Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Алашорда 6201 0 пікір 6 Ақпан, 2017 сағат 10:00

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «АШЫҚ ХАТ» (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

Мен Мұфтибек Рақымбайұлының сөзiнен кейiн дегдар Ниязбек Алдажаров ақсақалдың емеуiрiнiн түсiндiм. Ол кiсi – Біләлдi емес, кадiрлi қарт. Кәкiтай Ысқақұлының, оның үрiм-бұтағының абырой-намысын ойлап, сарын да, шынап да сыртқа шығармапты-ау. Соңғы рет сөйлескенде. Ағайын туыстың бiрлiгiн ойлаған асыл ағаға жоғарыдағы Мұфтибек Рақымбаевтың әңгiмесiн сәл өзгертiп (әдейi анық-қанығын бiлу үшiн) айтып бергенiмде үнсiз ұзақ отырды да, менiң қасақана бұрмалап баяндағаныма сенгiсi келмедi де, күрсiнiп алып. Ниязбек Алдажаров: «Сенi буынсыз жерге пышақ ұрып отыр демеймiн. Бiлесiң, бiлуге тиiссiң Бұл жайды. Тек маған сол оқиғаны растатып алғың келiп отыр ғой. «Қорғансыздың күнiне» Біләлдiң қандай қатысы бар, оны бiлмеймiн. Біләлдiң алғырлығы, өжеттiгi, шешендiгi керемет, адамның тiлiн тез табатын. Тек болыстыққа iлiнген соң ел-жұрттың қарғысына ұшырап өлдi деседi. Әлгi алып қашқан әйелдiң аты – Гүлжәмила (Кәмәли дейтiн), Сақ араб бидiң қызы. Байы өлген соң әмәңгер Меркiмбай әулетiне ұзатыларда Біләл араға килiгедi. Жесiр иесi топайлар ашуланып, Кәкiтайдың тоқалы бибiнiң үйінiң iргесiн жарып, алып кетедi. Онда Кәкiтай өлген, Біләлдiң өзi қашып кетiптi. Бiр аптадан соң бүкiл Тобықты елi жиылып, Бибiнi керi қайтарыпты. Саған осыдан артық ештене айтпаймын. Менсiз де куә табатын түрің бар»,– дедi.

Иә, Ниязбек қарттың аузына бұл сөздi құдай салған сияқты, айтқаны дәл келiп, куә табылды. Табылғанда өзге емес, осы оқиғаға тiкелей қатысы бар Жұмағали Құтжановтың қызы Нағима апай бiздi өзi iздеп келдi. Кезiнде Тобықтының iшiн ғана дүрлiктiрiп қоймай, исi қазақ жұртына мағлұмдар болған бұл iске Шәкерім қажы да араласыпты. Ырғызбай, Топай, Торғай, Көтiбақ бiрге туысады. Ал Құтжан Топайдан тарайды. Яғни дау аталас адамдардың арасында болған. Нағима Жұмағалиқызы өзiнiң шешесiнiң ауызынан естiген әңгiмесiн былай баяндады. Бiз тек Біләлға қатысты тұсын ғана келтiремiз:

