Жұма, 26 Сәуір 2024
Алашорда 4147 0 пікір 25 Қаңтар, 2017 сағат 10:37

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНI» (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

Көптеген мiнездемелердiң iшiндегi әдiлеттi пiкiрге жақыны осы. Оның өзiнде, Б. Коростелев жолдастың кеңес жұмысында қашаннан берi iстегенiн бiлмеймiз, бiрақ та жаңа өкiмет орнасымен атқару комтетiнен қол үзбеген Мұхтарға «тәжiрибесi аз» деуi қисынсыз. Сонда ол патша тұсында да кеңес билiгiне араласуы керек пе едi? Қалай? Ал «ұлтшылдық дертiне» келетiн болсақ, оның қайдан, қалай, қандай жағдайда қалыптасқанын жоғарыдағы мәжiлiс тұсында байқадыңыздар. Бiздiң ойымызша, Мұхтар Әуезовтiң өмiрiндегi ең бiр дұрыс және дер кезiнде қабылдаған шешiмдерiнiң бiрi осы. Билiкке алданып жүре бергенде мүмкiн дәрежесi де өсiп, елдiң дара басшысы атанар да едi, бiрақ халық өзiнiң рухани мұрасынан айырылатыны сөзсiз. Әкiм табылады, ал талантты қайта туғыза алмайсың.

Бiрақ та қандай да қиындықты басынан кешiрмесiн, көкiрек көзiн тұншықтырып, шығармашылық мұратын ұмытып көрген жоқ. Жүрегiнде өнердiң оты үнемi маздап жанып, келешек күнге шақырды. «Менiң қайраткерлiгiме iштен де, сырттан да тым қатал талап қойылды. Поэтикалық дарыным ғана менiң шын бақытым болды. Бiрақ та, менiң қоғамдық iстерiм аяқ-қолымды байлап, шет-қақпайлап, қаншама кедергi келтiрдi десеңiзшi. Егер де күнделiктi күйкi тiрлiктiң күйбеңiнен, қызметтегi кездесулерден құтылып, өзiммен-өзiм қалсам, оңаша өмiр сүрсем – мен бақытты әрi ақың ретiнде әлде қайда мол жемiс берген болар едiм» – деп ғана Гете айтқандай, Мұхтар да ел басқаратын iскер адамдардың мемлекет машинасына араласқанына көзi жеткен соң, лауазымнан бас тартып, ғылыми-шығармашылық жолға мүлдем бет бұрды. Қазақ орталық атқару комитетiнiң мүшесi және саяси секретары – оның ең үлкен және соңғы ресми мемлекеттiк жұмысы болды.

1922 жылы Ташкенттегi Орта Азия университетiне оқуға түстi.

Орынбордағы өткен бiр жыл мерзiмi де оған қуаныш сыйлады. «Еңлік-Кебек», «Қорғансыздың күнi» атты қос кiтабы қатарласа шықты. Бұл екеуi – болашақтағы ұлы сапардың төл басы, жол арнасы болды.

 

 

 

«ЖАУЫЗДЫҚТЫҢ, ҚОЛЫНДА БIР ОЙЫНШЫҚ...»

немесе

«ҚОРҒАНСЫЗДҢ КҮНI»

 

«Ол – ғазаптан, қайғыдан, жауыз зұлымдықтан құтылған. Ол – әулие.

 

                         Мұхтар Әуезов.

 

«Қорғансыздың күнi», 1922 жыл.

Орынбор. Бiрiншi нұсқасы.

 

Ғазиза кетiп бара жатып ойланып артына қарап, бишаралықтың кебiнiң киген кiшкене ескi қорасын көрдi... Бишаралықтың, иесiздiктiң таңбасы басылған ескi лашықтың iшiнде Ғазизаның балалығы, еркелiгi және қайғысы, қасiретi қалды. О да бiрге көмiлмек».

 

Мұхтар Әуезов.

«Қорғансыздың күнi», 1960 жылғы нұсқасы.

