Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Үміт пен күдік 6682 0 пікір 25 Қаңтар, 2017 сағат 10:07

ЖАНҰЗАҚ ӘКІМ. МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ДЕРТІ - РУШЫЛДЫҚ

Мұнар күннің мұрасы,

Тілін білсең сұрашы.

Қыр басында балбал тас,

Сан ғасырдың куәсі.

Тұғыры бар мәңгілік,

Жадында оның – жаңғырық.

Жел кептірер көз жасын,

Шөлін жаңбыр қандырып.

Жанардан жас төгілсе,

Сенер ме едің, егілсе?

Осы тастың жүрегі,

Бар секілді меніңше.

Сырын ұғып бөктердің,

Шежірені төккен кім?

...Балбал тастан естідім,

Қобыз үнін өткеннің...

           Алма Түсіпбекова

Қазақ өркениеті аясында жазылып отырған бұл мақалда, 40 томдық (1200 баспа табақ)  «Қазақ этникалық тарихының» негізіндегі б.д.д. ІІІ мыңж бастап бүгінге дейінгі қазақ халқының тарихы мен Қазақ мемлекеттілігінің эволюциясы сараланып, «Мәңгі Ел» идеясын дамыту мәселелері талқыланады. Сонымен қатар, қазақ ру-тайпаларының Халықтардың Ұлы көші (б.д. IV-V ғғ.), Ұлы түрік қағанаты, Алтын Орда және басқа әлемдік тарихты өзгерткен процесстердегі және тәуелсіз Қазақстанды құрудағы қазақ халқының басты рөлі қаралады.

Бұл мақаладағы негізгі материалдар 2015 жылы Халықаралық Адам институт (Институт) және «Алаш» тарихи-зерттеу Орталығының (Орталық) ұйымдастыруымен ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде (Париж) өткен «Қазақ хандығының 550-жылдығына» арналған халықаралық ғылыми конференцияда баяндалды.

«Алаш» тарихи-зерттеу Орталығы (Орталық) ғалымдарының, Институттың қатысуымен академиялық үлгіде дайындаған «Қазақ этникалық тарихы» көптомдығының шығуы қазақ тарихы мен жалпы түркі халықтары тарихын дамытудағы елеулі құбылыс болды. Оны жазудағы мақсат қазақ тарихы мен мемлекет құру ерекшеліктерін саралап, сонымен бірге жалпы түркі халықтарының адамзат өркениетіндегі үлесін айқындау болып табылады.

*Түркі (Түркі-стан, Түркі-мен) - көне түркілер және барлық түркі халықтары. Түрік – түркілердің Оғыз тайпасынан тараған Осман түріктері немесе түрік мемлекеті. Түрк қағанаты - Күлтегін мен Тоныкөктердің аңғар тастарындағы жазу (ол кезде «і» әрпі болмаған)

**Цивилизация немесе Өркениет, кейде мәдениеттің кеңейтілген мағынасында қолданылады

 ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде (Париж) өткен «Қазақ хандығының 550-жылдығына» арналған халықаралық ғылыми конференция

 «Қазақ этникалық тарихы»  зерттеулері полиэтникалық Қазақстан қоғамының бірігуі мен тұрақтылығын қамтамасыз ете алатын, сондай-ақ оның жаһандану жағдайындағы саяси және рухани-мәдени тұтастығын қамтамасыз етуге негіз болып табылады.

Жоба бойынша қазақтың ежелгі және әуелгі ортағасырлардағы тарихын, соның ішінде этноним құрылымдарын, ежелгі түркі дәуіріндегі орналасуын, мемлекеттер құру тарихы мен оның даму кезеңін, халықтардың Ұлы көші мен моңғол шапқыншылығы дәуіріндегі орналасуы мен саяси, мәдени өмірдегі орнын анықтауға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ Алтын Орда мемлекетінің ыдырау процесі тұсындағы этносаяси мәселелерді талдау, қазақ халқы қалыптасуының соңғы кезеңі туралы тұжырымдар жасау бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу Қазақ хандығының этникалық құрамын зерделеп, саяси, әлеуметтік-шаруашылық және мәдени негіздерін көрсетеді.