– Топайдың Жантас, Бектас, Бекболат, Тешен, Бүркiт, Қуат деген алты ұлы болады. Қуаттан Құтжан ұрпағы, ал Бүркiттен Базар, Базардан Таупық пен Мырзахан тарайды. Мырзахан ерте қайтыс болады да оның алған келiншегi Араб бидiң қызы Кәмәли (Гүлжәмилә) бесiктегi жас ұлымен жесiр қалады. Он сегiз, он тоғыз жастағы үлбiреген жас келiншекке әркiм қызығады. Әмеңгерлiк жол бойынша Таупық алуы керек едi. Сол кезде ерте көктемде кешкi мал келiп, азан-қазан болып жатқан тұста Кәкiтайдың болыс баласы Біләл арбамен келiп, шидiң бойында Кәмәлидi тосып тұрады. Жас келiншек шапанын жамылып келгенде Біләл: «Тез арбаға мiн. Әйтпесе... » – деп мылтығын көрсетедi. Бесiктегi баласына да қаратпай Кәмәлидi сөйтiп алып қашып кетедi. Ауыл-аймақ дүрiлiгiп түнiмен iздейдi. Ырғызбай ауылы жақын. Ақыры iстiң Біләлден келгенi туралы хабарланып, менiң әкем Жұмағали Топайдың жiгiттерiн жиып Кәкiтайдың ауылына аттанды. Бұл хабарды естiген Біләл Семейге кетiп қалыпты. Жұмағали әкемнiң қолына түскенi Кәкiтайдың жесiрi Бибi екен. Ашуға булыққан әкем Бибiнi Таупықтың үйiне әкелiп: «Бибiнi тоқалдыққа аласың!» –  дейдi. Таупық жуас, әйелiнiң сөзiн тыңдайтын адам екен. «Ойбай жолата көрме. Біләлдан пәлеге қаламыз» – деп ат-тонын ала қашыпты. «Біләлдiң бiзге жасаған қорлығына ыза боп, сенiң намысыңды жыртып жүрсек» – деп менiң әкем ағасына қатты ренжiптi. Әкелген әйелдi далаға тастайтын емес. Құтжанның келiндерi: «Үлкен ауылдың әйелi» – деп Бибiнi жiк-жапар боп күтедi. Ешқандай дайындықсыз отырған Бибiнiң үстiндегi киiмi де ескi екен. Құтжанның келiндерi өз киiмдерiн бередi. Жұмағалидың бәйбiшесi Күшiм Бибiнi күтiмге алыпты. Шешемiз маған: «Бибi бiздiң ауылға келген соң сарыуайымға салынып, аhылап-уhiлеп жатып алды. Тамақ та iшпедi. Тек шай ғана iштi. Ел жұрт бас қосып, араға елшi жүрдi. Сенiң әкең Жұмағали: «Бибiге ие болатын кiсiнiң түрi анау Таупық. Оның өзi көлеңкесiнен қорқып жүр. Ендi Бибiнi ауылына апарудан басқа амал жоқ» – дедi. Ат-арба жегiп, қасына менi (Жұмағалидың әйелi Күшiмдi – Т.Ж.) қосып бердi. Сөйтiп, Кәкiтайдың әйелi Бибiнi өзiнiң үйiне аман-есен апарып салдық», – деп айтып едi. Мiне, Тобықты iшiн дүрлiктiрген бiр оқиғаның ұзын-ырғасы осы».

Мәселе, Нағима Жұмағалиқызы айтқандай, «Тобықты iшiн ғана дүрлiктiрiп» қоймапты. Алты Алашқа мағлұм болыпты. Ол дүрбелең кезде әрбiр оқиғаны өзi ерекше саяси күрестiң майданына айналуы заңды едi. «Біләлдiң бүлiгi» де сондай тартысқа негiз болды. Семей қаласында «Алаш» өкiметi мен большевиктердiң пiкiр таласы өршiп тұрған шағы-тын. Шәкерім Құдайбердіұлы «Алаштың» бас биi боп сайланған. Мiне, дәл сол тұста Шәкерімдi мұқату үшiн «Үш жүз»  газетiнiң 1918 жылғы 24 наурыз күнгi санында «Біләл бүлігi» туралы мақала жариялап, онда Шәкерім қажыға тiл тигiзе пiкiр бiлдiрдi. «Қайғылы» деп қол қойған ол адам Семейдегi оқытушы Нұрғали Құлжанов екен. Оны анықтаған Ғалым Бейсенбай Байғалиев. Осы мақалаға Шәкерім Құдайбердіұлы «Ашық хат» жазып, өзiнiң пiкiрiн бiлдiрiптi. Оқиғаның ұзын-ырғасы мәлiм болғандықтан да бiз хаттың өзiн еш түсiнiктемесiз берудi жөн көрдiк.

 

«АШЫҚ ХАТ»

 

Биыл 24-мартта шыққан «Үш жүз» газетiнiң 9-нөмерiнде өзiне өзi «Қайғылы» деп өтiрiк ат қойған бiреу «Ырғызбай, топай жылап жатыр» –  деп бастап бiр сөз жазыпты. Соның iшiнде менiң ар-намысыма тиiп, (тиетiн – Т.Ж.) жалған-жала сөзi болған соң, алыстан естiген ағайындар әлде рас шығар деп ойлар деп төменгi сөздi жаздым. Әйтпесе, газет бетiн дау қағазы қылғанды ұнатпаушы едiм. Жазатын сөзiм мынау:

Біләл қатын алғанда мен Семейдегi бiр облыс кеңесiндемiн. Үйге барған соң ешбiр Топай адамы маған келген жоқ. Оны өздерi де айтар. Ар-иманынан ұялар. Топайлар Кәкiтай марқұмның жесiр қатынын ерiксiз алып барған соң, өздерi жақын көретiн бiр iнiмiздi жiбергенiм рас. Сондағы сөзiм мынау: Кәкiтайдың қатыны ризалығымен барған болса, ауызба-ауыз естiп кел, болмаса ерiксiз адамды байламай, қайырған жөн ғой,– дедiм. Ол туралы: «Біләлдағы қатынды қайырамын» – дегенiм жоқ. Оны айтпайтұғыным: қатын да, Біләл да Семейге кетiп қалған. Оны өздерi де анық бiледi және мен қайтарамын дегенмен, шариғатта да, низам бойынша да байсыз жесiр қатынның өз еркi өзiнде болатынын бiлмейтұғын соқыр болмасам керек қой.

Оның соңында Топайлар Тұрағұл мырзаға ара ағайын кiсi жiберiп, ара ағайындар ортаға жүрiп, бiтiм айтқан. Һешкiм ерiксiз бiткенiн көргемiн жоқ. Һам өзiм бiр тиын пайдаланғаным жоқ, оны барша халық бiледi. Онан кейiн күнi бүгiнге дейiн бiр Топай адамы наразылық көрсетiп ешбiрi маған келген емес. Ар-иманын, бiр алласын ойласа өздерi де танбас. Бұл iс туралы «Қайғылы» атты мырза менен басқа да талай адамға жала жауып қаралайды. Әркiм өзiн-өзi бiледi. Олар үшiн мен сөз айтар орыным жоқ.

Егер «Қайғылы» мырза осы сөзiн рас десе, не сот алдында, не халық алдында шын атымен жауаптасса екен. Әйтпесе адамның арын ойыншық қылып, көрiнгенге күйе жағамын дегенiмен, ақты қара қыла алмас.

Шәкерім».

«Сары арқа» газетiнiң 1918 жылғы 15 көкек күнгi санында жарияланған бұл хаттың мазмұнынан байқарымыз, қалайда Шәкерімдi жұрт алдында масқара етiп көрсету үшiн «Біләлдiң бүлiгiн» өте тиiмдi пайдаланған. Хаттағы кеңес – «Алаштың»  кеңесi едi. «Қайғылы» адам өзiнiң саяси қарсыласының осал жерiн тауып, мұқатпақ болған. «Үш жүз» газетiндегi ол мақаланы келтiрiп жатпаймыз деректi келтiрумен шектелемiз. Сонда Ниязбек қарттың неге үндемегенiн аңғарамыз.

Амал қайсы, ақиқатқа араша жүрмейдi. Сондықтан жасырып қалу – өзгенiң емес, кiнәсiз Ғазиза қыздың алдында қиянат. Осынау намысы мен көз жасына өртенiп өлген бишара өмiр иесiнiң обалын арқаламау үшiн де ащы шындықты жария еттiм. Ренiш бiлдiрiп, қабағын шытқан үлкен-кiшi аға мен апайлардың да тiлегiн қинала-қинала отырып, орындамағаным да сол Ғазизаның әруағын сыйлағандығым деп есептеймiн. Біләл туралы Рақымбай ақсақалдан жазып алған өлеңнiң қолжазбасын «Аспандағы үн қосқан» Жәнiбек Кәрменов таба алмады. Бiрақ әншiлерге тән зерде машығының арқасында iшiнара шумақ-жолдары есiнде қапты.

Жәнiбек Кәрменов: – «Бұл өзi төрт шумақ өлең. Оны Көкше табының ақыны шығарған, бiрақ Көкбай емес. Тегi, Біләлдан қатты қиянат көрген адамның сөзi. Өлең:

                                    Сен кеше ұрпағы едiң Құнанбайдың,

                                    Ойлаған өле-өлгенше елдiң жайын.

                                    Апиынға өсiрiп, азбан болдың,

                                    Әруаққа тапсырдым не қылайын –

деп басталады. Екiншi шумағын есiме түсiре алмадым. Онда Біләлдiң қиянаттары тiлге тиек етiлдi де, келесi шумақтағы:

                                    Ар жақта орыс үйiн, күңгiрлеген,

                                    Біләл-ау, iсiң бар ма бүлдiрмеген.

                                    Шешеңдi қатарға ұстап қатын алдың,

                                    Сенен де кәпір артық шүлдiрлеген,–

деген жолдардың астары ашылады. Төртiншi шумақтың алдыңғы екi жолын ұмытыппын. Бiрақ соңы:

                      Айдап сап ағайынды бiр-бiрiне,

                      Бес болыс Тобықтыны шулатқаның,–  

деп бiтедi. Қолжазбаның жоғалуы мүмкiн емес. Түбiнде бiр табылары анық» – дедi.

Жоқтан – бары жақсы. Азға да қанағат. Жәнiбектiң осыны есiне түсiргенiне де рахмет. Бiз тағы бiр шумақтың екi-үш жолын кезiктiрдiк. Түгел табыла қалса, тасада қалмас.

