Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 4630 0 пікір 27 Ақпан, 2017 сағат 10:14

«ТҰНЫҚ СӘУЛЕ» – ҰЛТ КІТАБЫ

Тәуелсіздік туралы жарыққа шыққан барлық кітаптардың

мазмұны да, мұраты да, мәні де бір

Құрметті оқырман! «Олжас кітапханасы» баспа үйінен танымал жазушы Дидар Амантайдың «Тұнық сәуле» атты әлемдік классикалық философияның бір тармағы – эпистолярлық жанр үлгісінде жазылған толғаныстарының жиынтығы жарық көрді. Жазушының кітапқа енген жазбалары – көп жылғы еңбектерінің  жемісі.

Бұл кітап – қашанда елдің қамын, халықтың жағдайын ойлаған, мемлекет мүддесін, ұлттың мұратын көздеген, жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы ыдырағанда алаш тәуелсіздігі үшін атқа қонған ұрпақтың, қала берді, замандас бір қауым елдің, қоғамның атынан жазылған, тұрғыластары сияқты қиын-қыстау күндер кешкен бейнетінен, жүргізген рухани-мәдени саясатынан, қажырлы еңбегінен туындаған автордың тұжырымдалған ойларының жиынтығы.

Іргесі сөгіліп, алып қабырғалары – көне шаһардың қаланы қоршаған орасан зор қамалдарындай – шаң-тозаңдата құлаған, бір кезде жер-жаһанның тең жартысына шексіз билік жүргізген Одақтың күрт жермен-жексен болуы, тегі, ғаламда үлкен проблемалар туғызып, дүние жүзілік сахнаға жаңа күштердің шығуына, әлемде жаңа саяси-әлеуметтік хал-ахуал қалыптасуына ықпал етті.

Сол күрделі уақытта бағыт-бағдарынан адасқан елдің басын құрап, саяси ұлт жасаған, Қазақстан Республикасының негізін қалап, мемлекеттің іргетасын көтерген Президент Нұрсұлтан Назарбаев Есілдің бойына ел қондырып, жаңадан Астана салды, халықаралық ірі ойыншылардың ойын да, ойынын да дәл танып, елін ауыр жылдардан аман-есен алып шықты.

Әлемді қамтыған үдеріс жылдары сол дәуірдің парадигмасы танылған, үнемі жадымызда жүрген өзгерістер автордың философиялық ой-толғаныстарына айналып, таспаға тартылып, кітап тұрғысында тасқа басылып отыр.

Ұлт мұратына табысты қызмет жасаған, әр жылдары сирек демалыс күндері, қолы жұмыстан қалт еткенде, қағаз бетіне  ойлары інжу-маржандай төгіліп түсіп, әдеби-көркем нұсқада тізіліп терең таңбаланған философия енді кітапқа еніп, елдің рухани қазынасына, адамзаттың ортақ игілігіне айналмақ.

Аталған кітаптың тараулары кемел машық тұрғысынан да, биік ой-парасат тұрғысынан да әрі қарапайым, әрі күрделі жазылған нұсқалар деп білеміз. Ол автордың сөз саптауынан жақсы көрінеді. Кітаптағы метафоралық кейіп, поэтикалық сипат, философиялық қорытынды, логикалық түйін – шынайы ниеттің жұмбақты шешуге ұмтылып көрген талпынысы.

Ықыласты қауым!

Тілеуқор дос-жаран айтқан ой-пікірге қарағанда – автордың даналыққа құштар, сөзге жүйрік, сабырға бай, ой кенішіне айналған кітабы – танымның тереңін кешіп, білімнің шыңына шыққан, шын мәніндегі, ақыл-парасат кітабы, басы-аяғы бүтін, пысықталған, Батыс-Шығыс түсінігіндегі кәдімгі философиялық жүйе секілді толғаныс.

Автордың эпистолярлық жанрға қалам тартудағы мақсаты – елдің қамын ойлап, жұрттың мұңын мұңдаған қамқор көңілінің туған халқына шашқан, ұлттық мемлекет құрудағы ұлы тәжірибесінен қалыптасқан кестелі ойларының көзіқарақты, көкірегі ояу жұртқа тез жетуін жарқын мұрат тұтқаны болса керек.

Кітаптың тілі жатық, естелік-толғаныстарының бояуы қанық, айтар ойы да анық дей аламыз. Бұл кітап белгілі қаламгердің  – туған халқына деген шексіз ықыласынан туған кітап. Ел туралы жазылған, елдік мүдденің мәні, ұлттық мұраттың мазмұны шертілетін салиқалы баян.

«Тұнық сәуле»  – Ұлт кітабы – жұрттың іздеп жүріп оқитын құнды дүниесі боларына сенімдіміз.

Халықтық сипатқа ие, халықтың құрметіне жазылған, халықтың қасиетін жырлаған халық кітабы.

Қазақ руханиятына, адамзат кітапханасына сөз маржанын терген, ой маржанын тізген тағы бір асыл жәдігер қосылды.

Құтты болсын, алаш жұрты!

Оқырман қауымға ескерте кететін жайт, Дидар Амантайдың аталған философиялық еңбегінің үзінділері аптаның әр сейсенбісінде сайтымызда үзбей жарық көріп тұратын болады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564