Жұма, 19 Сәуір 2024
Қаржы 4905 0 пікір 21 Ақпан, 2017 сағат 20:27

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ ҚАРЖЫНЫҢ ИГІЛІГІН ТЕК ҮКІМЕТ КӨРМЕУІ ТИІС

Бүгін Астанада өткен жиында  ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау Қазақстан халқының бірыңғай зейнетақы жинағынан тағы 50 миллиард теңге алынатынын айтты. Сөйтсек ол ақша теміржол саласын дамытуға жұмсалады екен. Нарықтағы пайыздық мөлшермен инвестиция түрінде жұмсалатын қаржыға Ұлттық банк мақұлдығын берген-міс. Басы бәледен арылмаған Ұлттық банктің басқарма кеңесі осылай депті.

Жақында ғана қазақстандықтардың зейнатақы қорына жауапты Ұлттық банктің былығынан кейін Қоғамдық кеңес құрылып, оның тізгінін Досым Сәтпаев мырза ұстаған.

Біз Альберт Раудың ресми мәлімдемесіне қатысты қоғамдық кеңестің төрағасы, саясаттанушы Досым Сәтпаевтің пікірін білдік.

- Досым аға, сіз жақында ғана осы қоғамдық кеңеске төраға болдыңыз. Білуімше, қоғамдық кеңестің құзыреті шамалы...

- Өзіңіз білесіз, қоғамдық кеңеске төраға болғаныма бар болғаны 1 апта. Біз, түрлі саланың мамандарынан жиналған отызға шақты адам біріншіден консультативті жұмыстармен айналысамыз. Біз Ұлттық банктің, министрліктің жұмыстарын бақылап, оның ашық әрі жария түрде жүргізілгенін талап етеміз.

- Бүгін вице-министр мырза зейнетақы қорынан 50 миллиард теңге алуға құлшынып отырғанын көрсетті. Бұған не айтасыз? 

- Вице-министр Рау мырза бүгін бірыңғай қордан 50 миллиард теңге алынатынын және оның теміржол саласын дамытуға жұмсалатынын айтты. Бұған біз, қоғамдық кеңес қарсы пікір айттық. Иә, біз қарсымыз. Себебі, теміржол саласын субсидиялаудың өзге де жолдары бар. Ал жаңа ғана маған ҚР Инвестиция және даму министрі хабарласып, орынбасарының мәлімдемесіне қатысты пікірін айтты. Кешірім сұрады. Бұл біздің кеңестің мәлімдемесіне жоғарғы жақтан реакция бар екенін байқатты. Біз бұл процесстердің ашық әрі жария түрде өтуін талап етеміз.

- Досым аға, қоғамдық кеңес жаңағы Үкіметтің бастамасын кері қайтара ала ма?

- Біз зейнетақы қорындағы қаржыға қатысты барлық процесстерге бақылаушы ретінде қатысамыз. Үкімет те, Ұлттық банк те, қоғамдық ұйымдар да бізбен санасуы тиіс. Біз халықтың өкіліміз.. Бұл болашақ зейнеткерлердің ақшасы. Бұл қазіргі зейнеткерлердің ақшасы. Сондықтан, бұлай беталды ақша алынбауы тиіс.

- Жаңағы сөз болған 50 миллиард теңге инвестиция ретінде қолданылады деді. Үкімет ә, десе болды, зейнетақы қорына ауыз салуды әдетке айналдырып алғандай көрінеді. Жобаларын қолдаудың өзге әдісі жоқ па?

- Бар. Болғанда қандай?!. Бір дүниені мойындау керек. Зейнетақы қоры мен Ұлттық банк бүгінгі жағдайда Үкіметтің әмияны секілді. Халық та ақымақ емес қой. Инфлияция бар, девальвация бар. Жобалардың өзін-өзі ақтамауы бар. Бір сөзбен айтқанда тәуекелі көп.

- Мысалы...

- Зейнетақы қорын басқарудың Сингапурлық әдісін мысалға келтірер едім. Қазір Қазақстанның зейнетақы қорындағы қаржы халықтың емес, жекелеген компаниялар мен жобаларға субсидия түрінде Үкіметтің мүддесіне жұмсалып жатыр. Ал салымшылар өз қаржыларына бақылау жасай алмайды. Сондықтан, біз Сингапурдың жүйесін қолданысқа енгізуді ұсынамыз. Ол дегеніңіз – зейнетақы қорының 3 түрін енгізу. Біріншісі – кәдуілгі қор. Яғни зейнет қоры. Адамдардың зейнет жасына келгенде алатын ақшасы. Екінші – тұрғын үйге арналған қор. Бізде қазір қаншама қазақстандық пәтерден пәтерге тентіреп жүр. Бұл проблеманы шешуде оңтайлы болмақ. Үшінші – медициналық  қор. Кез-келген төтенше жағдайда салымшы өзінің қордағы қаржысы есебінен емделуге мүмкіндік жасау. Қазір айта кетейік, түрлі сал аурулары немесе күрделі ота жасалуы тиіс жағдайлар көптеп кездесіп жатыр. Олардың ем ақысын төлеуге мүмкіндіктері жоқ. Ал медициналық қор болған жағдайда – әлгі проблемаларды шешуге әбден болатын еді.

- Бұл қаншалықты тиімді? Себебі, өзіңіз айтқандай, салымшылар, яғни сіз бен біз ол қордағы қаржына бақылай алмаймыз ғой.

- Міне, сондықтан біздің қоғамдық кеңес құрылды. Рас айтасыз, біздің Ұлттық банк пен Үкіметке жолданған ұсынысымызда – тұрғындардың, салымшылардың зейнетақы қорындағы қаржыны жарты сомасын уақытынан бұрын шешіп алу құқығын беру болды. Бұл дегеніңіз, кез-келген төтенше жағдайда, салымшыларға шоттарындағы қаржының жарты бөлігін игеруге  мүмкіндік жасау.  Егер осы механизмдерді қолданысқа енгізсе кейбір мәселелер шешімін табары сөзсіз. Әйтпесе, қанша адам пенсияға шықпай жатып қайтыс болып жатыр. Өмірлік бейнетінің зейнетін көрмей марқұм болып жатқандардың қаржысы сұраусыз қалмауы керек. Қатаң болса да солай. Зейненақы қорындағы ақшаның игілігін тек Үкімет көрмеуі тиіс қой. Сондықтан, біз өз ұсыныс, талаптарымызды әлі де айтатын боламыз. Әзірше, біз бақылаушымыз.

- Дұрыс айтасыз, аға. Уақыт бөліп, пікір білдіргеніңізге рақмет. Істеріңізге сәттілік.

- Сіздерге де рақмет.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

0 пікір