Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3623 0 пікір 23 Қыркүйек, 2016 сағат 18:07

ОҚО-да тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарататын жаңа жоба таныстырылды

Жарамсыз деп табылған тұрмыстық қалдықтар кәдеге жарамайды десеңіз, қателесесіз. Бүгінде озық технологияның арқасында қалдықтарды қайта өңдеу мүмкін болып отыр. 

Бүгін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен осы тақырып төңірегінде іс-шара өтті. Басқосуға аудан, қала әкімдерінің саланы жетекшілік ететін орынбасарлары, бөлім басшылары мен тұрмыстық қалдықтар саласында жұмыс жүргізетін мекеме өкілдері қатысты.

Жиында Польша мемлекетінен арнайы келген «VecoPolyEnergy» компаниясының өкілдері қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін кешен құрылысының жобасымен таныстырды.

Кездесу барысында жоба бойынша аудан, қала аумағында түзілген және жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы екінші рет өнім алу мүмкіндіктері жөнінде сөз қозғалды.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің талаптарына сәйкес, қалдықтарды сұрыптау, кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі жұмыстарды тиімді ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктеліп отыр. Осыған байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату, қайта өңдеу технологияларын ендіру қажеттілігі туындауда. Жобамен танысқан аудан, қала әкімдіктері өз тарапынан пікірлерін айтып, қызығушылықтарын танытты. Аталған жоба жергілікті билік тарапынан қолдау тапса,  шетелдік компания  тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жобасын іске асыратын болады. Өз кезінде бұл тұрғындардан шыққан тұрмыстық қалдықтар қайта пайдалануға беріліп, ел экономикасына айтарлықтай тың серпіліс әкелері анық.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Abai.kz

0 пікір