Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3657 0 пікір 5 Қыркүйек, 2010 сағат 08:12

Қарагөз СІМӘДІЛ. ЕГЕР ДЕ МЕН... немесе қыздарда да қыздар бар

Егер де мен суретшi болсам, және қазақ қызының портретiн жасауға бел бусам, кiмдi бейнелер едiм? Қасы-көзi қиылған, бұрымы белiне түскен, ай мен күндей ару ма менiң кейiпкерiм? Осы күнi бұрымы белдi ораған қыздар барына шүбә келтiрмеймiн, алайда бұрым - бүгiнгi қазақ аруының символы болудан алшақтап кеткелi қашан. Бұрым да, етек те қысқарды деген сөздi баяғыдан айтып келемiз ғой, сондықтан ол әңгiменiң бетiн бүгiнше жаба тұруды жөн санадық. Қысқа шашты, қысқа көйлектi бойжеткенді бейнелесем - ол да қазақтың қызы болмай шығуы мүмкiн. Себебi қазiр екiнiң бiрi қысқа шашты, қысқа көйлектi. Бәлкiм қара көз бен қара шаш қазақ қызының бiр белгiсi болар ма? Сонда шашын қызыл, сары түстерге малып алған қазақ қыздарын қайда тастайсыз? Жақсы таныс бiр қыз бар. Өмiрi қысқа көйлек кимейдi. Жалпы, көйлек кигенiн көрген емеспiн. Джинцы шалбар мен денеге жабысқан кофтасын қысы-жазы үстiнен тастамайды. Тойға баратыны, үйде киетiнi, жұмысқа сүйрейтiнi тек сол. Бiрақ қазақ. Қазақ болғанда да бар жанымен қазақ. Қазақ тiлiнен өзге, ағылшын, түрiк, орыс тiлдерiнде еркiн сөйлейдi. Және сол тiлде сөйлейтiндерге қазақтын есесiн жiбергенiн ешқашан көрген емен. Орыс тобында оқыды. Өзге дәстүрге оп-оңай сатыла салар мiнездiлер солардан деп айып таға саламыз ғой.

Егер де мен суретшi болсам, және қазақ қызының портретiн жасауға бел бусам, кiмдi бейнелер едiм? Қасы-көзi қиылған, бұрымы белiне түскен, ай мен күндей ару ма менiң кейiпкерiм? Осы күнi бұрымы белдi ораған қыздар барына шүбә келтiрмеймiн, алайда бұрым - бүгiнгi қазақ аруының символы болудан алшақтап кеткелi қашан. Бұрым да, етек те қысқарды деген сөздi баяғыдан айтып келемiз ғой, сондықтан ол әңгiменiң бетiн бүгiнше жаба тұруды жөн санадық. Қысқа шашты, қысқа көйлектi бойжеткенді бейнелесем - ол да қазақтың қызы болмай шығуы мүмкiн. Себебi қазiр екiнiң бiрi қысқа шашты, қысқа көйлектi. Бәлкiм қара көз бен қара шаш қазақ қызының бiр белгiсi болар ма? Сонда шашын қызыл, сары түстерге малып алған қазақ қыздарын қайда тастайсыз? Жақсы таныс бiр қыз бар. Өмiрi қысқа көйлек кимейдi. Жалпы, көйлек кигенiн көрген емеспiн. Джинцы шалбар мен денеге жабысқан кофтасын қысы-жазы үстiнен тастамайды. Тойға баратыны, үйде киетiнi, жұмысқа сүйрейтiнi тек сол. Бiрақ қазақ. Қазақ болғанда да бар жанымен қазақ. Қазақ тiлiнен өзге, ағылшын, түрiк, орыс тiлдерiнде еркiн сөйлейдi. Және сол тiлде сөйлейтiндерге қазақтын есесiн жiбергенiн ешқашан көрген емен. Орыс тобында оқыды. Өзге дәстүрге оп-оңай сатыла салар мiнездiлер солардан деп айып таға саламыз ғой. Бiрде сол қыз «дәстүрлi экономика» сабағынан өзге тiлдi ұстазының: «Қазақтардiкi тек ет қой», - деген мысқылына тайсалмастан: «Тұзды қияр мен арақты ас еткендер де бар», - деп жауап берiптi. Iшiн жиып қалған ұстазы сессия кезiнде әлгi қызға «Ұлттық тағамдар» тақырыбына қатысты сұрақты қайталап қойған көрiнедi. Баға үшiн қалай бұлтақтар екенсiң деген ұстазының ойын сезген әлгi танысым: «Қазақтың тағамы ет пен қымыз - адам азғасы үшiн өте пайдалы. Ал тұзды қиярдың ағзаға оң әсерi бар болса, бар шығар, арақтың аздыраты нақты шындық», - деген көрiнедi.

Сол қыздың келбетiне қараған жұрт қазақ қызына тән ешбiр сипат таппай, дал болар едi. Бiрақ жанына үңiлгенде...

Егер де мен психолог болсам, және маған қазақ қызының жанын сипаттап бер десе, не айтар едiм? Қазақ қызының кiшiпейiлдiлігi, ақжүректiгi, адалдығы туралы сөз қозғауға болады, әрине. Бiрақ кiшiпейiлдiлiк, ақжүректiлiк пен адалдық тек қазаққа ғана емес, жалпы адамзат баласына тиесiлi құндылықтар. Жақсы бiр құрбым бар. Көп кездеспей кетiп, ойда-жоқта телефон шалған соң, қонаққа шақырдым. Алғаш көрiскен сәтте-ақ, құрбымның iшкi жан-дүниесi үлкен арпалыс үстiнде екенi бiрден байқалды. Өңi сынық. Жүзi жабырқау.

- Не болды? - деймiн мен.

- Ажырасатын шығармыз...

Себебiн сұрағым келдi. Бiрақ батпадым. Өйткенi, құрбымды жақсы бiлем. Жолдасын да. Ауызы арақтан құрғаған емес. «Кiм iшпей жүр дейсiң» дейтiн баяғыда құрбым қорғаштап. Жұмысы да жоқ. «Қазiр елдiң бәрi жұмыссыз ғой» дейтiн құрбым өзiн-өзi жұбатып. Құрбым үйдегi ер мен әйелдiң жұмысын қабат атқара беретiн, малды да қарайтын, үй шаруасын да iстейтiн, су тасып, отын шауып, арасында қолға тиген аз-мұз қаражаттың басын құрап, үйге дүние алғанын мақтаныш көрiп, тып-тыныш тiрлiгiн күйттеп жүрген.

«Он жыл ұстаған үйiм ғой. Сол үйiмдi, отанымды қимаймын».

- Анаң отырған үй де сенiкi емес пе едi?

Құрбымның көзi шарасынан шығып кете жаздады. Шынымен таң қалып қараған ол маған:

- Жоқ, менiң үйiм келiн боп түскен шаңырақ! - деді.

«Он жыл ұстаған үйiм ғой»... Қазақ қызы оң босағаны ешқашан өз үйi деп таныған емес. «Қыз - жат жұрттық» деген сөз осыдан шыққан болар. Және төркiн жағына ерекше жақсылық тiлеу де олардың қолынан келедi. «Қыз - тiлеушi» дейдi сондықтан. Бәрiбiр, қазақ қызының жаны - жарының қасында. Бүгiнгi өзгерген әлемде сол жан өзгермесiн деп тiлеңiз...

Егер де мен журналист болсам, және маған қазақ қызы туралы жаз деген тапсырма түссе, кiмдi сипаттар едiм? Бұқаралық ақпарат саласында жұмыс iстеген соң, бүгiнгi бұқаралық мәдениеттiң жетегiнде қалыптасқан әйел адамның образын жасау керек шығар, бәлкiм?

