Сенбі, 30 Наурыз 2024
Билік 3897 0 пікір 1 Қазан, 2016 сағат 15:06

ЕЛІМІЗДЕГІ ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫҢ БАҒЫТЫ ДҰРЫС

Кеше Үкімет үйінде Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі  ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі.

Отырысты ашқан Мем­лекеттік хатшы бірінші кезек­те Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы 1 қыркүй­екте өткен Парламент сессия­сының ашылуындағы: «Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 25 жыл­дық мерейтойын қарсы алу – жылдың ең негізгі оқиғасы. Бізге еліміздің барлық жетістігін саралап, маңызды нәтижелерді қазақ­стандықтарға жеткізу өте қажет», деген сөзін еске салды. Одан әрі Г.Әбдіқалықова Ұлт­тық комиссия бастамасымен қолға алынған «25 пайдалы іс» атты республикалық акция­сын өткізуде әйелдер қауы­мының үлкен үлесі бар екенін жеткізді. «Акция аясында да­рынды жетім балаларды қолдау, балалар дәрігерлік мекемелерін жабдықтау, кәсіпкер әйелдерді тегін оқыту және басқа да маңызды шаралар ұйымдастырылды», - деді ол.

Бұдан кейін Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ішкі істер ми­нистр­лігі, Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігі өкіл­дерінің «Әйелдерге қатысты кемсі­ту­шіліктің барлық нысандарын жою туралы» тұжырымдаманы жүзе­ге асыру, сондай-ақ, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары әкім­діктерінің Қазақстан Республи­касында 2006-2016 жылдарға ар­налған Гендерлік теңдік стратегия­сын орындау жөнін­дегі ақпараттары тыңдалды.

Аталған ақпараттар бойынша, елімізде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту ісі дұ­рыс жолға қойылған. Бұл мәселе­де Қазақстан Дүниежүзілік эконо­ми­калық форумның жаһандық рей­тингінде 47-орынға ие болып отыр.

Сондай-ақ, жиында атап өтіл­гендей, Ұлттық комиссияға әділ төре­лікке қол жеткізе алмай жүрген әйелдерден шағымдар жиі түсуде. Мысалы, 2015 жылы соттарға түс­кен қылмыстық істер бойынша жә­бір­­­ленушілердің 43,1 пайызы әйел­дер мен балаларға тиесілі болыпты.

Сонымен бірге, отырыста елімізде тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықты азайтуға бағытталған нақты шаралар қабылданып отырғаны, құқық бұзушыларға ықпал етудің нәтижелі тәсілі заңдық тұрғыда енгізілгені, құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізу, қорғау ұйғарымдарын шығару жолға қойылғаны сөз болды. Бұған қоса, жиында сот алдында құқық бұзушылардың тәртібіне ерекше талаптар қою өкілеттігі берілгені, «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңды қабыл­даған кезден бері ішкі істер органдары қызметкерлерінің араласуымен 206 мыңнан астам қорғау ұй­ғарымы шығарылғаны, соттар тарапынан құқық бұзушылардың тәртібіне қатысты 22,5 мың ерекше талаптар қойылғаны айтылды.

Өз кезегінде Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму минис­тр­лігінің өкілі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шең­берінде әйелдерді жұмысқа ор­на­ластыруға қатысты қабыл­данып жатқан іс-шаралар туралы мәлі­мет берді. Бұл мәліметке қара­ғанда, қа­зіргі таңда әлеуметтік келі­сім­шартқа 74,8 мың әйел қол қой­ған. Олардың 46,8 пайызы ауыл тұр­ғындары көрінеді. Сонымен қатар, әйел­­дерге ауыр жүк көтеру мен оны қоз­ғауды шектеу нормалары қа­рас­­ты­рылған 287 жұмыс тізімі бекі­тіліпті.

Отырыста Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша түзілген Қазақстан Республикасының 2030 жылдарға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатының тұжырым­дама жобасының тұсаукесері өткі­зілді. Ай­та кетейік, бұл тұжы­рым­дама қа­зіргі әлемнің нақты ерек­шеліктерін ескере отырып, елімізде отбасылық және гендерлік саясатты жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған.

Жиын соңында отырысты қо­ры­тындылаған Г.Әбдіқалықова қаралған мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.

Жолдыбай БАЗАР

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1599
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2303
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3687