Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Ғибырат 5644 0 пікір 24 Ақпан, 2017 сағат 11:45

ЖЕТІМДЕР ҮЙІНСІЗ – ЖЕТІСУ

Алматы облысында қазіргі таңда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған  3 мыңнан астам бала бар, оның 83 пайызы отбасылық тәрбиеге алынған, атап айтсақ, олардың – 2479 қамқорлыққа, 63-і патронаттық тәрбиеге, 35-і отбасылық үлгідегі балалар үйлерінде тәрбиеленуде. Ал, қалған 536 бала білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау жүйесінің интернаттық мекемелерінде, - деп хабарлайды Абай-ақпарат Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасай отырып.

Биыл, яғни 2017 жылы Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және Алматы облысының әкімдігі мен прокуратурасы арасында «Балалар үйісіз Жетісу» жобасына қол қойылды. Бұл жобаның мақсаты 2020 жылға қарай жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекеме тәрбиеленушілерінің 50%-дан астамын отбасылардың тәрбиесіне беріп, соның нәтижесінде аталған мекемелердің санын айтарлықтай азайтып, оларды отбасы мен балалықты қолдау орталықтарына қайта құру жоспарланған.

Осы орайда айта кетейік, жоғарыда аталған топтағы балғындар саны жылдан жылға азаюда. Мәселен, 2014 жылы облыста жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 3 568 бала болса, қазіргі кезде олардың саны 455 балаға қысқарған.

–  Соңғы жылдары балалар үйлерінен алынып, отбасылық тәрбиеге орналастырылған өрендер санының көбейгендігін де атап айту қажет. Мысалы, 2014 жылы – 109 бала, 2015 жылы – 145,   2016 жылы 109 бала отбасылық тәрбиеге орналастырылды. Соның нәтижесінде 2015 жылы Есік қаласындағы және Жамбыл ауданы Қарақастек ауылындағы сәбилер үйі, Үштөбе балалар үйі жабылды. Жалпы, «Балалар үйісіз Жетісу» жоба аясында биыл облыстық бюджеттен 120 баланы патронаттық тәрбиеге орналастыруға 140 млн. теңге, 20 отбасы үлгісіндегі балалар үйін ашуға 90 млн. теңге қарастырылды, - деді Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Алиям Молотова.

Аbai.kz

 

0 пікір