Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 7482 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 07:19

Тоқтар Әубәкіров, Қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы: Жап-жас жігіттердің алдында ақсақалдар құрақ ұшып жүгіріп жүр. Неге?

– Тоқтар аға, «жақсыдан жаман туса да тартпай қоймас негізге» дейді ғой Бұқар жырау бабамыз. Жалпы, қазақ текке ерекше қарайды емес пе, мүмкін, сіз де тектінің тұяғы боларсыз. Ата-бабаларыңыздың ішінде батыр немесе елге аты мәлім адамдар болған ба?
– Бүгін көптеген азаматтар ата-бабалары арасынан кілең батыр іздейтін болып алды. Қай жерге бармаңыз, сол өңірдегі жігіттердің аталары батыр болып жатады. Кейінгі кездері батырлар көбейіп кетті. Біз білетін де – батыр, білмейтін де – батыр. Қара табан малай болып жүргендер де батыр болып кетті. Қойшы, бәрі батыр. Ал мен бәлен батырдың, түген батырдың ұрпағымын дей алмаймын. Тек Қаз дауысты Қазбек би бабамның ұрпағы екенімді айтамын.
– Тектен кейін қазақ тәрбиеге ерекше көңіл бөледі ғой. Болашақ ғарышкерге ата-анасы берген тәрбие туралы да біле отырсақ.

– Тоқтар аға, «жақсыдан жаман туса да тартпай қоймас негізге» дейді ғой Бұқар жырау бабамыз. Жалпы, қазақ текке ерекше қарайды емес пе, мүмкін, сіз де тектінің тұяғы боларсыз. Ата-бабаларыңыздың ішінде батыр немесе елге аты мәлім адамдар болған ба?
– Бүгін көптеген азаматтар ата-бабалары арасынан кілең батыр іздейтін болып алды. Қай жерге бармаңыз, сол өңірдегі жігіттердің аталары батыр болып жатады. Кейінгі кездері батырлар көбейіп кетті. Біз білетін де – батыр, білмейтін де – батыр. Қара табан малай болып жүргендер де батыр болып кетті. Қойшы, бәрі батыр. Ал мен бәлен батырдың, түген батырдың ұрпағымын дей алмаймын. Тек Қаз дауысты Қазбек би бабамның ұрпағы екенімді айтамын.
– Тектен кейін қазақ тәрбиеге ерекше көңіл бөледі ғой. Болашақ ғарышкерге ата-анасы берген тәрбие туралы да біле отырсақ.
– Мен әкемнен ерте жетім қалдым. Жеті айға толар, толмас шағымда әкей дүниеден өтіп кетіпті. Сөйтіп, шешеміздің қолында екі-ақ бала қалдық. Жалғыз әпкем менен 20 жас үлкен, аз уақыттан кейін ол тұрмысқа шығып кетті. Әкей дүние салған соң, екі жыл өтпей жалғыз жездем шешем екеумізді қолына алды. Ол кезде жездем Теміртау қаласында тұратын. Қазақ «әкенің жақсылығы жездедей болады» дейді ғой, расымен мен жақсылықты жездемнен көрдім. Ал тәрбиені маған өз шешем мен әпкем берді. Бүгін ата болып отырған күнде шешемнің берген ақылы, көрсеткен үлгісі, тәрбиесін үнемі есіме алып жүремін. Шешем маған өмірі ұрыспаған. Ақырын ғана «балам, ешкімді ренжітпе, ешкімнің ала жібін аттама» дейтін, жарықтық. «Түзу жүрсең, ашығын айтсаң, ертең осы мінез саған жақсылық әкеледі» деуші еді үнемі. «Таза бол» деген шешемнің сөзін мен бүгін кім-кімге де айтамын. Осы сөздерді мен өмір бойы ұмытқан емеспін. Сол тазалықпен, Құдайға шүкір, жақсы өмір кешіп келе жатырмын.
– Егер әкеңіз дүниеден ерте кетпегенде және ол кісі үлкен қызметте болып, асыған-тасыған отбасыдан шыққан болсаңыз, ғарышкер болар ма едіңіз?
– Табиғаттың заңы бар. «Болар бала боғынан» деп жатамыз. Мен кішкентай күнімнен бастап алдыма мақсат қойғанмын. Ол мақсатым арманға айналды. Арман мен мақсат ұштасып, міне, мен өз дегеніме жеттім. Үш-төрт жасымда ұшқыш боламын деп армандаған едім. Алдыма мақсат қойдым. Енді «тәуба» дегеннен басқа не айтамын.
– Сіз жастай Теміртауда өстіңіз. Ол кезде бұл қалада қазақ саусақпен санарлық болды. Одан кейін Ресейге кеттіңіз. Көп жылдарыңызды сонда өткіздіңіз. Өмір бойы қалың орыстың ішінде жүріп, қазақы қалпыңызды қалай сақтай қалдыңыз?
– Теміртау қазақтың қаласы болса да, сол кезде онда тұратын халықтың 94-96 пайызы орыстар болды. Кішкентай күнімнен бастап қазақтың сөзін, қазақтың мінезін аз естіп, аз көріп өстім. Жұмыс барысында, көше бойында жиі төбелес болатын. Соның бел ортасында қазақтың намысын қорғап мен аз жүрген жоқпын. Оқуда да «сендер қандайсыңдар, мен мынандаймын» деген намыс болды менде. Бойдан жарып шыққан намысты тежеуге болмайды екен. Әрине, ол алапат күш-жігерді айқай мен төбелеске емес, іске, білімге салған дұрыс боларын ерте сезіндім. Намыспен оқыдым. Жақсы оқыдым. Жұмысты да намыспен істедім. Жақсы еңбек еттім. Теміртауда бүкіл зауытта екі-ақ қазақтың баласы болдық. Ана баланың талпынысы болғанымен, жұмысқа қабілеті жетпеді. Мүмкін, маған бірдеңе қонған шығар. Бәлкім, әкемнен жұқты ма… Әкем керемет ұста болыпты. Қолынан келмейтіні жоқ деп отыратын көзін көргендер. Ағаштан да, темірден де түйін түйіпті. Қысқасы, маған темір қай жағынан да жақын болды. Төрт жылдың ішінде кешкілік 8-ші, 9-шы, 10-шы, 11-ші класты бітірдім. Таңертеңнен кешке дейін зауытта жұмыс істеймін, кешкісін мектепке жүгіріп сабақ оқимын. Үш жарым жылдай токарь болып жұмыс істедім. Осы уақыт ішінде менің фото-суретім зауыттағы озат жұмысшылардың құрмет тақтасынан түспей тұрды. Үшінші жылы менің суретім облыстық Құрмет тақтасына қойылды. Мәскеуге оқуға кетер алдында жоғары жақтан мынадай бұйрық келді. Мағынасы мынадай: «Зауыттың озат жұмысшысы, тәжірибе көп жинақтаған Тоқтар Әубәкіровтің аты-жөні алтын әріптермен облыстың Құрмет тақтасына мәңгілікке жазылсын».
Бұл бір жағынан өзімді көрсеткім келді. Екіншіден, анамның ақ сүтін ақтаймын деген мақсат болды. Анама биттей кір жұқпасын деп жанталастым. Ол кісі мен үшін мұңаймасын, – дедім. Өзінің жалғыз ұлына берген тәрбиесінің жемісін көрсін деген менде асқақ ой болды. Кішкентайымнан үйде әкесіз өстім, ағам да болған жоқ. Сондықтан анам алдында өзімнің ер жігіт екенімді көрсеткім келді. Бұл – бер жағы. Ал аржағын айтар болсам, ол – қазақтың намысы. Біз де жұмыс істей аламыз! Ісіміз ешкімнен кем болмайды деген намыс болды. Ресейдің маңдайалды әскери мектебінде оқыдым. Маған Ресей «Қиыр Шығыстың ең мықты ұшқышы» деген баға да берді. Мұның түбінде қазақтың намысы жатты. Менен басқа ол өңірде бір қаракөз жоқ. Кезінде бізді олар қалай мазақ қылғанын сіздер жақсы білесіздер. Сол сөздер маған қатты бататын. Үнемі осыны ойлап, намыстанып жүрдім. Тіпті көбісі ғарышқа ұшқанымды көре алмай жатты. Алғашқы әскери ұшақты бағындырған орыс емес, қазақ болғанына әлі күнге дейін өкінеді олар.
– Кеңес өкіметі құлағаннан кейін біздің көптеген ағаларымыз сол дәуірде атақ-даңққа жетуге ормандай орыстың көп кедергі жасағанын айтуда. Осындай қағажуды сіз қаншалықты көрдіңіз?
– Әрине, етектен тарту саясатын мен де көрдім. КСРО Батыры атағын маған екі жыл кешіктіріп берді. Не үшін? 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы үшін. Горбачев қазақ болғаным үшін маған атақты дер кезінде қиғысы келмеді. Қол қоймай, бұлталақтап жүріп алды.
– Ғарышқа ұшып бара жатқан кезде қандай сезімде болдыңыз? Ойыңызда не болды? «Қазақтың тұңғыш ғарышкері мен» деген жеке бас мақтанышы мен жалпы қазақтың намысы деген биік сананың қайсысы басым болды? Турасын айтыңызшы?
– Ғарышқа ұшқан кезімнен ертеректе Дінмұхаммед Қонаев бабамыз мені шақырып алып, ғарышқа ұшу туралы ұсыныс айтты. Егер менде жеке бас мақтанышы күшті болса, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер болайын деген ой болса, сол кезде ұшып кетер едім. Бірақ мен бірінші басшының ұсынысын құп алған жоқпын. Мен сол кезде үлкен жұмыста жүрдім. Ең қиын жұмысты атқарып жүрдім. Осыған дейін ешбір қаракөз мұндай жұмысты атқармағаны маған әуелден аян-тын. Сондықтан жан-тәніммен осы жұмысты атқардым. Ал бірінші басшы айтты екен деп жұмысымды ысырып қойып ғарышқа ұшып кетсем, ол да, мына жұмыс та қалып қояр ма еді, кім білсін?! Сондықтан дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын осы күні. Көп кешікпей Қонаев қызметінен кетті, көп ұзатпай ғарышқа ұшқалы жүрген менің де шаруамды бітірер еді. Тағы бір айтар мәселе, одан кейін дәл осындай ұсыныспен Нұрсұлтан Назарбаев та бір емес, екі рет тамырымды басып көрген. Ол кезде Назарбаев Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы болатын. Оған да келісім берген жоқпын.
– Неге?
– Мен қызмет етіп жүрген Микоян бюросында бірнеше әріптестеріміз қаза болып кетті. Аса қиын жұмыстарға қабілеті жететін екі-ақ адам қалдық. Өзгелері жас. Оған олардың қарым-қабілеті жете қоймайтын. Сондықтан жастарды үйрету үшін уақыт керек болды. Осы себепті мен Назарбаевтың өтінішін орындай алмайтынымды айттым. Бірақ Нұрекең үшінші рет шақырып алып: «Бұл маған да, саған да керегі жоқ, сенің кеудең орденге толы. Зар жылап жүрген қазақ. 30 жыл біздің жерімізден ғарышқа басқалар ұшып жатыр, әлі күнге дейін бір қазақ жоқ…» – деді. Көп ойланып жатпай, келісімді сол күні бердім. «Қоянды қамыс өлтіреді, жігітті намыс өлтіреді» дейді ғой, өлсем өлейін дедім де, ғарышқа ұшуға келісімімді бердім.
– Ғарышқа ұшпай жүргеніңіздің бір себебі, өліп қаламын деп қорыққандықтан болар?
– Осы күнге дейін қаза болған ғарышкерлердің ұзын саны үш-төртеу-ақ. Ал сынақшы-ұшқыштардың жылына оншақтысы мерт болады. Түсіндіңіз бе?
– Түсіндім.
– Онда мұндай сұрақ қоймаңыз.
– Намыс туралы жақсы сөздер айтып отырсыз. Қазір кейбір шенді қазақтар өз тілінде сөйлеуге намыстанатын болды. Ал сіз керісінше, намысыңызды өз ана тіліңізді үйренуге жұмсадыңыз емес пе?..
– Егер менде намыс болмаса, өз ана тілім – қазақ тілін үйренбес едім. «Үйренемін» деп өз-өзіме серт бердім. Мен – қазақпын! Өз ана тілімде ойламасам, мен кім болғаным?! Бұрынғыдай басқа тілде сөйлеп, сол тілде ойланып жүре беруді өзіме ар санадым. Өз ана тілімде сөйлемегеніме намыстандым! Күнде өз-өзімді тәрбиеледім. Құпиямды айтайын, мен қазақ тілін өлең арқылы үйрендім.
– Намыссыздықты? Парламенттен де көрген боларсыз?
– Басты ие беруге болмайды. Қазақ ертеден байдың малын бағып жүріп, баймен бірге дастарқанда қатар отырған. Малшы болса да байдың алдында өмірі  бас имеген. Міне, нағыз демократия! Ал бүгін қандай масқараны көріп жүрміз? Жап-жас жігіттердің алдында ақсақалдар құрақ ұшып жүгіріп жүр. Неге? Оның ақшасы бар, тіреп тұрған көкесі күшті, үлкен қызметі бар.
– Баяғыда бір жетім бала «мен қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген екен. Жетім баланың күйін кешіп жүрген сияқтысыз?
– Биліктегі көп адамға менің қадірімнің құны бес тиын. Тәуба, халқыма мың рахмет! Қай жерге барайын – құрақ ұшып қарсы алған халық.
– Сіз ел ішінде көп жүресіз. Әсіресе, ауылда жиі боласыз. Ауыл қазағы өздерін Қазақстанның қожасы екенін сезіне ме? Олардың бойынан мемлекеттік сананы байқай аласыз ба?
– Айналайын, Астанадан екі шақырым ұзап шық, ондай сезім ешкімде жоқ. Мүсәпір болып отыр. Ауылға барып көріңдер. Егер олардың алдында малы болмаса, ағы болмаса не болар еді. Үкімет өте үлкен қателік жасады. Мыңдаған адамдар жанын бағып отырған ауыл ошақтарын қиратып тастады. Ауыл адамдарының үміті күл болып көкке ұшты. Мұндай адамдарда қандай мемлекеттік сана болады?!
– Депутат болғанға дейінгі елге жасаған қызметін айтпағанда, Парламент қабырғасынан халықтың сойылын соққан, батыл, батыр Тоқтар Әубәкіров енді ауылда елеусіз жата бере ме?
– Жата беретін шығар… Ешкім керек қылмаса, жатпағанда не істеймін? Заң бойынша, босатылған депутаттарға белгілі бір уақыт көлемінде жұмыс тауып беруі тиіс-тін. Өліп кеткенде «сен мына жұмысқа барасың ба, жоқ па?» деп сұрауы керек. Егер мен «жоқ, бармаймын» десем болды, ол да парызынан құтылады, мен де өкпелемеймін. Ал өкінішке қарай, маған тірі пенде әлгіндей ұсыныс айтқан емес. Осылай керексіз, далада қалатынымды мен кетер алдында білгенмін. Бизнесмендер депутат болып жүрген кезімде жиі жұмысқа шақыратын. Қалай депутаттық мандатты табыс еттім, олар да солай жан-жаққа тым-тырақай қашты.
– Қазақ қашан Байқоңырды өзі игеретін күнге жетеді?
– Игеруге болады. Алайда оған біздің басшылардың намысы мен жігері жетіспей тұр. Түбі Байқоңырдан орыстар өз еліне кетеді. Жай кетпейді, олар бәрін бүлдіріп кетеді. Қазір мүмкіндік бар кезде өзге елдерден білікті мамандар шақыра отырып, бірден өз қолымызға алуымыз керек. Сонда ғана Байқоңыр қазаққа мәңгілікке қалады.
– Ресейдің Байқоңырды жалға алғаны үшін төленетін жылдық қаржысы 115 миллион доллар туралы гу-гу әңгіме көп айтылады. Қаржының толықтай Қазақстан қоржынына түсетініне сіз сенесіз бе?
– Оны Үкімет біледі. Жалпы 80 миллионы ақшалай беріледі. Қалғаны тауарлармен өтеледі. 115 миллион деген ақша емес. Қазір Ұлттық ғарыш агенттігінен биыл Ресей Байқоңырдан неше протон ұшырғалы жатқанын сұраңыз, төбе шашыңыз тік тұрады.
– Қарапайым есебін айтасыз ба, мәселен, Ресей Байқоңыр үшін Қазақстанға жылына 115 миллион доллар төлейді. Байқоңырдан Ресей жылына қанша пайда табады? Ал қазақ жері протоннан қаншалықты зардап шегіп жатыр?
– Айттым ғой саған, қай жерден сұрау керектігін. Сол жерге барып сұра.
– Кімді пір тұтасыз?
– Өзімнің Қазыбек бабамды пір тұтамын.
– Бос уақытыңызда аңға шығатыныңызды білеміз. Жылқыны жаныңыздай жақсы көресіз. Қолыңыз қалт еткенде басқа немен айналысасыз?
– Қолым босаса, техникамен айналысамын. Өзімнің жасаған көптеген үлкенді-кішілі техникаларым бар. Ауылда балам шаруашылықпен айналысады, сонда барып егін орамын. Жалпы, қол бос болмайды. Өзіме-өзім жұмыс тауып аламын. Техника, инженерлік қабілет менің бойымда жоғары деңгейде деп айта аламын, сондықтан осы саламен шұғылданғанды жаным қалайды. Ләззатты осы істен аламын.
– Жоғары санатты инженердің, сынақшы-ұшқыштың, ғарышкердің жылқыға әуес болуы қалай?
– Әу баста адамзат жылқыға құмар болған. Оның ішінде қазақ жылқымен біте қайнасқан. Жас күнімде біздің үйде жылқы болмады. Көрші-қолаңның биесін үйіне жеткізіп бергеніме мәз болатынмын. Шалқамнан жатып алып, «әкем болса, біздің үйде жылқы болар еді, басқасы да болар еді…» деп армандайтынмын. Жоқшылық батқан болар, «өскенде менде міндетті түрде жылқы болады» деп қиялдадым. Әрине, Мәскеуде жүргенде ол ой қайдан жүзеге ассын. Тек қаладағы ипподромдардың есігін тоздырып жүрдім. Елге келген соң Астананың іргесінен орын-жай сатып алып, жылқы асырап отырмын. Жылқыға барлық жағдай жасалған. Оны бағуға да уақыт табамын. Жануарларға ерекше күтім керек. Менің жылқыларым өте әдемі, шетінен сұлу. Мінездері де келісті. Жылқыларым үшін жанымды беруге дайынмын.
– Ғарышкердің өмірде өкініші бар ма?
– Бір ғана жағдайға өкінемін: алпыстан асып, жаңа ғана немере сүйіп отырмын. Кеш ата болдым. Менің жасыма келген кісілер бүгінде немерелерін ұзатып немесе үйлендіріп, шөбере сүйіп жатыр.

 

 

Сұхбаттасқан Ерасыл МАҚАЖАН
«Алаш айнасы» газеті 29 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1579
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606