Қазақтың этникалық тарихыоның ұлт болып қалыптасу және мемлекеттілігінің тарихы болып табылады. Сондықтан, халқымыздың тарихын түгендеу арқылы ұлтымыздың рухын көтеріп, жас ұрпақтың бойындағы отаншылдық сезімін ояту, – ол Тәуелсіз елдің маңызды міндеті.

Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері қазақ халқының этногенезі, қалыптасу кезеңдері, сондай-ақ ХV ғасырдан кейінгі тарихының көптеген мәселелерін қайта қарауға негіз береді.

Әлемде алғаш рет Ұлы түрк қағанатында (б.д. VI-VIIIғғ.) Күлтегін мен Тоныкөктің кезінде пайда болған «Мәңгі Ел» идеясын Н. Назарбаев Қазақстанның болашақтағы негізгі мақсаты болады деп жариялады. Бұл идеяны іске асыру мақсатында «Алаш» Орталығы мен Халықаралық Адам институтының Алматы мен Түркістан қалалары мен университеттерде өткізген «Қазақ халқының тарихының Мәңгілік Ел идеясын дамытудағы рөлі» атты ғылыми конференциялары мен дөңгелек үстелдері және Орталық директоры Қ.М. Ғабжәлеловтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде 2014 жыл 8-10 желтоқсанда ұйымдастырған «Мәңгілік Ел – Қазақстан» тұсаукесерлері, жоғарыдағы идеяның идеологиясын айқындаудағы елеулі қадам болуда.

Қазақтың (түркінің) тілі, өнері, ұлтты құрайтын ру-тайпаларының (этникалық) тарихы мен тастан салған ескерткіштері (негізінен балбал тастар) яғни мемлекет құрайтын негізгі атрибуттары мәңгі болғандықтан, Ұлы түрк қағанатының - «Мәңгі Ел» атануы заманында әлем тарихыңдағы прогрессивті идея және заңды құбылыс болды:

А). Қазақтың (түркінің) тілі агглютивті тілдер тобына жатады. Бұл тілдегі сөздердің түбірі мәңгі өзгермей сақталады да, ол жалғаулардың өзгеруі арқылы дамиды. Мысалы, профессор Давыдов, «Бретон деген сөзден бастап Англиядағы 327 жер, су, елді мекендердің аттарының түбірі түркінікі» екенін айтады. Ацтек, Майя, Инк өркениеттерін жасаған Америка үндістерінің «бақа», «балта», «баһан» (осман түріктерінде «хан») т.б. 400-ден астам сөздің айтылуы мен мағынасы түркі тілімен бірдей болғандықтан, ғалымдар олардың көне түркінің ұрпағы екенін, ал Тур Хейердал Тынық мұхиттағы Пасхи, Полинезия аралдарының негізгі тұрғындары инктер екенін дәлелдеді. Түркінің құрамындағы чуваштар көне сибур («сібір» осы тайпаның атымен аталады) тайпасының, ал «сибурлар Үнді мұхитының түбінде жатқан лимурлар өркениетінің ұрпағы» екенін ғалымдар алға тартады. Түркі халықтарындағы (чуваш, қазақ...) «албасты» амазонкаларда да болғаны дәлелденді. Танаис (қазіргі Дон) өзені амазонкалардың патшайымының осы өзенге батып кеткен баласының атымен аталады. Ғалымдар, кіші жүздегі Тана тайпасы осы амазонкалардың ұрпағы деп дәлелдейді яғни амазонкалар мен көне түркілердің тілі бір болғаны.  Осындай дәлелдердің өздері қазақ (түркі) тілінің жойылмайтын, мәңгі тіл екенінің дәлелі;

ә). Тасқа қашап жазылған түркінің руникасы Байкал-Орхон- Енесай-Алтай-Памир-Ұлытау-Орал-Қап тауларынан Альпіге дейін мен мұндалап тұрса, балбал тастар батыстан-шығысқа Еуропа мен Норвегиядан бастап Оңтүстік Кореяның Тынық мұхиттағы Чеджу аралына дейін, оңтүстіктен-солтүстікке Кашмирдан-Сібірге дейін таралуы, - ол түркі халықтары тарихының мәңгі екенін көрсетеді;

б). Б.д. III-Vғғ. Ұлы көштің кезінде Еуропаға дейін жеткен түркінің эпостары Скандинавия халқтарындағы Небелунгма туралы аңыз, англо-сакс, герман тайпалары эпостарының негізін салғанын Фон Габаин, Ә. Марғұлан т.б. ғалымдар дәлелдеді.