Бiздiң ауылда осыдан екi жыл бұрын ел естiп, көз көрмеген, күллi ауылдың жағасын ұстатқан бiр оқиға орын алды. Жасы қырықтан асқан қазақ келiншегi үлкен ұлы жоғарғы оқу орнын бiтiрiп, үйiне келiн түсiрерде басқа бiреумен қашып кеттi. «Менi кешiр, өмiр бойы басқаны сүйiп өткенiмдi кеш бiлдiм. Сенi жақсы көрмеген едiм. Тек балаларымның әкесi болған соң, олар өскенше шыдадым. Ендi менiң де бақытты болғым келедi. Саған да бақыт тiлеймiн», - деген сипатта күйеуiне көлдей хат жазуды да ұмытпапты. Хат мазмұны сiзге таныс секiлдi ме? Қателеспедiңiз, күнiге мың қайталайтын, сюжетi бiр-бiрiнен айырмасы жоқ сабын сериалдардағы махаббатын кеш жолықтырған әйелдiң шытырман оқиғасындағы сөздер осындай сипат алатын. Бұқаралық мәдениеттiң бiр сипаты қазақ келiншегi мен қызының жанына осындай өзгерiс әкелуде. Онсыз да сүреңi көп тiрлiкте шекке жеткен шыдамды масс-медиа осылай да өзгерте де алады. Сөйтiп олар бақытты болғысы келедi. Тек өз үйi - жарының қасынан емес, басқа жақтан iздейдi ол бақытын...

Егер де мен құқық саласының маманы болып, бүгiнгi қазақ қызының өмiрiндегi құқықтық сауаттылық туралы лекция оқу мүмкiндiгiне ие болсам, тыңдармандар алдында не деп сөйлеймiн? Қазақ қызы өзiнiң құқын даулай алатынын, көзi ашық, көкiрегi ояу екенiн қалай сипаттауға болады? Бiрде түнделетiп концерттен шықтық. Жарығы самсаған Алматының көшелерi үшiн қараңғылық - оңай жау. Сондықтан болар, шам сәулесi күндiзгiдей жарқырайды. Мұндайда автобус қайдан бола қойсын деп, такси ұстауға ниеттенгенiмiз сол едi, бағыты Республика сарайының айналасына мүлдем жуықтамаса да, екi-үш адамды тиеп алған қоғамдық көлiктiң тоқтай қалғаны. Жүзi шаршаңқы қазақ келiншегi бiзбен бiрге кештiң тамашасынан айыға алмай, бал-бұл жанған екi-үш қазақ қызына қарап студенттiк билеттiң жарамайтынын ескерттi де барлығымызды салонға өткiздi. Бас-аяғы он-он беске жуық түнгi жүргiншiлер бос орындарға жайғасып, автобус ендi орнынан қозғала бергенi сол едi, кондуктор келiншек жол ақысын жинай бастады.

- Үш студенческий, - дедi әлгi қыздар.

- Жандарым-ау, студенттiк билет жарамайды деп ескерттiм ғой...

- Қане, жарамайды деген жарлығыңызды оқыта қойыңызшы бiзге?! - дедi бiрiншi қыз өршеленiп.

- Иә, сiздiң ауызша айтқан сөзiңiз өтпейдi, заңды көрсетiңiз.  Сонда бiз күндiз студент екенбiз де, кешке қарай студенттiк қатардан шығып қаламыз ба?!

Бұл екiншi қыздың сөзi.

Сiрә, екi құрбыларына iлеспей қалуды өзiне мiн санаса керек, үшiншi қыз да орысшалап бiрдеме деген болды.