 

 

I 

 

Мiне, балиғатқа толмаған жас қыздың ары тапталған, «жауыздықтың ойыншығына айналған», «бишаралықтың кебiн киген ескi қора» мынау. Қабырғалары құлап, жермен-жексен болыпты. Айналасын қорда мен топырақ көмiп, алабота мен қышыма, шайқурай басып кетiптi. Iрге тұстарынан қарағанның басы қылтияды. Бөлмелерiнiң орнын ажырату қиын. Тұспалмен табасың. Ғазиза қыздың қорлық көрген мекенiн уақыттың өзi мүлдем жұтқысы келгендей уысына қатты сығымдап алып, шашып жiбергендей. «Қорадан жарты шақырымдай жерде басы қарақожалақ болған кiшкене төмпешектiң үстiнде томпиып жатқан... Бейiттiң сұлбасы қалыпты». Ол – Күшiкбай батырдың, Ғазизаның әкесiнiң, ағасының, Ғазизаның өзiнiң зираты. Мүмкiн қарт әжесi мен зағип шешесiнiң де денесi осында жатқан шығар, кiм бiлсiн.

Әдетте, жоғыңды тауып, iздеген мақсатқа жеткенде көңiлiңдi қуаныш кернеп, өзiңе-өзiң қанағаттанғандай жайдары күй кешесiң ғой. Керiсiнше, бұл жолы осынау бақытсыз қыздың соры төгiлген «бишаралықтың... таңбасы басылған ескi лашықты» көрiп, iштей үлкен күйзелiске түстiм. Сәбит Мұқанов: «1921 жылы жазған «Қорғансыздың күнi» атты алғашқы әңгiмесiмен Мұхтар шын мағынасындағы еуропалық прозаның дәрежесiне көтерiлдi» – деп бағалаған шығарманың оқиғасы өткен жер маған бала кезiмнен таныс, тiптi, ары өткенде, берi өткенде Күшiкбай бұлағынан су iшiп, көп көз қонақтата бермейтiн үйреншiктi көрiнiс едi. Ер жете, «Қорғансыздың күнiнiң» жазылу тарихын iндете, деректердi жинақтай жүрiп, «Қанайдың жалғыз қорасының» егжей-тегжейiн, бөлмесiнiң орналасу тәртiбiн өзiм сөйлескен қарттардың, зиялылардың аузынан естiген әңгiме бойынша үйдiң тұрқын сызып беруге де әзiр едiм. Оным мүлде қате боп шықты.

Менi мұнда алғаш ертiп әкелген қарт қазiр жоқ. Оған да отыз жыл өттi. Семейге қыдырып келгем. Бесiншi класты бiтiрген кезiм. Өзi қалада тұратын, бiрақ бiздiң ауылдың машинасын жүргiзетiн, қаламен екi ортаға жүк таситын елулердiң жуан iшiндегi Оразқан деген сұлу мұртты кiсi болатын. Машина рөлiне отызыншы жылдары ие болған, көп жүрiп, көптi көргендiктен де ол әңгiмесiн, жер тарихын жақсы бiлетiн. Алпысыншы жылдардың басында ауыл-ауылға автобус қатынамайды. Әр шаруашылықтың қалада тұрақты мекен-жайы бар. Қайтар кезде әр жүргiзушiге кезекке тұрасын. Менi Оразқан ағаға бөлдi, уақытша соның үйiне көштiм. Ол кiсi бiрден қайта қоймады. Күн сайын үйде тосып зерiккен соң кiтап оқуға кiрiстiм, Мұхтар Әуезовтың «Қараш-қараш» жинағы қолыма iлiндi. «Қорғансыздың күнiмен» сонда таныстым. Ол кiтап бiтiп, пьесаларына ауыстым. Оразқанның үйi ауыл кiсiлерiнен босамайды. Бiрi кiрiп, бiрi шығады. Кешке қарай бәрi жиналады. Әңгiме Абайға, Мұхтардан басталып «Еңлік-Кебекке» ойысқанда, шыдай алмай, кейбiр «жаңсақ» пiкiрлердi түзетiп, пьесада не жазылса соны айтып бердiм. Кiтаптағы жазылғанның бәрi шындық, дұрыс деп ұғатын аңғырт шақ. «Еңліктi атқа сүйретпеген, атып өлтiрген» – деп, дәлелдеп бақтым. Әр рудың атын, кiсiсiн атап, сөзiн жатқа соқтым. Олар бiрде күлiмдеп, бiрде тыжырынып отырды да, ақыры бiрiнiң атасын бiрi айыптап, қызыл кеңiрдек болды. «тағы не бiлесiң» дегенде ауылдағы шопан Күмiсбек Әбiлқашевтан естiген Қалқаман-Мамыр» қиссасының басын:

 

                        Өткен iс – ойға күңгiрт, көзге қанық,

                        Көңiлге көрмесекте болады аңық.

                        Мың жетi жүз жиырма екiншi жыл,

                        Қазақтың Сыр бойында жүргенi анық.

                        Арғынның Әнет баба ел ағасы,

                        Әрi би, әрi молда ғұламасы.

