Сенбі, 20 Сәуір 2024
Құйылсын көшің 7224 0 пікір 24 Ақпан, 2017 сағат 12:53

ЕЛІҢЕ ҚАЙТ, АҒАЙЫН!

Жақын арада Парламентте жаңа көші-қон заңы талқыланды. Толықтырулар мен түзетулер енгізілген бұл хаңның оралман ағайынға тиімді жақтары аз емес екен.

Бұрын азаматтық алу үшін бірнеше жыл қажет болса, енді 1 жылда Қазақстан азаматы болуға мүмкіндік бар.

Бұрын келушілердің шетел азаматы ретінде төлем қабілетін көрсететін 13,5 мың доллар қаржысы болуы қажет еді, енді ол талап алынып тасталыпты.

Бұрын сотталғандығы туралы анықтама қажет еді. Енді қазақтар үшін ондай талапты да алып тастау керек деген ұсыныстар бар.

Бұрын оралмандарға республикамыздың жеті өңіріне ғана қоныстануға рұқсат берілсе,  енді таңдаған жеріне көшуіне болады екен. Иә, 25 жылда тағдырдың тәлкегімен сыртқа кеткен ағайынды елге жинай алмай отырғанымыз өкінішті. Не кедергі? Қайтсек болады?

Болашағын алыстан болжаған сүт бетіне шыққандар мен аздаған жағдайы барлар өз күштерімен немесе бір ашылып бір жабылған квотаға ілініп келіп болды. Ендігі қалғандарына «мынадай жағдайлар жасалады көше ғой» деп жалыну керек. Енді жиырма бес жылда «алтын берем кел» десең де, ешкім келмейді. Әсіресе, қытай бір жарым млн. бауырымызды жұтып қояды. Олар 2020 жылға дейін біртілді қытай ұлтын қалыптастыру саясатын жүзеге асыру үстінде. Содан сескеніп, болашағын ойлаған арғы беттегі жұрт өзі жете алмағанымен, мектеп жасындағы балаларын ерте келіп алған туысқандарының қолына жіберіп, Қазақстанда оқытып жатыр.

Мен мектепті кешегі су басқан Қызылағашта оқыдым (9-10 сынып). Ақсудағы ауылдан келген бізге Қызылағаш қала болып көрінетін. Жетпісінші жылдары ондағы екінің бірі орыс ұлты болатын. Қазір орыс Отанына кетіп, онда 80 пайыз оралман бауырларымыз тұрады. Олар ешкім жетектемей-ақ бірін-бірі тартып, бос қалған жайлы жерге, таудың етегіне, суармалы топыраққа қоныстанып алған. Түсінгенім, шеттегі ағайынды елге әкелудің бір жолы – олардың тұрған жеріне барып климатын, әлеуметтік жағдайын зерттеп, тұрмыс-тіршілігін көріп, Қазақстанның бос аумағының біріне, тура сондай, тіпті содан асырып ауыл салып, жаппай көшіріп алу және құжат мәселесін сол ауылдан шешіп беру қажет. Сонда олар әнебір депутатсымақ айтқандай, мемлекетке мысал емес, қайта агросекторды дамытатын адам капиталына айналады. Ал өскелең ұрпағы қалаға оқуға ілініп, келін алып, қыз беріп осындағы елмен құдандалы-жекжат болып, біртіндеп сіңісе бастайды (инкультурация). Осыған көп те қаржының керегі жоқ. Жер де жетеді. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қарақалпақ, Түркімен елдерімен шектесетін облыс әкімдері жыл сайынғы бюджеттеріне өз аумақтарында құрылатын төрт-бес ауылдың қаражатын салып қойса болды. Оның ар жағында кәсіпкерлер де ат салыса бастайды. 2025 жылға дейін қимылдасақ кеш қаламыз.

«Әр қазақ менің жалғызым» деген сөз бір ақынның ғана емес, барша қазақтың ұранына айналатын күн қашан туар екен, ағайын!

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

0 пікір