Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 4608 0 пікір 12 Желтоқсан, 2016 сағат 12:37

БІЗДЕ ЕКІ ОТАН ЖОҚ...

Мәскеуге көшіп кеткен Красиенко деген журналистің сұхбаты оның (және Красиенко секілділердің) шынайы бетпердесін ашып бергендей екен. Өзінің айтуынша, Қазақстанда жүргенде ол жігітте бәрі болыпты, ішкені алдында, ішпегені артында. Тіпті Президенттің өзіне демалып жатса да ойына келген уақытта, емін-еркін бара береді-міс. Қазір ол Мәскеуде көптің бірі. «Бәрін жоғалттым» деп қояды өзі. Не үшін? «Бала-шағамның болашағы үшін». Ананы қараңыз. Өзінің, үрім-бұтағының келешегін Қазақстанмен байланыстырғысы жоқ. Бұл жерден болашақ көріп отырған жоқ. Несін жасырайық, өзге ұлттың өкілдері тұрмақ, өзіміздің кей қаракөздеріміздің өзі мүмкіндік болса шетелге тайып тұрсақ дейтін болыпты қазір. 

Красиенко ұлтшыл-патриоттардан елге зауал келуі мүмкін дейді, құдай бетін әрі қылсын, елге зауал келсе, осындай қосмекенділерден келеді. Сөйте тұра қит етсе, орманға қарап ұлып тұратын Красиенко тектестерге біздің шенді-шекпенділер көпшік қоюын қоймайды.

Айтайын дегенім, журналистиканы идеологиялық құрал екенін ескерсек, нағыз «елге болсын» деген мемлекетшіл, ұлтжанды азаматтарды көтермелеу керек! 

Айтпақшы, егер Ел туралы, Елбасы туралы қызықты фильм жасау керек болса, Красиенконың Мәскеуден келгенін күтпей, өзіміздің жігіттерге сеніп тапсырса, (мысалы Атырауда Асқар Әшімов деген білікті маман бар, Серік Абас-шах мықты продюсер, Қасым Аманжол да нағыз маман, Ринат Думанұлы дейтін замандас бар жаңашыл ойлайтын. Көп қысқасы) артық жасамаса кем жасамас еді. 
Ұзын сөздің қысқасы, бізде екі Отан жоқ, «у ішсек те өз ұлтыңмен, туған жұртыңмен» дейтін қазақпыз, біз Красиенколарға қарағанда, екіжүзді, қосмекенді емеспіз! Құдай елімізді қосмекенді, екіжүзділерден сақтасын!

Қуат Әуесбай

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір