Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Мәйекті 3775 0 пікір 30 Қараша, 2016 сағат 11:22

Оңтүстіктегі тоқыма кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтымақ

Мұндай жаңалық Түркістанда дәстүрлі түрде өтетін «Ақ керуен» мақта терімі шарасы кезінде айтылып, жұртшылыққа таныстырылды. Осылайша, Қарашық ауылдық округіндегі «Тұран» шаруа қожалығында өткен жиынға келген қатысушылар, алдымен, мақта алқаптарын аралаудан бастады, - деп хабарлайды Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Биология ғылымдарының докторы A.Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ә.Әлиев сорттардың ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді. Ерекшелігі сол, бұл мақта талшығының ұзындығы кәдімгі сұрыптағы мақтаға қарағанда әлдеқайда жоғары. Яғни, «Түркістан» мақтасының талшығы 4-үлгіге жатады. Мақтаның бұл түрі тоқыма өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады. Енді түркістандық кәсіпкерлер Оңтүстіктегі тоқыма кәсіпорындарын жергілікті шикізатпен қамтуға толық кепілдік бере алады.

Айта кетейік, түркістандық мақташылар биыл 17 мың тонна шитті мақта жинауға ниетті. Қала әкімінің орынбасары Т.Мұсаевтың айтуынша, Түркістанда өткен жылы 3500 гектар жерге мақта егілсе, биыл бұл көрсеткіш 6600 гектарға ұлғайған. 

Жалпы әлемде жүзге жуық мемлекет өз жерінде мақта өсiредi, олар негiзiнен субтропикалық және тропикалық климаттық белдеуде орналасқан. Қазақстан Республикасы оның ішінде ОҚО өңірі мақта өндiруде жер шарындағы солтүстiк нүктеде орналасқан. Сондықтан бiздiң елiмiздегi мақта шаруашылығында бiрқатар ерекшелiктер бар. Атап айтар болсақ, кейбiр жылдары мақта пiсiп үлгеру үшiн күн көзiнiң жылуы жетiспейдi, сондықтан мақтаны дефолианттар жәрдемiмен жетiлдiруге тура келедi. Өңiрде орта талшықты мақтаны өсiрiп баптауды үйренген фермерлер жоғары сапалы өнiм өндiредi.

Abai.kz

0 пікір