Жексенбі, 31 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 10858. Жазылғандар — 5220. Қайтыс болғандар — 38
Дін 2958 0 пікір 23 Ақпан, 2017 сағат 10:05

САЛАФИЗМ – БИДҒАТ ЖОЛ

                                               

Қазір салафилік идеология араб елдерімен шектелмей, әлемнің көптеген аймақтарына таралып үлгерді. Қазақстан мұсылмандары арасында, әсіресе жастар ортасында салафилік көзқарастар кеңінен таралу үстінде. Олар жастардың санасын бұзып, мәңгүртке уағыздауда. Мұны тағы да тілге тиек етпеске болмайды.

 Бұған біз де кінәліміз!? Себебі, жақынымызды, өз бауырларымызға жақсы жолды көрсете алмадық. Ата-ана бала бағып, жан сақтаудың қамымен азанда кеткеннен түн қата оралды. Еріккен бала ғаламторды ермегіне айналдырғандықтан, өз еркін жеңе алмаған кейбір жастарымыз шетін уағыздарды тыңдап, шала жансар «діндар» болды. «Ештен кеш жақсы» деген, ендеше, ел ішінде адасып жүрген азаматтарымызды жат ағымдардың ықпалынан арашалап, оларды қорғау, адасқандарды ақылға шақыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мұхаммед пайғамбар: «Дінде шектен шықпаңдар, шектен шығу құрдымға кетіреді», – деген. Бір елді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отырған экстремистік және лаңкестік әрекеттер шектен шығушылықтың, радикалды көзқарастардың салдарынан орын алып отыр.

Жалпы, салафизм деген қандай ағым? Салафизм сөзін қалай түсініп жүрміз? Өзі де бұл ұғымның мәнін терең түсінбейтін жамағаттың құрамына кіріп, өзін «салафимін» деп жариялау қаншалықты дұрыс? Міне, осы сынды сан сауалдар қоғамның көкейінде жүр...

Мұндай сұрақтарға отандық дінтанушы-ғалымдарымыз бен ҚМДБ тарапынан жүйелі жауаптар берілуде. Көптің көкейіндегі дүдамал сауалдарға «салафияны» дінге кейіннен енген «бидғат жол» деп анықтама берген, әлемге әйгілі ислам қайраткері, профессор, доктор Мұхаммед Саид Рамазан әл-Бутидің (1929-2013) «Салафия» кітабы бойынша «Салафия» ағымының пайда болу тарихы туралы білген-түйгенімді назарларыңызға ұсынуды жөн санадым.

Алдымен «салаф» сөзінің шығу төркініне қысқаша шолу жасасақ, оның бастапқы мағынасы «алдыңғы, бұрынғы» дегенді білдіреді. Демек, уақыт ағымының өткен кезеңі кейінгілер үшін «салаф» деп аталған. Алайда, бұл сөз ислам дінінен тұрақты орын алды да, арнайы ұғымға айналып, басқа мағынада қолданылмайтын сипатқа ие болды. Діни әдебиеттер «салаф» кезеңінің ислам дәуірінің ішіндегі ең абзал кезең болғанын дәлелдейді. Ол дәуір ислам үмметінің Мұхаммед пайғамбардан басталатын алғашқы үш буынының шағы еді. Себебі, Бухари мен Муслимде, Абдуллах ибн Мәсғудтан риуаят етілген хадисте Мұхаммед пайғамбар: «Адамдардың ең абзалы – менің заманымдағылар. Одан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Олардан кейінгі абзалдары – олардан кейін келгендер. Бұлардан кейін куәлігінен бұрын анты, антынан бұрын куәлігі жүретін қауымдар келеді» – деген, яғни алдыңғы үш ұрпақтың бойында сақталған ізгілікті айтып кеткен. 

Осы үш буынның абзал болуының негізгі себебі – олардың пайғамбар тәлімінен тікелей сусындап, өнегелі ғұмырынан сабақ алуы. Сахабалар исламның сенім негіздері мен діни ұстанымдарын Мұхаммед пайғамбардан тікелей үйренді. Ал, табиғиндер (сахабаларды көрген мұсылмандар) сахабаларға еріп, табаға-табиғиндер (табиғиндерді көрген мұсылмандар) олардың насихаттарын тыңдап, тәлім-тәрбиелерін көргендіктен, сол шынайы ізгіліктен нәр алды.

«Салаф» деген сөзді басты құралға айналдырып, ислам шариғаты мен түсінігіне жат, лаңкестікке бой алдырып жүргендер үлкен қателікке ұрынуда. Бүгінгі күні «салафизм» ұғымын мұсылман атын жамылған жат ағымдар бетпердеге айналдырып, өзіндік пәлсапа қалыптастыруда. Өкінішке орай, ислам атын жамылған, саны бар да сапасы жоқ жамағаттардың тізіміне «салафизм» атымен жаңа бір ағым қосылып, «өзгеше» болмыстарымен ерекшеленуде. 

Бұрыңғы салаф дәуіріндегі тақуалар мұсылман үмметінен басқа да кітап иелері мен қауымдарды қамтығаны баршаға мәлім. Сол кезеңнің өзінде ислам атын жамылған топтар мен ағымдар әр түрлі желеумен мұсылман үмметінің ғұламалары мен имамдары тарапынан мақұлданған Құран мен сүннетті түсіну, тәпсірлеу жолынан ауытқыды. Бұл ауытқу оларды әр түрлі шырғалаң мен адасушылыққа итермелеп, іштей топ-топқа бөлінуге ұрындырды. Солардың қатарында болған харижия, муржия, мұғтазилалар кейіннен өз іштерінен көптеген тармаққа бөлшектеніп, бірін-бірі күпірлікпен айыптады. Бүгінгі салафилердің де әрекеттері мен сенімі харижия, муржия, мұғтазилалар секілді екенін байқауға болады.

