Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 5952 0 пікір 28 Қараша, 2016 сағат 13:41

«ОРДАБАСЫ – ҚАЗАҚ РУХЫНЫҢ ҚАҒБАСЫ»

Белгілі жазушы Мархабат Байқұт ағамыз "Оңтүстік Қазақстан" газетіне "Ордабасы - қазақ рухының қағбасы" атты мақаласын жариялапты. Қазақ тарихы мен тәуелсіздікті сабақтастыра отырып жазған материалды "Абай" ақпараттық порталы оқырмандарының назарына ұсынамыз.

Тәуелсiздiк туы желбiрегеннен кейiн, яғни тоқсан бiрiншi жылдан бастап, Ордабасы тауына алыстан қарағанның өзiнде оның өзгешелеу нұрға оранып, айрықшалана, айбарлана түскенiн аңғарған болар едiңiз. Әлде Тәуелсiздiк деген қасиеттi ұғым ой-санаңыздағы Ордабасы бейнесiн бөлекшелеу бiр сәулеге бөлеп, биiктетiп жiбердi ме?! Кiм бiлсiн-ай, кiм бiлсiн?!

Сонда да Тәуелсiздiкке ие болсақ та, өкiнiшке қарата, Ордабасы түбiндегi қиыршық тас зауыты тоқтамады. Бiрлiк тауының бүйрегiн ойып жеуден бастаған жыртқыштығын жалғастыра бердi. Ақын-жазушылар мен журналистер шабуылды үдете түсiп, ақырында тек тоқсан екiншi жылдың соңына қарай кiсәпiрлеу кәсiпорын кiбiртiктеп, жүрiсiнен жаңылды-ау, әйтеуiр. Соның өзiнде екпiнiн бiрден тоқтата алмай, ең соңғы составты Едiлден асырып барып, бiржолата тоңқалаң асып тынған.

Тоқсан үшiншi жылдың ерте көктемiнде Ордабасы тауының үштен бiрiн ойып алған карьер үңiрейген күйiнде үнсiз қалды. Бүйрек-бауырларынан жартылай айырылғандай күйдегi қайран Ордабасыңыз солықтап жатты-ау сонда...

Кенет...

Кенет Алматыдан ақжолтай хабар жеттi.

Елiмiздiң тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың өз ұсынысымен, өз бастамасымен Төле бидi, Қазыбек бидi және Әйтеке бидi еске алу күндерiн өткiзу белгiленiптi.

Ордабасы биiгiнде ұлы жиын ұйымдастырылмақ!

Сәуiр айында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнде болған екi мәжiлiске қатысқанымыз есiмiзде. Оның алғашқысын Республика Премьер-министрiнiң орынбасары Қуаныш Сұлтанов, екiншiсiн Министрлер Кабинетi аппаратының жауапты қызметкерi Сауытбек Абдрахманов өткiздi. Әне-мiне Ордабасы атанғалы тұрған бұрынғы Бөген ауданының әкiмi Еркiн Сатқанбаев екеумiз екiншi мәжiлiске кейбiр мәселелердi нақтылай түсу мақсатында шақырылдық. «Үш бидi еске алу күндерiн қай кезде өткiзген жөн?» деген сұрақ қойылды бiзге. Өз ойымызды айтып, Оңтүстiк өңiрiнiң, оның iшiнде Ордабасының табиғи ерекшелiктерiн пысықтай түстiк. Сол тұстағы облыс әкiмi Марс Үркiмбаевтың ұсыныс-тiлектерiн түгел жеткiздiк.

Содан бiр апта өтер-өтпесте, 1993 жылғы 21 сәуiр күнi Министрлер Кабинетiнiң «Төле бидi, Қазыбек бидi және Әйтеке бидi еске алу күндерiн өткiзу туралы» Қаулысы қабылданды.