 Адамды қиянатқа қию – қиын. Бiрақ қалай жалтарғанмен де Ақанның озбыр қылығы сол Біләл ауылына қарай ойыса бередi. Өгей де болса – шешенiң аты шеше. Бiрақ Кәкiтай сияқты әкенiң алдындағы ұятты ұмытып, масқараға қалған нәпсi иесiнен бәрiн де күтуге болады. «Қорғансыздың күнiндегi» мына үзiндiден де сондай емеурiн танытады. Қараңыз: «Кемпiр, қонағы – бiр елдiң болысы болған соң, оның үстiне сөзiнiң салмағы бар жуан ауылдың, баласы болған соң, екiншi, әрлi-берлi өткенде бiрде – болмаса бiрде сөзiм, iсiм түсер деп, өзiнiң баласы өлгеннен бергi жайын бiлдiрiп қоюды ойлады». Демек, қала мен екi ортаға тек Күшiкбай ауылы арқылы өтетiн болыстың адамы. Шыңғыстаудағы Оразбай ауылына бұл асу бұрыс. Олар Көкен тауының Бөктерiмен төтелей өтедi. Тағы да үзiндi: «Бөтен елдiң жұмысына не сөз айтам демессiң. Сендердiң сөздерiндi тастай алатын Уақтың баласы жоқ қой». Яғни, Ақан  Күшiкбайдың терiстiгiндегi Уық, Сыбан болысы емес. Кемпiрдiң сөзi: (Ғазизаның әкесi Жақыпқа жамағайын қолқа салып отыр) «Дүниенiң астын-үстiне аударып, сенiң болысыңнан оның ұрысы жуан болып отырған Тобықтыға сенiң жол үстiнде тұрған жаман лашығың жүк болып па?!» Бұл сөздi ақылды ана сол елдiң болысына құлаққағыс жасап, көмек дәмете айтып отыр. Әрi Ғазизаны қарыз малының орнына айырбастамақ ниеттегi «Мәрден – Тобықтының жуан ауылының кiсiсi, ол ақысын сiңiртпейдi» – деуiнде гәп бар. Ең соңғы емеурiн – жазушы бағанадан зар илеген кейуананың сөзiн Ақанның сүлесоқ тыңдағанын: «сөзiнiң бәрi көңілiне таныс, таңғаларлық тамашасы жоқ. Оқып кеткен сабағы секiлдi болды» – деп ишара жасайды. Бұл не? Жай кеңесу ме? Әлде, Біләлдiң мұсылманша, орысша оқығандығын мегзеу ме? Зады, солай сияқты. Өйткенi, түгелiмен тұспалға құрылған кәрi ананың толғауынан кейiн теңеу, бейнелi тiл кестесi үшiн орынсыз сөз қолданатын жазушы Мұхтар Әуезов емес. Қаламгер жақыннан сығалап, алысты көздеп отыр. Сонымен...

Тағы бiр жұмбақтың шешуi тарқатылған сияқты. Жоғарыдағы дәйектерге сүйенiп, озбыр Ақан – оспадар Біләлдiң көркем шығармадағы кейпi деген тұжырымға тiрелемiз.

Осы арада ескертекететiн жай – өмiрде болған оқиғанын барлығы көркем шығармадағы шындыққа әуелгi қалпында кiрiге бермейдi. Iстiң мотивi, кейiпкердiң қимылы, тiптi болған жердi де өзгертiлiп, автордың ырқына бағына таспихталады. Шындықтың бәрi – көркем туындының қажетiн өтемейдi. Ондай дәлдiктi талап етiп қою – тұрпайылыққа жетелейдi. Белгiлi аудармашы Александр Наумовтың «Көркем ойдың туу тарихы» атты кiтабында өзбек жазушысы Абдолла Қаххардың өмiрiнен мынадай келтiредi. «Менiң «Бассыз адам» деген әңгiмем туралы сырттай қарағанда өте қызықты, ал мәнiне үңiлсең ыңғайсыздау оқиға әлi есiмде. Күйеуге зорлап берген қыздың қайғылы тағдырын баяндайтын  бұл әңгiменi 1929 жылы жаздым,– дейдi Абдолла Қаххар – ол кезде мен Қоқандағы «Жаңа Ферғана» газетiнде iстедім. Әңгiме жазуға интермелеген оқиғаны қайдан естiгенiмдi ұмытып қалдым, әйтеуiр сюжет желiсiндегi жағдайлардың болған жерiн, тұрмыстық халдерiн өзгерткенiм анық. Өмiрдегi оқиға кестенiң бiзiндей ғана қызмет атқарды; тек кейiпкер әйелге келген күйеуiн дәрiгерлер қуып шығатын, ауруханадағы көрiнiстi ғана қалдырдым. Қысқасын айтқанда, менiң баяндап берген оқиғам өмiрдегi жағдайдан тым алшақ едi. Әңгiмем «Ер юзы» журналында жарияланды да, iле-шала прокуратурадан шақыру қағаз келдi. Прокурор менi сұстана қарсы алды. Әнгiменiң авторы екенiмдi бiлгенде маған бар ашу ызасан төктi дейсiң. «Жазушылар – қорқақ» – дедi ол. Сөйтсем, мен жазған оқиғаны тексерiптi. Не болды дейсiз ғой? Ойлап қараңызшы – мен кiсi аттарын ойдан шығарыппын! Қоқанда ондай адамдар жоқ! Қылмыскерлердi тауып, жауапқа тарту үшiн адамдардың нақты аты-жөнiн айтып беруiм керек екен. Өмiрде болған оқиғаның қылмыс кодексiнiң тармақтарына сай келе қоймайтынына нандырып-ақ бақтым, бәрібiр ол маған сенбедi. Журналда жарияланған нәрсенiң өмiрлiк шындыкпен қабыспайтыны оның ақылына сыймады, баспасөздiң бәрi шындық деп ұқты. «Бұл оқиғаны «Сағым» романында пайдаландым».

