Сенбі, 20 Сәуір 2024
Асқанға - тосқан 14741 1 пікір 2 Наурыз, 2017 сағат 23:01

САҒАДИЕВ ABAI.KZ-КЕ РЕСМИ ЖАУАП БЕРЕДІ

Бүгін "Abai.kz" ақпараттық порталында Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіндегі болып жатқан өзгерістер туралы қос бірдей мақала жарияланды. Журналист Шәріпхан Қайсардың "ҰБТ СҰРАҚТАРЫНДА БАЯН МАҚСАТҚЫЗЫ НЕ ІСТЕП ЖҮР, САҒАДИЕВ МЫРЗА?" атты мақаласы мен саяси шолушы Нұргелді Әбдіғаниұлының "БҒМ "ҚАЗАҚ ТІЛІ" МАМАНДАРЫН ДАЙЫНДАМАЙДЫ" атты мақаласында аталған саладағы олқылықтар сөз болды. 

"Abai.kz" ақпараттық порталында жарық көрген "БҒМ "ҚАЗАҚ ТІЛІ" МАМАНДАРЫН ДАЙЫНДАМАЙДЫ" атты мақалаға қатысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің ықпал етуімен ҚР Білім және ғылым министрлігі  ресми жауап әзірлепті. Қараңыз: 

"Abai.kz" ақпараттық порталы редакциясына

Қазіргі уақытта мамандарды даярлау Қазақстан Республикасының Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуішіне (классификаторына) сәйкес жүргізілуде.

Аталған құжат ЖОО-ның мамандықтар бойынша білім беру қызметін атқару құқығын беретін лицензияларды алуға негіз болады. Бұл лицензия ЖОО-ға оқу бағдарламаларын, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті бағдарламаларын әзірлеп, іске асыру мүмкіндіктерін береді. 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап ешқандай да жаңа жіктеуіш қолданысқа енгізілген жоқ. Алдағы 2017-2018 оқу жылына да ондай жоспарлар белгіленбеген.

Жаңа жіктеуішті дайындау және қолданысқа енгізуге ұзақ уақыт қажет – орта есеппен, бұл жұмысқа 1-2 жыл жұмсалады. Жіктеуіштегі мамандықтарды өзекті қылу жұмыстары белгіленген тәртіп бойынша, 5 жылда бір реттен жиі жүргізілмейтінін атап өту қажет. Оған нарықта жоғары білімді мамандарға деген сұраныс мониторингінің нәтижелері негіз бола алады.

Сонымен қатар, жаңа жіктеуіш жобасы дайындалатын болса, ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл құжатты бекітпес бұрын, ең алдымен мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде жұмыс берушілер мен академиялық қоғамдастықтардың қарауына беріп, келісімдерін алады.

 ҚР БҒМ баспасөз қызметі

 

Түйін. БҒМ-нің баспасөз қызметі берген мәлімет пен аты-жөнін атамауды өтінген БҒМ өкілімен екеуара әңгімемізден кейін мына жайттарға да жеке-жеке тоқталып айта кетуді орынды көрдік.

Біріншіден, "жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды" дейді атам қазақ. Жоба бар деген сөз, күндердің күнінде ол қолданысқа енгізіледі деген сөз. Осы мәселе жөнінде БҒМ баспасөз қызметі өкілімен 2 сағаттай (белгісіз себептермен аты-жөнін жасырып қалуды өтінді) әңгімелестік. "Неге министр Сағадиев мырза бізге сұхбат беріп, мәселенің жай-жаспарымен түсіндірмейді?" деген сұрағымызға минстірлік өкілі: "Енді жауап беретін болады. Министр мырза қазір Шымкентте жүрген көрінеді. Астанаға келісімен "Abai.kz" порталына сұхбат береді. "Әліппе дауы" мен "Сауат ашудағы" шикіліктер, электрондық күнделік, ҰБТ сұрақтары мен ЖОО-дағы "қазақ тілі", "қазақ әдебиеті", "шығыстану", "лингвистика" секілді пәндер төңірегіндегі түсініспеушіліктерге байланысты қоғамда қордаланып жатқан сұрақтардың барлығына жауап берілетін болады" деп сендірді. Сенейік. Аз-кем күн күтейік. Министріміз расында сұхбат беріп қалар, ел ішін шу-шұрқан етіп текке қарап отырмас...

Екіншіден, БҒМ өкілі Әбдуәли Қайдари бастаған академиктердің БҒМ министрінің атына жазған ашық хаттағы мәселелерді теріске шығарып, мұндай құжаттың мүлде жоқ екенін айтты. Сонда кім өтірікші, БҒМ бе, әлде Әбдуали Қайдар, Шора Сарыбаев, Рәбиға Сыздықова, Серік Қирабаев, Өмірзақ Айтбаев, Мәмбет Қойгелді, Айгүл Ісмақова, Ұлан Еркінбай сынды академиктер мен профессорлар ма? "Бұл кісілердің әлгі хатқа қол қойған, қоймағаны белгісіз" деді министрлік өкілі. Ендеше, оны да анықтаймыз. Алдағы уақытта жоғарыда аттары аталған ғалымдардың әрқайсысының пікірін жариялайтын боламыз.

Үшіншіден, Екеуара сұхбатымыздың барысында БҒМ өкілінің мына сөзі құлағымызға майдай жақты. "Ешкім өз халқына қастандық жасамайды" деді ол. Сөйтсек, Сағадиевтің тұсында қабылданып жатқан реформалардың авторы - алдыңғы министрлер екен. "Бұл реформаларды "Сағадиев реформасы" деп атайды. Шынында олай емес. Бұл Сәрінжіпов мырзаның алдында басталған реформалар. Ерлан Сағадиев мырза тек орындаушы ғана. Реформа деген 10-15 жылда жасалатын үлкен жұмыс. Оның ұсақ-түйегіне дейін қаралуы маңызды. Әйтпегенде ол - қылмыс", - деді аты-жөнін атамауды өтінген министрлік өкілі. "Сағадиев реформасы" деп жүргеніміз Сағадиевтің алдында басталған болса, оны да қайтадан сараптауға болады. Демек, Білім саласында әлі күнге тиянақ таппай келе жатқан реформалардың мәселесіне қайта бір шолу жасауға тура келеді.

Төртіншіден, Білім және ғылым министрлігі атынан Жоғарғы білім департаментінің басшысы Жонтаева Жаңыл Алпамысқызы "Abai.kz" порталына сұхбат бермек.  Біз Жаңыл ханыммен "Сауат ашудағы" сауатсыздықтар мен ЖОО-дағы негізгі пәндердің жойылып кетуі төңірегінде кеңірек әңгіме өрбітетін боламыз. Оқырман қауым, сала мамандары қазірден бастап порталымыздың электронды поштасына (abai-akparat@mail.ru) Жоғарғы білім департаментінің басшысы Жонтаеваға сауалдарыңызды жолдай берсеңіздер болады.

Бесіншіден, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде министр Сағадиев мырзаның отставкаға кетуін талап еткен ұсыныстар атойлап тұр. Мәселе әбден ушыққаны тағы рас. Бұл ретте біз, "Abai.kz" порталы аталған істі аяғына дейін жеткізуді қолға алдық. БҒМ-дағы түйткілді мәселелер, олардың рухани әм саяси-идеологиялық қауіпі, қаржылық шығындар мен басқа да өзекті мәлелер алдағы уақытта да күн тәртібінен түспейтін болады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

1 пікір