Күнi бойы түрлi аялдамаларды айтып, одан қалса, «ары өт те, берi өтпен» айғайлай-айғайлай дауысы қарлыққан, әрi таңнан берi дұрыс дем алмағанын түтiгiп кеткен бет-бейнесi айқындап тұрған келiншек, шарпыса кетуге әлде ұяты жiбермедi, әлде шынымен қатты шаршаған, қыздарға жәйiмен ғана:

- Концерттен шыққан жұртты ала кетейiк, қосымша ақша болар деп осы жақпен айналып келiп тұрмыз, әйтпесе бiздiң жүрер бағытымыз бұл маң емес екенiн бiлерсiңдер. Бiз келмесек, сол ақшаны таксиге де төлер едiңдер ғой, - деп кейiдi де, студенттердiң жарты ақшасын да алмастан керi бұрылып кете барды.

Ал студент қыздар мәз-мейрам. «О-о-о, бiздi тегiн апаратынызыңға үлкен рахмет» деп кекесiнмен алғыс айтуды да ұмытпады. Сол кезде терiс қарап тұрған басқа бiр қыз әлгi үшеуiне бұрылды. Көзi шүңiрейiп, қолындағы ауыр сөмкесiнен иығы қусырылып кеткен бұл қыз - әлгiлердiң курстасы сiрә, бiрден қауқылдаса кеттi.

Жөн сұрасып тұрғанда ұққанымыз, ол қыз қосымша сабақтан кеш қалып, осы автобусты көрген бойда мiнiп алыпты.

- Барлық адамды өздерiңе қараттыңдар ғой. Мен толық ақшамды төледiм, - дедi сабақтан шықтым деген қыз естiлер-естiлмес сыбырлап.

- Е, несi ұят екен?! Студенттiк жеңiлдiкпен жүру өз құқымыз. «Правоңды качать» етiп қоймасаң, бұлар басынып кетедi, - дедi отырған қыздардың бiрi самбырлап.

- Қыдырып жүрген бiз жарты ақшамызды төлеуге қимай тұрсақ, сабақтан келе жатқан сенiң толық билеттi алғаның қызық болды-ау, - деп сықылықтайды қыздардың бiрi тағы. Иә, қазақ қыздары өздерiнiң құқын бiлетiн шығар, мiндетiн де бiлетiндердiң қатары көйбегенiн тiлесек, мораль оқыған болып шығамыз, баяғы...

Егер де мен сазгер болып, маған қазақ әйелiнiң жан-дүниесiн көрсетер әсем саз болып өрiл десе, қандай әуен жазар едiм? Қазақ қызының қаһармандығын маршты әуенмен жырлаймын ба, болмаса нәзiктiгiн лирикалық музыкамен төгем бе? Бәлкiм, қайнаған өмiрдiң күйбең тiрлiгiн симфониялық шығармаға айналдырармын? Құдайға шүкiр, осы күнi ән арнауға тұрарлық қазақта қыз көп. Бiлгiштер бiр ер-азаматқа екi қыздан келедi екен деп соғады. Сөйтедi де, қазақ қызының күйеуге шықпай немесе шыққысы келмей жүргенiн сөз етуге құмар. Баяғының бiр ертегiлерi болатын. Ханның ақылды әрi сұлу қызы «Жақсы әйел жаман еркектiң басын төрге сүйрейдi, жаман әйел жақсы еркектiң басын көрге сүйрейдi» дегенi үшiн хан-әкесiнiң жазасына ұшырап, елдегi ең бiр қор жiгiтке күйеуге берiлiп, сыннан өтетiн. Және ол сыннан сүрiнбейтiн. Бүгiнгi күнi ондай қыздардың сиреп кеткенiн айтатындар қарасы көбейдi. Шынымен солай шығар.

Егер де мен статист болсам, қазақ қызы дегенде қандай сандарды сөйлетер едiм? 2009 жылғы Жалпыұлттық санақ бойынша Қазақстанда әрбiр мың әйелге 932 ер-азаматтан келетiнiн мысалға алғым келедi. Яғни, «бiр жiгiтке екi қыз» деген сөзге сенбеңiз. Ол, ол ма, ауылдағы қыздардың жағдайы мүлдем жақсы. Әр мың әйелге 994 ер-азамат тиесiлi. Демек, бар болғаны алты қызға «кәрi қыз» атану қаупi төнбек. Ал қалалықтар үшiн бұл сан кiшкене салмақтылау, яғни, әрбiр мың әйелге 883 азамат. Сонда да екi де бiр емес. 117 қыз артық. Әрине, бұл мақтаныш тұтатын статистика емес.