                        Үлгi айтқан орта жүзге әдiлеттi,

                        Сол кезде тоқсан беске келген жасы, –

 

деп шұбырттым да, оқиғасын баяндап бердiм. Бiрте-бiрте «Қорғансыздың күнi» де айтылды. Үлкендер тағы да таласып, кiнәласуға көштi. Кiсi, жер аттары аталды. «Шiркiн көрсе ғой» – деген сөз де шықты. Оразқан қарт ауылға қайтарда басқа жолға түстi. Ол кезде машиналар Көкен тауын бөктерлеп жүретiн. Қазiргi асфальт бұрынғы керуен-бекет жолының iзiмен кейiн алпыс бесiншi жылдары салынды. Күшiкбай бұлағынан сусындаған соң тау бөктерлей тартқан Оразқан қабырғалары мүжiлген, жемтiк-жемтiк қыстаудың орнына тұмсық тiрей тоқтады. «Әлгi бишара қыздың қыстауы осы, – дедi. Зираты, анау тұрған шығар. Күшiкбайдың иегiнiң астында мен бiлгелi осыдан өзге қыстау жоқ. Жиырмасыншы жылдардан берi ат арба, өгiз арбамен, кейiн машинамен кiре тартып келемiн» – дедi.

Пейiлiнiң қалай түскенiн бiлмеймiн, бекет жолын сағалап отырып, Еңлік-Кебектiң зиратын, тығылған үңгiрiн, Кеңгiрбайдың мазарын, Жидебайды, одан көлденең жолды тура кесiп, Шұнайдың баурындағы Оразбайдың көктасын (бетiнде Самарқанда оюлап жазылған, бояумен өрнектелген тасты солай атап кеткен. Әлi де тұр. Өңiн бұзбаған.) басып өтiп, отызыншы жылдары өгiз арбамен тас тасып, өрiп тастаған Нұрбай асуының үстiмен Қоңыр әулиенiң желкесiнен дiк ете түстiк. Алдымыздан көгiлдiрленiп Машан тауы шыға келдi. Бұл – бiздiң ауыл. Көзiме жылы ұшырап сала бердi.

Осы жолы дүниенi шыр айналып келгендей масаттанып ем. Оразқан ақсақал тура жолдан неге қиыс жүрдi, маған ел-жер көрсетейiн дегенi ме, әлi де түсiнбеймiн. Барлап қарасам – оның гәбi басқада сияқты. Келесi жылы демалысқа шықты. «Атың барда жер таны – желiп жүрiп» дегендей, ертең машинаны өткiзiп, қалаға орнығып қалған соң, өзi өмiр бойы шарлап iз салған, талай-талай оқиғаны басынан өткiзген жердi аралау қиынға соғатынын бiлiп, қырық-елу шақырым қияс кетсе де, көлiгi барда бiр көрiп қалайын деген болуы керек. Әрi, қасындағы серiгi, шаруашылыққа асықтыратын iс адамы емес қой. Қалайда, Оразқан қарттың сол жақсылығын ұмытпаймын. Рахмет, жансарайымда ашып, жерге, өткен оқиғаға, көркем дүниеге ықыласымды аударған сапарым болып едi.

Содан берi отыз бес жыл өтiптi. Өмiр де, адам да, табиғат та өзгерген. Кей құбылыс мәңгi өшiп тынған, кей құбылыс тыңнан төтелей қосылған. Тiптi, түбiнде әйтеуiр бiр қосылатын жолдардың танабы да ауысып жатады. Қазiр Қарауыл жолы бұрынғы бекеттiң сiлемiне қайта түсiп, Күшiкбайдың бауыздар алқымынан өтедi.

Күшiкбайдың да, Ғазизаның да қорым тасы төбе басында бiр уыс боп шөкиiп көрiнедi. Ендi алған бағытыңды өзгертпей-ақ оп-оңай табасың. Тоқтамайсын. Ағызып бара жатып көз қиығын тастап зу етiп өте шығасың. Өйткенi, үйреншiктi...

Бiрақ та, сонау «жiңiшке қара сызық секiлденген Қанайдың қорасына», «яки, «бишаралықтан таңбасы» боп жер бетiне басылған қыстаудың орнына қайыра жету үшiн отыз бес жыл бойы жүрген сияқтымын, отыз бес жыл...

Сапардың соншама ұзаққа созылуының және бұл ретте көңiл күйдiң ерекше құбылуының себептерi де бар едi.

Адасуым былай басталды.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір