Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 19060 2 пікір 14 Ақпан, 2017 сағат 11:40

ДОС КӨШІМ. ҮКІМЕТІМІЗ АР-ҰЯТЫН ЖОҒАЛТҚАНДАРДАН ЖАСАҚТАЛҒАН БА?

...Президенттің 2017 жылғы Жолдауындағы ең бір таңқаларлық сөйлем «Қазақ тілінің басымдылығы сақталады» деген жолдар болды. Осыны оқығанда жыларымды да, күлерімді де білмедім. Мүмкін, бұндай күйге түсуімнің себебі – Жолдаумен танысудың алдында ғана Сіздердің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, отырысын әлеуметтік желіден көргендігім болар деп ойлаймын. Мемлекеттің басында отырған барлық басшы қызметкерлер – премьер мен оның орынбасарлары, министрлер – отырыстарын көрші Ресей елінің мемлекеттік тілінде өткізді. (Басы қазақ тілінде басталғанын жоққа шығармаймын, бірақ ол мәселеге де кейінірек тоқталамыз).

Ең қызығы, бес жылда ана тілін ұмытып қалған жаңа министрден басқаларыңыз қазақ тілін бір адамдай білесіздер, сөйлей аласыздар, бірақ, неге екенін білмеймін, отырыстарыңызды орыс тілінде өткізесіздер. Ең қорқыныштысы, осы уақытқа дейін, іштеріңізден бір адам шығып: «Ей, азаматтар, ұят болады ғой, өзіміздің мемлекетіміздің тілінде сөйлейік» деуге жарамады...Білмеймін, қазақ елінің Үкіметі ар-ұят,  намыс дегенді жоғалтқан, ыңғайсыздық дегенді білмейтін жандардан жасақталатын болған ба?   Егер бұл жағдай 90-жылдардың басында орын алса, «әй, әлі үйренеді ғой, қазақшасы нашарлау екен...» деп қоя салар едік, ал қазір Сіздерді қалай ақтап аламыз. Әлде, Президенттің «қазақ тілінің басымдылығы сақталады» деген сөзінің нақты көрінісін көрсеткендерің осы ма?

Егер өздерінің үкіметтерінің отырысында Қытайдың премьер-министрі жапон тілінде немесе Француздың министрі ағылшын тілінде сөйлей қалса, ертеңіне-ақ қаны қарайған бір отандасы оларды атып тастар еді, немесе халықпен бірінші кездесулерінде шіріген жұмыртқаның астында қалар еді. Біз – үндемейміз. Бірақ оған қарап қазақтарға бәрі бір екен деп ойлап қалмаңыздар. Біз Қазақстанның төрінде, үкімет үйінің ішінде өздерінің мемлекеттік тілін менсінбейтіндерге қарап қынжыламыз, ашу-ызаға булығамыз, қорланамыз, жерге кіріп кете жаздаймыз! Естеріңізде болсын, сол арқылы халықтың билікке деген көзқарас қалыптасады, биліктің іске асырып жатқан бағдарламаларына, жоспарлары мен іс-әрекеттеріне деген кері, жиіркенішті көзқарас қалыптасады. Әрине, біздің көзқарасымыз Сіздердің жалақыларыңыға әсер етпейді, сондықтан болуы керек, басқа тілде шүлдірлеуді тоқтататын түрлеріңіз жоқ. Орыс тілінде өткізген әрбір отырыстарыңыз, ресми жиындардағы орыс тіліндегі баяндамаларыңыз – қазақ тілінің қолданылуын бір жылға шегеріп отыратынын да ұмытпаңыздар. Сол арқылы Сіздерге деген сенімсіздік қалыптасады! Ал Үкіметке деген сенімсіздік – мемлекетке деген сенімсіздікке алып келеді. Демек Сіздердің орыс тілінде өткізген әрбір отырыстарыңыз, ресми іс-шараларда орыс тілінде сөйлеген әрбір сөздеріңіз мемлекеттік билікке деген сенімсіздікті арттыра түседі. 

Екіншіден, Сіздердің өзге тілде өткізген отырыстарыңыз – Үкіметті екіжүзді етіп көрсетеді. Себебі, мемлекеттік тілді дамыту бағдарламаларын қабылдайтын да, оның орындалуын бақылайтын да, жыл сайын мемлекеттік тілді дамытуға миллиондаған қаржы бөлетін де – Үкімет, сондықтан мемлекеттік тілді қолданудың үлгісі де Өздеріңіз болуларыңыз керек. («Дәрігер, ең алдымен өзіңді емдеп ал!» деген сөз бар). Ондай болмаған жағдайда – айтқан сөзі мен жасаған іс-әрекеті үйлеспейтіін жандарды қазақ атамыз «екіжүзді» деп атаған.

Кейде маған Үкімет мүшелерінің немесе мемлекеттік қызметкерлердің өзге тілде сөйлегені – қазақ тілін үйренгісі келмейтін адамдарға немесе шовинистік топтарға көрсеткен қолдауы сияқты болып көрінеді. Үкімет отырысындағы Сіздердің сөйлеу тілдеріңіз оларға: «Саспаңдар, Қазақстандағы биліктің тұтқасын ұстап отырған біздің де таңдауымыз - орыс тілі, жоғарыда сендердің қолдаушыларың, қорғаушыларың бар» деген ой береді, жел береді, қолтықтарына су бүркеді...

Біз қазақ тілін дамыту, тірілту, мемлекеттік тіл дәрежесінде қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдану бағытында сан түрлі тәсілдер қолдандық. Заң да қабылдадық, 10 жылдың ішінде жасалатын жұмыстардың бағдарламасын да жасадық, басқа ұлт өкілдерін теледидарға да шығардық, қазақша ән айтқызып би билеттік... Меніңше, тілді дамытудың жолы біреу-ақ – бұл қазақ тілінде жазу және сөйлеу. Бұл бағытта жүктің үлкені – елдің басшыларына – Сіздерге түседі. Әркім өзінің арының алдында жауап беруі керек.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2274
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591