Скрипка, виоленчели т.б. барлық шертпе аспаптардың атасы қобызды (википедия энц.) VII-VIIIғғ. Қорқыттың кезінде пайда болды деген, толық зерттелмей айтылған жаңсақ пікір қалыптасқан. Түркі тайпалары билеген Құшан патшалығының (б.д.д. 134-б.д. 395жж.) өнерін зерттеген ғалымдар мен өнер адамдары сол кезде қобыздың бірнеше түрінің болғанын біледі. Қобыз да көне бабаларымыздың мұңын-мұңдап, зарын-зарлау үшін көне түркімен бір туған болу керек;

В). Қазақтың ру-тайпаларының тарихы көне дәуірден басталатыны белгілі. Мысалы, керей (керейт) тайпасының тарихын ғалымдар шумерлердің кезінен бастаса, мақалада келтірген тана, ғұн, кердері, адайлардың да тарихы мыңжылдықтарға кетеді. 1991 жылы осы жолдардың авторы сұхбат алуға барғанда Л.Н.Гумилев, «тарихта халықтар жойылып кетуі мүмкін, бірақ алғашқы қауымдық құрылыс кезінен осы уақытқа дейін жеткен ру-тайпалар жоғалмайды» деген еді. Қазақ халқының тарихы мен ұлт болып қалыптасуы және дербес мемлекет құруда, оның құрамындағы мәңгі жасап келе жатқан ру-тайпалардың тарихи тәжірибесінің рөлі зор. Сондықтан, ол «Қазақтың этникалық тарихының» негізгі арқауына айналды.

Бұл мәселенің екінші жағы бар. Ол қазақ халқы ХХІ ғасырда арыла алмай келе жатқан біртұтас халықты ру-жүзге бөлу мәселесі. Бұл, Африка құрлығындағы ондаған жылдарға созылған соғыстың себептері болған     трайболизмдей болмағанымен, елдегі бірлік пен ұлт тұтастығына нұсқан келтіріп, қазақтың алға басқан қадамын кері кетіретін ұлттық дертке айналуда. Жеке руға арналған зират (бұл қазақ «о» дүниеде де бөлінеді ме?), мешіттер, ауыл, ешқандай тарихи құндылығы жоқ жеке рудың шежірелерінен бастап, Астанаға дейін жететін ру мен жүз негізіндегі басшылыққа тағайындау мен сол негіздегі коррупция қазақ пен тәуелсіз Қазақстанның ғасырлық дерті, ұлттық идеологиясы мен ішкі саясаты қалыптаспаған мемлекеттің көріне айналуда.

Бұл ретте бүгінгі Қазақстанның уақыт оздырмай шешетін комплексті мәселелері мыналар:

-         Діни экстремизмнің қоғамда тарауына тосқауыл қойып, дін мәселесін заңдастыру;

-         Қоғамның барлық саласына тараған рушылдық пен жүзшілдікпен күресті діни экстремизмге теңестіріп, онымен күресті заңдастыру қажет;

-         Сыбайлас жемқорлықпен күресті мемлекеттің басымды бағытына айналдыру;

-         Мемлекеттік институттың негізі қазақ тіліне басымдық беру арқылы тілдерді дамыту бағдарламасын қабылдап, Конституцияға тиісті өзгерістер енгізу.

Қазақ тарихы туралы М. Тынышпайұлы, «... ұрпақтың ұясы ұлт болғаннан кейін, ұлттың тарихы ұлтқа керек». Плиний айтқандай, «шебер жазылмады деген тарихтың өзі сүйкімді, ал ел тарихы одан да қымбат». Әлем тарихы ұлы естеліктерімен ақылды қозғаса, отан тарихы жүректі тербейді. Бүгінгі заманда қазақ халқы өзін, тілін сақтап, тәуелсіз мемлекетін дамыту үшін ұлттың, елдің тарихын білуі абзал.