Мұндай түсiнбеушiлiктен туған жайлар қазақ жазушыларының да басында кездескен. Ал белгiлi оқиғаны көркем шығарманың негiзiнде пайдаланған кездерде талай-талай хикаялар өрбiп, әңгіме туралы әңгiме жазатын сюжеттер туған. Бiр кейiпкердiң прототипi менмiн деп үш-төрт адамның таласқан жағдайы да ұшырасқан. Өкiнiшке орай, «Қорғансыздың күнi» прокурорлардың назарына iлiнбеген. Көзi тiрiсiнде Мұхтар Әуезовтiң туындыларының жазылу тарихы, көркем қиялға қозғау салған өмiрлiк оқиғалар хақында тiлдесетiн зеттеушiнiң шықпағаны – көп құпияның көмбесiнiң ашылмай қалуына әкеп соқты. Орыстың ұлы жазушысы Михаил Александрович Шолоховтың балаң шақтағы тырнақ алды шығармаларын оқи отырып: «Шолоховтың өз әңгiмелерiне қойған қатаң талабының әсерiне ғана емес, бiздiң әдеби сыншыларымыздың да кiнәсiнен төл әдебиетiмiздiң шағын жанрындағы асыл қызынасына қосылатын осынау кiшкене маржан түйiршiктерiне осы күнге дейiн тым аз назар аударылып келдi. Көлемi жағынан емес, ойдың молдығы. Сөзiмнiң буырқанысымен ғажайып ерекше тұлғардың өзiндiк ерекшелiгi тұрғысынан алғандағы толғаныстарды тек өмiрдiң өзегiнен суыртпақтап тартуға болатын құбылыс қой» – деп ой түйедi Анатолий Калинин. Дәл осы пiкiрдi Әуезов шығамашылығына қарата, еш өзгерiссiз-ақ қолданса – қиянат емес.

Даналардың ақыл-ой желiсi бiр-бiрiн толықтырады. Әуезов пен Шолоховтың жастары шамалас. Бастарынан кешкен өмiр сабақтары да қарайлас. Екеуiнiң де жастық шағы тарихи төңкерiстiң тұсына тура келдi. Шығармашылық тағдырына итермелген жүрек оттары да қатар тұтанды. Халықтың аласапыран замандағы жанталасы көкiрек шерiн қозғады. Сондықтан да екi алыптың алғашқы шығармаларындағы поэтикалық-романтикалық трагизмнiң сарындас жатуы заңды құбылыс. Екеуi де қыршын жастың қасiретi арқылы өмiрлiк тартыстардың қаншалықты қиынға соғатынын бейнелейдi. Он сегiз жаста қағазға түсiрген «Бармақтай қал» әңгiмесiнде Шолохов әке мен бала арасындағы жантүршiгерлiк оқиғаны суреттей отырып, революциялық күрестiң ащы дәмiн де жасырып қалмайды. Көз ұшында қылаңдаған қызыл армия жауынгерiн көрген атаман оған оқ жаудырады. Аттан ұшып түскен жауынгер көрiп оған қарсы қылышын жалаңдатып шаба жөнеледi. Етпетiнен сұлаған дұшпанның өлi-тiрiсiне қарамастан аяғындағы етiгiн шеше бастайды. Екiнші етiгiн алғанда өлiктiң жалаңаяқ өкшесiндегi бармақтай қалды көрiп денесi түршiгедi. Оқыс ұмтылып шейiт кеткен жауынгердi аударып қалғанда, өзiнiң ұлын таниды. Өкiнiштiң уын iшкен атаман сол арада атылып өледi. «Бармақтай қалда»  да, «Қорғансыздың күнiнде» де жас өмiр иесi қыршынынан қиылады. Екi қыршын да «жазушының қолындағы ойыншыққа» айналып, зұлымдықтың құрбандығы болды және екi шығарма да олардың тұңғыш туындылары. Тағлымды тамырластық бұл.

