Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Билік 5225 0 пікір 29 Қаңтар, 2017 сағат 12:37

УНИВЕРСИАДА-2017 АЛАУЫ ТҰТАНДЫ

Бүгін Алматыда Универсиада-2017 алауы эстафетасы басталды. Ал Универсиада-2017 ойындарының ресми ашылу салтанаты бүгін кешкі 19:00-де болады деп күтілуде. 

Алматыда 28-ші Халықаралық қысқы Униерсиаданың өтуіне ұйымдастырылған Эстафета алауы тұтанды, - деп хабарлайды Vesti.kz

Алау эстафетасы әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дан бастау алды, ал жалпы жолдың бағдары мынадай: әл Фараби атындағы ҚазҰУ - Тимирязев көшесі - Манас көшесі - Абай даңғылы - Сейфуллин даңғылы - Гоголь көшесі - Сейфуллин даңғылы - Төле би көшесі - Достық даңғылы - Абай даңғылы - Байтұрсынов көшесі - Сәтпаев көшесі - Достық даңғылы - Республика Сарайы. 

Алау эстафетасына Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, танымал ардагер спортшылар Жақсылық Үшкемпіров пен Ермахан Ибрайымов бастаған алау ұстаушылар қатысты. Жиналған қауым көтеріңкі көңіл-күйде болып, өз қолдауларын білдірді. Ал өз кезегінде Алматы қаласы әкімі Универсиаданың басталуымен барша қазақстандықтарды құттықтады.

- Ардақты алматылықтар, қадірлі жастар, спортсүйер қауым! Сіздермен осы жұлдызды сәтте бірге болғаныма өте қуаныштымын. Қазақтың ежелгі түсінігіндегі оттың иесі, от киесі, от – ана, барша ізгіліктер мен жақсылықтардың бастауы. Халқымыз үшін ең қастерлі Отан, отбасы деген сөздердің түбірі осы от сөзінен шыққан. Универсиада ойындары тек студент жастардың ғана сайысы емес, бұл әлем халықтарының достық пейілі мен көтеріңкі көңіл-күйінің жарқын көрінісі. Дүние жүзіндегі ауқымды дода Елбасының қолдауымен қасиетті қазақ жерінде тұңғыш рет өтіп отыр. Бұл әлем жұртшылығының Қазақстан Республикасы мен оның жасампаз халқына, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген ерекше сенімі және лайықты құрметі. Универсиада алауының тұтату рәсімі еліміздің барлық өңірлерінде өтіп, оған 100-ден астам ЖОО-ның студенттері қатысты. Астанадағы алауды Елбасының өзі тұтатты. Міне, Универсиада алауы Алматы төріне де келіп жетті. Баршаңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Универсиада, қанатыңды кең серпі!  - деді. 

Айта кетейік, Универсиаданың ресми түрде ашылу салтанаты 29 қаңтарда сағат 19:00-де басталады. Қазақстанның атынан спорттың 12 түрінен 171 спортшы қатысады.

Abai.kz

0 пікір