Егер де мен философ әлде мәдениеттанушы болсам ше? Қазақ қыздарының рухани хал-күйi туралы не дер едiм? Бұқаралық мәдениеттiң ықпалы қалай әсер етiп жатқанының бiр жылт етпе мысалын жоғарыда айттық. Киiм үлгiсi, сырт келбет те сөз болды. Ал iшкi әлем ше? Қазақ қызының жан-дүниесi туралы не дер едiк бiз? Қабiлетiн көрсетуден бұрын құралай көзiн төңкеретiндердi де сөз қылмаймыз. Және бұл қазақ қызынан бұрын жалпы әйел баласының еншiсiндегi бүгулi жатқан бiр мiнез емес пе? Егер де мен мәдениеттанушы болсам, қазақ қызының мәдениеттiлiк деңгейiн сөз қылғанда, ең алдымен осы күнi ЖОО-ларда қатары көбейген қыздарды тiлге тиек етер ем. Әрине, оқығанның бәрi мәдениеттi емес, немесе оқымағандардың бәрі мәдениетсiз болмауы да бек мүмкiн. Бұл да басқа мәселе. Айтпағымыз, қазақ қызының iшкi мәдениетi туралы. Бұл турасында сын да, мақтау мен даттау да жетiп артылады. Алматының арпалысында айналаңа тек автобустарда қарауға мүмкiндiк туады. Бiрде басына жаулық тартқан бiрнеше қыз кiрдi көлiкке. Өзара әңгiме айтысып, шүңкiлдесiп тұрған. Кеш мезгiлi. Шопыр қазақы бiр әндi қосқаны сол екен, әлгi қыздың бiрi кондуктор балаға қарап: «Дауысын басыңыз», - деп зiрк ете қалды. Бұл зiркiлдi естiген шопыр да ерегесе түстi: әншiнiң дауысы екi есеге артты. Сол-ақ екен, жаулық тартып, үлбiреп тұрған қыздың жүзi көгере бастап, танауы қусырылып, ашу-ыза маңдайында лап етiп тұтанды. Ұзын етек көйлегiне сүрiне қабына шопыр отырған жаққа жетiп барып: «Тезiрек әндi сөндiрiңiз!», - дедi. Күллi автобусты жаңғыртқан әншiнiң дауысынан асыра айтты бұл сөздi. Айтты дегеннен, айғайлады деген теңеу дұрыс шығар...

Қазақта мінез көп. Қазақ қызы да ол мінездерден ада қалмаған. Нағашыларыма қыдырыстап бара жатқанымызда, кіл әртістермен сапарлас болғанымыз бар. Қазалыдағы стансадан жаңа піскен ет сатып жүрген жап-жас қыздардың бірі, теледидардан күнде көріп жүрген аға-апаларын көріп, сол заматта бір үйме табақты жасап, әртістерге тартты. «Ойбай-ау мұның не, енді қайттықпен» қалтасын ақтара бастағандарға әлгі қыз: «Атамызда жоқ кәсіптіпен айналысып, тамақ сатып жүргеніміз рас. Бірақ ата-салттан аттаған жеріміз жоқ. Бір тай союға лайық сыйлы адамдарға бір табақты тарта алмасақ, ұяты бізге келмей ме», - дейді. Мүсіркеген жоқ, өзін де мүсірткізбеді. Бетін басып, тұра да қашпады...

Бiз, әрине, жалпыға баға бере алмаймыз. Жалқыдан мысал келтiрген себебiмiз - жалпы осы деген сөз емес. Жалқы мен жалпының арасындағы жiпсiз байланысты сабақтағымыз ғана келдi.

 

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Қазақ әдебиеті» газеті

фото: nur.kz

 

0 пікір