Шығармашылық жолдары тоғысқан, тiршiлiктерiнде сыйласқан дегдар қаламгерлердiң ертеректегi туындыларын зерделей саралағанда, елеусiздеу көрiнгенмен де, есте ұстарлықтай тосын үндестiктi аңғардық. Кез келген жазушы. Оның iшiнде әлi қамау терi алынбаған талапкер кейiпкерлерiнiң атының өзiн ерекшелеуге тырасатыны белгiлi. Шолоховтың көңiлiне жаққан есiм – Григорий екен. «Азық-түлiк комиссары» , «Иiр-қиыр жол», «Бақташы» әңгiмелерiндегi басты кейiпкерлер – Григорий. Шолоховтың жерлесi Анатолий Калинин «Тынық Донның» заманы» атты очеркiнде: «Байқаңызшы, жас бақташының аузынан өмiрдiң оғындай атылған өткiр сөз мәнерiн кейiн Шолохов өзiнiң «Ең басты» Григорийiне сыйлаған» – деп, аға әрiптесiнiң ат таңдаудағы мақсатын мегзейдi. Дәл осы «ерекшiлiк» Әуезовте де бар. Егер де «Г» мен «Ғ» әрiптерiнiң дыбыс үндестiгiнiң сәл айырмашылығын естен шығарсақ, «Қорғансыздың күнiнде», «Кiм кiнәлiде»,– Ғазиза, «Кiнәмшiл бойжеткенде» – Ғайша, «Бәйбiше – тоқалда» – Ғазиз, «Оқыған азаматта», «Сөнiп жануда», «Үйленуде», «Қыр әңгiмелерi» мен «Қыр суреттерiнде», «Жетiмде» – Рабиға, Ғайни, Қадиша, Жәмила есiмдерi бiр әңгiмеде қатар қолданылады. Осы әңгiмелердегi еркектердiң денi – Қасым. Қарап отырсаңыз, дыбыс салмағының бәрi «Ғ» әрпiне түсетiн, «А» арқылы үстемеленiп естiлетiн есiмдер. Калининнiң тұжырымына жүгiне сараптасақ, осы «Ғ»-ның бәрi «ең басты» «Ғ»-ны, Тоғжанды сомдауға дайындық сияқты. Бұл – түйiн емес, тұспал, Әрине.

Үлкен түйткiл – «Қорғансыздың күнiндегi» адамдардың тағдырынан, өмiрiнен мағлұмат берудiң, оқиғаның қай уақытта болғандығының айғақты дәлелiнiң аздығы. «Жетiм лашықтың»  болғаны рас па? Кiмдер тұрушы едi? Ең қиыны да осы сұрақтың жауабы. Өйткенi, жиырмасыншы-отызыншы жылдары Күшiкбай асуының алқымындағы қонысты жадында сақтаған жандардың жоқтығында. Бар-ау, бiрақ егжей-тегжейiн ұмытып қалыпты. Сонда да, там-тұмдап жиған дерегiмiздi ұсынамыз.

Абайдың немерелес iнiсi Ниязбек Алдажаров: «Сенде қайдағыны сұрайды екенсiң. Әкем-ау, ол заманда таудың бөктерiне тыға салған тымақ құсаған жаман қыстау түгiлi, өзiмiздiң баспанамыздан қоныс таппай, босып жүргенбіз. Бәрі сапырылысып кетті. Әуелi он алтыншы жылғы ереуiлдi жазалауға шыққан отрядтан үрiктiк. Одан кеп Колчак құтырды. Атаман Анненковтың тұсында тау-тасқа жүгiмiздi, үңгiрлерге қыздарды тығып, аңға айналдық. Ары өткен де, берi өткен де Арқалықтың алқымында, қаға берiс қуыста бiр жүдеу қыстау тұратын. Күшiкбай Бұлағы – бекет жолының үстi. Ондай тынышсыз, келiм-кетiмдi жолаушысы мол жерге амалсыздың адамы ғана қоныс тебедi. Малына, жан тыныштығына сүйенген бай көзден таса жердi паналайды. «Қанайдың жалғыз қорасы» сол. Қанайдың көбi – жатақ. Көкен тауының бөктерiндегiлер егiн салады. Абайдың: «Ит жегенше – Қондыбай, Қанай жесiн» дейтiн елi. Иттi – тура мағынасында түсiнбе, безбүйрек, қайырымсыз өз ағайындарын айтып отыр Абай. Ал «Қанайдың қарағаны» – Күшiкбайдың жотасына шығысымен басталады. Қысы-жазы жел аңырап тұрады. Есi бар адам – жалтаңға қыстау салмайды. Ықты паналайды. Қанайдың қарағанына Әуез ауылының малы қыста тебiндейдi. Уақ пен Тобықтының ортасындағы жайылым болса. Екi елдiң де көңiлiн тапқан. Сен, мұның түбiне жетпейсiң. Бiрақ Әуез ауылының айналасын сырып шықшы. Солар жиi араласқан, қыз берiскендерi көп» – деп тосын жол нұсқады.