Көптомдықтың бірінші ерекшелігі, тарихты жазғанда ғылымда қолданып жүрген академиялық стильмен қатар шежіре тарихи әдіс ретінде кеңінен енгізілді. Оның себебі, К.Маркстың тарихи формациялар туралы ілімі, А.Тойнбидің көшпенділер өркениеті туралы атүсті жасалған тұжырымы, еуроцентристік және Кеңестік ілімдердің біржақты көзқарастары көптеген жағдайда біздің тарихымызды жазуда таяздық танытып, тығырыққа тіреуде.

Шежіренің тарихты зерттеудегі рөліне келесі мысалдарды келтірейік. Исмаилдың екінші ұлы Кидар (Быт. 25:13) б.д.д. VIII по IV ғасырларда өркендеген исмаилит (измаильтян) тайпасының негізін салды. Бұл тайпа ассирий және вавилон жазбаларында Кадар деген атпен белгілі. Кидариттердің жеке аттары семит тілінің оңтүстік тармағымен байланысты (http://fb2.booksgid.com/content/01/-dzhon-x-uolton-viktor-x-metyuz-mark-u-chavales-bibleyskiykulturnoistoricheskiy-kommentariy-v-dvuh-chastyah-chast-1-vethiy-zavet/ Джон X. Уолтон, Виктор X. Мэтьюз, Марк У. Чавалес. Библейский культурно–исторический комментарий. В двух частях. Часть 1 ВЕТХИЙ ЗАВЕТ (439 бет).

Исмаилдың ұлы Кидараның ұрпақтары кидариттер ұзақ уақыт Меккеде тұрды. Одан ұлдары Аднан және Маада тарайды. Араб-аднаниттер тегін осы Аднаннан таратады. Аднан Мұхамед пайғампардың (ғ.с.) жиырма бірінші атасы. Ғалымдар Аднанның Ибрахим пайғампардың (ғ.с.) қырықыншы ұрпағы екенін дәлелдеді. Мұхамед пайғампар (ғ.с.), «Алла Ибрахимның ұлдарының ішінен Исмаилды, Исмаилдың ұлдарының ішінен Кинанды, Кинанның ұлдарының ішінен Құрайшыны, және Ол Хашим ұлдарының ішінен мені таңдады» деді. Мааданың ұлы Низардың ұрпақтарынан құрайшы тайпасы тарайды.

Бұл жердегі кидариттер (кidaris) – ол б.д.д.VI-II ғғ. Қытайға салық төлетіп билігін жүргізген Ұлы иозылар (қытайлар солай атаған). Олар Құшан патшалығын құрып, соңынан ол ыдырағанда 419 жылы Арал теңізі маңында Кердері мемлекетін құрған қазіргі қазақтың кердері тайпасы. Түркі, монғұлдарда кеңінен тараған Гесер (Тибеттің 760 мың жолдан тұратын әлемдегі ең көлемді эпосы «Гесер хан»), Кедер (Еуропада Джордж, Жорган, Георгий бессмертный) және Қызыр баба осы тайпаның атымен аталады (Веселовский, Тынышпаев, Толстов, Кабанов, Аджи, ҚСЭ).

Кердерілердің Азияға жеткенге дейінгі тарихтағы іздерін Афина мен Стамбұл қалаларының маңдарынан ағып жатқан Kidaris атты өзендерден де көреміз. Амазонкалар мен Иран шахтарының (Кир, Дарий...) бас киімдері кidaris деп аталған.

Келесі мысал, ол американың үнді тайпаларына байланысты. АҚШ-тың Айова штатының адайлары (үнді тайпасы) өздерінің қоры мен музейлерін ашып, енді арнайы сайт арқылы әлемдегі адайларды іздестіруде. Олар Штейннің «Всемирная хронология историидағы» б.д.д. 32,0-2,0 мыңж арасында Азиядан Америкаға Берингов бұғазы арқылы үздің-үздік көшіп отырған көне түркі тайпаларының ұрпақтары. Нақтырақ айтса, ол Байкал маңында б.д.д. 2,0 дейін тұрған дай тайпаларының ұрпақтары адайлар. Олар қазақтың кіші жүзінің байұлы тармағына кіретін адай тайпасымен бір аталастар.

