Жұма, 19 Сәуір 2024
Алаң 4157 0 пікір 24 Қаңтар, 2017 сағат 19:18

АСТАНА. ТАРАПТАР ҚАРАР ҚАБЫЛДАДЫ

(Жалпы отырыстан көрініс)

Астанада екі күн қатарынан өткен Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі келіссөздердің қорытындысы жарияланды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбріхманов мырза Түркия, Ресей және Иранның делегацияларының бірлескен келісімін оқып берді.

Астана алаңында Сирияның қазіргі билеушісі Башар Асад жақтастары мен оппозиция өкілдері және қарулы оппозиция делегациясы бір келісімге келе алмады. Ал келіссөздердің бастамашысы болған Түркия, Иран және Ресей делегациясы қорытынды қарар қабылдады. Қабыданған қарар БАҚ өкілдеріне таныстырылды. Оған Асад жақтастары да, олардың негізгі оппоненттері де қатыспады. Біз жабық есіктің арғы бетіндегі тараптардың тартысы қызу болғанын кейін білдік.

Түркия, Ресей және Иран делегациясының бірлескен қарары:

«Түркия, Ресей және Иранның бастамасымен Астанада өткен келіссөздер қорытындысы бойынша біз Сирия жеріндегі қарулы қақтығыстардың тоқтаттылуын қалаймыз. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің атынан Стеффан де Мистури мырзаның қатысуы да жиынның жұмысына өз салмағын қосты. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің 2254 қарарын негізге ала отырып, біз ДАИШ ұйымымен соғысты әрі қарай жалғастыратын боламыз. Және бұл жолда біз бірлесіп күрес жүргізетін боламыз. Сондай-ақ, Сирия оппозициясын ДАИШ пен терроистік топтардан бөлек деп қарастыруға келісім жасалды.  Біз Сириядағы бейбіт халықтың қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін және ондағы азаматтарға гуманитарлық көмектің жеткізілуін қолдаймыз. 2016 жылғы Түркия, Ресей және Иран арасындағы үш жақты кездесулердің қорытындысы негізінде Астана келіссөздерінің Сирия халқына гуманитарлық көмек жеткізуге жол ашатынына сенімдіміз. Біз БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің 2254-ші резолюциясын негізге ала отырып, Сирияның территориялық тұтастығын қолдаймыз. Астанадағы келіссөздерге қатысқан қарулы оппозиция өкілдерінің Женевадағы кедесулерге де қатысуын қолдаймыз. Сондай-ақ, Астана келіссөздері Женева кездесуінің алғашқы қадамы болды. Халықаралық қауымдастықты Сирия жағдайына бей-жай қарамауға шақырамыз»,-делінген бірлескен қарарда (Қарар ықшамдалып берілді).

Екі күндік талқы кезінде тараптар арасында жанжал да болды, оппозиция өкілдері мен Асад жақтастары арасында көптеген келіспеушіліктер де орын алды. Жабық есіктің арғы бетінде не мәселелер талқыланды, тараптар қандай уәж келтірді, ол туралы ресми ақпарат таратылмағанымен, біз делегация өкілдерін «дәретханадан» ұстап алып, сұрап білдік.

(В. Путин әскери техникаларды тексеріп жүр)

РЕСЕЙ ЕКІЖҮЗДІ САЯСАТ ҰСТАНЫП ОТЫР

Сөйтіп, қарар бойынша ДАИШ-пен соғыс жалғасатын болды. Ендігі жерде Түркия, Ресей және Иран тарабы лаңкестік топпен бірлесіп күрес жүргізбек. Бұл жолда Сирия оппозициясын терроршы деп танитын Ресей тарабы қарулы оппозицияны ДАИШ жақтастары  деп есепемейтінін мәлімдеді. Сонда бұрын қалай болған?

Осы тұста ескере кетер жәйт, өткен жылы Мәскеудегі үш жақты кездесуде Астана процессіне бастама көтеріп, Сириядағы соғысты тоқтатуды қолдайтынын ашық айтқан РФ Президенті Владимир Путин еді.

Астана процессі басталардан бірнеше күн бұрын Ресейдің «Россия 1» арнасындағы Владимир Соловьевтың «Поединок» бағдарламасында шығыстанушы, РФ армиясының полковнигі Семен Багдасаров пен оның жақтастары «Әзірге соғыс жүріп жатқанда, сіз бен біздің жұмысымыз бар деген сөз. Американдық «палачтардан» қай жеріміз кем?» деді (

).

