Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3281 0 пікір 24 Қыркүйек, 2016 сағат 17:45

Шардара минералды суын iшетiн күн де жақын

Елбасының тiкелей бастамасымен қолға алынған үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ел экономикасының дамуында шешушi рөл атқарады. Шикiзаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық процестерге бет бұру арқылы экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгi артады. Индустриялық-инновациялық саясаттың басты мақсаты — бәсекеге қабiлеттi тиiмдi ұлттық өнеркәсiптi және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру. Бұл бағытта кәсiпкерлерге жағдай жасалуда. Осы орайда Шардара ауданында құрылған индустриалды аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық.

Аумағы 35 гектарды құрайтын индустриалды аймақта инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысы толығымен аяқталған. Мемлекет бюджетiнен 467,5 млн. теңге бөлiнiп, су, электр энергиясы, кәрiз, көлiк коммуникациясымен қамтамасыз етiлген. Бiр шақырымнан астам жерге қуаттылығы 35 киловаттық электр желiсi тартылып, қосалқы станция сатып алынған. Су құбырлары жүргiзiлiп, 1,3 шақырым жолға асфальт төселген.

Шардара ауданы әкiмiнiң орынбасары Қайрат Жолдыбайдың айтуынша, бүгiнгi таңда индустриалды аймаққа орналасуға 6 индустриалды-инвестициялық жоба тапсырылса, оның 2-еуi жақын күндерi жұмысын бастамақ. Iске асырылатын жобалардың жалпы құны 975 млн. теңге. Мәселен, «Ақжол 2008 ЛТД» ЖШС-i ауданда гофрланған картон және қорап жасаумен айналысады. «Бұл өте сәттi жобалардың бiрi дер едiм. Өйткенi, кез келген өнiмдi жөнелтерде картон қорап қажет. Әсiресе, жиһаз жасайтын, түрлi техникалар шығаратын кәсiпорындар мен ауыл шаруашылығы өнiмiн сатумен айналысатындарға бұл тауар өте қажет. Облыс бойынша мұндай өндiрiс орны жоқ. Гофрланған картонға сұраныс жоғары. Қазiрдiң өзiнде тапсырыс көптеп түсiп жатыр» дейдi серiктестiк директоры Н.Әшiмханов.

Жалпы, құны 100 млн. теңгелiк жобаға «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 74 млн. теңге несие берiлiптi. Қалған қаражатты кәсiпкер өз қалтасынан шығарып отыр. Бүгiнде Қытайдан өндiрiстiк жабдықтар әкелiнiп, монтаждау жұмыстары жүргiзiлуде.

– Қытайлық әрiптестерiмiзбен бiр жылға келiсiмшартқа тұрдық. Олар жұмыс бабындағы виза аштырып, кәсiпорын жұмысы жолға қойылғанша осында жұмысшыларға құрылғымен жұмыс iстеудi үйретедi, — дейдi кәсiпорын басшысы.

Айта кетейiк, өндiрiс орны iске қосылса, тәулiгiне 5 тоннаға дейiн картон өнiмдерiн шығаруды жоспарлап отыр. Мұнда 25 адам жұмыспен қамтылады деп күтiлуде. Өндiрiс орны 1 қазанда iске қосылады.

Қаулай өсiп, егiстiкке зиян келтiретiн қамыстың да кәдеге асатын күнi жақын. «Seikhun» ЖШС-i ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу жолымен паркет, еден тақтайшасы, тiреуiштер секiлдi композиттiк құрылыс материалдарын шығарады. Қамыстан жасалғандықтан өнiм өте сапалы әрi суда шiрiмейдi. Алайда, өзiндiк құны жоғары болғандықтан, сатылым бағасы да қымбат.

– Өнiмдi өткiзудiң амалдарын қарастырудамыз. Облыс әкiмi Б.Атамқұлов ауданға келген сапарында осы мәселенi шешудi тапсырған болатын. Отандық өнiмдi қолдау мақсатында қазына қаржысына салынатын құрылыс нысандарына осы кәсiпорынның өнiмдерiн сатып алу туралы ұсыныс бiлдiрiп жатырмыз, — дейдi Қайрат Жолдыбайұлы.