Қазақ тайпалары жеке өздері Үйсін, Қаңлы, Құшан, Кердері, Қарлұқ, Оғыз, Қимақ, Дешт-Қыпшақ, Найман т.б. мемлекеттер құрды. Мысалы, осындай мемлекеттің бірі Құшан туралы 1985 жылы шыққан Қытай энциклопедиясында, «Өткен дәуірдің соңы мен біздің дәуірдің алғашқы ғасырларында Рим және Ханмен (Қытай) қатар Құшан патшалығы (б.д.д. 134-б.д.- 390 жылдары) адамзат өркениетін дамытуға елеулі үлес қосты» деген.

Сонымен қатар, қазақ ру-тайпалары Мөде қаған құрған (б.д.д. ІІ ғ.) ғұн тайпалар одағы, Аттила негізін салған Еуропадағы ғұн мемлекеті, Білге қаған құрған Ұлы түрк қағанаты (552-742жж.), Шыңғыс-Батилар құрған Алтын Орда сияқты әлемдік тарихта елеулі із қалдырған Ұлы империяларды құрады.

1456 жылы Керей және Жәнібек сұлтандардың басшылығымен жеке Қазақ хандығы-Ұлттық мемлекетін құрды. Қазақ хандығының шекарасын ұлғайтып, іргесін бекітуде Жәнібектің ұлы Қасым ханның орыны ерекше болды. Оның маңына бір миллионнан астам адам жиналып, сарбаздарының саны 300 мыңға жетті. Ол ел басқарған тұс қазақ даласындағы хан билігі берік, ең беделді және жер көлемі кеңейген кез еді. Қасым хан Қазақ хандығының жерін солтүстік-батыста, солтүстікте және оңтүстікте кеңейте түсіп, мықты көрші мемлекеттермен тең байланыс орнатты. Хайдар Дулати оның Дешті Қыпшақта толық билік жүргізіп, Жошы ханнан кейінгі ең беделді және айбынды хан болғанын жазады.

Хандық билікті күшейтіп, қазақтың жерін кеңейту жолында хан Қасымның ісін жалғастырған оның ұлы Хақназар болды. Хақназар ханның саяси күші қазақ қоғамын біріктіруге және оны сыртқы жаулардан сақтауға бағытталды. Ол Ембі мен Жайық бойын қазақтарға қайтарып, батыстағы шегараны ұлғайтып, көрші ноғай және қырғыз халықтарына өз билігін жүргізді. Сондықтан да оны әр кезде “қазақ пен ноғайдың ханы” және “қазақ пен қырғыздың ханы” деп атады. Ол Мәскеуге өз елшілерін жіберіп, Ресеймен тұрақты дипломатиялық қатынастар орнатты және Бұхараның ханы Абдулла-ханмен “достық одаққа” қол қойып, онымен де әскери одақта болды.

XVI ғасырдың аяғында Қазақ хандығының саяси тұрақтылығын күшейтудегі және Сырдария бойындағы қалаларды қазақ жеріне кіргізудегі жетістіктер Тәуекел ханның атымен байланысты. Ол шайбанидтермен соғысып аз уақытта Сайрам, Ташкент, Түркістан, Андижан, Самарқан қалаларын басып алды. Соңынан олардың алдыңғы үшеуі қазақ хандығының құрамында қалды. Тәуекел хан өзінің бір баласын қарақалпақ елін басқаруға қойса, інісіне қалмақтарды басқартты. Сонымен қатар, Тәуекел хан Үндістан жеріндегі Ұлы Моғол мемлекетінің ішкі істеріне араласып, онда мемлекет басқару ісіне өз адамдарын қоя білді.

