Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
6940 0 пікір 1 Наурыз, 2017 сағат 10:29

КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖАҢА ЖЫЛЫҢ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ештеңеге негізделмей ойдан бекітілген бірінші қаңтарды қойшы, тарихы терең Шығыс елдерінің біразы төл жаңа жылдарын «уже» тойлап тастады. Ал біздің жылдың сүйінші хабары күн шуағына малынып ғарыштың өзінен келеді. Келеді де табиғатты қайта оятады. Ондай ғажайыпты таныған халық даналығына тәнті боласың, кеудеңді мақтаныш кернейді!

Мұхтар Шаханов ағамыздың мұрындық болуымен наурызымызды ресми қайта тойлай бастағанымызға отыз жыл болып қалды (1988-2017). Өкініштісі, әр өңір, әр отбасы ұстанатын жалпыға ортақ тұрақты нұсқа әлі жоқ, қалыптаспады.

Қақаған қаңтардағы жаңа жылда жұрт нені, қашан, қалай істеу керек екендігін түгел біледі. Жаңа жыл қарсаңында қаланы, мекемені, үйді безендіру, алдымен моншаға барып келу, дастарқан қамына кірісу, Аяз ата мен Ақшақарды шақыру, олардан балалардың сыйлық күтуі, сағат 12:00-ді отбасында қарсы алу, шампан ату, жаппай отшашу атуға шығу (кейін пайда болды), ертеңінде үй қыдырып, жақындарыңды жаңа жылмен құттықтау және т.б.

Солтүстіктің бір әкімі «наурызды күн жылығанда, сәуірге ауыстырсақ қайтеді» деп ұсыныс айтыпты. Маңғыстауда қаңтарда қар жаумайды, сондықтан жаңа жылды ақпанға ауыстырсақ десе, біреу: «Сенің орының жындыхана дейміз», – ғой бәріміз. Наурызда әркім білгенін істеуге бар. Батыс өңірі ежелден 14-нен көрісуді бастайды, ал бір ай өткен соң Қазақстанның бір жерінде сәуірдің 14-і күні бір мекеме (оқу орны, мектеп немесе т.б.) өзі жеке мемлекет болып сценарий бойынша үй тігіп, қарауындағыларды мәжбүрлеп жиып, басшыларына сый құрмет көрсетіп, тойлап жатады. Бұл наурызды насихаттау емес, қор қылу. Бұлай әркім өз бетімен білгенінше тойлауға енді жол беруге болмайды. Отыз жылда наурызда ненің болуы керек екендігін анықтап болдық емес пе? жеті дәм қосып жасалатын наурыз көже, ауланы, үйді тазалау (генуборка немесе сенбілік), үлкендерге көрісіп (амандасып) бару, тойға барғандай жасану, өнер сайыстарын өткізу, дастарқанға наурызға сай бата бере білу, дастарқан иелеріне игі тілектер айту  және т.б. сияқты негізгі рәсімдердің қашан, қай күні, қандай ретпен орындалуы керек екендігін үкімет (оның ішінде Мәдениет министрлігі) ереже ретінде бекітіп беруі тиіс. Осы уақытқа дейін наурыз тақырыбы туралы қанша ғылыми еңбек жазылды. Соларды ескеріп жұмысына үлгі ұстанған билік бар ма? Жоқ. Жаңа жыл кезінде мынадан кейін мынаны істеу керек, «жақсы заңың болғанша жақсы дәстүрің болсын» дегендей, мынау біздің ата дәстүріміз, сондықтан мынау міндетті түрде қазақ отбасында орындалуы керек – деп бәрін орын-орынына қойып берсе, жұрт ауа жайылмас еді. Ал кейбір желөкпелер өзімізде түк жоқтай: «Қытайлар жаппай қызыл түске боялып, жаңа жылын қырық күн тойлайды екен, кәрістер жаңа жылда үлкенді сыйлаудың озық үлгісін көрсетеді екен», – деп, біреудің қаңсығын таңсық қылып, таң-тамаша болмас еді...

Сөздің қысқасы, бізге бүгіннен бастап (тап қазір) наурызымызды тойлаудың демейінші, жаңа жылымызды қарсы алудың төл дәстүрімізге байланған, бүгінгі тұрмысымызға үйлескен және жан-жақты ғылыми негізделген, әр қазақ (қазақстандық) ұстанатын ресми біріздендірілген тұжырымдамасын қалыптастыру керек.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525