Жұма, 19 Сәуір 2024
Мәйекті 5308 0 пікір 26 Қыркүйек, 2016 сағат 10:41

РЕСЕЙШІЛ ЖІГІТКЕ ЖАУАП

Кеше ресейшіл бір жігітпен пікір таластырып қалдым. "Күйреген КСРО қайта құрылар болса, мен алғашқылардың бірі болып, сол мемлекетке барымды салып қызмет етер едім" дейді ол. "Қазаққа жасалған геноцидке бүгінгі Ресей жауапты емес" деп тағы да айды аспаннан шығарды. АҚШ-ты құбыжық ретінде суреттеп, біраз мазаны алды. Ресейдің әлемді билеудегі мүмкіндігін айтып, аузының суы құрыды.

Мен оған АҚШ-тағы Айфон өндіретін Apple компаниясының жылдық бюджетіне Ресейдің жылдық кірісінің жетпейтінін нақты деректермен айтып бердім.

Біз өзі қалтасы тесік, экономикалық әлеуеті өте төмен Ресеймен одақтасып отырғанымызды, әлемдік нарыққа шығарар шикізатымыз бен ауылшаруашылық өнімдерімізбен бейшара елді асырауға бел шеше кірісіп жатқанымызды айттым. Ол аз болса, табиғи түрде әлсіреп, қолданыстан шығып бара жатқан орыс тіліне ерекше қамқорлық жасап, мешіттерге дейін орысша уағыз айтуды һәм еліміздегі білім ордаларын үштілді мектептерге айналдырып жатқанымызды күйіне әңгімеледім.

Бір қызығы менің оппоннентіме тек Apple-дің бюджеті ғана әсер етсе керек, "бұл фактіні сен ойдан шығардың, Ресей деген алып ел" деп қасарысып бақты. Ақыры интернеттің көмегіне жүгіндік.

Онда былай деп жазылыпты. "Apple компаниясының 2015 жылғы кірісі 234 млрд. долларды құраған. Ал, осы жылдағы Ресей бюджетінің кірісі 197 млрд. долларға әрең жеткен".

Тәуелсіз ел болғанымызға 25 жыл уақыт өтті. Осы жиырма бес жылда біздің кейбір азаматтарымыздың санасының өзгермеуіне Ресейлік БАҚ-тың бұғауынан босай алмауымыз себеп болып отыр-ау тегі... Егер де ресейлік ақпарат құралдарын жауып, нақты шынайы ақпараттарға қол жеткізсек, бізде бірде-бір ресейшіл азамат қалмас еді. 

АҚШ-тың бір ғана компаниясының табысын таба алмайтын әлемнің "сотқар баласының" қылығына күліп қарап отырар едік. 

Орысша сөйлеуді абырой санайтын азаматтарымыз ол елдің мешеу қалпын білер болса, оның тілінде сөйлеуге арланар еді. 

Үкімет жиналысын өзге тілде өткізбегендерді тезге салып, мешеу елмен Одақ болудан үзілді-кесілді бас тартар еді. 

Амал не, Ресей біздің шенеуніктеріміз бен кейбір азаматтарымызға әлі - Ұлы Ел! 

Ұлы Ел емес, У-лы ел екенін қашан түсінер екенбіз...

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

0 пікір