Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қоғам 4715 0 пікір 30 Қараша, 2016 сағат 11:18

Қоғамдық қабылдау 923 азаматтың мәселесі шешті

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезекті XXI есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Астанадан келген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, басқарма басшылары мен партия белсенділері қатысты, - деп хабарлайды "Ақтөбе" облыстық газеті.

Жиында негізінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауы және партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы әңгіме арқауы болды. Алғаш боп сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Әрине, бүгінге дейін көптеген жұмыстар жасалды. Бірақ осымен тоқталып қалуға болмайды. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Мемлекет басшысы біздің алдымызға үлкен міндеттер қойды. Біз соның барлығының өз деңгейінде орындалуына күш салуымыз керек, — деді.

Сондай-ақ, өңір басшысы азаматтарды әлеуметтік жағынан қолдауға, азық-түлік өнімдерінің бағасын ұдайы бақылауда ұстауға, жастардың бойындағы патриоттық сезімді одан әрі арттыруға баса мән беруге шақырып, бұл істе бірлесе жұмыс істеу керектігін жеткізді.

Шарада партия мүшелерінің қатары жыл санап артып келе жатқаны да айтылды. Мәселен, 2014 жылы облыста «Нұр Отанға» мүше адамдардың саны 32 402 болса, бүгінде олардың қатары 42 685 адамға дейін көбейген.

Партияның 2015-2016 жылдардағы атқарған жұмысы туралы жасаған есептен білгеніміздей, биыл Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы жоғары деңгейде өткен, сайлаушылардың көп бөлігі «Нұр Отан» партиясына дауыс берген. Соның нәтижесінде билік партиясы жеңіске жеткен. Облыстық филиал төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязовтың  сөзінше, партияның даму жоспарындағы жаңа идеологиялық тәсілдердің негізі — адамға күнделікті қамқорлық көрсету, әр азаматтың өзін қоғамның ажырамас бөлігі ретінде сезіндіру. Осыған орай, облыстық және аудандық филиалдар нақты әлеуметтік топтардың мәселесін — егде адамдар, мүгедектер, жастар, ана мен баланың мәселелерін  шешуге бағытталған тоғыз ірі партиялық жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, есепті кезеңде «Кедергісіз келешек» арнайы партиялық жобасының аясында 1132 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылды. 2015-2016 жылдар аралығында  «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыс бойынша жоспарланған 216 нысанға толық бейімдеу жұмыстарын жүргізу аяқталды.  

Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған жастар ұйымы бірқатар ірі жобаларды іске асырып келеді. 2015-2016 жылдар аралығында «Жастар кадрлық резерві» жобасына қатысуға 125 үміткер өтініш білдірген.

«Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында мектеп бітіруші түлектермен жұмыстар жүргізілген. Айталық, биыл облыс бойынша 6497 түлек мектеп бітірсе, 1899 жас ұлттық бірыңғай тестілеуге мүлде қатыспаған, ал қатысқандардың ішінде 815 түлек шекті деңгейден төмен балл жинады.       Осы түлектердің дерекқорлары әзірленіп, бастауыш партия ұйымдарының атсалысуымен жұмысқа орналастыру, қайта даярлау курстарына тарту жұмыстары жүргізілген.

Сондай-ақ «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 107 қартқа еріктілер пулынан құралған 50 белсенді жас жыл бойы көмек көрсетіп келеді, белсенді қыз-жігіттердің  «Бақытты балалық шақ», «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту», «Жастар — Отанға» атты партиялық жобаларда да үлесі зор.

Белгілі болғандай, қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясы өткен 2015 жылы және 2016 жылдың өткен кезеңінде барлығы 112 отырыс, түрлі деңгейдегі 164 іс-шара өткізген. Соңғы екі жылда он партия мүшесінің жемқорлық үшін жауапкершілікке тартылғаны да айтылмай қалмады. Олардың барлығы да партияның Жарғысына сәйкес партия қатарынан шығарылыпты.

Жалпы, өткен жылдың және осы жылдың он айының қорытындысы бойынша депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары 4327 қоғамдық қабылдау өткізіп, қабылдауға 5258 адам келген. Қабылдауға келген 923 азаматтың мәселесі оңтайлы шешіліп, 4335 адамға кеңес беріліпті. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен өтініштерді саралағанда халықты әлі де болса тұрақты жұмысқа орналасу, тұрғын үймен, жер телімдерімен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерінің алаңдататыны байқалып отыр.

«Нұр Отан» партиясының Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин, облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк, «Нұр Отан» партиясының ардагері, «Ықылас» бастауыш партиялық ұйымының төрағасы Келдібай Еспағамбетов, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы төрағасы Асылжан Бүркіталиндерге де сөз кезегі беріліп, олар партияның өз саласы бойынша тигізген шарапатына, жалпы атқарылған істердің аужайына тоқталды.

Жиналғандар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесінің 2015-2016 жылдары атқарған жұмысын бірауыздан «қанағаттанарлық» деп қабылдаған соң, «Нұр Отан» партиясының хатшысы, партияның саяси кеңесінің мүшесі Қаныбек Жұмашев Елбасының алға қойған тапсырмалары өңірде талапқа сай іске асырылып жатқанына ризашылығын білдірді. Артынша бірқатар партия белсенділерін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің атынан Құрмет Грамотасымен, Алғыс хаттармен марапаттады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та партияның жемісті жұмысына атсалысып жүрген бірнеше азаматқа Алғыс хат табыстады.

XXI есеп беру-сайлау конференциясы барысында, сондай-ақ, партияның облыстық филиалының саяси кеңесінің жаңа құрамы таныстырылып, олардың саны бұрынғыдай 33 адамнан тұратыны белгілі болды.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ

Абай-ақпарат

0 пікір