Жіңiшкере-жiңiшкере келе жоқтың ұшығы арнасын күрт өзгерттi. Көшкен елдiң жұртындағы «қоламтадан»  дәметiп, үрлеп тұтататын үмiт те өшкендей едi. Әуез ауылының сөзiн ұстаған Разақ қарттың да денесiн топырақ жапты. Өзге ел жағдайының бұрынғысын бiлетiн адам бұл ауылда қалмап едi. Естелiктерге, кейбiр өнер адамдарының жеке архивтерiне шұқшидық. Емiс-емiс елес бергенiмен, iле бұлдырап кетедi. Бiреу – Ниязбек ақсақалдың пiкiрiн қостайды, дәлелдей алмайды. Ахмет Әуезовтiң естелiгiнде бар сияқты дейдi. Ол жазбалар әр редакцияның, баспаның тартпасында жатып, ізім-ғайым жоғалыпты. Жарияланғандары орынды-орынсыз қысқартылыпты. Ақырғы көзге көрiнер-көрiнбес түйiн табылғандай болды. Ол – өзiмiз оқи-оқи ақжем қылған Ахмет Әуезовтiң «Жас Мұхтар»  атты естелiгi.

Семей қаласындағы оқуларынан қысқы демалысқа шыққан Қасымбек, Мұхтар, Ахметтi Разақ ауылға алып келе жатады. Жолдағы әңгіме мынадай:

– «Разақ аға,– дедi Қаске. – Кеше Күшiкбайдың бауыры бұрқырап тұр ма едi?

– Айта көрме, қалқам, қаhарына мiнiп, жаяу боран болып жатыр едi.

– Қаске аға,– дедi Мұхтар, осы Күшiкбай кезеңi деп нелiктен аталған?

– Ол былай,– деп, Қаске әңгiмесiн бастады, – бұл таудың сiлемiн Арқалық деп атайды. Мына оң жақтағы биiктегi оба сияқты тас мола Күшiкбай деген кiсiнiң моласы. Ол кезiнде батыр болған кiсi екен. Ел қорғап, жауға жалғыз шапқан адам болған. Өз мекенi осы, мынау ой болған. Жасы ұлғайған кезде Күшiкбай ауырып, әл үстiнде жатады, сол сәтте дұшпандары мұның жүре алмайтынын бiлген соң, жасақтанып келiп, ауылын шауып, малын айдап кетедi. Жауға қарсы тұрарлық адам шықпайды. Сонда әл үстiнде жатқан Күшiкбай белдеудегi атына мiнiп, қару-жарағын асынып, жау соңына түскен. Осыдан 12-13 шақырым жерде, Қанай деген жерде жауды қуып жетiп, ұрыс жасап, жауын жеңiп, қолды болған малдарды айдап керi қайтқан екен. Мына ойдағы үйiне жете алмай, мола тұрған төбе басында ат үстiнде найзаға сүйенiп жан тапсырған екен. Мiне, ағайындары батыр Күшiкбайды сол жерге жерлеген. Содан былай Арқалық кезеңi Күшiкбай кезеңi деп аталған. Көрдiң бе, анау ойдағы қыстау сол Күшiкбайдың қыстауы. Қазiр ол қыстауда Қаптағай апам отыр ғой. Оған қайтарда кiрiп амандасамыз. Қазiр барсақ кешігiп қаламыз, бөгелемiз, атам мен кәрi апамды зарықтырып қоямыз».

Осы үзiндiден екi түрлi iлiкке себеп табылды.

Бiрiншi, табиғат суреттерi мен Күшiкбай батырдың тарихы «Қорғансыздың күнiндегi» пейзажбен бiрдей. Баяндаудағы тiл бояуынан басқа деректi өзгерiс жоқтың қасы. Қыстың қақаған аязында шанамен ауылына қайтқан бала Мұхтардың әсерi әңгiмеде әсерленiп суреттелген. Естелiктегi кезеңге шығып бара жатып: «мына ойдағы үйiне жете алмай...», «көрдiң бе, анау ойдағы қыстау сол Күшiкбайдың қыстау»– деген сөздер әңгіме iшiндегi: « – Батыр-ау, мына Күшiкбай. Менi өлтiрген шешек – осы Ж. қаласы» дей ме? Немене, бiр емес, екi емес, ызғырықтайды да тұрады»; «Осылай алыс жолдан жалығып, тоңып, ығы кетiп қырындап келе жатқан жолаушыларға Күшiкбай кезеңiнiң түбiнде бiр кiшкене қара сызық секiлденiп Қанайдың жалғыз қорасы көрiнедi» – деген суреттермен дәлме-дәл келедi. Демек, шығармадағы қыстаудың орны осы. Ол даусыз.

Екiншi: сол қорада кiм отырды? Әуез ақсақалдың ауылына қандай туысқандық жақындығы бар? Ниязбек қарттың емеурiнi шындыққа айналды. Естелiкте. «...Ойдағы анау қыстау сол Күшiкбайдың қыстауы. Қазiр ол қыстауда Қаптағай апам отыр ғой» – деп, сәлемдесiп шыға алмағанына өкiнедi Қасымбек. Мiне, iздеген суыртпақтың ұшы. Демек, «сексеннен асқан, кәрiлiгi әбден жеткен...»  жасы қартайып, қуаты азайғандығы шын болса да, бетiнде ерекше бiр қайрат бiлiнедi, ерекше пiшiндес, кесек. Үлкен, жалпақ маңдайлы, қошқар тұмсықтау келген үлкен мұрынды... Тақырлау, сұйық қабақтың астынан көрiнген кiшкене өткiр көзi қажыған салқын жанармен жалтылдайды. Маңдайы мен екi ұртына түскен қаптары қалың терең ажымдары өмiрiнiң талай қайғы, талай бейнетiне куә»– әңгiмешi кемпiр Мұхтардың өз апасы болып шықты ғой. «Дауысын бiресе тиiстi жерде қатайтып, өңiн ажарландырып, бiресе ақырындап келiп, аяғын сыбырлап жеке-жеке айтып, ұғымды ғылып, барынша ыждаhатпен айтты»– деп нақты портрет жасауы Қаптағай апаның бейнесiн көз алдына елесте отырып жазғанын айғақтайды. Өзге кейiпкерлердiң кескiн-келбетi, бет-әлпетi, мақамы дәл осындай нақты суреттелмеген және портреттiң өзiнен-ақ Әуез балаларының кескiнi танылады. Әңгіменiң алғашқы 1922 жылғы нұсқасында: «Осы айтылғандай белгiсi бар жүздi көргенде барлық қазақтың бойындағы сабырлылық, саспайтын түкпiрлiлiк, қиын iстердiң ретiн тапқыштық, iсшiлдiк еске түседi. Жас басынан дүниедегi iстiң бәріне сын көзбен қарап, қайғыны да, қуанышты да салқын қанмен қарсы алатын мiнез қазақтың тәуiр адамдарының бәрiнде бар»– деп кейiпкер ананы iш тарта бейнелеуiнен бауырмалдық сезiмнiң лебi шалынады.

Оқиғаны осыдан әрi тәптiштеудiң қисыны шамалы. Жазушы өзi бiлетiн, жанын қинаған ащы шындықты тебiренiспен, жан ашуымен сиясын көз жасына малып отырып жазған.

Жауыздық пен зұлымдықтың суық қолымен iстелген бұл қайғылы оқиға 1916-1920 жылдардың арасында өткен. Қатыгездiкке қатты налыған Мұхтар әке қабiрiн құшақтап жатып дүниеден кеткен бишара қыздың сорлы тағдырының зар-мұнын жоқтаған тұңғыш әнгiмесi – «Қорғансыздың күнiн» 1920 жылы күзге қарай жазды. Кәмилаға қосылған соң, бұрынғыдыай ел аралап, серуен құрып, аң аулауды азайтып, шығармашылық iсiне түбегейлi ден қойған.

Сол жылы Әуез ауылының балаларын оқытқан, кейiн профессор болған Мұсатай Ақынжанов: «Мұхтар көбiнесе шам жарығында жазатын едi. Ауыл адамдары Мұхтардың бұл iсiн аса қадiр тұтып, «жазсын», «сендер кедергi жасамандар»– деп айрықша құрметтейтiн. Кейiн бiр ай бойы мен Мұхтардың өз үйiнде болып, «Ел ағасы», «Бәйбiше – тоқал» пьесаларын, «Қорғансыздың күнi» әңгiмесiн ақ қағазға көшiргенiм әлi есiмде»– деп, куәлiк етедi.

Әңгiме 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының үшiншi-төртiншi санында жарияланды. Сол шығарма арқылы өзгеше құбылысты Әуезов әлемi ашылды.

Мүмкiндiгiнше, тырнақтап жинаған деректердiң ұзын-ырғасы, осындай. Қателiк те, жорта жорамал да қылаң бердi. Әйтеуiр, адалдықтан айнымауға ұмтылдық. Ең соңында Күшiкбайдың алқымындағы ескi қыстауға тағы бiр мiнәжат ету үшiн сапарға шығып ек.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір