Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 4081 0 пікір 27 Қыркүйек, 2016 сағат 00:00

АCТАНАДА БЕЙБІТШІЛІК САММИТІ ӨТЕДІ

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов БҰҰ Бас Ассамблеясының кеше аяқталған 71-ші сессиясы аясында жалпы дебаттарға қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, бірқатар көпжақты шараларға қатысып, екіжақты кездесулер өткізді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының осының алдындағы 70-ші сессиясында жариялаған бірқатар халықаралық бастамалары сапар шеңберінде өткен келіссөздердің негізгі тақырыптарына айналды. Сондай-ақ, Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты мәселелерге де баса назар аударылды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен сөйлеген Е.Ыдырысов Қазақстанның сыртқы сая­саты еліміздің үнқатысу мен өзара түсіністікке деген сенімінің жарқын көрінісі болып табылатынын атап көрсетті. «Үнқатысуға шақыру Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осыған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясы Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясының ресми құжаты ретінде та­ратылған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі маз­мұнының түпқазығы болып табылады. Манифест бейбітшілікке амбициялы, бірақ шынайы көзқарас ұсынады, сондай-ақ, әлемнің болашағы бөлі­нуге емес – бірлікке, бақталастыққа емес – ынты­мақтастыққа негізделетінін көлденең тартады», деп атап өтті Қазақстан сыртқы саясат ведомство­сының басшысы.

Осы тұрғыдан алғанда, Е.Ыдырысов Мемлекет басшысының 2045 жылы ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу жөнінде үндеу тастағанын қаперге салды. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың 29 тамызында Астанада Президент Н.Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи Жарлығының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияның қорытындылары туралы хабарлады.

Министр Бас Ассамблеяны үстіміздегі жылдың қараша айында Астанада ұйымдастырылуы жоспарланып отырған бейбітшілік саммиті туралы құлағдар етті. Онда планетадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қатысты жаһандық міндеттердің құнды да стратегиялық қадамдары қарастырылатын болады.

Бас Ассамблеяға биыл еліміз Тәуелсіздігіне 25 жыл толатыны туралы айта келіп, Е.Ыдырысов сонау 1991 жылы кейбір байқаушылар Қазақстанның көпұлттылығын және көпконфессиялылығын, экономикасының теңдестірілмегенін, әскери инфрақұрылымдар мен ядролық арсеналының орасан зор материалдық және моральдық жүгін есепке ала келе, егемен мемлекет ретінде тіршілік етуге қабілеттілігіне күмән келтіргенін еске салып өтті.

«Сын-қатерге толы бұл мұраны біз мүм­кіндікке айналдыра білдік. Ширек ғасыр бедерінде Қазақстан әлемнің саяси картасында жоқ елден халқының орташа табысы бар, тұрақты, ха­лықаралық қоғамдастықтың құрметті мүшесіне айналуға дейінгі тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануымызды сыртқы саясатымыздың парасатты да толайым халықаралық мойындалуы, тәуелсіздігіміздің қол жеткізген бір табысы ретінде қарастырамыз», деп атап өтті Қазақстан Сыртқы істер министрі.

Е.Ыдырысов Бас Ассамблеяның жалпы дебат­тарына қатысумен қатар, БҰҰ-да Ислам ынтымақтастығы ұйымына (ИЫҰ) мүше елдер сыртқы істер министрлерінің дәстүрлі үйлестіру кездесуіне де қатысты. Мәжілісте сөз сөйлеген ИЫҰ-ның Бас хатшысы Ияд әл-Мадани және басқа да бірқатар спикерлер 2016 жылдың тамызында Қазақстан мен Түркия президенттері осы ұйымның саммитінде қабылдаған Ислам бітімгершілігі туралы Ыстанбұл декларациялары ережелерінің көкейкестілігін, өткізілуі бір жылдан соң Астанада жоспарланып отырған ИЫҰ-ның ғылым және технология жөніндегі алғашқы саммитіне мүше елдердің жан-жақты дайындалуы қажеттігін атап көрсетті. Өз ке­зегінде Е.Ыдырысов біздің ИЫҰ бойынша әріп­тестерімізді ЭКСПО-2017 көрмесі мен жақында Қазақстан елордасында құрылған Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының жұмысына белсенді қатысуға шақырды.

Е.Ыдырысов, сондай-ақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің жұмыс басындағы таңғы асы мен климаттың өзгеруі және оның шағын арал мемлекеттерге ықпалы, халықаралық күш-жігерді осыдан бір жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша өткен бірқатар сайд-ивенттерге қатысты.

Бұдан бөлек, шара алаңдарында Е.Ыдырысов түрлі елдердегі әріптестерімен жеке кездесулер өткізді. Атап айтқанда, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керримен (бұл кездесу туралы ақпарат жеке беріліп отыр), Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен, Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифпен, Австрия Сыртқы істер министрі Себастьян Курцпен, Ауғанстан Сыртқы істер министрі Салахуддин Раббанимен, Сирия Сыртқы істер министрі Валид әл-Муаллеммен және Жаңа Зеландия Сыртқы істер министрі Мюррем Маккаллимен кездесіп, екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелер бойынша пікір алмасты. Бұл жерде Қазақстанның алдағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі аясындағы мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Гамбия Сыртқы істер министрімен саяси консультациялар туралы меморандумға қол қойылды.

Нью-Йоркте, сондай-ақ, Е.Ыдырысов пен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі­нің орынбасары Ержан Ашықбаевтың және АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Ор­талық Азия мәселелері бойынша көмекшісі Ниша Бисвалдың тең төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік жө­ніндегі комиссияның шолу раунды болып өтті. Тараптар комиссияның Қазақстан-Америка ын­ты­мақтастығының барлық негізгі қырларын қам­титын Іс-қимыл жоспарының жүзеге асырылу барысын қарастырып, екіжақты пішімдегі әрі қарайғы өзара іс-қимылдың перспективалық ба­ғыттарын белгіледі. Тараптар, сонымен қатар, Ор­талық Азияның 5 мемлекеті мен АҚШ-ты қоса­тын («С5+1») өңірлік тұғырнама шеңберіндегі уағ­да­ластықтардың жүзеге асырылу жайын талқылады.

Қазақстан сыртқы саясат ведомствосы басшы­сының БҰҰ Бас Ассамблеясының 71-ші сессиясына қатысуы Президент Н.Назарбаевтың жаһандық бітім­гершілік бастамаларын әрі қарай ілгерілетуге оң ықпал етті. Сондай-ақ, еліміздің Қауіпсіздік Кеңе­сіндегі мүшелігіне дайындығы барысында аса көкейкесті мәселелерді халықаралық әріп­тестермен талқылаудың жақсы мүмкіндігі болды.

Сәулебек БІРЖАН

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3524