Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 10934 0 пікір 16 Ақпан, 2017 сағат 15:02

"ТАЯҚТЫҢ КӨКЕСІН ТРАМПТАН ЖЕЙСІҢ..."

Бұл Беларусь Президенті Александр Лукашенконың Путинге айтқаны. Бұл сөздің айтылғанына бір ай өтпей жатып, Трамп өзінің Қырымға қатысты пікірін ашық білдірді.

Өзінің Твиттердегі парақшасында АҚШ Президенті Қырымның Ресейге заңсыз берілгенін және оның Украинаға кері қайтарылуы тиіс екендігін жазды.

Сөзбе-сөз аударғанда «Қырымды Обама әкімшілігі кезінде Ресей басып алды. Обама орыстың мұнысына осалдық танытты  ма?» дегенге саяды (Crimea was taken by Russia during the Obama Administration. Was Obama too soft on Russia?).

Шындығында Трамп АҚШ-тағы Президент сайлауында жеңіске жеткенде, жеті әкесі тіріліп келгендей қуанған ресейліктердің дені Трамптың бұл сөздерінен кейін делсал болғаны анық.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Шон Спайсер Президент Трамптың сөздерін нақтылап берді. «Президент Трамп түсінікті қылып айтты. Ресей үкіметі Қырымды Украинаға қайтаруы тиіс», - деді ол. Бұны немістің «dw.com» агенттігі жазды.

Кремльдегілер төбелеріне көтерген Трамп қыр көрсетеді деп ойламаса керек. АҚШ президентінің жазбасынан сәл бұрын брифинг өткізген Путиннің хатшысы Дмитрий Песков Қырым туралы сөз болмайтынын айтыпты.

«Бұл тақырыпты мүлде талқылауға болмайды. Ресей өз территориясы туралы өзгелермен ақылдаспайды», - дейді Песков (Это тема не будет обсуждаться, ибо она не может обсуждаться. Россия не обсуждает вопросы, связанные со своей территорией, с зарубежными партнерами). Бұл BBC-дің орыс қызметінің дерегі.

Бұл арада Пентагон да Путинге азуын батырды. «Ресеймен арадағы қарым-қатынастарға тоқсалсақ, АҚШ Мәскеумен «күш сынасуға» дайын», - деді АҚШ-тың су жаңа қорғаныс министрі Джеймс Мэттис. Жақында ғана әсірересейлік көзқарасы үшін Майкл Флинн қызметінен қуылған. Мэттис Мәскеушіл Майклдың орнына тағайындалған. НАТО мүшелерімен кездесу кезінде генерал Мэттис Қырым мәселесін, Сириядағы жағдай мен Түркия – Ресей қатынастары алдағы уақытта күн тәртібіндегі мәселе екенін жеткізді.

Трамп теріс айналды. Ақпанның басында АҚШ-тың БҰҰ-дағы бас хатшысы Никки Хейли Ресейге салынған санкциялардың кері қайтарылмайтынын айтқан-тын. «Біз Ресеймен арамызды жақсартқымыз келеді. Бірақ, Украинаға жасалған басқыншылыққа Ресей жауапты. Тиісті жазасын алмай жатып, ешқандай санкция қайтарылмайды», - деді Хейли ханым.

Естеріңізде ме, Батька айтып еді ғой. «Трамп проресейлік емес, проамерикандық президент» деп. Путиннің әкесін Трамп танытуға бейіл. Қазірдің өзінде Польша мен Балтық елдеріне АҚШ пен НАТО әскері кірді. Немістің Бремерхафен портына АҚШ әскери танктері мен артиллериялық қондырғылары қаңтарда жеткізілген. «Russian.rt.com» жазады, АҚШ пен НАТО Ресейдің дәл түбіне дейін әскер әкеліп, соғысқа дайындалуда-мыс.

Немістің «Bundesdeutsche Zeitung» газеті «АҚШ танктерін Германияға әкеліп, Ресеймен соғысқа дайындалып жатыр» деп жазыпты. Сөйтсек, ұзындығы 14 шақырымға созылған  900 вагон әскери техника жеткізілген.