Индустриалды аймақта орналасатын жобалардың құны мен озық технологиялық ерекшелiктерiне назар аударылады. Бұл тұрғыдан алғанда жеке кәсiпкер Ә.Бектасовтың сүт өңдеу зауытын ашу туралы жобасы қызығарлық. Кәсiпкер құрғақ сүт өндiрудi жолға қоймақ. Статистикалық мәлiметтерге сүйенер болсақ, бүгiнде елiмiзде сүт өнiмдерi тапшы. Қазақстанда жылына 5 миллион тоннаға жуық сүт сауылса, оның 22 мың тоннасы экспортталады. Осы 5 миллион тонна сүтпен барлық қазақстандықтарды қамту көзделген. Алайда, өнеркәсiптiк өңдеуге оның 30 пайызы ғана жетедi. Бұл — мамандардың пiкiрi. Ал, елiмiзде жылына 15 мың тонна құрғақ сүтке сұраныс болса, оның 3 тоннасы ғана өзiмiзде өндiрiледi екен.

«Төрт түлiк малын сайлаған халқымыз отандық өнiмдi өзгелерге танытпақ түгiлi, өзiмiздi қамтамасыз ете алмай келедi. Әрине, табиғи сүт жоқ емес. Көп. Бiрақ оны жинап, кәсiпорынға жеткiзу жағы қарастырылмаған. Мәселен, Еуропа елдерiнде сүт қабылдау пункттерiнiң ең ұзағы 50 шақырым. Ал, бiзде сүттi өткiзу үшiн кемiнде 300 шақырымды артқа тастауға тура келедi. Бұл — тиiмсiз. Бiрiншiден, жол шығынын есепке алыңыз. Одан кейiн алыс жолда сүт бұзылады. Ал, бiздiң кәсiпорын тұрақты жұмыс iстесе, шардаралықтардың қолындағы сиырынан сауылған сүт қайта өнделiп, бүкiл республикаға тарайды» дейдi Ә.Бектасов. Сүттi зауытқа жеткiзу жағы да ойластырылған. Қ.Тұрысбеков ауылының тұрғыны Бақыт Қалдыбеков күнiне 500 литр сүттi арнайы ыдысқа құйып, сауда дүкендерiне таратады екен. «Егер зауыт жұмыс iстесе, оның көлемiн 2000 литрге жеткiзуге мүмкiндiгiмiз бар» дейдi ол.

Шардарадан минералды су да шығарылатын болады. Жеке кәсiпкер Құрманғазы Акбаров ұсынған бұл жобаның құны 200 млн. теңге. Өндiрiстiк қуаты — 10 тонна.

— Аудан орталығынан әрiде жатқан шағылды аймақтың суының дәмi тiл үйiредi. Қазсаң, 40 метр тереңiректен кейiн су шығады. Қазiр судың сапасы сараптамаға өтуге тапсырылды. Алматы қаласындағы Қазақ тамақтану академиясының сарапшылары оң баға берсе, жұмыс басталмақ. Уақыт өте келе түрлi шырынды сусындар шығару да жоспарда бар, — дейдi кәсiпкер.

Шардара — шалғайда жатқан аудан. Негiзiнен аграрлы салаға, оның iшiнде мал шаруашылығына бейiмделген. Мұнда iрi кәсiпорын ашуға қалталы инвесторларды тарту да оңай емес. Бiрақ, солай екен деп өнеркәсiптi дамытпай, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Уақыт көшiне iлесу үшiн түрлi өндiрiстердi жолға қойып, халықты жұмыспен қамту қажет. Ал, мұның ең тиiмдi тәсiлi индустриалды аймақ ашу арқылы шағын және орта жобаларға қолдау көрсету екенiн уақыт дәлелдеп отыр.

Ашылып жатқан кәсiпорындар аудан экономикасының дамуына, халықтың әлеуметтiк жағдайының жақсаруына ықпал етедi деген сенiмдемiз.

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499