Күллі дүниежүзі Батыс санкциясының астында қалған РФ экономикасы әскери техника саудасымен ғана өзек жалғап отырғанынан хабардар. Біз бұны Путиннің саяси риторикасы деп түсіндік. Сириядағы соғысқа демеу болып, Асад әскеріне көмек көрсетіп отырған да дәл осы Ресей екені тағы рас.

Ал тағы бір ресейлік саясаткер Евгений Сатановский Сирия мәселесін Женевада талқылау тиімсіз. Себебі, онда Башар Асад жүйесіне қарсылық әм саяси талаптар қозғалады. Еуропа басшылары Башар Асадты авторитар билеуші деп таниды. Ал Астанада әуелгі кезекте қанды қақтығыстарды толық немесе уақытша тоқтату және Сирия халқына гуманитарлық көмек жеткізу мәселелері қозғалады деп болжам жасаған болатын.

Сириялық «Джейш әль-Ислам» оппозициялық ұйымының жетекшісі Мұхаммед Аллуш Астанадағы келіссөздер оң нәтиже бермесе, Дамаск үшін соғысты жалғастыратынын айтты.

(Оппозиция жетекшісі Мұхаммед Аллуш)

"КЕРЕК БОЛСА СОҒЫСАМЫЗ"

-Біз, Сириядағы қанды қырғынды, соғысты тоқтату мақсатында келіп отырмыз. Сирия халқын, оның бейбіт тұрғындарын террордан әм басқыншылықтан қорғау үшін барлығына дайынбыз. Шынында билікті қантөгіс арқылы басып алып, сол тақта өмірінің соңына дейін отыруды көздеген жандар бар. Оған жол жоқ. Біз бүгін Астанаға Сириядағы тұтқындалған әйелдер мен балаларды босату үшін келдік. Біз Сирияның оппозициялық тобы кез келген тәуекелге сақадай саймыз. Дегенмен, қазіргі президент Башар Асадтың авторитарлық режімін қолдамаймыз. Біз конституциялы мемлекет боламыз. Астана Сириядағы соғысты тоқтатуды көздейді. Соғыстың тоқтағанын біз де қалаймыз. Алайда, біздің оппоненттеріміз талаптарымызды ескермесе, Астана келіссөздері оң нәтиже бермейді. Бұндай жағдайда, біз соғысамыз.

(Оппозиция  өкілі Усама Абу Зейд)

ЕКІ КҮНДЕ НЕ ШЕШІЛЕДІ ДЕЙСІЗ?..

- Біз көпірме көп сөзден гөрі, нақты іске көшуіміз керек.  Расында соғыс кімге керек дейсіз... Біздің қолымызда соғысты тоқтатуға арналған өзіміздің жеке жоспар жобамыз бар.Түркия мен Ресей талаптары өздеріне ғана тиімді. Біз бұған келіспейміз. Сирияны азат ету үшін тәуекелге дайынбыз! Сирия халқының тағдыры 2 күнмен шешіле салмайды. Қарастыратын мәселелер көп. Ресми құжат дайын емес, - дейді Сирияның қарулы күштік құрылымының өкілі, оппозиция мүшесі Усама Абу Зейд.

(Ортада отырған Джафар әл-Башари)

АСТАНАҒА КЕЛГЕНДЕРДІҢ ІШІНДЕ «ТЕРРОРИСТЕР» ДЕ БОЛДЫ

-Біз екі күн бойы күн-түн демей оң нәтижеге қол жеткізуге тырыстық. Соғысты тоқтату, дағдарысты саяси жүйе негізінде шешуге келіссөздер жасалды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі атап өткендей, келіссөздерге қатысушы барлық тарап үш жақты механизмді қолдады. Астананың мақсаты – жағдайды реттеу, бейбіт жолмен реттеу, соғысты тоқтату. Біз Астанаға базарда сауда жасау үшін келмедік. Нақты шешімдер қабылданды. Әрине, мұнда шетелдік мүддеге жұмыс жасап отырған, тіпті террористік оқиғаларға қатысқан өз елеміздің адамдарымен бір үстелде, бір бөлмеде отыру біз үшін ауыр тиді. Олар Иранның Астанадағы келіссөздерге қатысуына наразылық танытты. Біздің делегацияның Астанаға келуіне қарсы болған – Түркия еді, - деді Сирия өкіметі мүшесі Джфар әл-Башари.