Бұхар хандығындағы тарихшы Хафиз-и Таныш Тәуекел хан туралы, “ол дүниедегі ең батыр, батыл және ер, сонымен қатар, Дешті Қыпшақа даңқты болды” деді. Олардан кейінгі Тәуке, Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандар қазақ халқы мен мемлекетін дамытуда өшпес із қалдырғандары белгілі.

Қазақтың ұлт болып қалыптасып, мемлекеттілігін дамытуда жоғарыдағы үш түрлі мемлекеттік құрылымдардың да маңызы зор болды. Бүгінгі тәуелсіз елдің іргесін қалаған да сол тарихи процесстер. Жер көлемі әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан бір күнде аспаннан түсе қалған жоқ. Ол тарихтың қайнаған күресінде мың өліп, мың тірілген қазақтың Атамекені.

Тарихтың әр кезеңінде түркі-қазақ тайпалары құрған немесе құруға қатысқан отырықшы, жартылай көшпенді және көшпенді мемлекеттер мен империялар (Рене Груссе) батыстағы отырықшы мемлекеттерден құрылымы мүлдем бөлек, мобильді, батыс тарихшыларына негізінен түсініксіз еді. Оны толығырақ түсіну үшін осындай көптомдық этникалық тарих керек болды.

Бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі берік, төрт құбыласы тең болсын дейтін әрбір азамат өз ата-бабасының, ұлттың өркендеуіне қосқан үлесін айқындап, дұрыс пайымдайтын уақыт басталды.

Халық атауын, яғни оның этнонимін анықтау этностың шығу тегін жан-жақты зерттеуге көмектеседі. Халықтардың шығу тегі, олардың атаулары немесе этнонимия ғылым саласының тиянақты дамуы 1980-жылдардың соңында ғана басталды. Этностың ортақтық сипатын және оның иерархиясын мемлекеттік-саяси құрылымдармен байланыстыру мақсатында «этнос сөзінің тар аясы» немесе этникос (бір ұлттың адамдары немесе этнос), сонымен бірге «кең мағынасындағы» этноәлеуметтік ортақтық, яғни халықтың, дәлірек айтқанда «әр ұлттың өз ұлттық-мемлекеттік құрылым шеңберінде өмір сүруі» түсініктері қалыптастырылды.

Қазіргі заманғы ұлттардың қайта өркендеуі және халықтардың сана-сезімінің артуы ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін де жаңаша қалыптастастыруға итермелейді. Яғни этнос, субэтнос, метаэтнос, халық, ұлт мәселері секілді сұрақтар заман талабына қарай зерттелуді қажет етеді.

Этностардың пайда болып, дамуы, жойылып кету үдерісін тек тарихи оқиғалар тізбегін бір-бірімен байланыстыра қарау арқылы ғана түсіндіруге болады. Демек, халықты тану немесе этнология үшін тарих қосымша материал. Тарихты қажетінше біле отырып, географияның да рөлін айқындаймыз. Этнос - ол маргинальды (латын сөзі «margo» – шекара) жүйе, демек ол материя қозғалысының әлеуметтік формасын табиғаттың бар түрлерімен байланыстырады.

Яғни адамның табиғатқа ықпал етуі әрі адамның табиғаттың бар байлығын қабылдауы және оны өз мәдениетіне айналдыруы. Демек, этнос – homo sapiens түрінің өмір сүру формасы. Тәуелсіз елдің өркениетті жолдағы аршынды қадамдары халқымызды рухани рухтандырып, саяси сергітіп қана қоймай, өзіміздің өткенімізді танып білуге деген құштарлықты, екпінді, ынтаны көтереді. Біздің зиялы қауым төл тарихымызды жазуға, жариялауға белсенді бет бұрыстар жасай бастады.

Шежіре–ол ата-баба жылнамасын анықтап беретін тарихи дерек. Ал тарихи дерек тарихқа қызмет етуі үшін, әрбір қазақ руының халқымыз бастан кешкен тарихи процестердегі өзіндік, соны және ерекше тарихын айқындап алуымыз керек. Міне, сонда ғана біздің ұлттық тарихымыз ауқымды сипат алып, кең құлашпен көсіліп жазылады.

