Жұма, 29 Наурыз 2024
Бұ не мазақ? 5719 0 пікір 20 Наурыз, 2017 сағат 15:57

ТИЕСІЛІ ЗЕЙНЕТАҚЫМДЫ АЛМАЙЫНША – ӨЛМЕЙМІН...

Елдегі келеңсіз жағдайлардың бетін ашып, әділеттіліктің жолын сұрап, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 1989 жылдан бері 42 хат жазып, ендігі 43-хатты біреулерге жаздырып отырған – 95 жасқа аяқ басқан қарт, мүгедек әже деп біліңіздер.

Еңбек кітапшама жазылған мәліметтер бойынша, 41 жыл еңбек етіппін, кадр бөлімі қызметкерлерінің салақтығынан төрт-бес жылдық еңбекақым жазылмай қалыпты. Өткен ғасырдың 60-жылдары Оңтүстік Қазақстан Өлкелік оқу бөлімінде қызметте жүріп, көлік апатына ұшырадым. Тәшкент, Шымкент қалаларындағы ауруханаларда айлап жатып, 1962 жылы екінші топтағы еңбек мүгедегі болдым. Зейнетақымды дұрыс алып отырмын. Менің көтеріп отырған мәселем – «ВТЭК» тексеру құжаттары бойынша, көзімнің көрмеуіне байланысты, II санаттағы еңбек мүгедегіне төленетін қосымша ақыны заңды түрде құпталған зейнетақымен бірге төлеу тәртібіне қатысты әділетсіздік. Сондағы көзімнің көрмеуіне байланысты еңбекке жарамсыздығыма белгіленген қосымша төлем – 1162 теңге. Жоғарыда отырған басшылар сол заңды ақымның төленуін орындатуға неге әлсіз? Осы жағдайды тексеріп, әділеттілікті орнатуы тиіс органдар менің хатымның басындағы «95 жастағы мүгедек» деген сөзді оқиды да, «алжи бастаған, демек, оған зейнетақысын көбейту не керек» дейді де, үкіметтің зейнеткерлерге шығарған қаулы-қарарларын тізбектеп, парақ-парақ хат жазады да, оған қанағаттанбаған жағдайда «сотқа жүгініңіз» деген жаттанды жауаппен аяқтайды.

Заңгерлер мен тексеруші мырзаның да сауаты нашар екенін 95-тегі «алжыған әже» былайша түсіндіргенін айып етпессіздер: Президент әкімшілігі, үкімет басшылары, Бас прокуратура менің жолдаған арызыма берген жауабын Шымкенттегі облыстық әлеуметтік қамсыздандыру департаментіне жіберіп отырды. Еңбек министрінің орынбасары болған В.Романов пен облыстық еңбекті қорғау басқармасының бастығы Е. Махатовтың, ОҚО бойынша департаменттің бұрынғы басшылары Б.Сыздықов және В. Даронин мырзалардың мемлекет қаулысына сүйеніп, тексеру комиссиясын құрып, оның қорытындысын және «міндетті түрде төлену керек» деп қолтаңба соққан жауабы да күні бүгінге дейін орындалған жоқ. Отыз жылға жуық уақытта әділдікке қол жеткізуге зарығудамын. Менің сұрап отырғаным – маңдай терім мен табан ақым емес пе?

Тексерудің қорытындысының заңды құжаттары бойынша, 32 000 теңге алып жүрсем, өткен жылы ОҚО Еңбекті қорғау департаменті «қателесіп, сізге артық ақша төлеппіз, енді жүз мыңды қайтарып аламыз, әзірше пенсияңызды жібермейміз» деп, бас бухгалтер қоңырау шалды. Осындай сұмдыққа не деуге болады? Заңда осындай өрескелдік бар ма? Мен ешкімге де артық ақша төле деп өтініш жазған жоқпын ғой.

Прокурор мырзалар, тексерудің заңды түрі былайша болады: екі жақты мекеменің ведомостарын салыстыру арқылы тексеру жасайды. Міне, осы жолмен тексерсеңіздер, екі дүниеде де қателеспейсіздер. Өткен жылы ОҚО Еңбекті қорғау департаментінде маған ақша аударып жүрген кассир әр ай сайын тиесілі ақшаны жібереді. Жөнін сұрасам, «мен қателесіппін» дейді. Ал қатесін түзетіп, қайтадан менің ақымды жинақтап төлемейді. Тіпті «Қазпошта» басшыларының бірі болған Сыйырбаевтың өзі «кешірім сұрап», хат жіберді. Ол да өткінші ғана жауап болып шықты.

Жағдай бәрібір баяғыша болып жалғаса берді. Мен де лажсыз бүгінге дейін шыдаудамын. Бас прокурордан келген хатта ОҚО әкімшілігіндегі құжаттар архивте сақталмағандықтан, мәлімет толық болмады деп жазыпты. Сол құжаттардың мендегі түпнұсқасы дәлел емес пе? Неге қаперге алмады? Демек, тексерудің мәні-мағынасы жоқ екендігін түсіндім. Мен ондай архивтерді тексер деп өтінгем жоқ, тек қана 1989 жылғы «ВТЭК»-тің заңды құжаты бойынша төлем ақымды талап етудемін ғой. Үкіметтің шығарған қаулысын төмендегілер түсінбейтін кезеңге тап болдық. Қаулыны сотқа жолдап, зейнетақыға қосымша төлемді даулау керек деген сауатсыздыққа жол беріп, президент қол қойған, парламент мақұлдаған қаулы сотта қаралмайтынын білмейтін сауатсыздарға не деуге болады?

Президенттің халықтан келетін мыңдаған хаттарды оқуға уақыты аз екендігін мен жақсы білемін. Мен екі дипломның иесімін, сауаттымын да, өзгелерге де шамалы болса да, сабақ болсыншы деп, әрі президенттің құлағына жетсін деген үмітпен енді «ДАТ» арқылы хат жолдап отырмын.

Отбасымда 5 адам бір күнде көлік апатынан қайтыс болды. Оларды жалғыз өзім жерледім. Маған қарайтын жалғыз қызым Василия бес қаппен келген өліктерді көріп, әсіресе келінім Ғалияның басы бөлек қаптан ұшып түскенде, жынданып кетіп, қазір психдиспансерде жатыр. Маған қарайтын адам жоқ.

Осы хаттан кейін де жалғыз өтінішім: президент Назарбаев зейнетақыма қосымша «көзі көрмейтіні үшін» деген 1989 жылдан бергі ақымды түгел төлемей отырғандарды тәртіпке шақырып, өтінішімді қанағаттандырады деген ойдамын.

Олай болмаған күнде менің хатыма жауап та жазбаңыздар, мен бүгінгі лауазымды басшылардан заңдылық шешім күтпеймін. Басқаша жауаптарыңызды оқығым келмейді! Мен 95-ке келсем де, тиесілі ақымды алмайынша өлмеймін.

Дәмен ҮСЕМБЕКОВА, қарт әже

Алматы қаласы

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №10-11 (375) от 16 марта 2017 г. 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544