Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 6377 0 пікір 23 Ақпан, 2017 сағат 13:18

ШЕТТЕГІ ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСІН АТА-ЗАҢ ҚОРҒАУЫ ТИІС

 

ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі

Ә.Р. Жақсыбековке

                                                                                               және

Қазақстан Республикасы

Президенті Әкімшілігінің

Мемлекеттік құқық бөліміне

 

Құрметті Әділбек Рыскелдіұлы!

Елбасы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы бастама көтеріп, сол өзгерістер мен толықтыруларды талқылауға бір ай уақыт берді. Міне, көзді ашып-жұмғанша сол бір айыңыз да бітуге таяды. Енді санаулы күндерден кейін талқылау аяқтап, ұсыныстар қортындыланып, нәтиже шығарылады. Мүмкін, талқылау уақыты тағы бірер айға ұзартылып қалар. Үміт дүниесі ғой, Ата Заңның 10-бабына толықтыру үшін ұсынған ұсынысымызды ел талқысына тағы бір мәрте салуды жөн көрдік.

Негізі, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация жөнiнде» Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1990 жылғы 25 қазандағы Қаулысында «Қазақстан Республикасы Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасайды» деген сөз бар.

Әрине, Тәуелсіздіктің төбесі әне-міне көріне бастаған, бірақ еркіндігі қолына толық тиіп үлгермеген елең-алаң тұста, алмағайып заманда Елдің «Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация» қабылдап, оған Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтар туралы тармақ қосу – Ұлы Ерлік еді.

Бүгінгі Ұлы Дала Елінің іргетасының қалануына негіз болған, бір миллионнан астам қазақтың атажұртына оралуына жол ашқан осынау декларацияны дайындауға қатысқан біздің сол кездегі легандарный жұмыс тобына, Қаулыға қол қойған Н.Назарбаевқа рахмет айтуымыз керек!

Арада екі айға жетпейтін уақытта екінші бір батыл қадам жасады. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы «Қазақстан Республикасының конституциялық заңы» қабылданып, Ел Тәуелсіздігін жариялады.

Егемендiк туралы декларациядағы Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтар туралы тармақ «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды» деп, одан ары толықтырыла түсіп,  осы конституциялық заңның 8-бабы болып қабылданды.

Өкінішке орай, бұл сөз Қазақстан Республикасының Конституциясында жоқ!

«Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, осындай байлам жасадым», - деді Елбасымыз.

Өте дұрыс қадам болды. Жұрт Ата Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қуана-қуана құптады.

Осы жерде біз үйірінен бөлініп қалған шеттегі бес миллион қазақтың да тағдырын естен шығармауға тиіспіз.

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы конституциялық заңына енген сол баппен Қазақстан Республикасы қазіргі таңда Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiл жөнiндегi қажетiн қанағаттандыруға қамқорлық жасай ала ма?! Мүдделерiн қорғауы мүмкін бе?!!

Менше, ешкім иә деп айта алмайды! Өйткені, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтты ғой, қазір заманның дидары өзгерді.

Бүгін де, болашақта да шеттегі қазаққа қамқорлық жасаудың және олардың мүддесін қолғаудың ЖАЛҒЫЗ-ақ жолы бар.

Ол – Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың тарихи Отанына келуіне кең жол ашу, қоныстануына тиімділік жасау.

Қазір қолданыстағы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңының «1) тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын оралмандар Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алады» деген 16-1- бабы ертең бір-ақ минутта өзгеріп, 16-баптағы  «1) Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде кемінде бес жыл тұрақты тұратын не Қазақстан Республикасының азаматтарымен кемінде үш жыл некеде тұратын адамдар қабылданатын болады» деген шарқа теңестіріле сауы әбден мүмкін! 2013 жылы 15 желтоқсанда дәл солай болған!

Шеттегі бес миллион қазақтың Құдайдан кейінгі сүйенері де, ат басын тірейтін панасы да осы жалғыз Қазақстан!

Сол үшін, тағы қайталап айтайын, алдағы замандарда да Қазақ Еліне оралғысы келетін шетте жүрген қандастарыңыздың «Нұрсұлтан салған Нұрлы Жолы» мәңгі ашық болсын десек, Қазақстан Республикасының Конституцияның 10-бабын «Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасына кедергізсіз оралады және тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) алады.» - деген жаңа бір тармақпен толықтыру керек!

Құрметпен, Ауыт МҰҚИБЕК

Abai.kz

 

0 пікір