Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4194 0 пікір 28 Қыркүйек, 2016 сағат 22:15

Астанада ТүркПА-ның ІІІ отрысы өтті

«Құдай қосқанды адам ажырата алмайды». Парламент Мәжілісінің депутаты, ТүркПА делегациясының мүшесі Сауытбек Абдрахманов түбі бір, тілі ұқсас, тілегі ортақ түркі елдерінің ынтымақтастығын осы бір ауыз сөзбен түйіндеді деп жазады "Айқын" газетінің тілшісі.

Бұл байлам кеше Мәжілісте ТүркПА-ға мүше парламенттердің әлеуметтік саясат бойынша бейінді комитеттерінің бірлескен ІІІ отырысы кезінде айтылды.

–Жаңа заман әлем алдына жаңа міндеттер қойған қазіргі кезеңде түркітілдес елдердің ынтымағының маңызы ерекше, – деді Сауытбек Абдрахманұлы. – ТүркПА 2008 жылы Қазақстан Көшбасшысының ұсынысы бойынша құрылды. Отырысы жыл сайын өткізіледі. Қазақта әу баста бірге туған адамдарды «ағайын» дейді. Жүре келе табыс­қан адамдарды «туысқан» дейді. Біздің бәріміз – ағайынбыз. Сіздер мен біздерді құдай қосқан, демек, бізді саясат уақытша алыстатуы мүмкін, бірақ ажырата алмайды. Кеңес Одағы күйреген­нен кейін басымыз қайта қосы­лып, ортақ тағдыр, ортақ тарихы­мызды ары қарай түзіп жатырмыз. Өйткені біздің жырымыз да бір (http://aikyn.kz/ru/news/show/29116-t_rkpa_deputattary_aza_stan_a_zho_ary_ba_a_berd_).
Ал Әзірбайжанның Милли Меджлисінің Ғылым және білім жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Бахтияр Әлиев Қазақ елінің тек түркітілдес жұрттарға ғана емес, сондай-ақ әлемдегі өзге де елдерге үлгі-өнеге екенін және әзірбай­жандардың да соған сүйсінетінін білдірді.
–Біздің мәдени ынтымақ­тастығымыз жақсы дамуда. Түркі академиясы, түркітілдес елдердің қоры құрылып, өзара мәдени байланыстарды арттыру бағы­тында жұмыс жасауда. Ендігі міндет – инфрақұрылымдық интеграция, бұған Президент Назарбаев та екпін түсірген бо­латын. Жалпы, біздің ықпал­дастығымыз өмірдің барлық сала­ларын, соның ішінде инно­вация, білім беру, экономика, экология бағыттарын қамтуы қажет, – деді Б.Әлиев.
Ол отырыста бір қызықты, іргелі ұсыныспен шықты: өз мем­ле­кеттері бар түркітілдес елдер «жаңа геосаяси күш белде­уін» қалыптастырулары керек. «Бұл қазіргі аумалы-төкпелі шақта әлемдегі балансты сақтау, бауыр­лас елдеріміздің мүдделерін ха­лық­аралық аренада біріге қорғау үшін қажет. Өйткені бүгінде дағдарыс тек қаржы мен саясат саласын ғана емес, халықаралық саясат пен құқық салаларын қамтуда» деді Әзірбайжан парламентінің депутаты. 
С.Адрахманов отырыс бары­сында Түркияның 15 шілдеде болған ауыр сынақтан (мемлекет­тік төңкерістің алдын алу) абыроймен шыққанына қазақ халқының қуанышты екенін білдірді: «Түрік халқы демократия дәстүрлеріне адал екенін көрсетті. Сын-қатерлерге иммунитеті бар екенін бүкіл әлемге паш етті. Біз әрқашан сіздерге тілектеспіз. Елбасымыз содан кейін туындаған кейбір мәселелерді реттеуге әлемдік деңгейдегі дипломат ретінде үлес қосты».
Түркияның ұлы ұлттық мәжі­лісінің депутаты Орхан Аталай осыған алғысын білдіре келе, барша түркі халықтары өздерінің бастауы – Қазақстанда екенін, барлығы осы жерден тарағанын ешқашан ұмытпайтынын айтты.
–Қазақтың Ұлы даласы – біздің ортақ ата-бабамыздың Отаны. Осы қасиетті жерде болу, біздің бабаларымызға қуат-нәр берген оның қастерлі ауасын жұту – біз үшін ұлы құрмет! Мен Астанада болған екі күн бойы осындай эмоция мен әсерлі күйді бастан кешудемін және сол үшін тағдырыма ризамын. Мен Қазақ­станға қиын кезеңде, күрделі саяси жағдайларда әрдайым Түр­кияға көмекке келіп отыратыны үшін алғыс білдіргім келеді. Біздің елдеріміздің дара жолдарынан таюын тілеп, әр қатемізге қуануға даяр тұратын ішкі-сыртқы күштер бар. Олар Түркияны «екінші Сирияға» айналдыра жаздады. Түркия қиналған шақта жоғары мәртебелі Президент Назарбаев­тың әлемдік лидерлер арасында бірінші болып, бізге сапармен келуі – бізге қуатты демеу берді. Бұл демеу тас қараңғыда көрінген жарыққа тең еді! – деп жоғары бағалаған түркиялық қалаулы өз елінің де Қазақстанға және түркітілдес елдерге көмекке келуге әзір екенін жеткізді.
Бір айта кетер жайт, Әзірбай­жан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия парламентшілерінің бұл басқосуы Астанада өткен Ғылым, технология және инно­вация жөніндегі Азиалық пар­ламентаралық форум аясында ұйымдастырылды. Онда түркі­тілдес елдер Парламенттік ассамблеясы делегацияларының өкілдері әлеуметтік-мәдени мәселелер, сонымен қатар ғылым, инновация және технологияны дамыту бойынша түркітілдес елдердің ынтымақтастығы бойынша пікір алмасты.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3553