(Стаффан де Мистури)

Айта кетейік, Астанадағы жиынға Хлықаралық бақылаушы болып БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің Срия мәселелері жөніндегі өкілі Стеффан де Мистури арнайы қатысты. Де Мистури мырза келіссөздер болар алдында қатысушы тараптармен жеке-жеке кездескен болатын. Тіпті, Президент Н.Назарбаевтың қабылдауында болып, Астана процессін оң нәтижемен аяқтауға барын салатынын айтқан еді.

НЕГЕ АСТАНА?

Сириядағы ахуалды реттеуге бағытталған негізгі алаң – Женева еді. Алайда, Сирия мәселесін бетпе-бет талқылауға Женева тиімсіз орта болып табылды. Себебі, Женева Еуропа жері. ЕО  елдері Сирияның қазіргі билеушісі Башар Асадты авторитарлық режимді ұстанушы деп таниды. Женевадағы кездесуде  негізінен – Башар Асад билігін қолдау я қолдамау алдыңғы шепте талқыланатындықтан, Ресей үшін Астана ең тиімді алаң ретінде танылды. Оның үстіне Түркия Қазақстанға туыс мемлекет. Ал Ресей солтүстікте жатыр. Қазақстан Каспий арқылы Иранмен де шекараласатындықтан, үш жақ келіссөздерді өткізу туралы ұсынысты Қазақстан Презиентіне айтқан. Саяси аренада бітімгерлік миссиясымен танылып жүрген Нұрсұлтан Назарбаев бұған жоқ демеген.

(Талқы қызу жүріп жатқанда)

Осылайша Астана кезекті рет Халықаралық делегацины қабылдады.  Бұл процессті 300-ден астам шетелдік БАҚ таратты. Айта кетейік, бұл оқиғаны тікелей эфирде таратқан БАҚ өкілдерінің басым көпшілігі орыс тілін еркін меңгерген екен. (Ресейлік БАҚ өкілдерінің, орыс тілді журналистердің көптігін көріп және олардың ресейлік БАҚ өкілдерімен қойын-қолтық жұмыс істегеніне қарап, біз олардың бірсыпырасын проресейлік позицияны қолдаушылар ма деген ойға келдік.) Десек те, CNN Al Jaseera секілді бірсыпыра БАҚ та болды. Тіпті, араб жорналшылары арасында қақтығыс та болды.

(Журналистер корпусы)

ОППОЗИЦИЯ АСТАНА ҚАРАРЫНА ҚОЛ ҚОЙМАДЫ

Бұл екі арада Қазақстанның Сириядағы жағдайды реттеуге 700 мың доллар және 500 тонна азық-түлік және гуманитарлық көмек бөлгені белгілі болды. Бұның сыртында Астана келіссөздерін өткізуге жұмсалған қаруар қаржы тағы бар. 300-ден астам шетелдік БАҚ өкілдерін және шетелдік делегацияны күтіп алуға қанша қаржы жұмсалғаны әзірге белгісіз...

Дегенмен Астанаға аттай қалап алдыртқан Сирия қарулы оппозициясы Астана қарарына қол қоймады. «Біз қол қоймадық. Кепілдік жасап отырған үш тарап қарар қабылдады», - деді делегация мүшесі Яхия әл-Ариди.

Сөйтіп, алашапқын болған кездесу оң нәтижесін бермеді. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мырза Астана диалогын ашу барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми мәлімдемесін оқып берген болатын. Онда жоғарыдағы фактілер көрсетілген.

Сөз соңында айта кетелік, Қазақстан президенті Н. Назарбаевтың кандидатурасы бүкіләлемдік Нобель сыйлығына бірнеше мәрте ұсынылғаны белгілі. Астана келіссөздері төңірегінде сөз қозғаған  ресейлік саяси шолушы Аркадий Дубнов (http://obozrevatel.com/blogs/71280-nazarbaev-poshel-na-sblizhenie-s-zapadom.htm) дәл осы  бітімгерлік миссиясы үшін Қазақстан президентін тағы бір мәрте Нобель сыйлығына ұсынылуы мүмкін, деп жазады.

Расында, Қазақстан ОА елдері ішінде бірінші болып БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелікке өтті. Назарбаевтың Ресей-Түркия арасын татуластырғаны тағы бар. Мұның сыртында Украина дағдарысын реттеуге бағытталған саяси жобалары бір төбе. Несі бар, Елбасымызды Нобель сыйлығына ұсынып жатса, алып қалар. Өткен жылғылармен салыстырғанда бұл жолы мүмкіндік те мол секілді көрінеді...

Астанадан Нұргелді Әбдіғаниұлы 

Abai.kz

0 пікір