Жұма, 19 Сәуір 2024
Қоғам 4977 0 пікір 27 Қаңтар, 2017 сағат 10:41

ҚЫРУАР АҚША ҚОР БАСШЫСЫНА ҚАЙДАН КЕЛДІ?

Алматы қалалық соты Біртұтас зейнетақы жинақтау қоры (БЗЖҚ) басшыларының тұтқындалу себебі «Бузгул Аурум» компаниясының облигацияларын сатып алуға байланысты екенін жариялады. Ұлттық банк бұл қаражат қордың өз активі есебінен бөлінгенін, салымшылардың ақшасы орнында екенін айтып ақталды. Ау, сонда миллиардтаған сома қордың әкімшілігіне қайдан келді? Олар салымшылардың ақшасын, яғни халықтың ақшасын айналдырудан табылған табыс емес пе? Қор әкімшілігі мен Қор екеуі екі басқа заңды тұлға болатын болса, барша қазақстандықтардың қазір триллионнан асқан салымы иесіз екен-ау, оның ақшасын айналдырып, Қорға табыс түсіруге тиісті әкімшілік жеке өзіне табыс таба береді екен-ау?

Мәжілістегі Қазақстанның халықтық коммунистері партиясының фракциясы атынан депутат Айқын Қоңыров премьер-министр Б.Сағынтаев пен Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевке депутаттық сауал жолдап, мұндайдың әділетсіздік екенін жеткізді. Қор ақшасының айналыстан түскен табысы тұтастай оның өз қамбасын толықтыруы керек делінген сауалда.

Қорды басқарушылардың қор арқылы өзіне тапқан табысы 2016 жылдың 11 айында ол 14 миллиард 622 миллион теңге болыпты. Бұл әділетсіздік жолымен табылған табыс. Әкімшілікті айналыстан ақша табатын емес, нақтылы еңбекақы алатын басқарма қылып құрып, еңбекақы қорын белгілеп, содан ғана ақы алуға қою керек еді ғой. Өйткені, Қордың жанынан табыс табатын Әкімшілік болса ол өз қалтасының мүддесін көбірек ойлайды емес пе? Депутаттың сауалы осындай ойларға жетелейді.

Серік ЕЛЕУ, сарапшы

Abai.kz

0 пікір