Кез келген реформалық қозғалыстар секілді адамдарды тартып, өзінің мақсатына жету үшін бұл ағым «салафия» ұранын ұстанды. Бұл – бидғаттар мен қате нанымдар шынайы өмірден алыстатып, «исламға тән емес барлық әрекеттерден тазартуды» мақсат етті. Сонда ғана мұсылмандар сәләфус-салихтардың заманындағы діни түсініктер мен ұстанымға оралып, солардың ізімен жүрер еді деген үміт болды. Олардың салаф заманындағы түсінікке табандап тұруларының мәні – ислам әлемінің басым бөлігінде кең жайылған бидғаттарды, қате нанымдар мен түсініктерді жою болды. Алайда, исламның ақиқатын меңзейтін бұрынғы түсініктерді «Салаф немесе Салафия» ұранымен байланыстырғысы келді. Бұл мағыналарға лайық ислам атын жамылған салафиядан басқа сөз бар ма?

Тарихқа ұзақ уақыт үңілдік, көптеген зерттеулер жасадық, бірақ, исламның ешбір дәуірінде салафия мәзһабы жайлы дерек кездестермедік,  сондай-ақ, өзінің ағымына тән шектеулі пікірлері мен ахлақтарына адамдарды шақыру арқылы мұсылмандардың арасында қандайда бір «салафия» деп аталатын топ болғандығын ешкім де айтпаған. Олай болса, бүгінгі көзімізбен көріп жүрген, әлемнің назарын өзіне аударып, дау-жанжал мен айтысты өршітетін бұл ағымның бастауы қалай пайда болған? – деген сұраққа қызқаша ғана қосымша жауап іздеп көрейік...

Уаһабилік немесе салафилік ағымының негізін Мұхаммед ибн Абдулуаһаб (1703-1792 ж.ж.) қалаған. Ол ХІІІ ғасырда өмір сүрген Ибн Тәймияның қатаң қағидаға сүйенген бұрыс сенімін басты идеологиялық қару етіп алған. Мұхаммед ибн Абдулуаһаб әһлі-сүннет сеніміне қайшы еңбектер жазып, өзіндік саяси белсенділігін пайдаланып, тарих сахнасында Араб түбегіндегі  Нәжд аймағынан бастау алған бүліктердің пайда болуына себеп болды. Сондай-ақ, бұл ағым Мысырды британдықтар отарлаған кезеңде Жамалуддин Афғани мен Мухаммад Абдух басқарып, туын желбіреткен діни-реформалық кезеңде де қатты қарқын ала бастады. Өйткені, Мысырдың сол кездегі жағдайына байланысты осы қозғалыс «салафия» ұранымен танылған еді.

Бұл қозғалыс сәләф қауымына жақындауға тырысып, «салафия» ұранын өзінің аты ретінде иеленгенімен, басқа тұрғыдан салаф-салихиннің ұстанымдары мен әрекеттерін қабылдамай, керісінше олардан алыстай берді.

Осы кезеңде Мұхаммад ибн Абдулуаһаб (1703-1792 жж.) есімімен байланысты «уаһабилік» ағымы белгілі себептерге байланысты Нәжд пен Араб түбегінің кейбір түкпірлеріне тараған болатын. Уаһаби ағымы мен Мысырдағы діни қозғалысты басқарушылардың ортақ бағыттары болды. Бұл пиғыл – бидғат пен қате нанымдарға, әсіресе сопыларға қарсы күресуде байқалатын. Осындай ортақ пікірлер уаһабилік ағымның басшылары арасында салаф және салафия сөзінің жайылуына негіз болды. Барлық мазмұны мен ерекшеліктері Мұхаммад ибн Абдулуаһабтың негізсіз таным-түсінігіне тіреледі. Олар «уаһабия» сөзінен мазасызданып жүргенде, «Салафия» сөзі көңілдерінен шығып, «уаһабия» сөзін «салафия» сөзімен ауыстырды да, бұрынғы сенімдерін осы атпен таратуға кірісті. Сонымен, бұл жолдағылардың пікірлері мен ұстанымдары Мұхаммед ибн Абдулуаһабпен шектелмей, одан әрі салафилік ағымға ұласты. Сөйтіп, олар «исламды түсініп жүзеге асыруда салаф ақидасының пікірлері мен ұстанған жолдарының сенімді өкілдері боламыз» деген пікір қалыптастырғысы келді.

Міне, кезінде бір қозғалыстың атауы болып, соның ұстанымдарын таратқысы келгендер осылай бір ағымға айналып шыға келді. Бұл ағымдағылар өзге мұсылмандардан ерекшеленіп, өздерін ғана «ақиқат жолындамыз» деп санайды. «Біз, салаф ақидасының сенімді өкіліміз және олардың исламдағы жолын жалғастырушымыз» деп көрсеткісі келеді. Бұл ағымдағы  адамдардың адасушылығы – «ең дұрыс ислам жамағаты – біз» деп ойлауы.

Бұрынғы салафус-салихин ғұламаларынан мұндай ілім қалмаған, олардың қай-қайсысы да мұсылмандар бірлігін бөлшектеуге жол бермеген.

Ендеше, құрметті оқырман, біздің де бүгінгі «сәләфияны» дінге кейіннен енген «бидғат жол» деуден басқа амалымыз жоқ...

Әбуов Т.Т, ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының Діни ахуалды талдау және мониторинг бөлімінің  басшысы, бас ғылыми қызметкер

Abai.kz

0 пікір