Арада небәрi бiр айдан сәл ғана астам уақыт қалған едi. Осы мерзiм iшiнде Ордабасыда орайласқан орасан тiрлiктер атқарылды. Тәуелсiз Қазақстанның күллi халқы, зиялы қауымы, үлкенi мен кiшiсi, жасы мен жасамысы, басшылары мен қосшылары – бар-баршасы Ордабасыға құлақ түрiп, бүйрек бұрып отырды. Сан-алуан тиiстi министрлiктер, өзге де республикалық, көптеген облыстық ұйымдар, мекемелер көмек қолдарын созды. Әйтсе де, әрине, ең басты тiрлiк пен жауапкершiлiк Оңтүстiк Қазақстан облысының өзiнде болғаны айтпаса да түсiнiктi.

Жұмыс күнi-түнi толастаған жоқ. Ең бастысы, Ордабасыға оралуымыздың мән-мәнiсiн, мазмұн-маңызын егемен елiмiздiң еңкейген кәрiсiнен еңбектеген баласына дейiн ұғынбаққа ұмтылғандай сезiлген. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдары, қаламгер қауым ұлағаттылық таныта бiлдi.

Мерекеге бiрер күн қалғанда әзiрлiктiң соңғы нүктесiн қою үшiн Ордабасыға Әбiш Кекiлбаев пен Қуаныш Сұлтанов келдi.

Күткен күн де жеттi. Ордабасыға оралдық.

Мамыражай мамыр айының жиырма сегiзi күнi жасыл түсiн жоғалтпаған, қайта құлпыртып, қоюлата түскен Ордабасы биiгi Жаратқан Иемiздiң нұрына оранып тұрғандайтұғын.

Елең-алаңнан, хан жайлаған Қаратау мен би жайлаған Алатаудың түйiсер тұстарынан әлi таң шапағы бiлiнбей жатып-ақ жұртшылық киелi төрге, бiрлiк биiгiне қарай ағыла бастады. Сол ағын, сол лек сәскеге дейiн бiр сәт те толас тапқан жоқ.

Ордабасыға оралу жиынына, Тәуелсiздiгiмiздiң үшiншi жылында ұйымдастырылған ұлы басқосуға, үш арысымызды, үш алыбымызды, үш данагөйiмiздi еске алу мерекесiне жүз елу мыңнан аса адамның қатысқаны мәлiм.

Иә, байтағымыздың бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетi айрықша атап жазғандай, қасиеттi Ордабасы биiгiнде өткен, елiмiз Тәуелсiздiк алғалы бергi тойлардың шырқау биiгiндей болған ұлы тойдың жөнi бөлек, жосығы ерек едi.

Жан тербеп, жүрек тебiрентерлiк сәт. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Назарбаев жүз елу мыңнан астам адамның көз алдында Ордабасының ең биiк беткейiмен Тутөбеге қарай көтерiле бастады. Терең тебiренiспен, асықпай ғана, байыпты аяңдап, үш ғасырдай уақыт бұрын ұлы билер ел бiрлiгi, ырыс алды – ынтымақ туралы ой толғаған, бәтуаға келген төрге шығып барады. Қаншама қырғындар мен қанқасаптарды, азаптар мен арасаттарды, нешеме нәубеттi кесапаттар мен кеселдердi бастан өткерiп, мың өлiп, мың тiрiлген Қазақ Елiнiң, Тәуелсiз Қазақстанның тұңғыш Президентi жиырмасыншы ғасырыңыздың тоқсан үшiншi жылында, мамыражай мамырдың сәулелi сәскесiнде нұр-шуаққа орана, шұғылаға бөлене, биiкке беттеп бара жатты.

Дәл сол сәскенiң сәтiнде жанарына жас үйiрiлiп: «Тәубе! Тәубе! Аллаға шүкiр! Тәуелсiздiкке тәубе!» деп күбiрлемеген жан қалмаған шығар-ау, сiрә. Әйтеуiр, әуездi бiр әуен Ордабасы биiгiн әлдилегендей әсер еттi. Әлдебiр үйлесiмдi үн жүз елу мың жанның жүрек түкпiрлерiнен шығып, шығанға шырқағандай сезiлдi.

Тұңғыш Президентiмiз үш биiмiз, ұлы хандарымыз, баһадүр батырларымыз толғанған, туларын желбiреткен, тұтас қазаққа, алты баулы алашқа сөз арнап, аманат айтқан тұстағы тасқа тәу еттi.

Сәлден соң тұңғыш Президентiмiз Тутөбеде Тәуелсiздiктiң туын желбiреттi.

Сол Тутөбе биiгiнен Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан Республикасының Президентi Ислам Каримов, Қырғыз Республикасының Президентi Асқар Ақаев қол қойған, бауырлас үш ел басшыларының Бiрлескен мәлiмдемесi – Ордабасы Декларациясы оқылды. Үш Президент құшақтасып, қол ұстасып, қолдарын биiкке көтерiп, жүз елу мыңнан аса адамға қарап ыстық ықылас бiлдiрдi. Сөз сөйледi.

Жиырмашақты мемлекеттен, бүкiл байтағымыздың барлық облыстары мен қалаларынан келген делегациялар өзгеше әсерлендi.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ордабасы биiгiнде жасаған тарихи тағлымды баяндамасы «Береке басы – бiрлiк» деген атпен Ұлы  Дала елiнiң, қайран қазақтың қалалары мен аудан-ауылдарына түгел таралып жатты.

«Береке басы – бiрлiк. Бiрлiгiмiз берiк болса, болашағымыз баянды болары даусыз. Лайым, ынтымағымыздан айырмасын. Толық Тәуелсiздiкке жетудiң ұлы жолында бiздi халқымыздың үш данасы, үш көсемi, қасиеттi бабаларымыз – Төле бидiң, Қазыбек бидiң, Әйтеке бидiң аруағы қолдап жүрсiн!» дедi Президентiмiз.

Тутөбе биiгiнен «Ордабасы ұлттық тарихи-мәдени қорығын құру туралы» Президент Жарлығы оқылды.

Иә, Ордабасыға оралу, Ордабасыны ойлану, Ордабасымен тыныстау, Ордабасымен рухтану – бар-баршамыздың перзенттiк парызымыз. Адамзат баласы, оның iшiнде қазекем қаншама замандарды бастан кешпеген. Жақсы заман да, жаман заман да, зар заман да, тар заман да – бәр-бәрi де кездескен. Соның бәрiнде де қазақ баласының ең үлкен кемшiлiгi күншiлдiк, бақастық, iштарлық болғаны белгiлi. Елбасы да осы Ордабасыдағы ұлы жиында: «Бұ қазақ бөлiнiп те көрген, бiрiгiп те көрген. Бөлiнгенi – Ақтабан, бiрiккенi – Ордабасы» дедi.

Ақтабан шұбырындының үшiншi жылында 1726 жылғы көктемде Ұятты Ұлыстың Аятты Арыстары осы Ордабасы биiгiнде Бiрлiк басқосуын белгiлеген. Дәл сол жолы, дәл сол жылы Ордабасы оқиғасы өтпегенде, алаш талайы, қазақ тағдыры нендей күйге ұшырар едi, болжап болмас...

Сондықтан да Президентiмiз: «Ордабасы —  ел жүрегi, жер кiндiгi» дедi.

1997 жылы Ордабасы төбесiне биiктiгi отыз метрге жуық монументтi ескерткiш орнатылды. Оның ашылу салтанатына Елбасымыздың өзi қатысып, сөз сөйледi.

1998 жылғы алтын күзде Президентiмiз Ордабасыға тағы оралды.

Тәуелсiздiгiмiзге 25 жыл толғалы отыр. Тұғырымыз — Тәуелсiздiк. Ұлы құндылығымыз — Тәуелсiздiк. Ата-бабаларымыздың арманы мен аңсары да Тәуелсiздiк едi. Аманаттары Бiрлiк пен Ынтымақ болатын.

Ордабасы мұраттарының жүзеленгенi – Тәуелсiздiкке қолымыздың жеткенi.

«Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» деген болатын қазақтың ұлы жазушысы, ұлы ойшылы Әбiш Кекiлбаев.

Иә, биыл Тәуелсiздiгiмiзге ширек ғасыр. Есептеп қарасаңыз, Ұлыстың ұлы басқосуы, Ордабасы жиыны алашты алғашқы рет кең көлемде жинап, Бiрлiк биiгiнде, Тутөбе басында байрағымыздың желбiрегенiне де биыл 290 жыл толыпты.

Айтып та айтпай не керек-ай, Ордабасыңыз хақында мықтап-ақ ойланатын мәселелер де жетiп-артылады. Президентiмiз үшiншi мәрте келген 1998 жылғы күзден кейiн республикалық, облыстық деңгейдегi үлкен басшылар ат iзiн салмайтынға айналды. Облыстық, Шымкент қалалық және түрлi аудандық iс-шаралар Ордабасыда өтпеуге кеткелi қашан.

2004 жылы Ордабасы биiгiнiң төменгi тепсеңiне қарағаш көшеттерiн отырғызу акциясы ұйымдастырылған. Бiрақ, бәрi дерлiк қурап кеттi. Кейiнiректе де, анда-санда акциялар өткен болады. Өзге ештеңе жоқ.

1993 жылғы ұлы жиында жүз елу мың адам тебiрене көз тiккен Тутөбеге темiр көлiк шықпасын, келушiлер тек қана жаяу көтерiлсiн деген бәтуа жасалған едi. Сол басалқалы бәтуа бұзылып, мәшинелер айқыш-ұйқыш ойқастайды екен. Жыра-жыралар, жара-жаралар көбейген.

Тутөбеге дейiнгi жолдың қос қапталына қойылған талғамсыз тастар да жарасып тұрған жоқ. «Ол тастарға рулардың таңбалары салынбақ» деген пiкiрдi де естiгенбiз. Онсыз да көп жерлердi, тiптi бейiттерге дейiн сондай таңбалар басып бара жатқан жағдайлар жоқ емес. Рулық, жүздiк санаға емес, ұлттық сана сапасына ұмтылмақ абзал емес пе?!

Қайбiр жылдары да бiз пақырыңыз «Ордабасыны ойланайықшы» деген жанайқайымызды жазып, жариялағанбыз. «Көп кешiктiрместен, бiлiмпаз ғалымдарды, бiлгiр тарихшыларды, археологтарды, сәулетшiлердi, қабырғалы қаламгерлердi, тағы басқа да майталман мамандарды қатыстыра отырып, жан-жақты ақылдасып, Ордабасы биiгiн бәдiздеп-безендiрмектiң, көрiктендiрiп-көркейтпектiң бас жоспарын жасамаққа әрекеттенбей болмас» деген ұсыныс та бiлдiргенбiз. Бiз. Тыңдар құлақ табылмады.

Жүдә шыли қолдан ештеңе келмейдi, қамқорлық пен қаржы-қаражатқа шама-шарқымыз жоқ десек, ең құрығанда, артық қылам деп тыртық қыла берудiң қылмыспен бара-бар екенiн түсiнейiк. Түйсiнуге тырысайық. Дегендi де дәйектегенбiз.+

Көп болмаса-дағы, жыл сайын бiрер мәрте Ордабасыға оралайық, Ордабасыны ойланайық, Тектi тау туралы толғанайық. Республикалық, облыстық, ең болмағанда, қалалық, аудандық iс-шаралар өткiзiлiп тұрмағы ләзiм-дүр. Дегенбiз.

«Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» деп бекер айтылмаған ғой. Шырайлы Шымкент шаһары мен Ордабасы тауының арасы алыс емес. Қазақ рухының қағбасын қалаңыз қамқорлыққа алса, құба-құп емес пе? Деп те ұсынғанбыз. Әлi де қайталаймыз.

Ордабасыны ойланайықшы, ағайын!

Мархабат БАЙҒҰТ

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551