушылардың тізімінің басында тұр. Оны Сыр бойылық жерлестері мен барша қазақстандықтар мақтан тұтып, құрметтейді. Тек бірлі-жарым адамдар болмаса. Алайда, сондай жандардың бірер-ауыз теріс пікірлерінің өзі батырымыздың көңіліне қаяу түсіретіні белгілі.

Сондықтан да күмәнді ойындардың құрбаны болған батырымыздың көңілі пәс түспеуі  жағына мән берейік. Оны әрқашан да құрметтеп, қолдау көрсетіп жүрелік. Ильяның Токио Олимпиадасына қатысып, топ жаруына тілектес болайық, ағайын!

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ, Қызылорда қаласы

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616