Одан кейін АҚШ танк әскерінің 4-бригадасы Польшаға келді. «Charter97.org»  сайтының жазуынша, олар Калининград  шекарасынан 70 шақырым жерде орналасқан. Бұдан бөлек, Балтық елдеріне де НАТО әскері жеткізілген. Бұл ресейліктер табынатын Трамптың тегеуріні болса керек.

Еуро одақтың ең қырсық Президенттірінің бірі  Даля Грибаускайте де әскери көмектен кетәрі еместігін көрсетті. (http://www.foxnews.com/world/2016/12/27/soft-is-out-putin-trump-force-eu-to-harden-its-defense.html).

 

Әлгінде ғана, Доналд Трампты ұлықтап жүрген ресейлік саясаткерлер енді өзгеше сөйлей бастады. Кремльдің басты тәпсіршісі Дмитрий Песков «НАТО-ның әскерін күшейтуі Ресейге жасалған ашық қоқан-лоққы» деді. Дүние өзгеремін десе, әп-сәтте деген. Ақпанның басында ғана Батька айтқандай, Путин таяқтың көкесін Трамптан жейтін секілді.

Айтпақшы, әлемдік бітімгер Астана әлі үнсіз. Сирия мәселесін талқылап жатқан Астана алда-жалда АҚШ ақырып, орыспен соғыса қалар болса не істемек? Ескерте кетейік, геосаяси картада Ресейдің антына адал одақтасы біз ғана. Әуелгі үштіктен Батька биыл ғана отауын оқшаулады.

Oсы тұста айта кетерлік тағы бір жайт – 2015 жылы Қазақстан Ресейдің жұлдызды соғысына «Балқаш торабын» берген.

2011 жылдан бері Ресейдің бастамасымен Кедендік одаққа мүшеміз. Солтүстіктегі көршіміздің талай жылдар үстемдік еткеніне етіміз әбден үйренген. Олардың бірде-бір өтініштерін жерде қалдырған емеспіз. Ең өкініштісі, ядролық қарудан бас тартқанымызға 25 жыл болды деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, орыс зымырандарынан, сынақтардан әлі күнге көз ашпай келе жатсақ та «қыңқ» демейміз. Дәл бүгінгі таңда Қазақстанда Ресейдің 6 полигоны бар. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ-пен жарысып қарулануды мақсат еткен КСРО 1950 жылдардан бастап әскери полигондарын қаптатып аша бастаған. Бір таңқаларлығы, Ресейдің осы әскери полигондарының басым бөлігін Қазақстан аумағында ашуы. Қазақтың кең даласы – Ресейдің үлкен полигон алаңына айналған және айналып отыр. Әрине, 1992 жылдан кейін қазақ даласындағы полигондардың аумағы әжептәуір азайды. Дегенмен, әлі күнге дейін Қазақстанның 11 миллион шаршы гектары Ресейдің әскери полигондары үшін жалға берілген. Бір жолы саясаткер Расул Жұмалы айтып еді, кезінде 90-жылдары Семей полигонын жапқанда, сонымен тоқмейілсіп, масаттанып жүрдік. Ал сол кезде Қазақстанның аумағында сондай 8 нысан, қосымша 6 әскери база болды. Шын мәнісінде соның біреуі ғана жабылды. Семей атом полигоны. Жабылғанның өзінде біздің мүддеміз еш есепке алынған жоқ. Мысалы, батыстан ұшқан зымыран Балқаш маңына келіп құлайды.

Ол жерлерде Қазақстанның үкімі жүрмейді және сөз болып отырған аймақ территориясы жағынан Польша секілді Еуропадағы ірі мемлекеттің аумағымен пара-пар аумақ. Қазақстанның тұтастый екі облысын қамтитын жер. Мәселе қайда жатыр. Біздің мақсатымыз соғыс шақыру емес, дегенмен «орыстан досың болса, айбалтаң қасыңда болсын» дегенді де ұмытпауымыз керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір