Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 6181 0 пікір 3 Ақпан, 2017 сағат 10:53

ОРЫС КНЯЗІ ТАБАНҒА НЕГЕ ТАБЫНДЫ?

Тарих ешуақытта ешнәрсенің әділін айтқан емес. Ол әр заманда, әр қоғамда мемлекетті, елді басқарып отырған адамдардың жүргізген саясатына сәйкес оңға да, теріске де бұрылып, бұрмаланып отыратынын көзіміз көріп отыр. Соның бір ғана мысалына туған еліміздің осы уақытқа дейін мектептер мен ЖОО-ында оқытылып келген тарих оқулықтарын алып қарасақ жетіп жатыр. Ол тарихта қазақтарға орыстың, яғни, Ресейдің 300 жылға жуық көрсеткен қорлық-зорлығының, қазақты тілінен, дінінен, ата-баба дәстүрінен айырудың небір сорақы шаралары, қазақ даласына, ауылдарына жасалған қаншама қанды қырғын мен қазақтардың оған қарсы жанкешті қарсылықтарының бірде-бірі айтылмайды. Қазақстан өзін Ресейден бостандық алдық, тәуелсіз ел болдық деп жариялаған 25 жылдың ішінде де әлі ол шындықты айтқан бірде-бір тарих оқулығы жазылған жоқ. Оның есесіне бүкіл тарих «жоңғар шапқыншылығы» деп аталатын өтірігі мен расы мидай араласып кеткен небір бұлыңғыр уақиғаларға толып тұр.

Әдетте, әлсіз мемлекет өз ұлтының тарихын, өзін отарлап келген күші басым мемлекеттің ыңғайына жығылып, оны біресе тату-тәтті көршіміз деп, біресе бауырлас деп, біресе  аға ұлт, ұлы ұлт деп жуып-шайып жазады. Ал күші басым империалист, колонизатор мемлекет өз тарихында өзін, өз ұлтын ең бір ержүрек, соғыста жеңілмейтін, ең білімді, ең ақылды, ең әділ, басқаларды жарылқаушы ұлы мемлекет, ұлы ұлт ретінде көрсетіп жазады. Мысалы, патшалы Ресей кезінде де, Кеңестік Ресей кезінде де тарих оқулықтарында орыс  ұлты қазақты жабайылықтан жарыққа шығарған «великий русский народ» атанды.

Енді, міне, жақында Ресей президенті Путин орыс тарихының оқулықтарын түгел қайта жазуға, жаңаша бағытта жазуға пәрмен берді. Бұл бір жағынан Путиннің саяси да, басқалай да сауатының төменқол екенін, екіншіден, қайткенде де Ресейдің, орыстың тарихын аспанға әуелетуге тырысқан ұлтшылдығы деуге де, шовинистігі деуге де келеді. Білетіндердің айтуынша, ендігі жазылатын орыс тарихы бойынша Ресей ешқашан татар-моңғолдардың қоластында болмаған, орыстар ешқашан соғыста жеңіліп көрмеген болып шығуы тиіс. Сонда өздері татар-моңғол деп аталатындардың табанында болған 300 жылға жуық уақытты Путин немен толтырыңдар деп отырғанын бір Құдай біледі. Бірақ бұл әрі надандық, әрі дөрекілік, әрі барып тұрған шовинистік, әрі өзге халықтарға күлкі болудан басқа ешнәрсе де емес. Тіпті мына бір суреттің өзі-ақ Ресейдің жаңа жазылмақшы тарихының біраз масқарасын шығаруға жетіп жатыр.

«Князьдің ант беруі» деп аталатын бұл суретті қылқаламшы В. Орлов-Петров 1912 жылы салған. Мұнда орыстардың Мәскеу князі Алтын Орда ханының өкілдеріне ант беру сәті бейнеленген. Таста адам табанының алтыннан құйылған таңбасы бейнеленген. Ол кезде Ресей бөлек-бөлек князьдіктерден тұратын. Егер орыстың бір мықтысы өзара талас-тартыстан жеңіп шығып, князьдіктің әміршісі, яғни, князь болатын болса, осы Алтын Орда ханының табанына тізерлеп отырып бас иіп, ант беретін болған, Заң солай. Бұл «князьдік таңба» деп аталады. Ресейдің Путиннің тапсырмасымен жазылатын тарихы не дерін кім білсін, бірақ Костоморов, Соловьев және басқа да орыс тарихшылары Алтын Орда Ресейді басқарып тұрған кезде орыс князьдері осы табанға ант бергеннен кейін барып князь атанатынын жазып кеткен.

Картинада табанның алдында тізерлеп, бас иіп отырған адам ІІ-Василий князь. Бұл Мәскеу князін жұрт Московский Темный деп атаған. Бұл ант беру рәсімі 1446 жылы болған. Осы ІІ-ші Василий князь Дмитрий Щемякин деген үміткермен князьдік үшін талас-тартыста сол 1446 жылы жеңіп шыққан Алтын Орда басқарушыларының қолынан осыншалық кемсітушілікке төзіп, осыншалық намыссыздыққа шейін барып ант беріп, князь атану Мәскеу үшін тұрақтылыққа, тыныштыққа берілген кепілдік еді.

Сол заманның яғни, орыстардың тілімен айтқанда татар-моңғолдар ұрпақтары басқарған Алтын Орда мемлекетінің үрдісі бойынша Василий Темный Алтын Орда әміршісінің таңбасының алдында жүрелеп отырып ханның мөрін алуы керек, мөрге «князьдік таңба» қоса тапсырылады. Сосын ант сөзі оқылады.

Князь Василий Темный Мәскеуде 1425-1462 жылдар аралығында билік құрды. Ол  заманда орыс ауқаттылары бір князьдікке әмірші (князь) болу үшін бірінің үстінен бір Алтын Орда әміршілеріне арыздар жазып, пара беріп бір-бірімен қырық пышақ болып қырқысып жататын. Мысалы, тарихшылардың айтуынша осы Мәскеу князьдігі үшін суреттегі ІІ-Василий өзінің бауыры Юрийге жауығып, оны жеңіп князь болған. Сол Юрийдің Косай және Дмитрий деген ұлдары да Мәскеу князьдігі үшін ІІ-Василиймен күресіп, оның көзін ағызып жіберген. Василий ІІ содан бастап Темный, яғни,  соқыр атанған көрінеді. Патшалы Ресей заманында «Болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап» деп оязға, Кеңестік Ресей кезінде райком, обкомға, одан әрі Мәскеуге арыз айдаған қазақтарды кінәлаймыз-ау. Сөйтсек, бұл өзі қуатты бір елдің, қолында қаруы бар, саны басым ұлттың езгісінде болған ұлттардың бәріне тән құлмінез деген кесел екен ғой. Сол  заманда Алтын Орда үлкен империя болып, яғни  1240-1495 жылдар аралығында 250-дей ұлан-ғайыр аймақты ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстап тұрды. Бүкіл  Ресей аймағы осы күнгі тілмен айтқанда оның боданы болды. Басқалар да, орыс князьдері де түгел Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұрды. Князьдерді  тағайындап, бекітетін де Алтын Орданың орталығы Сарай-Берке еді. Ал суреттегі князьдің аяққа жығылуы, тізе бүгу сонау Шыңғыс хан заманынан келе жатқан үрдіс-салт. Қазақтардағы  жеңілген, басымдығын мойындаған адамның алдында «тізе бүгу» сөзі де сол дәуірден бері қолданылып келеді.

Осы күні екі сөзіміздің бірінде «Қазақ хандығы, қазақ хандығы» дегенді қайталауға құмармыз-ау. Бірақ ол сондай бір керемет қуатты мемлекет болды ма, ол туралы ләм деп ауыз аша алмаймыз. Ал бірақ Жәнібек пен Керей ұлысы қосылып, 1455 жылы Қазақ хандығын құрғаннан кейін-ақ Алтын Орда іштен бөлшектеніп, басынан бағы тая бастады. Ғалымдардың айтуынша Жәнібек хан Шыңғысханның баласы Жошыдан туған Барақ ханның ұлы екен, яғни «чингизид». Қазақтар Жәнібек деп атаған оның шын аты Әбусаид болыпты.

Сонымен орыс суретшісі В. Орлов-Петров салған бұл суретте ІІ-ші Василий князь Алтын Орданың қай ханына ант беріп жатыр? Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы былай дейді.

Бұл Шыңғыс хан дәуірінен келе жатқан салт. Моңғолдарда аяққа жығылу (хөл дор сөгдөх), тізе бүгу (өвдөг сөгдөх) салты 1920 жылдарға дейін болған. Аталған суретте мәскеулік  князь ІІ Василий соқырдың Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхаммедтің табан ізіне жығылып ант беріп тұрған уақиға көрсетілген. Ұлұғ Мұхаммед Тоқай Темір әулетінің Қырым тармағы хандарының ұрпағы, Едіге сұлтанның бектер-бегі болып жүріп, Едігеге басын алдырған Ішкілік-Хасанның ұлы, Алтын Орданы 1428-1446 жылдарға дейін (арасында үзіліс бар) билеген ұлы хан. ІІ Василийдің мәселесіне байланысты Ұлұғ Мұхаммед Д. Шемякаға Бегіш атты елшісін жібереді. Бірақ, Шемяка елшіні кешіктіріп қайтармай қояды. Ұлұғ Мұхаммед «елшіні өлтірді» деген айыппен Шемяканы тақтан тайдырып, ІІ Василийді тұтқыннан босатады. Бұл ІІ Василий үшін тым қымбатқа түседі.  Ол Ұлұғ Мұхаммедке 200 мың рубльге дейін төлем төлеп, Ұлұғ Мұхаммедтің ұлдары Қасым мен Үйсіпке Мишжар (қазіргі Москва) аумағын сыйға береді. Сөйтіп, ІІ Василий өзінің бағыныштылығын мойындап, 1445 жылы қазан айында Ұлұғ Мұхаммедтің табан ізіне жығылып ант беріп, «Мәскеудің ұлы князьдігіне» қол жеткізеді. Суретте осы уақиға көрсетілген. 1446 жылы Ұлұғ Мұхаммед өліп, оның ұлы Қасым інісі Үйсіпті өлтіріп, ІІ Василийден сыйға алған Мишжар өлкесіне барып қоныс тебеді. Осылайша, келешек Қасым хандығының негізі қаланды. Қасым Мишжардың атын «Мәскеу кремлі– қамалы» деп атады (Х. Халид).  Кремль–«keremly»  моңғолша «қамал» деген сөз.

Біздің назарымызды суретте ерекше аударған нәрсе–мұнда қай жақтың–үстем, қай жақтың бағынышты екені  айқын көрініп тұрғандығы.  Алтын Орда хандығы өкілдерінің тұрысы шетінен асқақ, айбатты. Олар князь болу үшін тізерлеп отырған Василийден бастап, оның жанындағыларға ызғарлана, сес көрсете қарап тұр. Ал орыс өкілдерінің біреуі ғана көпшіліктің арасында кеудесін тік ұстап тұр. Қалғандарының өңі сынық, көңілі пәс. Ресей неліктен өз тарихын қайтадан жазуға кіріскенін осыдан кейін қалай түсінсеңіз де өз еркіңіз. Ал біз..

