Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3480 0 пікір 24 Қаңтар, 2017 сағат 16:25

Астанада қысқы Универсиада-2017 алауының эстафетасы өтеді


2017 жылғы 25 қаңтарда Астанада 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 алауының эстафетасы өтеді.

Алау эстафетасы Астана уақытымен сағат 11:00-де Назарбаев Университетінен басталып, қала әкімдігінің маңындағы алаңда аяқталады.

Оны белсенді студенттер мен астаналық спортшылар, барлығы 60 адам алып өтеді деп жоспарланған. Соның ішінде есімдері елге аян Василий Левит, Мадияр Ибрайымбеков, Мөлдір Мекенбаева сияқты спортшылар бар.

Эстафета алып жүру  2 кезеңнен тұрады. Ол Қабанбай батыр даңғылы, Достық к-сі, Қонаев к-сі, Бараев к-сі, Республика даңғылы, Кенесары к-сі сынды қаланың орталық көшелерімен өтеді. Алау эстафетасының жалпы ұзындығы - 12 шақырымды құрайды.

Бірінші кезең аяқталысымен «Бәйтерек» монументінің алдында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған концерттік бағдарлама қойылады.

Екінші кезеңде алау республикалық штаб өкілдеріне табысталып, 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік Универсиаданың ашылу салтанатына қатысу үшін Астана-Алматы әуе рейсімен оңтүстік астанаға жөнелтіледі.

Abai.kz

0 пікір