Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4508 0 пікір 27 Қаңтар, 2017 сағат 10:29

Конституцияға өзгерістер жобасы жарияланды

Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу мәселелері бойынша конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістер жөніндегі заң жобасы жарияланды.

Ресми БАҚ-та жарияланған заң жобасында конституцияға президенттің қандай өкілеттіктері үкімет пен парламентке берілмек екені көрсетілген. Жоба бойынша, алдымен президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктері үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беріледі.

Ұсынылған өзгерістерде президенттің премьер-министрді парламент мәжілісінің мақұлдауымен тағайындап, орнынан алатыны, үкімет құрамын премьер ұсынып, ол мәжілістің мақұлдауымен жасақталатыны, тек сыртқы істер министрі мен қорғаныс министрін президент тағайындап, орнынан алатыны айтылған.

Жобада үкіметтің мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағыттарын, қорғаныс, қауіпсіздік, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді айқындап, іске асыратыны, президенттің келісімімен мемлекеттік бағдарламаларды бекітіп, олардың орындалуын қамтамасыз ететін айтылған. Үкіметке сонымен қатар үкімет құрамына кірмейтін орталық атқару органдарын қайта құру, жою, олардың басшыларын тағайындап, орнынан босату өкілеттілігі беру қарастырылған.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы бүгіннен бастап жалпыхалықтық талқылауға ұсынылды. Талқылау 26 ақпанға дейін жалғаспақ.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев билік бөлінісі мәселесіне қатысты тиісті заңдар мен конституцияға өзгеріс енгізу қажетін алғаш ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында, 2016 жылы 15 желтоқсанда айтқан еді.

Abai.kz

0 пікір