Әңгімеміздің басында тарих ақсақалдың өзі әрдайым ақиқатты айта бермейтінін қаперімізге алдық. Осы суреттің ұзақ жылдар бойы жұрттан жасырын ұсталып келгенінің өзі-ақ тарихтың кім күшті болса, соның ыңғайымен баяндалатыны, яғни, бұрмалана беретініне дәлел бола алады. Ресей билігіне қай заманда келгендер де бүкіл тарихты орыстың абырой-беделін аспандатуға бейімдегені рас. Тіпті, орыстың небір атақты ақын-жазушыларының, қаһарман қолбасшыларының арғы ата-бабалары түрік тектес халықтардан тарайтыны да, солардың біразы ислам дінін қабылдағаны да айтылмайды. Көріп отырсыз, орыс «братандардың» ақыл-ойының ордасы Кремль деген сөздің өзі моңғол сөзі екен. Біз осы уақытқа шейін соны талай індеткенімізде, тіпті, Москва, Волга деген сөздердің не мағына беретінін сұрағанда соған бірде-бір орыс адамы нақты жауап бере алмаған-ды. Ал тәуелсіздік алғанына 21 жыл толған Қазақ Елі әлі күнге өз тарихын нақтылап жазып шыққан жоқ. Қазақстан мектептері мен университеттеріне арналған тарих оқулықтарында әлі де көрші Ресейді ренжітіп алмау жағы өте қатты ескеріледі! Бар айтары–жоңғар шапқыншылығы. Ал, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Жәнібек пен Керей деген сөздер бір-екі мәрте қайталанады да сонымен іс тәмам. Алматыда «Алтын Орда» деген ызы-шу, қым-қуыт бір базар бар. Онда әйелдердің еуропалық үлгімен тігілген ауы бір-ақ елі ішкиімі мен емшекқабынан бастап (бюстгалтер-төс ұстаушы дегенді білдіреді), шошқаның сүбесі мен қаратұяғына шейін сатылады. Басқа тарихымызды айтпағанда, «Алтын Орда» туралы біздің бүгінгі ұрпақтың білетіні осы базар ғана. Ал бұл қуатты империяның басшылары мен бектерінің, сардарлары мен сарбаздарының ұрпақтары –бүгінгі қазақтар. Мына біздер! Біздің бүгінгі ұрпақтарымыз, әйтеуір, арғы тегіміз сақ, ғұн, түркі екенін ғана біледі. Оның бержағындағы осы «Алтын Орда», Қазақ хандығы, Қырым хандығы, Ноғай ордасы деген атауларды ғана білетіндердің өзі бірен-саран. Едіге, Тоқтамыс, Орақ, Мамай, Қарасай, Қази сынды бектер мен хандарды, баһадүрлерді білмейтін осы күнгі Нурик, Шурик, Алик, Маликтер Кутузов пен Суворов туралы өтірік-шыны мидай араласып кеткен жасанды тарихты жатқа айтады. Олар тіпті, Еділ патшаны Аттилла, Тұмар ханымды Томирис деп көне грек, латын атауларымен атап, ұл-қыздарына да сондай ат қоюда. Патшалы Ресей кезіндегі орыстар да, Кеңестік Ресей кезіндегі орыстар да, олардың басшылары да орыс балаларын көзін ашқаннан тарихты орыстың абырой-беделі биік тұруына бейімдеп оқыту арқылы тәрбиелеп келеді. Кез-келген орыс түгіл, орысша  оқыған қаракөз қазақтардың былайғы  қазақтар алдында өзін өктем ұстауы да сол тәрбиенің жемісі. Бұл орайда біз орыстан осыны үйренсек те, яғни өз тарихымызды ұлттық тарихымызды дұрыстап оқытуды үйренсек те болар еді.  Кейде, «ол үшін үкімет басында ең әуелі өз ұлтын, өз қазағын құрметтейтін азаматтар отыруы керек-ау» деген ойға кетіп, көңілі түскірің әлдебір самсоз, селсоқты күйге түсіп баратады.

Тіпті, біз «Ұлт тарихы» деген пән енгізсек те артық болмас еді.

Қысқасы, біздің де өз тарихымызды түгендеп, жас ұрпақты ата-бабалары өз заманында қандай ерлікке, сән-салтанатқа толы ұлы мемлекеттер құрғанынан хабардар ете отырып тәрбиелейтін кезіміз әлдеқашан жеткен жоқ па?  Айтыңызшы, кәне?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3579