Қазақ тарихы көнеден алғанда түрік халықтарының барлығына ортақ, сонымен қатар ұлт тарихының құрамдас және ажырамас бөлігі болып табылады. «Түбі бір-түркі», «Қарға тамырлы қазақ» деген көнеден қалған аталы сөздер қазақтың ру-тайпасы тарихының күллі қазаққа және түрік халықтарына ортақ екендігін дәлелдейді.

Түрік (қазақ) халықтарының ру-тайпаларын алғаш рет Х ғасырда жүйелеп жазған Махмұд Қашқари. XVI-XVII ғасырларда зерттеушілер Әбілғазы, Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири, одан кейін П.И.Рычков, В.В.Вельяминов-Зернов, А.И.Левшин, Ш.Құдайбердіұлы, А.И.Аристов, Г.Е.Грумм-Гржимайло, В.В.Бартольд, М.Тынышпайұлы т.б.

ХV ғасырдың 50–60-жылдарынан бастап, «қазақ» сөзі жаңа мәнге ие болып, этностық қауымдастықтың бір бөлігіне таңылады. Ол – әлеуметтік топ емес, одан анағұрлым кең мағынадағы ұғым.

Дешті Қыпшақтағы Шайбанилар әулетінің билігіне қарсы ру-тайпалар Қазақ хандығына көшіп келіп, олардың санын көбейтсе, сыртқы қарсыластар: Сібірдің, маңғыттардың, Үлкен Орданың, билеушілері, сондай-ақ Қазақ хандары шайбанилық әулетке жан-жақтан қарсы әскери әрекеттер жасайды. Көп ұзамай Әбілхайырдың мұрагері Шайхайдар хан өлтіріледі де, «Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде Қазақ хандарының билігі орнығады».

ХV ғасырдың соңы – ХVІ ғасырдың басындағы Қазақ хандығының Мауереннахр билеушілерімен жүргізген күресін баяндайтын тарихи шығармаларда Дешті Қыпшақ тұрғындары жалпы атаумен қазақтар деп аталады. Мысалы, Абдаллах Балхи «Зубдат ал-асар» атты еңбегінде 1510 жылы болған оқиғалардың бірі ретінде Мұхаммед Шайбани ханның қазақтарға қарсы соңғы жорығын баяндады. ХVІ ғасырдағы оқиғаларды баяндайтын шығарма – «Таңғажайып оқиғалар» еңбегінде этностық мәндегі қазақ сөзімен қатар, алғаш рет «Қазақстан» атауы кездеседі.

ХVІ ғасырдың 1-жартысындағы еңбектерде қазақ сөзінің этностық мәнде қолданылуы қалыпты жағдай болса, «Қазақстан» терминінің кездесуі көңіл аударарлық. Бұл жерде жаңа сөз – Қазақстан, этностық мәндегі қазақ сөзіне парсы жұрнағының қосылуы арқылы пайда болып, жаңа ұғымды білдіріп тұр, яғни қазақ халқының территориясын көрсетіп тұр.

Міне, ХV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылуымен қатар этностық мәнге ие болған қазақ сөзі күні бүгінге дейін өз мәнін жоғалтпай, еліміздің байырғы, негізгі, басты, мемлекет құраушы халқының атауы ретінде қолданылып келе жатыр.

Қазақ мемлекеттілігі туралы Қазақ халқын құраған ежелгі ру-тайпалардың Ұлы даладағы мемлекеттерді құрудағы рөлі немесе өздері құрған ұлыстардың тарихи маңызын жан-жақты саралап зерттеу көне дәуірден бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға дейінгі тарихи кезеңдерде қалыптасқан мемлекеттік институттардың эволюциясын анықтайтын маңызды мәселе.

Сондықтан, көне түркі дәуірінде құрылған алғашқы мемлекеттерден бастап тәуелсіз Қазақстанға дейінгі тарихымызды жан-жақты жүйелеп зерттеу елімізді болашақ өркениетке апаратын бірден-бір сара жол болмақ.

