Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ел іші... 6373 0 пікір 23 Ақпан, 2017 сағат 10:16

«ӘРКІМ» ДЕГЕН КІМ?

ӘРКІМ – «Әр» және «Кім?» деген екі біріккен сөзден тұрады. 

Әр - беттің әрі, әр кіру, әр алуан, әр түрлі, әр жақта, әр кез, әр кезде, әр нәрсе, әр саққа жүгірту, әр тарап, әр уақытта, әрбір, әрсіз, әрбіреу, әралуан, әрең, әрқайда, әрқалай, әрі-сәрі, әрне, әрнеме т.т. болып кете береді. Беттің әрі – ұяты, беттің қызылы, беттің нұры, баламасы – Адамның ары. Ары қарай «Әр»-дің әртүрлі мағына да қолданылуы оның пісіп, жетіспеген, тұрағы қалыптаспаған, яғни ақиқаты анықталмаған дүние екендігін көрсетеді.  Біз бұдан «Әр» деген сөздің түпкі мағынасы қазақтың «Ар» деген сөзінен алынғандығын көреміз.

Кім – атың кім? Демек, «әркім» дегеніміз, кім болса сол: үлкен де, кіші де, ауру да, сау да, жауыз да, жалмауыз да, ұры да, қары да, жемқор да, парақор да деген сөз. Ал, осы сөзді орысша «каждый» деген сөздің аудармасы ретінде қарайтын болсақ, ол тіпті де сорақы. Онда «каждый» деген сөздің ішіне  ит те, бит те, шошқа да, маймыл да кіріп кетеді. Оларда бұл сөз «этого знает  каждая собака, каждая свинья, каждая обезяна» деп қолданыла береді.  

Олардың «каждый» (место определительный) сөзі:  каждые три дня - әрбір үш күнде; каждый второй – аралата; каждый день – күнде, күнделікті, күн сайын; каждый месяц - ай сайын, әр айда; каждый раз - әр жолы; каждый час - сағат сайын;  каждый человек – әр адам; каждый честный человек - әрбір адал адам деп аударылады.

Демек, қазақ баласы үшін «әркім» деген сөздің негізгі мағынасы анау айтқандай жақсы сөз емес. Осы әркімдердің кесірінен ашық-шашық жатқан елге айналдық. Мысалы, Еліміз де әркім ойына не келсе соны істейді. Әркім әр тіл де сөйлейді. Әркім әр дінді ұстанады. Еліміздің билігіне «әркімдер»: қылмыскерлер, парақорлар, жемқорлар, мемлекеттік тілде екі сөздің басын  құрай алмайтындар араласады. Сол сияқты жеңіл жүрісті әйелді де,  «әркімнен қалған салдақы» деп атайды. Ары қарай да тура осылай, «әркім» деген сөз ойына не келсе соны істеп кете береді...

Демек, Қазақстан Республикасының Азаматы деген киелі сөзді «әркімге» алмастыру, баяғы төл теңгеміздегі Ұлы Аталарымыздың бейнесін тау мен тасқа және зоопаркке алмастырғанмен бірдей дүние болып шығады.

Ұрпағымыздың келешегін айқындайтын Ата заңымызға «бір аяғы сай да, бір аяғы көр де», тұрағы айқындалмай тұрған «әркім» деген сөзді қолданғанымыз дұрыс болмайды.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

0 пікір