Көптомдықта көне дәуірден бергі Ұлы далада болған мемлекеттік құрылымдарға сақ (скиф), сармат, ғұн, түркілер құрған қағанаттар, Құшан патшалығы, үйсін, қаңлы, кердері, түргеш, қырғыз, қарлық, ұйғыр, қарахан, қыпшақ, оғыз, керейт, найман мемлекеттері мен қазақ ру-тайпаларының тарихы алғаш рет толық қамтылған. Бұл мемлекеттердің көпшілігі бүгінгі қазақтың құрамындағы ру-тайпалардың аттарымен аталады. Яғни оларды құруда белгілі ру-тайпаның рөлі зор немесе шешуші болды.

Сондықтан, ру-тайпалардың жеке тарихын зерттеумен қатар, олардың мемлекет құрудағы рөлін, ол мемлекеттік құрылымның ерекшеліктері мен жетістіктерін сол замандардағы басқа елдермен салыстыра зерттеудің тәуелсіз Қазақстан үшін маңызы зор болмақ. Себебі жоғарыдағы қағанаттың бірегейі, «Түркі мемлекетінің құрылуы - бүкіл адамзат тарихының бетбұрыс кезеңі. ...Түркілердің қоғамдық өмірі мен әлеуметтік институттарының күрделі түрлері қайран қалдырады: ел, меншіктің сатылық жүйесі, шендер иерархиясы, әскери тәртіп, елшілік дәстүрі, сондай–ақ, көрші отырған елдердің идеологиялық жүйелеріне қарсы қоятын, мұқият әзірленген дүниетанымның болғандығы таңқалдырады» дейді Л.Гумилев.

Еуразиядағы геосаясат пен тарихта, және адамзат өркениетінде белгілі із қалдырған негізінен қазіргі қазақтың құрамындағы ру-тайпалар одағынан құралған ғұн мемлекетін, Құшан патшалығын және Ұлы түркі қағанаттарын құраған ру-тайпалар мен осы мемлекеттердің тарихы көптомдықта жан-жақты зерттеліп жазылған.

Тарихымызда моңғол басқыншылығына дейінгі мемлекеттер жан-жақты толық зерттелмесе, одан кейінгі пайда болған мемлекеттік бірлестіктер, негізінен саяси тұрғыдан жазылуда.

Қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы жүріп өткен сара жолы мен оның құрамындағы ру-тайпалар құрған ұлыстар, хандықтар және империялардың мемлекеттік құрылымдары мен олардың тәуелсіз Қазақстанды дамытудағы рөлін толығырақ түсіну үшін осындай көптомдық тарих керек болды. Осы көптомдықтың 16 кітабы мемлекеттік тапсырыспен «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрді.

Мақала соңында, Халықаралық Адам институтының 2013 жылы Түрік елдерінің Президенттеріне жазған бағдарлама-хатын қосып отырмыз. Бұл хатта көтерілген мәселелер Ақорда, Түркия және Әзірбайжан елдерінің басшылығының қолдауымен іске асуда. Оны, «Мәңгі ел» идеясын түркі халықтарының бірлігі арқылы іске асыратын механизм деп қарау керек.

Пайдаланған ғылыми еңбектер:

Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. – СПб., 1864.

Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. 2-басылуы. – Алматы, 1996.

Құдайбердіұлы Шәкәрім. Түрік қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы, 1991.

Аристов А.И. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. – СПб., 1897.

Грумм-Гржимайло Г.Е. Западная Монголия и Урянхайский край. – Т.2. – Л., 1926.

Бартольд В.В. Работы по истории и филологии тюркских и монгольских народов. – М., 2002.

Тынышбаев М. История казахского народа. – Алматы, 1993.

Рычков П.И. История Оренбургская (1730 – 1750). – СПб. 1896.

Тынышбаев М. История казахского народа. – Алматы, 1993.

Дулати М.Х. Тарих-и Рашиди...

Зубдат ал-асар. Мына жинақта: МИКХ... – 133-б.

Бадаи ал-вакай. Мына жинақта: МИКХ... – 180-б.

Автор: Жанұзақ ӘКІМ –«Қазақ этникалық тарихы» көптомдығының ғылыми жетекшісі

Abai.kz

0 пікір